Астанадағы ҚР ұлттық академиялық кітапханасының ғимаратында Мемлекет тарихы институтының ғалымдары дайындап, баспадан шыққан кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Тұсаукесер рәсіміне белгілі тарихшы ғалымдар, ЖОО оқытушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Алдымен тұсаукесер рәсіміне шақырылған құрметті қонақтар арнаулы ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысты. Онда Институт ғалымдарының маусым айында дайындаған 10-ға жуық кітаптары көпшілік назарына ұсынылды. Олардың арасында «Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы» атты библиографиялық жинақ ерекше көзге түседі. Осы көлемді кітапты орыс тілінен ағылшын тіліне аударған американдық ғалым, Колумбия университетінің профессоры Рафиз Абазов болса, кеңесшісі Қазақ мемлекеттік заң университетінің кафедра меңгерушісі Жұмағали Әбуов. Бұл бір сәтті шыққан кітап деп айтуға болады. Аударма ағылшынша оқитын оқырмандар үшін өте қолайлы аударылған. Кітаптың іші Президенттің әр кезеңдерде түскен суреттерімен көркемделген және бұрын-соңды жарияланбаған суреттерде енгізіліпті. Онда Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткері дәрежесіне дейінгі өсу жолы ағылшын тілінде баяндалады.
«Внешнеполитические инициативы Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева» атты «Тәуелсіздік шежіресі» топтамасынан алынған тарихи - құжатты зерттеулер жинағына Қазақстан Республикасы Президентінің сұхбаттары, мақалалары, сөйлеген сөздері енгізілген. Онда Елбасының еліміздің сыртқы саясатына қатысты және қазіргі жаңа әлем құрудағы негізгі идеясы мен қағидалары баяндалады
«Кемеңгер» атты кітапта Елбасының сөйлеген сөздері, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сан қырлы қызметіне толықтай баға берілген белгілі саясаткерлер мен әлемдегі қоғам өкілдерінің пікірлері, жазған тілектері топтастырылған.
«Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» атты кітап болашақ жастарды Отанын құрметтеуге, адамгершілікке тәрбиелеуге, жастардың бойында патриотизмді қалыптастыруға баулиды. Оған 300─ден астам Президентіміз Н.Назарбаевқа, тәуелсіз еліміздің символы ─ Астанаға арналған Қазақстанның талантты-танымал ақындарының және шет елдерде елі мен жерін аңсаумен өткізген қандас бауырларымыздың өлеңдері мен поэмалары енгізіліп отыр.
«Қазіргі Қазақстан тарихы» атты қазақ, орыс тілінде басылып шыққан оқулық, ежелгі дәуірден бүгінгі кезенге дейінгі Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған. Онда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы негізгі бағыттары, қазіргі қазақстандық қоғамның даму ерекшеліктері, мемлекеттік стратегияның маңызды жақтары, мемлекеттің ─ саяси даму мәселелері алғашқы рет жаңа көзқараста қарастырылған. Оқулық Республиканың ЖОО тарих мамандығынан өзге мамандықтардың бакалавриатына арналған.
«Қазіргі Қазақстан тарихы» атты хрестоматияда бұрын-соңды жарияланбаған ресми мемлекеттік құжаттар, мерзімді баспасөз материалдары, мұрағат құжаттары енгізілген. Хрестоматия студенттерге, магистранттарға, ізденушілерге, сонымен қатар тәуелсіз Қазақстан тарихын қызықтыратын көпшілік қауымға арналған. Хрестоматияда ұсынылатын тарихи құжаттар қазіргі Қазақстан тарихының неғұрлым маңызды кезеңдерін қамтиды.
Осы тұсаукесер рәсімінде сөз алған белгілі ғалымдар тарих ғылымдарының докторлары: А. Күзембайұлы, З. Қабылдинов, З. Дүйсенбаева т.б. ғалымдар Институт ғалымдары дайындаған еңбектерін әділ бағалай отырып, басылымдардың ерекшеліктеріне тоқталып өтті. «Раритет» баспасынан шыққан барлық кезекті басылымдар оқулықтарға қойылатын талаптарға сәйкес, ЖОО студенттеріне бағытталып жазылған таптырмас оқулық деген ойға тоқталды.
Институт ғалымдарынан құралған оқулық авторлары тарих ғылымдарының докторлары: Д.А. Махат, Ә.М. Ауанасова, тарих ғылымдарының кандидаттары: Т.С. Каленова, С.В. Селиверстов сөз сөйлеп, материалдар жинағын әзірлеуде, сипаттама беруде қиыншылықтарға тап болғандарын да жасырмады. Болашақта ғалымдар тарапынан айтылған сын-ескертпелердің барлығы назарға алынатындығы атап өтілді.
Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді