Жүзжылдықтың тарихи оқиғасы
17.02.2025 443

Астананың ÓzgeEpic мекемесінде бір тағылымды кеш өтті. Бұл жиын Алаштың ең демократ тұлғасы, арыс, жол инженері, тарихшы Мұхаметжан Тынышбайұлының 1925 жылы орысша жарық көрген «Материалы к истории киргиз-казахского народа» кітабының қазақша аудармасын таныстыруға арналған. 


14 қаңтар Халықаралық кітап сыйлау күні қарсаңында өткен іс-шараға алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісмақова, Алаш кезеңін зерттейтін қоғамдық негіздегі «Qyr balasy» қоғамдық қорының негізін қалаушылар ретінде Ұшқын Сәйдірахманұлы екеуміз, кіл мықты журналистер Төлен Тілеубай, Думан Анаш, Мақпал Орынбетова, Мирас Мұқаш, Жанболат Шәкім, Мақпал Адамбаева, Мөлдір Бақыт, Айым Сәдуақасова, Астана қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Мадина Ажкенова, жеке кәсіпкер Нұрат Айт, Қадырғазы Мұқанов, Айдана Шотбайқызы, Дәурен Ерболатов, Сұлтан Мұстафин, жас зерттеуші, ғазымбектанушы Данияр Ихсан және өзге де БАҚ өкілдері, әріптестер қатысты.

Отан тарихында Мұхаметжан Тынышбайұлының тұлғасы Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері және ең алғашқы темір жол инженері, тарихшы ретінде сипатталады. 1879 жылы Жетісу облысында дүниеге келген ол 1900 жылы Верный (қазіргі Алматы) гимназиясын бітірген. 1906 жылы Санкт-Петербургтегі I Александр атындағы Императорлық жол қатынастары инженерлері институтының үздік тәмамдаған алғашқы қазақтардың бірі болды.

Патшалық астанасында білім алған соң оның саяси көзқарасы ерте қалыптасты. 1905 жылы «Қарқаралы петициясына» қол қойып, қазақтардың жер, тіл және өзін-өзі басқару құқығын қорғауға атсалысты. 1917 жылы Алаш Орда үкіметінің мүшесі болып сайланды, кейіннен Алаш автономиясының Жетісу облысы бойынша негізгі фигурасына айналды. 

Ол сонымен қатар қазақ халқының тарихы, этнографиясы және мемлекет басқару жүйесі туралы зерттеулер жүргізді. Оның «Қазақ-қырғыз халықтарының тарихы» зерттеуі – мемлекеттің құрылымын ғылыми негіздеген алғашқы еңбектердің бірі. Бұл еңбекті М.Тынышбайұлы Қазақстандағы алғашқы теміржол жобаларының бірі – Түрксіб теміржолының құрылысын инженер ретінде жүргізген жылдардан бастап халық арасында кездесулер өткізіп, деректер жинап бастаған. Кейін тыйым салынғанына қарамастан, бұл еңбек отан тарихы мен ғылымының дамуына үлкен ықпал еткені даусыз.

📌 Оқи отырыңыз: «Қайдасың, Асыл, Ақық, қолымды шеш»...

Мұхамеджан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихы» еңбегі – қазақ һәм қырғыз тарих ғылымындағы алғашқы жүйелі зерттеулердің бірі. Оның маңызы бірнеше негізгі аспектіден тұрады:

«Қазақ тарихын ғылыми негіздегі зерттеуде М.Тынышбайұлының еңбегінің әсері мол болды, – дейді алаштанушы ғалым А.Ісімақ. –  М. Тынышбайұлы өз еңбегінде қазақ халқының шығу тегін, рулық-тайпалық құрылымын, олардың тарихи даму кезеңдерін жан-жақты талдады. Ол тарихи оқиғаларды талдауда жазба деректермен қатар ауызша тарих пен халық жадындағы мәліметтерді де пайдаланды».

Сол кезеңдегі орыс және еуропалық зерттеушілер кейін қазақтарды көшпенділер ретінде ғана біржақты сипаттаған болатын. Ал М.Тынышбайұлы осындай теріс көзқарастарға жауап ретінде қазақтардың өркениетті халық екенін, олардың мемлекеттік дәстүрлері мен басқару жүйесі бар екенін нақты дәлелдермен көрсетті.

Еңбекте Қазақ хандығының құрылуы, оның даму жолдары, мемлекет ретіндегі ерекшеліктері мен ішкі-сыртқы саяси жағдайлары кеңінен сипатталды. Сонымен бірге, ең маңыздысы, қазақ халқының этникалық және тұтастығын дәлелдейтін маңызды деректер анықталған.

Тарихты зерттеуде еуропалық және шығыстық дереккөздерді қамти алған қазақ зиялысы ретінде Мұхаметжан Тынышбайұлының ролі айрықша. 

Тарихи туындыны жарыққа шығарған AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай Мұхаметжан М.Тынышбайұлының қазақ тіліне аударып жарыққа шығару аса маңызды оқиға екенін атап өтті. 

«Осы еңбекті қазақ тіліне аударуға AmalBooks бастамашы болды. Жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсету Choco холдингінің басшысы Рамиль мырзаға және еңбектің жарыққа шығуына үлес қосқан барша мамандарға алғысымды білдіремін!» – деді Б.Бұқарбай.

Кітаптың атауына қатысты бізден бір уәж – түпнұсқадан ауытқымауға тиісті еді. «Материалы к истории киргиз-казахского народа» деген атау «Қазақ-қырғыз халықтарының тарихына қатысты материалдар» деп берілу керек деп ойлаймыз. Жалпы қазір XX ғасыр басындағы саяси-әкімшілік ахуалды ескермей, тек қазақ халқы деп жазу үрдісі белең алып барады. 1917 жылы Орынборда өткен екінші құрылтай жиынын да бір ғана қазаққа телу байқалады. Мұның тарихи атауы да «Жалпы қазақ-қырғыз II съезі» деп аталады. Еншісі бөлінбеген екі халықты ажыратудан біз ештеңе ұтпаймыз: біріншіден, алаш идеясына нұқсан келтірсек, екіншіден, тарихи әділеттілікке нақты баға бермейміз. Үшіншіден, қазір қарқын ала бастаған түркі бірлігіне, интеграциясына кедергі болмақ. 

Мұхамеджан Тынышбайұлының жарық көрген «Қазақ халқының тарихы» кітабы – қазақ тарихнамасындағы алғашқы жүйелі зерттеулердің бірі. Ол қазақ халқының шығу тегін, мемлекеттілігін, тарихи дамуын объективті әрі ғылыми тұрғыда зерттеген. Ғалым-зерттеуші еңбектері ұлттық тарихты қайта бағалауға, отарлық саясаттың бұрмаланып бекітілгендерін жоққа шығаруға және қазақ халқының өткеніне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.