Жақында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің мемлекеттігіміздің бастауы сонау мыңжылдықтардан бастау алып жатқанын, оның тамыры мен тарихы аса терең екенін көпшілікке ескертіп, халқымыздың «қазақ» деген этникалық атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылғанын еске салған болатын.
Осы орайда, Президентіміз жоғарыдағы пікірді айту арқылы отандық тарихшылар алдында жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды нұсқап отырғаны анық. Өйткені біз ұзақ уақыт отарда болған жұртпыз. Сол себепті өткен тарихымыз отарлаушылар көзқарасымен жазылды. Олар бағынышты бұраталарға өздері дайындаған ішірткіні ғана ішкізеді. Десек те, авар халқының ұлы ақыны Расул Ғамзатов «нағыз талант – жалғанға қарсы жүзген адам» деп айтқанындай, кеңестік қызыл идеология дәуірлеп тұрған жылдардың өзіне ұлт тарихына қатысты ақиқи ойлар айтып, тың пайымдар ұсынған ғалымдар болды.
Соның бірі – Халел Әділгереев (1906-1974) деген тарихшы. Бұл тұлға қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының кандидаты болумен қатар, екінші дүниежүзілік соғыста қан кешіп шайқасқан батыр. Офицерлік шені – майор. Соғыстан кейінгі жылдары Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы жөнінде еңбек жазған ғалым Ермұхан Бекмахановты қолдағаны үшін автормен бірге бұл кісі де саяси қуғынға ұшырады.
Жуықта Халел Мұхамеджанұлының 1940 жылы жазылған «Қазақ халқының құрылу тарихы» атты мақаласы қолымызға түсті. Оқып көрдік. Мұнда біз сияқты қатардағы журналшыны былай қойып, маман тарихшылар біле бермейтін пайымдар бар екен.
Атап айтар болсақ, тарихшы қазақ халқының жүздік құрамы хақында ой бөліседі. X ғасыр жазушысы Мақсудидың «Алтын тоғай» атты кітабында жазылған деректерде айтылғандай оғыздар мемлекеті үш ордаға бөлініп басқарылғаны туралы жаза отырып, шығыстанушы ғалым Радловтың «ғұз пен жүз бір ұғым» деген тұжырымын қолдайды.
Одан кейін біздер айтып жүрген Жошы ұлысы туралы тарихшы Вассафтың еңбегіне сүйеніп бұл ұлыс: сақсын, қыпшақ, хорезм, бұлғар, қырым, үкек бөлімдерінен құралғаны жайлы жазады. Осылардың ішінде қыпшақ бөліміне арнайы тоқталып: «Қыпшақтардың мекен еткен жері Еділден шығысқа қарай жатқан. Демек қыпшақтар бастаған үш жүздің түрік тұқымдарынан құралған мемлекетін моңғол-татарлар жаулап алған, бұл мемлекетте болған түрік тұқымдары Жошының ұлысына қарап қалған. Моңғолдар түрік тұқымдарын жаулап алғаннан кейін, олар қыпшақтарды елдің саяси тұрмысынан ығыстырып шығарған, оған дейін қыпшақтар түрік тұқымдарына құралған – қазақ халқына бас болып біздің еліміздің көлемінде үш одақ болып келген» дейді Халел Мұхамеджанұлы.
Одан кейін тарихшы Әділгереев түйеден түскендей «Жошы негізінде қалыптасқан моңғол үстемдігі біріншіден, саяси күш болып топталған қыпшақтарды ығыстырды. Екіншіден, бұл халықтың тұқым, ру жағында өзгерістер болды. Моңғолдар жаулап алғаннан кейін қазақ арасына моңғол рулары еніп кетті. Қазақ халқының ішіндегі Ұлы жүз, Үйсін, Қаңлы, Жалайыр руларынан құралған. Жалайыр руы моңғол руы, сол себепті ол аға ру деп есептеледі» деп жазады. Расында біздің қазіргі айта алмай жүрген шындығымыз осы. Яғни, Жошы ұлысы дегеніміз Шыңғыс қаған құрған Моңғол империясының батыс бөлігі ғана.
Ал шын мәнінде Жошы ұлысының этникалық құрамы қыпшақтар екені анық. Бұл жайында тарихшы Ибн Нуралла Еломаридің (1299-1349) «Түрлі елдердің мемлекеттерін шолу жолдары» атты шығармасына сілтеме жасай отырып: «Алтын Орда бұрын қыпшақтардың елі. Бұларды моңғолдар жаулап алғаннан кейін қыпшақтар соларға бағынды. Мұнан кейін жаулаушы моңғолдар қыпшақтармен араласып, туысқандасып кетті, қоныстың әсері моңғолдардың тегіне, расасына біткен сипаттарын жойып жіберді, олардың бәрі бір рудан таралған адамдай, дәлме-дәл қыпшақтар сияқты болып кетті» дейді (Харузин «Қазақ халқының қайдан шыққаны туралы», 1895 жыл, 78-бет).
Келесі кезекте тарихшы «қазақ» атауына тоқталып, бұл термин атақты парсы жазушысы Фердаусидың (935-1020) «Шаһнама» шығармасында алғаш кездессе, одан кейін орыс оқымыстысы Левшиннің «Қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» (Петербург, 1882 ж) атты туындысында бар екеніне тоқталыпты. Сонымен қатар Бабырдың шағатай тіліндегі жазбаларында «қазақ» – кезбелік, «қазақламақ» – кезушілік деген мағынаға ие дейді.
Ал бүгінгі зерттеушілер үшін қажет дерек «Орыс князьдарының ХV ғасырда Қырым, Қазан және Алтын Орда хандарымен жазысқан хаттарында «қазақ» деген сөз бар» дейді тарихшы. Оған дәлел ретінде «1474 жылы Қырым ханы Мендікерей ІІІ патшаға жазған грамотасында «сенің жеріңді шаппаймын, менің ұғланларым да, мырзаларым да, қазақтарым да (әскерлерім) шаппайды» деген жазбасын көлденең тартады. Яғни, ХV ғасырда қарапайым әскерді «қазақ» деп атаған. Мысалы, Шора батыр әңгімесінде: «Шора Қырымда қалғысы келмей, қазақ болып Қазанға барғысы келді» делінген.
Қысқасы Алтын Орда тарағаннан кейін, қазақ халқы өзінің тәуелсіздігі үшін және Үш жүзді тұтас мемлекет етіп біріктіру үшін күрескенде, жоғары таптан шыққан ұғландар мен мырзалардан басқа, қарапайым халықтың қалың ортасынан шыққан әскерді «қазақ» деп атаған деген тоқтам жасаймыз. Сөйтіп, ХV ғасырда моңғолдар мемлекеті – Алтын Орда құлағаннан кейін дала тұрғындары әскери-жауынгерлік белгі «Қазақ» деген атпен тарих сахнасына шықты.