Мерген байлап оқ атар...
Көшпенділердің жауынгерлік өнерінің бір бұтағы – мергендік өнер. Жалпы адамзат тарихында мергеннің мәртебесі әрқашан биік болған. Өйткені мерген болу ел мен жерді жаудан қорғаудың кепілі. Қазақ фольклоры мен аңыз-әңгімелерінде мергенді мадақтаған жыр және оқиғалар өте көп.
Мысалы, «Қамбар батыр» жырының басты кейіпкері Қамбар өзінің қарауындағы елі «алпыс үйлі арық пен тоқсан үйлі тобырдың» қамы үшін құс атып, саятшылық құрып мергендігінің арқасында ағайынның аш-арығын асырайды. Яғни мерген адам бейбіт күні бұқараның ас-ауқатын күйттесе, еліне жау тисе еңіреп шығып, елін, жерін қорғайтын болған.
Құс етін беріп бағамын,
Үйдегі екі кәрімді.
Оған да назар саламын,
Қабатыма аламын –
Тоқсан үйлі тобыр мен,
Алпыс үйлі арғынды.
(«Қамбар батыр» жыры)
Жақындап мерген келеді,
Атайын деп аққуды
Суырып алды жебені.
Отырып алып тізерлеп,
Садағын мерген кезеді.
(Бабалар сөзі. 42-том. Астана: 2006 ж 255-б)
Мерген байлап оқ атар,
Ұшқан көлдің қуына.
(«Алпамыс батыр» жыры: Бабалар сөзі. Астана: 35-том. 2006 ж. 26-б)
****
Ежелгі көшпенділер қоғамында мергеннің мәртебесі биік болғанына дәлел – патшалар қызын өзі сияқты патшаға немесе мыңды айдаған байларға емес, оғы мүлт кетпейтін мергендерге беретін дәстүр болған. Бұл туралы қазақтың аңыз әңгімелерінде дәлел жетерлік. Мысалы:
Көктен деген патшаның Аққұртқа деген жалғыз қызы болыпты. Ол қыздың сұлулығы жайлы:
«Қызыл ерін, ақ маңдай,
Екі беті қызыл күрең мақпалдай, түймедей болған басы бар, жібектей күлтеленген шашы бар, қиылған қара қасы бар, маржан тісі тізілген, раушан көзі сүзілген, жарқылдаған сәулесі, күндік жерден көрінген әдемі артық қыз еді...» деп суреттейді. Патша осы қызын ұзатуға сауын айтады:
Қырық таңбалы Қырымды,
Он екі баулы ноғайды
Шақырып той қылайын.
Кімде-кім күресіп жықса,
Алтын қабақ атып алса,
Қызымды соған берейін...
(Қобыланды батыр жыры: А.Байтабынұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 37-том.27-б).
Екінші дерек. «Қали мен қази» атты ертегіде былай деп баяндалады: «Хан халқын жиып сексен кез жерге жамбы қадатады. Атып түсірген кісіге қызымды берем, атам деп тигізе алмағанның басын алам! - деп жар салады. Бүкіл жұрт жиналады. Жамбыны, теңгені ешкім атып түсіре алмайды. Көп мергендер жанынан қорқып ата алмайды. Бір мезгілде Қали мылтығын сиқырлап алып атады, алып түсіреді. Сол уақытта хан кіші қызын Қалиға береді».
(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 74-том. 326-б).
****
Үшінші дерек. Архаикалық сипаттағы «Көкжан батыр мен айдаһар» атты ертегіде былай деп баяндалады: «Көкжан батыр жол жүріп келе жатса, той болып жатқан тағы бір ауылды көреді. Ол жерде жамбы тігіп, балуан шығарып, қыз ұзатып жатқан той екен. Бұл бай да жамбымды атып түсірген, кісіге қызымды қосамын», - деп жұртқа жар салыпты. Көкжан батыр жамбысын атып түсіріп, қызды алыпты».
(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 75-том. 93-б).
****
Төртінші дерек. «Бай мен диуана» атты ертегіде: «Патша бір биік теректің басына жамбы тігіп: «Кімде кім соны атып түсірсе, соған қызымды беремін!», - деп жар салыпты. Жұрттың бәрі жиылып, жаңағы теректің басындағы жамбыны кезек-кезек атып жатады. Таз бала да келіп, елдің бір шетінен тамашаға қарап тұрады. Жамбыға ешқайсысы тигізе алмайды. Ақыры жамбыны атқысы келіп, бала біреудің садағын сұрайды. Сұраса: «Сен байғұс әуре болып не қыласың, сен түгіл біз де тигізе алмай жатырмыз», - деп, ешкім садағын бермейді. Сонан бала патшаға (қыздың әкесіне) барып: «Мен бір жолаушымын, жамбыны атып көрейін деп едім, ешкім садағын бермеді. Тақсыр, сіз маған біреудің садағын алып беріңізші, мен де атып көрейін!» -деп өтінеді. Патша баланың бас-аяғына қарап: «Осы тигізе алушы ма еді?» - деп іштей ойлайды да, «ал, ата ғой!» деп біреудің садағын алып береді. Бала атып теректің басындағы жамбыны қақ бөліп жерге түсіреді. Анталап тұрған адамдар: «Патшаның күйеу баласы таз диуана болды», - деп, баланы кілемге салып көтеріп ала жөнеледі».
(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 76-том. 152-б).
****
Бесінші дерек. Қазақта мергендіктің кереметі жайлы аңыз көп. Соның бірі Абат мерген жайлы. Оқиға былай өрбиді: Жәнібек ханның қыран қаршығасы бар екен. Оны аңға алып шықса бір жабайы қаршыға оған аң алдырмай қуып келіп тығады екен. Әбден қиналған хан Абат мергенді шақырып алып: «Әй, Абат, сен мерген болсаң, сол жабайы құсты атып бер», - дейді. Сөйтіп Абат пен хан аңға шығады. Баяғы жабайы құс ханның қаршығасын қуып келеді. Абат садағын қолына алып әдейін жабайы құстың денесіне оқ дарытпай құйрығын айырып атады. «Бұның қалай» деп хан сұрағанда Абат: «Бұл құсқа дақ салдым, аршыл құс болса енді екінші дүркін бұл маңға жоламайды» депті. Расында ол құс қайта көрінбеген екен.
(«Асанқайғы, Тоған, Абат» хикаясы. Бабалар сөзі. 51-том. Астана: 2006 ж. 155-б)
****
Алтыншы дерек. Бір күні екі адам жанжалдасады. Екеуі ханға барып жүгінбекші болады. Келе жатса, жолда бір топ баланы көреді. Әлгі екеуі біріне-бірі айтады:
– Жүр, мына балаларға бара кетейік.
Бұрылып келсе, көп баланың ішінде хан болып ойнап отырған баланы көреді.
– Ей «хан» бала, біздер бір нәрсеге жанжалдасып келдік, соны саған айтсақ, сен үкімін берер ме едің? - дейді әлгі екі адам.
– Айтыңыз, Құдай аузыма салса, беремін,-дейді. Екі кісінің біреуі тұрып айтты:
– Мен жаңа мына өзеннің жағасынан келе жатсам, бір қоңыр қаз отыр екен. Өзім мерген едім, сол қазды көріп, мосымды асып, отымды жағып, кішкене қазаныма суымды құйып, жалма-жан қолыма садағымды ала бергенімде, мына кісі келді де, дауылпазын қағып, тұйғынын салып, құсымды алып кетті, - дейді. Екінші кісі тұрып:
– Мен құс алып, көл жағалап келе жатсам, өзен жағасында бір қаз отыр екен. Дауылпазымды қағып, құсымды салып қазды ілдіріп отырғанымда, мына кісі келіп «құс менікі» деп, жанжал шығарды. Сонымен сіздің алдыңызға келіп, жүгініп тұрғанымыз осы, - дейді. Бала тұрып мергенге:
– Мен бір бұйрық берейін, соны орындасаң, құс сенікі, егерде орындамасаң басыңды алуға ризамысың, - деді. «Ризамын» дейді мерген. Хан бала бір жас баланы шақырып алып, оны шалқалай жатқызып төсінің үстіне тауықтың жұмыртқасын қойды да мергенге:
– Ана баланың тәніне дарытпай, жұмыртқаны атып түсір, - деп бұйрық берді. Мерген анадай жерге барды да, отыра қалып атып қалғанда, баланың ешбір жеріне оқ дарымастан, жұмыртқаны тесіп өтеді. Мергеннің мергендігіне көзі жеткен «хан» бала «қаз мергенге тиеселі екен» деп үкім шығарыпты.
(Бабалар сөзі. 38-том. Астана: 2006 ж 118-б).