Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1930-1940 жылдардағы Ахыска түріктері

2312
1930-1940 жылдардағы Ахыска түріктері - e-history.kz
«Түрік» деген сөздің осыншама қорқыныш тудырғаны соншалық, кеңестік саясат бір кездері бір аумақта тұтас өмір сүріп отырған халықты тоз-тоз етіп, жан-жаққа бытыратып жіберген

Репрессияланған 1937 жылғы халық санағына 913 санақшы, барлығы 1,1 млн. адам қатысқан. Ғылыми жағынан сапалы өткеніне қарамастан, санақ материалдары жарамсыз делініп, ұйымдастырушылары түрмеге қамалып, атылып кеткен. Кеңес Одағы Халық комиссарлар кеңесінің (КСРО ХКК) 1938 жылдың 26 шілдесіндегі №859 қаулысына сәйкес, КСРО Мемлекеттік жоспары Халық шаруашылығы есебінің орталық басқармасына (КСРО ХШЕОБ) 1939 жылдың 17 қаңтарына Бүкілодақтық тағы бір халық санағын өткізу тапсырылды. Бірақ санақшылар мен бақылаушы-инспекторлардың саны 1937 жылғы санақпен салыстырғанда 3,5 еседей кем болды [1, 16-б.]. Санақ материалдары бір жылда 3 арнаулы есептегіш станцасында өңдеуден өтіп, қорытындылары көп ұзамай баспада жарияланды. Келесі жарияланымды Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ХХ съезіне, яғни 1956 жылға дейін күтуге тура келді. Ол екі парақ көлемінде «Вестник статистики» журналына (Вестник статистики, №6. 1956. – 79-80-б.) басылды. Бірақ баспаға дайындалған толық материалдары мұрағаттарда қалды (Ресей мемлекеттік экономика мұрағатында үш қолжазба түрінде сақталды: 1 және 3 томнан тұратын «1939 жылғы санақтың қысқаша қорытындылары», «Санақтың негізгі қорытындыларының» 7 томы (РМЭМ. 1562-қ., 336-т., 1-б., 249–252-істер). 1949 жылы баспада ықшамдалған мәліметтер ғана қысқаша кестелер түрінде жарияланды [Правда, 1940. – 29 сәуір]. Дегенмен, республикалар, өлкелер, қалалар мен ауылдар бойынша халықтың саны, жас құрамы туралы мәліметтер берілмеді. Бұл кестелер кейбір тақырыптық жинақтарға, мысалы КСРО Орталық статистика басқармасы жылнамаларына енді [2, 112-б.]. Ал санақтың толық жарияланымы сол күйі баспадан шықпады. Екі санақ материалдары да ұзақ уақыт мұрағаттарда сақталып, зерттеушілерден тым алыс болды. Тек 1990 жылы Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және этностық антропология институты Ресей мемлекеттік экономика мұрағатында (РМЭМ) сақталған, яғни бұрын ғылыми айналымға енбеген 1939 жылғы санақ материалдарын жарыққа шығарды [2,  112-б.]. Сонымен қатар бұл екі санақ материалдары 1991 жылы «Всесоюзная перепись населения 1937 г. Краткие итоги. – Москва, 1991» және 1992 жылы «Всесоюзная перепись населения 1939 г. Основные итоги. – Москва, 1993» кітаптары түрінде баспада жарияланды.

Енді осы аталмыш деректер негізінде Ахыска түріктерін жалпы КСРО түріктері шеңберінде айтып өтсек. КСРО Мемлекеттік жоспары жанындағы Халық шаруашылығы есебі орталық басқармасы бастығы Саутиннің 1939 жылы 26 тамызда КСРО ХКК төрағасы В.М. Молотовқа өте құпия түрде жіберген хатында КСРО халқының ұлттық құрамы 1937 жылғы санақта әрбір республика, өлке, облыс бойынша сан жағынан басым 10 ұлтқа бөлініп көрсетілгені, ал қалғандары басқа ұлттар тобына жатқызылғаны айтылған. Ол: «Сондықтан жеке ұлттар туралы 1937 жылдың одақтық қорытындысы толыққанды болмайды, себебі оған облыстар бойынша басым ұлттарға кірмеген ұлттардың мәліметтері кірмеген», – деп ескертеді [3, 966-б.].

1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағы үшін дайындалған КСРО ұлттары туралы жобаның Түсініктемелік жазбасында [4, 71-п.] КСРО халқы үш басты бөлімге тізімделген: 1) ұлттар, ұлттық топтар және халық; 2) КСРО аумағында қайсібір ұлттық (республика, ұлттық облыстар мен ұлттық округтар) бірлестіктердің негізгі халқын құрамайтын аз ұлттар; 3) этнографиялық топтар. Бұл тізім, негізінен, ХШЕОБ үшін жұмыс материалы ретінде дайындалды. Әрі ұлттардың тізімін жасауға И.В. Сталиннің «Ұлт – тарихи қалыптасқан тілдік, аумақтық, экономикалық өмір мен ортақ мәдениетте білінетін психикалық ортақтық... Тек осы белгілердің болуы ғана бізге ұлттың бар екенін көрсетеді» деген қағидаты басшылыққа алынды. Сол қағидатты басты принципке алған Тізім жасаушылар бірінші топқа ұлттарды, сонымен қатар тарихи даму барысында әлі экономикалық жағынан толыққанды ұйымдаспаған деп анықтама бергендерін ұлттық топтар мен халықтарға жатқызса, ал тығыз орналаспаған әрі басқа ұлттық көпшілікке сіңіп, КСРО-ның көптеген республикалары мен облыстарындағы негізгі халықты құрамаған аз ұлттарды (кішігірім) екінші топ деп ерекшеледі. Үшінші топқа белгілі бір аумақта тығыз орналасқанымен, КСРО-ның, сонымен бірге одан тыс жерлерде де анық бір ұлтқа бірікпеген (мысалы, Дағыстандағы агулдар мен кайтактар) топтарды енгізді.

1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағына арналған «КСРО халықтарының тізімінде» [4, 109-117-п.] түркі (тюрк) пен түрік халықтарына мынадай анықтама берілген: «түркі (тюрк) – халықтың ресми атауы; өзіндік аталуы – түркі (тюрк), әзербайжан түркілері; синонимдері немесе басқаша аталулары – әзербайжандар, түркілер, әзербайжан татарлары (ескірген). Саны – 1 706 605 адам. Тілі – түркі (әзербайжан). Негізгі таралу аймағы – Әзербайжан КСР (негізгі халқы), Армения (қоныстас орналасқан), Грузия (Боргалинск, Башничетск, Люксембург, Агб.-улоч.-Манглий, т.б.), Дағыстан АКСР, т.б. Түрік – халықтың ресми атауы; өзіндік аталуы – түркі, синонимдері немесе басқаша атаулары – анадолы түріктері, осман түріктері (ескірген). Саны – 8 570 адам. Тілі – түрік, анадолы-түрік. Түркияның басты халқы. Негізгі таралу аймағы – УКСР, Грузия КСР (Аджаристан), Армян КСР (бұрынғы Ленинакан уезі), Әзербайжан КСР, т.б. [4, 115-п.].

КСРО ХШЕОБ және басқа да мекемелер, сонымен қатар ғылыми қызметкерлер үшін И.И.Зарубин басқарған КСРО-ның танымал этнографтары мен лингвистері (К.Д. Дондуа, В.И. Абаев, Д.К. Поппе, А.К. Боровков, А.А. Бокарев, Н.Ф. Яковлев, т.б.) дайындаған, бірақ еш жерде жарияланбаған мақалаларды пайдалану мәселесі 1938 жылы қайта туындады. 1934 жылғы сол тізімді қайта қарап, толықтыру мақсатында құрамында С.Ф. Беляев, С.Л. Быховская,  И.И. Зарубин  кірген редакция құрылды. Олар 1934 жылғы тізімді тексеріп, түзету үшін жан-жаққа жіберді. Барлық түзетулерден кейін Тіл және ой, Этнография, Солтүстік халықтары институттарының қызметкерлері мен ХШЕОБ өкілдерінің қатысуымен 5.V.1938 жыл мен 10.VI.1938 жылы екі арнайы кеңес өткізіліп, тізімнің жаңа мәтіні бекітілді. Тағы бір ескерер жайт, Тізім жасалғанда, халық саны 1926 жылғы санақ мәліметтері бойынша беріліп, ал өзгерістер жақшада көрсетілді. Халықтардың таралу аймағын көрсетуге әкімшілік-аумақтық, сонымен қатар физикалық-географиялық терминдер қолданылды әрі әкімшілік-аумақтық бөлініс 1938 жылғы мәліметтермен түзетілді [4, 118-119-п.]. Осы Тізім бойынша, бұрынғы түркі деп көрсетіліп келген халық енді әзербайжан деп өзгертілді [4, 120-143-п.]. Әрі оған мынадай анықтама берілді: әзербайжандар (1 706 605 адам) – халықтың ресми атауы; өзіндік аталуы – әзербайжанлы; басқа атаулары (синонимдер, басқа халықтар берген атау, ескіргені, т.б.) – әзербайжан татарлары (патша тұсында берілген ресми термин, ескірген). Таралу аймақтары – Әзербайжан КСР (негізгі халқы), Армян КСР (қоныстас орналасқан), Грузия КСР (Борчалайск, Башничетск, Люксембург, Агбулах аудандары), Дағыстан АКСР, т.б. Тілі – әзербайжан [4, 121-п.].

Сонымен 1939 жылғы санақ бойынша КСРО-да барлығы 8 570 түрік өмір сүрген. Әрі олар УКСР, Грузия КСР (Аджаристан), Армян КСР (бұрынғы Ленинакан уезі), Әзербайжан КСР, т.б. жерлерде қоныстанған. Ал репрессияға ұшыраған 1937 жылғы санақ бойынша, КСРО-дағы түріктердің саны – 10 285 адам болса, ал 1939 жылғы санақта «әзербайжан» болып көрсетілген түркілер – 2 134 250 адам [5, 84-б.]. Негізінен, біздің мақсатымыз тек Грузиядан 1944 жылы Қазақстанға зорлықпен қоныс аударылған Ахыска түріктерінің ғана сандық құрамын анықтау. Демек, Қазақстанға қоныс аударғанға дейін Грузия аумағында барлығы 9 387 түрік өмір сүрген [5, 95-б.]. Ал 10 285 түрік, негізінен, Грузия КСР (9 387), РКФСР (Краснодар – өлкесі – 644 адам, Ростов облысы – 195 адам, барлығы – 839 адам), Арменияда (27 адам) қоныстанған [5, 85-, 88-, 91-б.]. Соның өзінде 32 адамның саны шықпай тұр. Мүмкін олар түркі («тюрк»)  болып жазылып кетілуі де мүмкін. Себебі 1937 жылғы санақта әзербайжан этносы, негізінен, түркі («тюрк») деп беріліп, ал 1939 жылғы санақта «әзербайжан» атауымен көрсетілген. Және 1939 жылғы санақта КСРО түріктері 8 570 адамға, яғни 1937 жылғы санақтан 1 715-ке кем көрсетілген. Тағы бір ескерер жайт, 1926 жылғы санақтағы 1 705 605 әзербайжан түркілері 1937 жылғы санақта 2 134 648 «түркі (тюрк) есебінен» деп арнайы ескертумен берілген [5, 97-98-б.]. Демек, бұрын түркі («тюрк») деп аталып келген халық енді «әзербайжан» болып өзгертіліп, әкімшілік-аумақтық бөлініс 1938 жылғы мәліметтермен түзетілген.

Ал 1944 жылы Қазақстанға 100 мыңнан астам түрік жер аударылған. 1937 жылғы санақта КСРО-да 10 285 түрік, 2 134 250 түркі («тюрк») өмір сүреді көрсетілген. Егер 1944 жылы Қазақстанға 100 мыңнан астам Ахыска түріктері зорлықпен қоныс аударылса, онда жоғарыдағы 10 285 түрік неге аз санды? Сол «репрессияланған» 1937 жылғы санақта түрік және түркі («тюрк») деп бөлініп көрсетілген халық, кейінгі «түзетілген» 1939 жылғы санақта тек «әзербайжан» деген атаумен ғана қалдырылған. Одан түркі («тюрк») деген атауды толық алып тастаған [6, 51, 114-б.]. Сондықтан 1939 жылғы 2 275 678 әзербайжаннан 1926 жылғы санақтағы 1 705 605 әзербайжанды алып тастасақ, ондағы айырма – 570 073 адам – түрік болуы мүмкін. Демек, бұл мәселеде әлі толыққанды шешілмеген сұрақтар баршылық екені анық. Кезінде Кавказды «түріктерден» толық тазартқысы келген Сталин мен Берияның саясатынан тек «түрік» деген атаудан туған қорқынышты көруге болады. 1937 жылғы санақта аталған түрік, түркі этнонимдері 1939 жылғы «түзетілген» санақта тіпті кездеспейді. Ол атауды санақ материалдарынан саналы түрде алып тастағаны анық байқалады. Л.П. Берия мен И.В. Сталиннің осы мәселеге байланысты өзара жазысқан хабарламаларында әзербайжандар, негізінде, аталмайды. Грузия НКВД тарапынан әзербайжандар мен түріктер бір халық – «түркілер» деп есептелген. Олар кейін жер аударылып барған арнайы қоныстарында ғана «грузиндік контингент» ретінде этностық жағынан түріктер, күрдтер, хемшилдер, т.б. (ал т.б. дегендер, негізінен, әзербайжандардан тұрған) деп қосымша төрт контингентке жіктелген. Тұтас халықтарды бұндай қарапайым логикалық тұрғыдан «адам нанғысыз» әрі «ақымақ» шешімдер арқылы тарихи отанынан айыру, әрине, ауыр зұлмат болды. И.В. Сталин және оның серіктестерін өздері басқарып отырған мемлекеттің ұлттық жағынан ала-құла болғаны қатты ашуландырған секілді. Кіші халықтарды депортациялау арқылы кеңес қоғамында ассимиляциялау процесін шапшаңдату көзделгені анық. Шағын ұлттарды тарихи отандарынан жер аудару арқылы келешекте оларды ірі ұлттарға ассимиляциялау, яғни жойып жіберу саясатын жүзеге асырмақ ниеттері болғаны анық. 1930-жылдардың ортасынан қалыптасқан «этностық бұратана элементтерден» «шекараны тазарту» акциясы ахыскаларды да «этностық бұратана элементтерге» жатқызды. В.Н. Земсковтың пікірінше, бұл қате еді. Олар, негізінде, Түркиядан қоныс аудармаған, өз атақонысында қалыптасқан этностар: ахыскалар да, түркіленген грузиндер де, түркіленген армян-хемшилдер де. Түркия олардың тарихи отаны емес. Бірақ Сталин мен Берияға олар тек қана жау агентурасына (Түркияның) қызмет етпек ниеттегі орта ғана болып есептелген [7, 108-б.].

Ахыска-Ахалқала түріктері санының статистикалық мәліметтерде азайтылып берілгеніне қарамастан, 1939 жылғы халық санағы Ахалцих халқының (55 490-ның 28 480-і) жартысынан астамы түрік екенін көрсетті. 1939 жыл бойынша, мысалы, ресми статистика мәліметтеріне қарағанда, Н. Джавахашвили атындағы Тарих, археология және этнография институтының ақпараты өзгеше мәліметтерді көрсетті. Онда Адыгене ауданындағы түріктер барлық халықтың 80%-ын, Богдановкада 70%-ын,  Аспинзада 66%-ын, Ахалцихте 51%-ын құрады [8].

Қорыта айтсақ, «түрік» деген сөздің осыншама қорқыныш тудырғаны соншалық, кеңестік саясат бір кездері бір аумақта тұтас өмір сүріп отырған халықты тоз-тоз етіп, жан-жаққа бытыратып жіберген. 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін жүргізілген КСРО-ның сталиндік ұлттық саясаты екіжақты стандарт ұстанып, «жалпыресейлік өктем өкімет» деген идея аясында халықтарды «аға» және «кіші», «сенімді» және «сенімсіз» халықтар деп бөліп басқарған. «Сенімсіз халықтар» қатарына жатқызылып, ғасырлар бойы қалыптасқан халық атауын санақ материалдарынан толық алып тастау арқылы бұл халықты тарих беттерінен сызып тастауға әрекет жасаған кеңестік өкіметтің бұл қитұрқы саясатын гумандық тұрғыдан түсіну өте қиын. Дегенмен, тағдырдың соқпағымен Ахыска халқы да жаңа өмірге аяқ басты, XX ғасырдың 20-30-жылдары Ахалцих түріктері де мәдени дамудың жаңа сатысына өтіп, мәдени-ағарту орталықтары ашылып, ұлттық кадр қалыптасты. 1920-жылдардың соңында өңірде Адыгюн, Ахалкалаки, Ахыскине, Аспинза және Богдановка деген бес жаңа аудан, колзоздар құрылды. Техникалық, педогогикалық мектептер мен саяси-ағарту курстары ашылды. Кавказдың қоғамдық өмірінде Омар Фаик Неманзаде, Осман Сервер бей, Ахмед Пепинов, Мамед Зеки Дурсунзаде, Мамед Али бей, Афзал бей, Мамед Шейхзаде сияқты қоғам қайраткерлері белсенді рөл атқарды. Түрік тілінде Адыгенеде «Адыгюн колхозчусу» (1931), «Гызыл ренджбер» (1933), Ахалцихте «Коммунист» (1930), ал Аспинзада «Бағбан», «Сосиализм кянди» (1940) атты газет-журналдар шығып, олардың қоғам өміріндегі маңызы айрықша болды. Осы уақытта театр көркемөнер үйірмелері жұмыс істейді. 1934 жылы Тбилиси әзербайжан театрының бастамасымен Ибрагим Исфаханлының жетекшілігімен Адыгене ұжымшар-кеңшарлық театры қызмет істеді [8]. 1920-1930-жылдардың аласапыран заманында жоғарыда айтылған Ахыска қайраткерлерінің көпшілігі опат болды. 12 мыңға жуық Ахысканың маңдай алды зиялысы жазықсыз жапа шекті. Солардың қатарында, мысалы, 1921 жылы Ф.Махарадзе басқарған Грузия әскери-революциялық комитетіне мүше болған, атақты Ахыска ақыны, драматург, Ахысканың көрнекті тұлғасы Омар Фаик, Шакир Полатов, т.б. болды. Омар Фаик 1937 жылы тамыз айында 66 жасында тұтқындалып, НКВД үштігінің шешімімен 1937 жылы 10 қазанда Тбилиси қаласында атылып кетті. Шакир Полатов 26 Баку комиссарымен бірге Түркменияның шөлінде қаза тапты.

Сол заманның құжаттары түріктерді бұл өңірден жер аудару туралы жоспардың көп жылдар бойы дайындалғанын растайды. Оны іске асыру үшін, алдымен, Боржомиден Валеге дейін, 70 км-лік темір жол тартылған. КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті 1944 жылы 31 шілдеде №6279 қаулы қабылдап [9, 19-б.], оны іске асыру үшін НКВД 20 қыркүйекте №001176 бұйрық шығарды. Грузин деректерінде депортациялау қарсаңында түріктерді грузин азаматтығын қабылдауға үгіттегені, бірақ халықтың өз ұлтынан бас тартпағаны туралы мәліметтер сақталған.

1944 жылдың қараша айының басында түріктер қоныстанған аудандар әскери қоршауға алынып, аймақ соғыс жағдайында деп жарияланып, 15 қарашада бейбіт халықты зорлықпен жер аудару басталған. Аз күнде 220 селодан 125 мың адам – 115 мың Ахыска түріктері, 7 мың күрд, 3 мың хемшин депортацияланған. Ал бұл уақытта 46 мың Ахалцих түріктері қан майданда жан алысып, жан берісіп жатқан еді. Оның ішінде 26 мың адам қаза тауып, 7 ахыскалық соғыста Кеңес Одағының Батыры атағына (Мурадов Бедир Беимодович, Муртаз Каралиев, Мафиз Жулфаев, Ибрагим ТужигилУбри Бадалов, Исмаил Каримов, Исмоил Тороманов) ие болды [9, 63-б.]. Бірақ олардың бұл ерлігі әдейі елеусіз қалдырылды. Кеңестік идеология жалпы «түрік» деген сөздің өзін жағымсыз мағынада қолдануды мақсат тұтқан-ды. Соғыста көрсеткен ерліктеріне, алған орден-медальдарына қарамастан аман оралған солдаттар да зорлықпен жер аударылды. НКВД ресми ақпараты бойынша, 1944 жылдың желтоқсан айының ортасына қарай 92 307 адам жер аударылып болған. Оның  18 923-і еркектер (қарттар мен соғыс мүгедектері), 27 399-ы әйелдер, 45 085-ы 16-ға да толмаған балалар еді. 1948 жылдың маусым айындағы КСРО НКВД барынша азайтып көрсеткен мәліметтер бойынша, осы операция барысында 14 895 адам қайтыс болған. Негізінде алғашқы алты айда 37 мың адам, оның ішінде 17 мың бала қаза болған [8]. Депортацияға ұшыраған түріктер Орта Азия мен Қазақстанға қоныстандырылып, олардың әлеуметтік, азаматтық құқықтары шектеліп, еркін жүріп-тұруларына шектеу қойылған. Олар 12 жыл бойы, 1956 жылы 28 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы, 29 сәуірде КСРО НКВД-ның жер аударылған халықтарды коменданттық бақылаудан босату туралы №0144 бұйрығы шыққанға дейін [9, 23-б.], «спецпереселен» атымен, коменданттық режимде еріксіз өмір сүрді, соған қарамастан, халықтың рухы әрқашан биік болды, сол рухты олар кейінгі ұрпақтарына да берді.

Клара САРКЕНОВА, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ӘДЕБИЕТТЕР

1 Подъячих П.Г. Всесоюзная перепись населения 1939 г. (Методология и организация проведения переписи и разработки итогов). – М., 1957. (2-е изд.). – 142 с.

2 Саркенова К. 1920-1930 жылдардағы Қазақстан халқы. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 220 б.

3 Материалы к серии «Народы Советского Союза». Перепись 1939 г. Документальные источники ЦГАНХ СССР. В 15-ч. – М., 1990. – Ч.5. – 966-б.

4 Ресей мемлекеттік экономика мұрағаты (РМЭМ). – 1562-қ., 336-т., 1-б., 206-іс.

5 Всесоюзная перепись населения. 1937 г. Краткие итоги. – М., 1992. – 240 с.

6 Население Казахстана по Всесоюзной переписи населения 1939 года. В 5-ти томах. – Алматы: Арыс, 2009. – 400 с. – Т.1. – 400 с.

7 Земсков В.Н.  Спецпоселенцы в СССР. 1930-1960 / В.Н. Земсков; Ин-т российской истории. – М: Наука, 2003. – 306 с.

8 http://ahiska-gazeta.com  (қаралды: 31.01.2016).

9 Кипчакбаева Л. Время. Люди. Судьбы. – Тараз, ТОО ЖИЦ «Сенім», 2014. – 353 c.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?