Дала үнін тыңдаған мажар саяхатшысы
29.04.2025 67

Maqsut Narikbayev University (MNU) базасында «XIX–XX ғасырлардағы Қазақстан - батыс саяхатшыларының көзімен» атты бірегей көрме ұйымдастырылды. Көрмеде сол дәуірдегі қазақ даласының өмірін бейнелейтін бірегей архив материалдары көпшілік назарына ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара  - «Орталық Азия XIX-XX ғасырлардағы Батыс зерттеушілері мен саяхатшыларының көзімен» атты үлкен жобаның беташар шарасы болып отыр.


Жобаның негізгі мақсаты – Батыс этнографтары, шығыстанушылары, саяхатшылары мен лингвистерінің көзқарастары арқылы Орталық Азияның тарихи мұрасын кеңінен насихаттау. Көрмеге Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, тарихшылар, халықаралық сарапшылар және журналистер қатысты.

Белгілі мажар саяхатшысы, шығыстанушы Арминий Вамберидің еңбектеріне арналған көрме Мажарстанның Қазақстандағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Экспозицияда оның 1868 жылы жарық көрген «Орталық Азияға саяхат» атты кітабынан цифрланған фотоматериалдар мен тарихи суреттер топтамасы қойылды.

«Maqsut Narikbayev University-дегі бұл көрме – түркітану ғылымының дамуы мен Мажарстанда қалыптасуын көрсететін маңызды оқиға. Арминий Вамбери – әлемдік түркітанудың негізін қалаушылардың бірі. Ол Орталық Еуропаға қоныстанған мажар тайпаларының шығу тегін зерттеуге бар ғұмырын арнады. Сонымен қатар мажар тілі түркі тілдеріне жата ма, әлде фин-угор тілдік тобына ма деген бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған ғылыми пікірталасты да алғашқылардың бірі болып көтерген еді. Оның еңбектері Мажарстан мен Орталық Азия халықтары арасындағы рухани байланыстың берік негізін қалады. Соның арқасында қазақтар мен мажарлар арасындағы туыстық сезім бүгінге дейін сақталып отыр», – дейді Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона шара барысында. 

Сондай-ақ ол осындай іс-шаралардың екі ел арасындағы байланысты арттыра түсетінін атап өтті. 

«Біз әрқашан да осындай маңызы зор көрмелер мен рухани, мәдени бастамаларға қолдау білдіруге дайынбыз. Себебі, мұндай шаралар екі ел арасындағы байланысты арттырып, студенттерімізге өз елінің бай мұрасын меңгертіп, әлемдік мәдениеттермен танысуға мүмкіндік береді. Біз мұны ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қазақ-мажар арасындағы берік байланыстың көрінісі деп білеміз», - дейді ол.

Іс-шарада көрме қонақтары цифрланған архив материалдарымен (National Geographic) танысып, қазақ халқының әр кезеңдегі тарихи сәті мен мәдениетін тамашалады.

MNU Провосты Сергей Пеннің айтуынша, бұл іс-шара Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тығыз байланыстардың айқын көрінісі. 

«Арминий Вамберидің Орталық Азияға жасаған саяхаты әртүрлі өркениеттер арасындағы өзара түсіністікке жаңа жол ашты. Осы тарихты университет қабырғасында бөлісе алғанымызға біз ерекше қуаныштымыз. Maqsut Narikbayev University-де біз зерттеушілік рухты, пікір алмасу және тарихқа деген құрметті жоғары бағалаймыз. Осындай мәдени бастамаларды қолдау – біздің халықтар арасындағы көпірлерді нығайту және студенттерімізді өз мұрасын ғана емес, әлемдік мәдениеттердің байлығын да бағалауға шабыттандыру жолындағы кең міндеттеріміздің бір бөлігі.

Maqsut Narikbayev University-де жастардың рухани-патриоттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыттағы басты жұмыстардың бірі – студенттердің «Қазақстан тарихы» пәнін жаңа форматта меңгеруі. Оқытудың бұл үлгісінде теориялық біліммен қатар, еліміздің тарихи орындарына бару, сондай-ақ театрландырылған қойылымдарға қатысу сынды тәжірибелік элементтер де қамтылған», – дейді Пен мырза. Осылай деп атап өткен ол Мажарстан Елшілігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігіне бірлескен ұйымдастыру жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов та өз ойын білдіріп, көрменің маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды. 

«Мыңдаған жылдар бойы Орталық Азияның кең далалары, шөлдері мен қалалары өркениеттер арасындағы көпір қызметін атқарып келеді. Бұл – саудагерлер, ойшылдар мен саяхатшылар құрлықтар арқылы тек тауарлар емес, идеялар мен шабыттар да тасымалдаған мекен. Бұл – Шығыс пен Батыс тоғысатын, Ұлы Жібек жолы өркениетін біріктіріп, бүгінде бізге ортақ шабыт сыйлайтын өңір», – дейді Еркін Тұқымов.

Арминий Вамбери – өз заманының ең көрнекті шығыстанушыларының бірі. Оның Орталық Азияға саяхаты, түркі тілдері мен мәдениетін зерттеуге қосқан үлесі өте үлкен. Орталық Азияға сапарынан кейін А.Вамбери «Орталық Азияға саяхат» атты атақты кітабын жазды. Ғұлама ғалымның бұдан өзге «Этнологиялық және этнографиялық тұрғыдан түрік нәсілдері», «Мажар және түрік-татар сөз келісімдері», «Ұйғыр тіліндегі ескерткіштер мен Құтадғұ білік», «Түрк-татар тілдерінің этимологиялық сөздігі», «Мажарлардың шығу тегі» «Шайбанинаме – өзбек батырлық жыры», «Моңғолия мен Сібірдегі көне түркі жазбалары» деген ғылыми құнды еңбектері бар.

Вамбери венгр тілі мен мәдениетінің түркі халықтарымен байланысын зерттеуге ұмтылды. Ол түркі тілдерінің шығу тегін, әсіресе чағатай және басқа Орталық Азия тілдерін зерттеуге қызығушылық танытты.

Ол Орталық Азияның мәдениеті, әдет-ғұрыптары, діні және саяси жағдайы туралы мәлімет жинауды мақсат етті. Осы мақсатта ол үлкен сапарға бел буды. Саяхат Венгрия ғылым академиясының қаржылық қолдауымен ұйымдастырылды. 

Вамберидің саяхаты 1863 жылы басталып, шамамен бір жылға созылды. Ол мынадай маңызды аймақтар мен қалаларды аралады:

Тегеран (Иран): Саяхат Тегераннан басталды, онда ол жергілікті мәдениет пен парсы тілін тереңірек зерттеді. Ол өзін дервиш ретінде таныстырып, Орталық Азияға қажылыққа бара жатқан топқа қосылды.

Хиуа хандығы: Хиуаға жету үшін ол Арал теңізі маңындағы шөлді аймақтарды кесіп өтті. Хиуада ол жергілікті хан сарайы мен базарларды зерттеді, халықтың өмір салты мен әлеуметтік құрылымын бақылады.

Бұхара әмірлігі: Бұхарада Вамбери діни және мәдени орталықтарды, соның ішінде медреселер мен мешіттерді зерттеді. Ол жергілікті халықпен араласып, түркі тілдерінің диалектілерін жазып алды.

Самарқанд: Самарқандта ол тарихи және мәдени ескерткіштерді, сондай-ақ жергілікті халықтың өмірін зерттеді. Сапарының осы кезеңінде Арал теңізі маңындағы (Хиуа хандығымен шекаралас аймақтар) қазақтардың көшпелі өмірімен танысты. Өзінің «Орталық Азияға саяхат» (Travels in Central Asia, 1864) кітабында Орталық Азиядағы көшпелі халықтардың өмір салтын, олардың әдет-ғұрыптары мен қонақжайлығын сипаттайды. Мысалы, ол көшпелілердің мал шаруашылығымен айналысатынын, киіз үйлерде тұратынын және қонақжайлылық дәстүрлерін сақтайтынын атап өтеді.

Саяхаттан кейін ол Иран арқылы қайта оралып, Константинополь (Стамбул) арқылы Венгрияға оралды. 

Вамбери еуропалық екенін жасыру үшін дервиш кейпіне еніп, сүннит мұсылманы ретінде танысты. Ол араб, парсы және түрік тілдерін жетік меңгергендіктен, жергілікті халықпен еш кедергісіз араласты. Бұл кейіп оның қауіпсіздігін қамтамасыз етті, өйткені сол кезде Орталық Азияда батыстықтарға сенімсіздікпен қарайтын.

Саяхат өте қауіпті болды. Хиуа мен Бұхарада жергілікті билік шетелдіктерді тыңшы деп күдіктенетін. Вамбери бірнеше рет өлім қаупіне ұшырады, бірақ оның тіл білуі және мәдени білімі оны құтқарды.

Вамбери жергілікті халықтың салт-дәстүрлерін, діни рәсімдерін, сауда жүйесін және саяси жағдайын егжей-тегжейлі жазып алды. Ол сондай-ақ түркі тілдерінің диалектілері мен фольклорын зерттеді.

Саяхаттан кейін Вамбери «Орталық Азияға саяхат» (Travels in Central Asia, 1864) атты кітабын жариялады, ол ағылшын және венгр тілдерінде шықты. Бұл еңбек Еуропада Орталық Азия туралы білімді кеңейтті және Вамбериді халықаралық деңгейде танымал етті.

Ол Орталық Азиядан 23 қолжазба жинады, оның 15-і чағатай тілінде, 5-і парсы тілінде болды. Бұл қолжазбалар қазір Венгрия ғылым академиясының кітапханасында сақтаулы.

Саяхат Вамберидің түркі тілдері мен венгр тілінің байланысы туралы гипотезасын нығайтты. Ол чағатай тілін Еуропада алғаш зерттеушілердің бірі болды.

Вамберидің саяхаты Орталық Азияның мәдениеті мен тарихын Еуропаға таныстыруда маңызды рөл атқарды. Оның еңбектері Орталық Азияны тек «жабайы» немесе «қауіпті» аймақ ретінде емес, бай мәдениеті мен тарихы бар өлке ретінде көрсетті. Сонымен қатар, оның саяхаты шығыс пен батыс арасындағы диалогтың алғашқы қадамдарының бірі болды.

Оның чағатай тіліне (ежелгі өзбек және түркі тілдерінің ортақ әдеби тілі) қатысты зерттеулері қазақ тілінің тарихи дамуына да жанама әсер етті, өйткені чағатай тілі қазақ жазба мәдениетінде де қолданылған.

Вамберидің Орталық Азиядан жинаған қолжазбалары (23 қолжазба, оның 15-і чағатай тілінде) қазақ даласындағы түркі халықтарының әдеби және мәдени мұрасын зерттеуге негіз болды. Бұл қолжазбалар қазір Венгрия ғылым академиясының кітапханасында сақтаулы.

А.Вамберидің Орталық Азиядағы саяхатынан жазғандары:

Түркі халықтарының қонақжайлылығы

Вамбери түркі халықтарының қонақжайлылығы жайында былай дейді: «Әлемде түріктердей(бүкіл түркі халықтар) қонақжай, қонақ күтуді жақсы көретін халық жоқ. Әсіресе түріктердің негізгі отаны болған Орталық Азияда бұл қонақжайлылықты қалам және тілмен түсіндіру мүмкін емес. Түріктер дүниенің қай жерінде болса да, қандай жағдайда болса да, дүниенің ең қонақжай халқы.»

Вамбери саяхат барысында түркі тайпаларының, қажыларды үйлеріне қонаққа шақыру үшін бір-бірімен таласқандарын, тіпті қан төгілуге де баратындықтан, жеребе суыру әдісімен қонақтарды киіз үйлерге орналастырып, жанжалдың тоқтатылғанын айтады. Вамбери бұлардың үйінде бір жылға дейін қонақ болып қалуға болатынын айтып, ал европалықтардың қонақжай емес екенін, француздардың «Қонақ және балық үш күннен кейін у болады» деген мақалымен түсіндіреді.

Әйелдер туралы

Вамбери Түркістанда(Орталық Азия) әйелдердің арлы, намысты екенін білдіріп, әйелдер жайлы да мыналарды айтып өтті: «Әйелдер көшеге шыққанда бастарын жауып, жағалы, ұзын киім киетін. Маңызды отбасылардан болған әйелдер, базар және сауда-саттық сияқты адам көп жүретін жерлерге ешқашан шықпайды. Үйінен шығуға мәжбүр болған кезде кедей немесе кәрі әйелдер сияқты киініп шығатын. Тіпті 18-20 жасар қыздар да өзін танытпау үшін жақсылап жабынып, кәрілер сияқты аса таяққа сүйеніп қалтырап та жүретін.»

Ақсақалдар

Вамбери Түрік тайпаларында ақсақал деп аталатын тәжірибелі, қарт кісілер барын, олардың тайпадағы әртүрлі проблемаларды шешетінін түсіндіріп былай дейді: «Түрік тайпаларында адам өлтіру, қан төгү, өш алу деген жағдайлар болмайды. Ондай жағдайлар басқа тайпалармен болады. Мұндай жағдайларда екі жақтың ақсақалдары жиналып түсініспеушілікті шешеді, қабылданған шешімге барлығы мойынсұнуға мәжбүр болады».