Атырау облысында «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр. Аталмыш халықаралық шараға Түркия, АҚШ, Жапония, Украина, Ресей және Қазақстан ғалымдары қатысуда. Конференция тақырыптық мазмұнына орай 5 панельге бөлінген. Аталмыш жиынға Анкара университетінің аспиранты (Түркия), тарих ғылымдарының PhD докторанты Серхан Чынар қатысуда. Шетелдік ғалым «Осман империясы мен Алтын Орданың тарихи сабақтасығы» тақырыбында баяндама жасайды. Алқалы жиын барысында бауырлас ел Түркиядан келген қонағымызға бірнеше сауалымызды қойған болатынбыз.
- Құрметті, Серхан Чынар мырза, Қазақстанға, мұнайлы өлке Атырауға қош келдіңіз! Бүгінгі халықаралық жиында қандай тақырыпта баяндама жасадыңыз?
- Қош көрдік! Бүгінгі Алтын Ордаға байланысты өтіп жатқан ауқымды конференцияға – «Түрік ұлттық тарихнамасындағы Шыңғыс хан және Алтын Орда зерттеулері» деген тақырыпта баяндама оқыдым. Ғылыми зерттеу мақалада Алтын Орда мұрагерлерінің, ізбасарларының Түрік тарихындағы рөлі жайында айтып отырмыз. Бұл ұзақ уақыт зерттелген тақырыптар. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Ресей Федерациясында және Еуразиядағы қазақ, өзбек секілді түркі мемлекеттерінің ішінде кең көлемде зерттеу жүргізіліп отыр. Жаңа бағыт ретінде біздің ұлттық республикамыз құрылған кезде Алтын Орданың тарихи рөлі жайында үлкен зерттеулер болды.
- Кіріспеңізде, Алтын Орданың мұрагерлері жайында бір ауыз айтып қалдыңыз ғой. Сіздің ойыңызша, кім Ұлық Ұлыс, Алтын Орданың заңды мұрагерлері?
- Алтын Орданың мұрагерлері Еділден Ертіс маңайына дейінгі барлық түркі халықтары деп білемін. Бұларға өзбектерді, қазақтарды, башқұрттарды, оғыздардың бір бөлігін де қосуға болады.
- Бүгінгі іс-шараның дәл Қазақстанда өтіп жатқанының символикалық мәні бар ғой. Соны сіз қалай түсініп келдіңіз?
- Әрине, биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Ал 29 қазанда біздің Түркия мемлекетінің 98 жылдығы болады. Қазір Қазақстандағы археологиялық, тарихи әдебиет жағынан көп зерттеулер жүргізіліп жатыр. Соның ішіндегі ең басты кезең – осы Алтын Орда кезеңі. Сол жайында бүгін үлкен іс-шара болып жатқанын көріп жатырмыз.
- Алтын Орда деген тақырып түркілердің барлығына ортақ атау. Ендеше Алтын Орда түркі халықтарын біріктіретін үлкен алаң болады деп ойлайсыз ба?
- Әрине, білгеніміздей, түрік тарихының сахнасында ғұндар секілді, түркі хандығы секілді үлкен билік еткен мемлекеттер болды. Ал бұлардың ішінде ең жақыны болған, түркі халықтарын біріктірген осы Алтын Орда болды. Ал Алтын Орданың тарихына қарасаңыз, қазіргі баяндаманың ішінде тек қана түрік тарихы емес, Ресейдің ішіндегі халықтар үшін де маңызын көріп жатырмыз. Сол жағынан тек қана Түркі тарихы емес, жалпы Еуразия ынтымақтастығы үшін үлкен ынтымақтастық деп айтуға болады.
- Алтын Орда мен Османлы империясы арасындағы байланысты түрік ғалымдары қандай дәреже де зерттеп келеді?
- Өкінішке қарай, Алтын Орда мен Османлы империясының арасындағы байланыс Түркияның тарихында өте аз зерттелген. Бүгінгі баяндамамызда сол зерттеулердің тарихи сабақтастық мәселесін қамтимыз. Біздегі тарихшылардың ортасында, қазір Түркияда Османлы империясының негізін қалаған Ер Тұғырылдың тарихи орны жайында үлкен бір материалдық фильм зерттеліп жатыр. Тарихи төлқұжаттарға сенсек, сол Османлы империясы әулетінің шығу тегі мен түбі, өкінішке қарай, әлі белгілі емес. Еуропа ғалымдарының қасында Османлы әулетінің түбі түркі болмағанын дәлелдеу деген бір талпыныс болды. Бұлардың арасындағы тарих сабақтастығын әлі дәлелдей алмай жатырмыз. Бұлардың бәрі – түркі тайпалары. Османлы империясы құралғанынан бастап Ноғай ордасынан Балқан түбегіне дейін Ер-Тұғырылдың қасында болып, ынтымақтастық орнатқан оқиға ретінде көріп жатырмыз.
- Түрік тарихи оқулықтары мен зерттеулерінде Алтын Орда кезеңі мен Шыңғыс хан тақырыбында тараулар қамтылады ма?
- Түркияның тарихында осы тарихи кезең түрікшілдік идеологиясының бастауымен басталып жатыр. Ал ол қалай? Түрік тарихи еңбектерінде, Османлы империясының ерте және классикалық тарихи хроникаларында Шыңғыстың мұрагерлері, ізбасарлары туралы мардымды деректер жоқтың қасы. Османлы империясының бастапқы тарихында Шыңғыс ұрпақтары туралы жақсы деректер айтылмайды. Өйткені, кіші Азиядағы 1243 жылғы селжұқ империясының құлауына маңғол әскерінің жорығы себепші. Ал ол – бірінші факт. Екінші факт – Осман империясы құрылғаннан кейін, 1402 жылы біздің екінші Баязит сұлтанды Әмір Темір кіші Азияға жорығы кезінде Анкара түбінде талқандады. Осылайша түріктердің Балқан елдеріне одан әрі жорық жасауына тоқтау салды. Ал бұл екінші кезеңдегі Османлы тарихи төлқұжаттарын қарасаңыз, өкінішке қарай қатал төңкеріс секілді кезеңдерді бастан өткергенін көруге болады. Ал кейінгі кезеңде, Османлы империясы Алтын Орданың ыдырағаннан кейінгі кезеңінде жақсы қарым-қатынасқа көше бастады. Ол уақыттарда Қырым хандығының біраз бөлігі Османлының қол астында болған болатын. Екіншіден мұсылман халықтары үшін қажылыққа барар жолда Османлы империясы арқылы өтті. Яғни қажылық сапар, алдымен Стамбұлға келу арқылы, сондай-ақ осында жұма мешіттерінде жиі болып, ары қарай Меккеге баруды көздеген. Осылайша Алтын Орда империясының мұрагерлері мен Осман империясы арасында шағын одақтастық, экономикалық қарым қатынас басталды.
- Сол байланыстарды толықтырып айтып, өтсеңіз. Қазақтың ұлы ақыны, алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың Тұран, Түркістан даласын жырға қосуы бекер емес. Ендеше Османлы империясы мен Алтын Орда мұрагерлері арасында 19-20 ғасырларда да қарым-қатынас жақсы сипатта көрініс тапқан сынайлы?
- Шынында, 18 ғасырдан кейін Османлы империясы мен түркі халықтары арасында қарым-қатынас өте жоғары деңгейде жүре бастады. Жүсіп Ақшора деген татардың үлкен ғалымы, тарихшысы болған. Түркі дүниесі мен оның құрамындағы халықтарды біріктіруде үлкен қайраткерлік істер жасаған. Бір сөзбен айтқанда Түрікшілдік идеяны таратқан. Стамбұлда түркі отандастығы деген ұйым ашқан. Бұл оқиғаларды түркі тарихнамасынан жақсы білесіздер деп ойлаймын. Жүсіп Ақшораның алғашқы түрікшілік жайындағы мақаласы Шыңғыстың тарихи рөлі мен түркі кезеңіне арналады. Сол еңбегінде Жүсіп: «Османлы империясы қанша жыл Наполеонмен, екінші Екатеринамен соғысқан, біз оларға Ұлы Наполеон, ІІ Екатерна деген атау береміз. Ал біздің, өзіміздің тарихымыз үшін күрескен Шаһ Исмаил, Шыңғысхандарға неге жаман көзқараспен қараймыз?» деген ашық сауал тастап отыр. Міне, содан бастап түркі зиялыларының арасында Шыңғыс мұраларына деген, Алтын Ордаға деген өзгерістер жақсы көзқарасқа ұласа бастады. Османлы империясының құлау процесі 1850 жылдан бастап, жалпы алғанда біз 70 жылдай Балқан түбегінде, кіші Азияның жерінде абыройымызбен соғыстық, бірақ жеңілдік. Солардың ішінде кәрі адамдарымыз ғана қалды. Солардың арасында біз бір бүкіл Еуропаға қарсы Ұлы Отан соғысын жасадық. Ал сол соғыста бізге кім көмек берді десек? Әрине, жаңа өзің сауалында айтып өткен ақын, Мағжан Жұмабаев, алаш көсемі Әлихан Бөкейхан сияқты зиялыларымыз, Татарстаннан Жүсіп Ақшора рухани қолдау танытты. Олар өздерінің шығармаларында Анадолы жеріне көмек беретінін, ұлы Түркі идеясын насихаттау туралы ой тастады.
- Әңгімеңізге рақмет!!!