Белгілі жазушы, алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай әлеуметтік желіні өте жақсы қолданады. Әрқашан жүрген жерінен хабар таратып, халықпен тығыз байланыста жүреді. Үнемі сауапты істің басы-қасында жүретін қаламгер бірер күн бұрын Ресейден олжалы оралғанын біліп, сұхбаттасқан едік.
– Армысыз, Елдос Нүсіпұлы! Ресейден олжалы оралған екенсіз. Қайырлы болсын! Сапарыңыз туралы, тапқан олжаңыз туралы білейік деп хабарласып отырмын. «Қазақстан тарихы» порталының оқырмандары үшін әңгімелессек.
– Қайырлы күн болсын! Айтсын! Иә, Ресейден олжалы оралдым. Осы жолы «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» грантының жеңімпазы ретінде барып келдім. Бұл – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағының бірлескен стратегиялық жобасы. Яғни, алғаш рет жазушы қауымға осындай мүмкіндік туып, жоба басталды. Міне, соның аясында жоқ іздеген жолаушы болып, Мәскеуге бару бізге де бұйырған екен. Білуімше, бұл жоба негізінде он алты жазушы ТМД елдеріне сапарға аттанбақ.
– «Алғаш рет...» деп қалдыңыз. Сонда бұрындары Ресейге, басқа мемлекеттерге қалай барып жүр едіңіз?
– Иә, Үкімет пен Жазушылар одағы шығармашылық қарым-қатынас орнатып, стратегиялық жоба жасауы – ел тарихында алғаш болып отырған соны жаңалық, игі бастама. Бұл – Мереке Әбдешұлы Құлкенов бастаған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасындағы жаңа команданың жасаған шаруасы. Былтырдан бері қаламгерлер ұйымының жұмысы жанданып, үлкен жобаларды қолға алып, ұлт әдебиетінің тұғырын тіктеуге күш салып келеді. «Жаңа қалам – жаңа роман» жобасы негізінде жазылған, қазір жұрт жапа-тармағай оқып, талдап жатқан Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәлік, Әлібек Байболдың романдары, сосын өмірден өткен жазушылардың еске алу мақсатындағы жиындар, қайсыбірін айтайын, әлеужелі арқылы одақ тынысын бақылап отырған жұрт хабардар деп ойлаймын. Ал биыл мен қатысқан жоба сияқты «Әдеби панорама», «Әдеби шеберлік мектебі» жобалары да жүзеге асып, жас жазушылардың игілігіне қызмет етіп отыр.
Ақиқатында – Жазушылар одағы функционерлер жасаған, қатып тұрған сеңді бұзып, ұлттың рухани сұранысын орындайтын әрі аса қажетті жобаларды қолға алып отыр. Ұлттық сана өскен жерде даму, алға жылжу болады. Ол үшін тарихтың тигізер үлесі мол екені айтпаса да түсінікті.
Бұған дейін көбіне-көп іс-сапарға, архивке «Алаш жолымен...» халықаралық экспедициясы аясында барғанмын. Соның көбіне қаражат тауып, өзім ұйымдастырып, жетекшілік жасап баратынмын. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, осы жолы мемлекет қамқорлығына бөленіп, алаңсыз-қамсыз бардым емес пе! Әйтпесе жол шығыны, жатын орын, жүріп-тұру, тамақ т.б. шашетектен келетін шаруаның ретін тауып, қиюын қиыстыру мехнатты іс. Менің талай күнім қаражат табуға кетті. Әйтпесе сол есіл күндерім ізденуге, тоқуға кетсе еш өкініш болмас па еді. Өзім ғылыми жетекші болып, жолбасшы болып барған экспедицияма қазақтың талай қаракөздерін тарттым, тіпті аларында шет елге алғаш рет шыққандары да болған-тын. Міне, сол соңымнан ерген өкшелес буынның да жоқ іздеген жолаушы болуын, алаш мұрасына ынтызар жоқшы болуын жан-жүрегіммен қаладым. Қазір сол жастар өсіп-өніп, өзі де өзгені жетекке алуға жарады. Ақжол Қадылбекұлы, Данияр Ихсан, Жауынбай Жылқыбайұлы, Мадияр Борамбай, Жанболат Абайхан, Ертай Біләл, Айгерім Нұржанқызы, Айнұр Бағланқызы, Таңнұр Жеңісқызы сынды жас үміттердің алаштануға қосар үлесі көп болады деп сенемін. Алла оларды тіл-көзден сақтап, ақ жолдарынан, осы бағыттарынан адастырмаса екен деп тілек қыламын.
Бір кездері мені, студент бозбаланы бағдаршым, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айбек Киікбайұлы Қалиев Тобыл-Торғайдың тарихына қатысты экспедициялық топқа қосып, қанатының астына алған. Торғайдан түлеп ұшқаннан соң, халықаралық, республикалық үлкен ғылыми экспедицияларға қосып, жанына жақын тартып, үміт артқан Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай мен филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Серікқызы Ісімақова ұстаздарым болатын. Осы үш ғылыми жетекшімнің шарапатына бөленіп, ерте жастан жоқ іздеген жоқшылардың көшіне еріп, жоғалған мұраны іздей бастағанмын. Міне, сол ұстаздарымнан көрген өнеге-тәлімді шама-шарқым жеткенше жалғап жатқандаймын. Десе де бұл сонау Алаш арыстарының аға толқыны кейінгі буынға қамқор болып, жолын ашып, тілеулесі болған аңызға бергісіз естеліктерден басталған игі жол, ұрпақтар сабақтастығы деп ойлаймын. Ендігі де осы қасиетті жол, ұрпақтан ұрпаққа, ата буыннан жаңа нәсілге берілген алтын жіп үзілмесе екен...
– Бәрекелді, Елдос мырза! Ұстаздарыңыздан алған тәліміңіз кейінгі ұрпаққа тағылым болсын! Ал Ресейден не таптыңыз? Құпия болмаса, айта отырсаңыз.
– Жасырып қайтейін, бәрі де халыққа жол тартатын құжаттар емес пе! Осы жолғы ғылыми ізденісім – Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасының Сирек кітаптар бөлімінен басталды, сосын Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві, Ресей Мемлекеттік Әдебиет және өнер архиві, Ресей Ғылым академиясына қарасты А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының архиві қорларымен жалғасты. Осы аталған қазыналы орданың бай қорымен кешенді жұмыс істедім. Тіпті, түскі үзіліс жасауға уақыт жоқ еді. себебі іс-сапар мерзімі өте аз, уақыт тар. Сондықтан жөпелдемеде немесе жүре жүрек жалғауға тура келді. Сапарға шықпастан бұрын, алдын ала осы аталған ғылыми мекемелерге хат жолдап, өтініш жасап, керекті құжаттар мен іс тізіміне тапсырыс беріп қойдым. Уақыт үнемдеу үшін. Әрі Мәскеуде тұратын Галина Смирнова (Қазақша аты-жөні – Гүлзифа Жұмақызы) есімді қандас апам көмегін аямай, жеке көлігімен ары-бері тасып әрі архивте, сирек қорда бірлесе жұмыс істеп, католог қарасып, архив жолсерік кітабынан (Путеводительная книга архива) дерек жинауда табанды іс қылды.
Мәскеу – алып шаһар, бас-аяғы жоқ үлкен мегаполис. Жиырма бес миллион тұрғыны бар қаланың кептелісі де өз алдына. Осындай мәселелерді алдын ала ескерген соң, жетпіс екі жастағы Гүлзифа апам ала таң бозара атқаннан мені метро бекеті алдында күтіп, Химки қаласына немесе Коммунаркаға, я болмаса қаланың ортасындағы ГГАЛИ, ГАРФ, РРБ, ИМЛИ мекемелеріне жеткізіп отырды. Соның нәтижесінде Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабай, Ілияс Жансүгірұлы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасұлы т.б. алаш қалам қайраткерлеріне қатысты қолжазба, кітап, фотосурет, анықтама, құжат, автограф т.с.с. материалдар таптым. Енді бұйыртса осы табылған тың дерек, жаңа мәліметтердің бәрін «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» басылымдарынан оқырсыздар. Сіздердің де порталдарыңызға бірер мақала ұсынармын. Ал Ілияс Жансүгірұлы туралы зерттеуімнен, яғни осы жоба аясында жарыққа шығатын «Ілиястың Ресейдегі іздері» деген биографиялық миниатюра кітабымнан айтылған ақынның тұлғасына қатысты деректерді оқып, таныса аласыздар.
Жалпы ғылыми сапар туралы бір сөзбен бейнелей айтсам, қоржыным – толы, көңілім – көтеріңкі, жүзім – жарық. Сапардағы жолаушының дұғасы қабыл болады деген сөз бар-тын. Жоқ іздеп ұлы жолға шыққанда қос қолымды жайып, бар ынта-шынтаммен дұға еттім. Тәңірім Ием қолдады, аруақты бабам тілегіме қарай ризалығын білдіріп, жолымды ашты. Жеңіл барып, ауыр қайттым. Аллаға шүкір!
– Елдос мырза, тағы да құтты, қайырлы болсын! Шығармашылық табыс тілейміз! Порталымыздың оқырмандары зерттеулеріңізді асыға күтеді.
– Сіздерге де мың алғыс! Алашқа қызмет – ұлық іс! Қазаққа сіз болып, біз болып қанаттасып-қатарласып қызмет қыла берейік!
Сұхбаттасқан: Ж. АЛАШ
ЖАУЫНБАЙ ЖЫЛҚЫБАЙҰЛЫ