Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы протестантизм тарихы

13292
Қазақстандағы протестантизм тарихы - e-history.kz
Протестанттық сенім өкілдерінің жаппай келуі ХХ ғасырдың 30-40 жылдары жүргізілген Сталиннің жаппай репрессиялауы мен күштеп жер аудару үдерістерінен басталды.

Еліміздегі протестант дінінің ұзақ уақытқа тиесілі тарихы бар. Қазақ хандығының Ресей империясы қарамағына енуі құрамында неміс ұлтының өкілдері басым болған әскери түрдегі көптеген лютерандардық қоныстарды қамтыды. Кейін бұл қатарды азаматтар, яғни шенеуіктер, қолөнершілер, шаруалар толықтырды. ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары Қазақстанға Ресейдің еуропалық өңірлерінен қоныс аудару жүргізілді. Осы уақытта кішігірім протестанттық (негізінен лютерандар, баптистер және меннониттер) қауымдар пайда болды. ХХ ғасырдың басында Столыпин реформасы қоныс аударушылардың санының артуына алып келіп, бұл халықтың көп конфессиялық құрамының өзгеруіне алып келді.

Протестанттық сенім өкілдерінің жаппай келуі ХХ ғасырдың  30-40 жылдары жүргізілген Сталиннің жаппай репрессиялауы мен күштеп жер аудару үдерістерінен басталды. Мысалы, жер аударылғандардың ішінде Поволжьедан келген 360 мың неміс ұлтының өкілдері болды. 

1950 жылдың орта кезінен бастап басшылыққа жақпаған ұлттар мен конфессияларға қатысты саясаттың әлсіреуінен республика көлемінде лютерандық шіркеу, інжілдік христиан-баптистердің, адвентистер мен меннониттердің діни қауымдары пайда бола бастады. Ұзақ уақыт бойына олар жасырын қызмет етіп келді. Лютерандардың алғашқы қауымы Ақмолада (қазіргі Астана) 1955 жылы тіркелді.

Билік өкілдері діни бірлестіктерді құлықсыздықпен тіркегенімен, олардың саны әрдайым артып отырды. Қазақстанда КСРО-ның құлауы кезінде де 109 інжілдік христиан-баптистерінің қауымы тіркелген. Бұл республика көлеміндегі мұсылман мешіттерінің санынан екі есе артық көрсеткіш болып табылады. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарындағы протестанттық шіркеулердің дінге сенушілерінің санының өзгеруі Германияға, Ресейге және өзге де елдерге көш аударуымен байланысты. Бұл өз кезегінде неміс ұлтына негізделген лютерандық, меннониттік және кейбір өзге де конфессиялардың санының азаюына әкелді. 

Ал өзге қауымдар көп ұлтты қауымдарға айналды. Олардың санының артуы протестантизм дәстүрлі сенімі болып саналмайтын ұлттар мен ұлыстардың протестанттыққа келуімен байланысты болды. 

Әсіресе, ерекше өсім Қазақстан үшін дәстүрлі емес бағыттар тарапынан көрініс тапты. Олардың қатарына елуіншілер, пресвитерандар мен харизматтар енеді. Бұл қауымдар көбіне ХХ ғасырдың 90-шы жылдары пайда болды.

Бұл ағымдардың көбісі шет елдік миссионерлердің тарапынан құрылды және аяққа тұра бастаған кездері шет елдердің көмектеріне жүгінді. Бұл ағымдар өз әрекеттерінде әртүрлі ұлт өкілдерінің арасында белсенді түрде дін таратуды құптайды.

2012 жылдың қазан айының қорытындысы бойынша баптистік шіркеулердің саны – 100, елуіншілер – 189, пресвитериандық – 55, лютерандық – 13, методистік – 11 діни бірлестік қызмет етуде. Көптеген елуіншілер және пресвитериандық шіркеулер Оңтүстік Корея мен АҚШ-тан келген миссионерлердің тарапынан құрылған. Олардың жолын қуушылар мен пасторларының арасында кәріс диаспорасының өкілдері көптеп кездеседі.

Протестанттық бірлестіктер шет елдердегі өздерімен бір сенімдегі өкілдермен тығыз байланыс орнатып, олардан қайырымдылық көмек алады. Олар әртүрлі халықаралық конференциялар, фестиваль, кездесулер ұйымдастырып, жастармен және халықтың өзге де өкілдерімен жұмыс атқаруда.

Бұл қатарда Жаңа апостолдық шіркеуді, Жетінші күн адвентистерін, Иегова Куәгерлерін және мормондарды ерекше атап өтуге болады.

Олар протестанттық қозғалыстың тарихи кезеңдік дамуының негізінде қалыптасқандығымен, діни ілімі мен ғибадаттық әрекеттерінде өзіндік ерекшеліктерге ие. Ал көптеген протестанттық шіркеулер олардың протестанттыққа жататынын жоққа шығарады. Көп жағдайда нақты діни бағыттың өкілдері де өздерін протестанттардың қатарынан көрмейді.

Қорыта келе, Қазақстандағы протестантизм көп ғасырлық тарихы бар конфессиялармен (лютеран, меннонит, баптист және өзгелері) қатар дәстүрлі емес қауымдарды, бірінші кезекте елуіншілер, пресвитериандар және харизматтық бағыттарды қамтиды.

Протестанттық бірлестіктер, әсіресе республиканың солтүстігінде және орталығында орналасқан ірі қалаларда кең тараған.