Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Рахымжан Отарбаевтың «бас» романындағы тарихи дискурс

87
Рахымжан Отарбаевтың «бас» романындағы   тарихи дискурс - e-history.kz

Р.Отарбаевтың «Бас» романы оқырман қауымға кешеуілдеп жол тартқан шығарма. Жарыққа шыққанына біршама жылдың жүзі болса да бірді-екілі пікір, бірді-екілі жалпыла шолу мақалалары болмаса нақты кең көлемде зерттеу нысанасына алынбаған туынды. Оған басты себеп тарихи дерекпен астасқан философиялық мәні, айтар ойы мен идеясының жаңашылдығы, сондай-ақ көркем шығарма мәтініндегі жасырын сынның саяси жағдайға әсері деп ойлаймыз. 

Рахымжан Отарбаевтың шығармаларына зер салсаңыз тың әдеби тәсілге кез боласыз. Оның романдарында, әңгімелері мен хикаяттарында, пьессаларында мифопоэтикалық желі, фольклорлық сарын, тарихи деректер мен оқиғалар бүгінгі әдеби техникамен астасып, жаңаша мән үстейді. Орақ тілді, от ауызды Р.Отарбаевтың жеке поэтикалық қолданыстарының өзі өзге жазушыдан ерекшелініп-ақ тұрады. Жалқы мәселеден жалпыадамзаттық түсінікті бере алған қаламгер. Оның тағы бір ерекшелігі тарихи деректер мен оқиғаларды жымын білдірмей көркем шығарма табиғатына енгізіп жіберетіндігі. Тарихи тұлғалардың өзін тікелей кейіпкер ретінде ала отырып, оның ішкі психологиялық жай-күйіне тереңдеп ене алатындығымен өзгешеленеді. Тұлғаларды образды түрде сөйлету аса жауапкершілікті қажет ететіні сөзсіз. Міне, Р.Отарбаевтың түрлі әдеби техниканы жетік меңгергендігі сонша оқырман тарихи тұлға бейнесінің елес екендігіне назар аудармай да қалады. 

Р.Отарбаевтың «Бас» романы оқырман қауымға кешеуілдеп жол тартқан шығарма. Жарыққа шыққанына біршама жылдың жүзі болса да бірді-екілі пікір, бірді-екілі жалпыла шолу мақалалары болмаса нақты кең көлемде зерттеу нысанасына алынбаған туынды. Оған басты себеп тарихи дерекпен астасқан философиялық мәні, айтар ойы мен идеясының жаңашылдығы, сондай-ақ көркем шығарма мәтініндегі жасырын сынның саяси жағдайға әсері деп ойлаймыз. 

Романнан егемендік алып, етек-жеңімізді жинадық деген кезеңдегі басшылардың, ғалымдардың кейпін көресіз. Жазушы оқырман санасында өршіл рух ақыны Махамбет Өтемісұлының тұтас бейнесін қалыптау арқылы кейінгі ұрпақтың рухани мешел күйге түскендігін де таныта білген. Романның әртүрлі аспектілерін талдау Махамбет Өтемісұлының әдеби бейнесін ғана емес, тұтас қазақ трагедиясын түсінуге ықпал етеді. Сондықтан біз «Бас» романында мейлінше тарихи тұлғаларға, олар туралы туындаған тарихи дискурсқа, тарихи деректермен мен олардың көркем шығармада интерпретациялануына көбірек назар аударатын боламыз.  

Ең алдымен «Бас» романының сюжетіне тоқталсақ. Роман ерлік пен батырлықтың символына айналған Махамбет Өтемісұлының «басы» туралы көркем туынды. Қазақ елі тарихындағы алғашқы көтерілістердің бірі – 1836-1838 жылдары Бөкей хандығындағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілісі (шаруалар) болғаны дүйім жұртқа белгілі. Жорық ақыны Махамбеттің «Соғыс» өлеңіндегі: «Исатай – басшы, мен – қосшы» деген жолдары соның айғағы. 1838 жылы шілдеде Исатай Тайманұлы қазақ тапқан соң Махамбет ақын бой тасалайды. Көтеріліс сардарынан айырылғаннан кейін өр ақын көп уақыт бойы құсалықпен күн кешсе де қозғалысты тоқтатпай, халықты патша үкіметіне, хандық билікке қарсы үгіттейді. Ал, билік тарапы Махамбетті қудалауын қоймайды. Жәңгір хан қайтыс болған соң аға сұлтан болған Баймағамбет Айшуақұлы ақынның басына 1000 сом тігеді. Аға сұлтанның тапсырмасымен арнайы жасақталған топ (оның құрамында Махамбеттің өз ағайындары да болған) Махамбет тұрақтаған жерге келіп, әрнәрсені сылтауратып ақыннан Баймағанбет сұлтанға бірге жүруін талап еткенде қарсылыққа кезігеді. Дау-дамай алыс-жұлыстыққа ұласқан шақта жасақ адамдары Махамбетті қылышпен шауып, мерт етіп, басын кесіп алып, қан шашыраған денені қалдырып кете барған. Бұл – тарихи дерек. Арнайы жасақтың жасақталғаны, олардың құрамында Махамбеттің туыстары болғаны, жасақтың Махамбеттің басын шауып алып кеткені Орынбор шекаралық комиссиясына Баймағанбет Айшуақұлының жазған хатында да, Махамбеттің әйелінің берген жауаптарында да айтылады.  Ақынның басын кейіннен туыстары сұрап жүріп, денесінің жанына жерлеген. Патшалық Ресей құлағанымен, Кеңес үкіметі тұсында көтерілістің жалынды ақыны, ұйымдастырушыларының бірі, Исатай сардардың сенімді серігі болған Махамбет Өтемісұлының жерленген жеріне дейін ұмытыла бастайды. Көнекөз ауыл қариясының құлпытас сынды жадының арқасында ақын зираты табылады. 1966 жылы Махамбеттің бет-бейнесін жасау мақсатымен оның қабірі қазылып, бас сүйегімен қоса дене сүйектері де алынады. Антрополог 1967 жылы ақынның скульптуралық мүсінін жасағаныменен оның денесі он жеті жыл бойы көмілмеген. Бір деректерде ақын денесі антрополог Ноэль Шаяхметовтың жертөлесінде жатқан десе, бір деректерде Ноэль Шаяхметовтен алынып, ішкі істер органдарының сейфтерінде сақталған деседі.   

Роман, міне, осы тұстан басталады. Яғни, бас сүйекті Ноэльдің қазып алып, Алматыда қайда қалдырарын білмей жүрген кезінен. 

«– Тіршіліктің тағы бір таңы атты. Бізге күлімдеп қарар ма екен? Не айтасың, Махамбет аға? – деді алдында тұрған ақсүңке басқа қарап. – Сені жетіқат жер астынан қазып алдым. Үрлеп жан сала алмадым. Бірақ исі қазақ зәру болған мәлике жүзіңді мүсіндедім. Маған риза бол. Сөкпе. Әлім құрыды. Титықтап біттім. Қайтамын Мәскеуге...

Ақсүңке бастың сәбидің алақанындай көз аңғалағы жылтыл қағып, жақ сүйектері сақ-сақ қозғалысқа енген екен дейді.

– Әй, Ноэль, мені Алматыға лақтырып кету үшін көрімнен қазып алдың ба? Бұл не сұмдығың?

Сақ-сақ қозғалысқа енген жақ сүйектерден осы сөз анық естілді. Өң бе, түс пе айыртар емес» 

Алғашқы жолдар бірден бас сүйек пен антропологтің жай-күйінен хабардар еткенімен жазушы лирикалық шегініс жасап, Ноэльдің әрекетін түсіндіріп өтеді. Ол атақты антрополог, археолог және мүсінші, тарих ғылымдарының докторы М.М. Герасимовтың шәкірті. «Қазақтың арманда кеткен арыстарының бәрін жіпке тізіп тірілтемін» деп армандайтын антрополог қазақ. Оның бұл ойын мемлекеттік деген ұйымдардың ешбірі де қажет етпейді. Тіпті, басқосуларда сөз алғанда: ««Ақылы асқан ағалар-ау, сол арыстардың сүйегі қайда жатыр? Аттан сап іздейік те. Табылмай кетпес. Бас сүйегін қалыптайын. Жүздеріне нұр-сипат үстейін. Содан соң жарқыратып кітаптарына қосайық. Жайнатып кілем мен көрнекі құралға басайық. Кейіннен сол мүсін ескерткішке айналар» демей ме...» [1, 4 б.]. Мұның сөзін керек еткен ешкім табылмайды. «Бақса, бұлар қазақтың маңдайына біткен марқасқалардың тек жазған-сызғанын зерттепті. Қорғап ғалым атаныпты. Бір-бірін қолпаштапты. Төрге озыпты. Екі тізгін, бір шылбырды иеленіпті. Нәпақа айырыпты» [1, 4 б.]. Бұл бүгінгі күннің ащщы болса да шындығы. Оқиға өткен ғасырда орын алғаныменен, қаламгердің бүгінгі күн тұрғысынан бағалауы да көркем шығарма табиғатының заңдылығы. 

Тарихи тұлғалардың, арыстардың мүсінін кейіптеймін деген Ноэль ешкімнен қолдау таппаған соң қасына екі досын ертіп, Талғар беттегі қорымды қазады. Тоналған сақ қорғаны. Алайда, осы қорғаннан табылған бүйірінде сына жазуы бар күміс тостаған археологияда айтулы жаңалық болып есептелгенімен, Ноэльді туыс көкемнің жалғыз баласы деп құрметтеген құбақан шалдың әрекетінен қарапайым ел адамдарына ғылыми жаңалықтан гөрі қорғандағы алтын-күмістің, байлықтың маңызды екендігін жазушы шынайы сездіре білген. 

Сақ қорғанынан табылған күміс тостағандағы «Мен де сендей болғанмын» деген жазу Ноэльдің атағын дүниежүзіне әйгілейді. Антрополог кейіпкердің тілеулестерінен баяндалатын мына бір жайды Р.Отарбаев ашық һәм өткір білдірген: 

«– Несін айтасың, алдыңда күтіп тұрған жұмыс шаш-етектен. Айбарың асып тұрғанда істеп қал. Түркістанға жерленген Абылай ханның басын тап. Әз Тәукенің мүсінін сомда. Астрахань жақта жалды Құрманғазы жатыр. Олар кейінгі ұрпағымен қашан қауышпақ? Содан соң осы қазақта басынан айырылып қалған батырлар аз ба? Қырғыздың Кекілік тауында әйгілі Кенесарының сүйегі көмілген. Басы Эрмитаждың қоймасында. Әнеу Құлбарақ батыр ше? Түркіменнің Аллақұл ханы Сүйінқара деп қапияда басын кестіріп алыпты. Ұлы денесі туған топырақта. Басы оқшау елде ол жатыр. Жайық бойындағы Қаройын құшақтай құлаған Махамбет ше? Қобдада жан тәсілім еткен Исатай ше? Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай кімнен кем? Ешбірінің сурет, сымбатын білмейміз. Мына қияли суретшілерге дауа жоқ. Сауыт кидіріп, екі көзін ежірейтіп, иегіне бір уыс қара қылшық жапсырып мынау бәленшекең деп айдар тағады. Жүздерінде нұр, көңілдерінде заманаға деген кір, уайым жоқ. Беті қатпарланған, маңдайы шоқпарланған таскөз біреуді алдыңа тосады. Мәртебелі мекемелер әлгі таскөз, тасыраң немені алтын жалатқан рамаға салып, жар біткенге жапсырып тастайды. Осы өріп кеткен бейбастақтыққа енді тоқтам қоятын сен, – деп қаралай табанын қыздырған» [1, 8 б.]. 

Ноэль Шаяхметовтың ғылыми жаңалығын әлем әспеттесе де, ел ғалымдарының бірі үрке қарап, бірінің іші қыж-қыж қайнап, бірі күндейді. Е.Бекмахановқа т.б. ғалымдарға жасалған қиянатты еске түсіреді. Оқыған, тоқыған, атақ-дәрежесі бар ғалымдардың өзінде іштарлық, күншілдік пен қызғаныш дендеп алғанда, қарапайым халықта не тәйірі дейтін сынды жазушы. Бұл ортада жер көкке сыйғызбай мақтасаң, кемшілікті көріп тұрсаң да керемет десең ғана сиясың немесе көргенің түрткі, шеттету мен қысастық дегенді жазушы Ноэль арқылы астарлап жеткізген.

«Алқалы бір отырыста Жоғарғы соттың алдына қойылар үш бидің мүсіні талқыға түскен. Конкурс өткен. Жеңімпазы бір шиборбай сәулетші. Талқылау деген аты ғана. Өңкей қошамет, қолпаш. Бірінен соң бірі іліп әкетіп таң қалысады, таңдай қағысады.

– Төле би бабам қандай көрікті. Көз сүйсінеді-ау!

– Қазыбек ше? Аруағынан айналайын-ау, отырысын қарашы!

– Әйтекенің қыран көзі дүниені шолып тұр ғой. Пау, тусаң ту!

Шыдатар емес. Орнынан көтерілген. Қаны басына шапқан. 

– Осы үш би бір шалдың шапанынан, бір кемпірдің етегінен шыққан ба? Эскизде зер салыңыз, бір-бірінен аумай тұр. Көз қиығы, мұрны, бет өлшемі. Жо-жоқ, шындап, ұятты көздеріңізбен қараңыздаршы, – деген содан соң ағысқа қарсы жүзіп. – Қазақ даласының қиян шеттегі үш түкпірінде туған бұлар тұрмақ, әке-шешесі ортақ бір үйдің үш баласы бір-біріне ұқсамайды. Ал, бұлардың айырмашылығы тек сақалдарында. Ұлы жүздікі қауметті, ұзын, Орта жүздікі ықшам, ал Кіші жүздікі шұнтиып тұр. Бар өзгешілік осы. Бұл не? Сақалдың көрмесі ме? Содан соң үшеуі де бір түзу сызық бойында сымдай тартылып тұр. Аузы дуалы билер халқына билік айтқалы тұр ма, әлде әскер қатарына шақырылып па? Ақылы асқан көкелер осыны түсіндіріп беріңдерші?!

– Осы көлденең қосаяқ салуын қашан қояды?

– Бәлденіп-ақ бітті!

– Үш бидің аруағы атқыр!

– Көре алмай тұр!

– Бұдан артық не істе дейді бізге? – десіп алқа-қотан отырғандар шу көтерсін.

– Бұдан артық істеу қолымызда, – деген бұл өз сөздерімен өздерін жығып. – Рұқсат етіңіздер, үш бидің моласын ашайын. Бас сүйектерін алайын. Әр сантиметрін өлшеп, ғылыми негіздеп тірі кезіндегі мүсінін қалыптайын. Ұрпақ көрсін. Ұлағат алсын. Содан соң ескерткішін қойыңыздар. Кім қыңқ етер екен.

Үнсіз тарасқан. Артынша өзін Көркемдік кеңестен қуалап тастады. Сол эскиз қабылданған. Еліміздің қай қаласына барсаңыз да жүрелей отырған үш шалдың ескерткіші. Ой жоқ, уайым жоқ» [1, 10 б.]. 

Осы кезден бастап-ақ тепіріш көре бастаған Ноэльдің ғылыми ортада сәлем алатын да адамы қалмайды. Жәй жиындардың өзіне шақырту да алмайды. Өзінің қарым қабілетімен әлемгі әйгілі ғалым болып тұрғаны болмаса, оның Қазақстанды басқарған Жұмабай Шаяхметовтың тұяғы екендігін місе тұтып тұрғаны жоқ. Қолдан келсе қудаламақ. Әбден торыққан Ноэльге ұстазы Герасимовтың жауабынан шындықтың лебі есіп тұрғанын жоққа шығармаймыз.

«– Жалпы сендер, қазақтар қызық халықсыңдар, – деген Герасимов ұзақ үнсіздіктен соң. – Орталарыңнан бір дарын қара үзіп шықса алдымен әуелетіп төбелеріңе көтересіңдер. Содан соң құйрығына қурай тығасыңдар. Шыдаса айтқандарын ләппайлап естіп орталарында қалады. Жоқ бас асау болса... Заманында Әуезов пен Сәтпаевтың өзі Алматының әлгі алапес күйдірткісіне шыдамай бұғып қашып Мәскеу келген жоқ па? Тағдырлары таразы басында қалтылдап тұрған. Әрең деп бас баққан» [1, 11 б.]. 

Кейіген шәкіртке ұстаз Герасимовтың ұстамды сөзінен жазушының интеллектуалын, ізденімпаздығын байқаймыз. Ғылымдағы мұндай қысастық кез келген елдің ғылыми ортасында болатын құбылыс. Мұны жете түсінетін Герасимовтың образын Р.Отарбаев психологиялық дәлдікпен сомдаған. 

«– Ноэль Жұмабаевич, – деген Герасимов ресми кейіпке көшіп. – Тек қазақ емес, орыстың да оңып тұрғаны шамалы. Иван Грозныйдың мүсінін қалыптағанымда көтерілген дау өзіңе аян. Киевтен Ярослав Мудрыйдың бас сүйегін алғанымда лабораториямды қаскөйлер түн жамылып кеп қиратып кеткен жоқ па? Тіпті Юрий Долгорукийдің бел баласы княз Андрейдің бет-әлпетін көргендер не демеді. «Мына Герасимов нағыз есуас» деп фельетон да жазды. Ақыры не болды? Долгорукийдің кейінгі жұбайы түрік ханының қызы боп шықты. Андрей нағашыларына тартқан. Кейіннен шіркеу қабырғасына салынған портреті де табылды. Айна-қатесіз өзі. Құйып қойғандай. «Кешірерсіз, сіз есуас емес, данышпан екенсіз» десті. Керек еді маған ондай данышпандық! Ал, мен сені «Қазақстанда жалғыз тостақан жоғалған, соны тап та кері қайт» деп жібердім бе? Біле білсең археология сенің кәсібің емес. Демек, сөзді доғар. Жалғастыр жұмысыңды!» [1,  11 б.]. 

Антропологтың археологиямен айналыспасы анық. Ноэль үзілер-үзілмес үмітпен тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының бастығы Ықасқа келеді. Мұнан қолдау таппай шыққанына қоса үстінен арыз түседі. Әйелі Венера әзер шыдап жүргенде үйін келіп тергеушілер тінтіп, асты-үстін қопарып, астаң-кестеңін шығарып кетеді. «– Сәл шыдайық. Қазақтың ең болмаса айтулы бір тұлғасының бас сүйегін қалыптайын. Туған халқымен табыстырайын. Перзенттік борышымды өтейін. Содан соң... Жалғыз күміс тостақанды көтеріп қалай барамыз. Мәскеуліктер ортанқол ғана нан табар десер. Білем ғой оларды. Дүниені тебен иненің көзінен сығалап көріп отырады, – дегеніне әйелі көнбеген [1, 13 б.]. Ақыры, әйелі мен қызы Викасын Мәскеуге көшіріп, өз парызын орындауға қайта оралады. Осы қысылтаяң шақта Ноэльден дәрігер Әлімжан Сақтаев зираты жақында табылған атасы Махамбеттің шынайы бет-бейнесін көрсем деймін деп көмек сұрайды. Исатай мен Махамбеттің даңқын әңгімелеп, ақынның отты өлеңдерін жатқа оқып Әлімжан біраз мағлұмат берген соң Ноэль Махамбетті түсінде көреді. Аян ба, әлде түс пе ажырата алмаған Ноэль Ұлттық мұрағаттан Махамбеттің соңғы сәтін бейнелейтін дерек іздейді. Махамбетке қатысты көне қолжазба табылғанымен, бас-аяғы жоқ болып шығады. «– Бір көне қолжазба бар, – деген шынтаққап киген шикі сары қыз әлдебір папканы аударып-төңкеріп жатып. – Үзінді сияқты, бас-аяғы жоқ. Оқып көріңіз.

– Бізде бәрінің де бас-аяғы жоқ қой, – деген бұл» [1, 17 б.]. Самоирония (өзін-өзі келемеждеу). Қараойдағы киіз үйдегі оқиға. Он шақты атты адамның келіп қалған жерінен жыртып алынған. Үйіне шаршап оралып, кірпігі іліне бастағанда тағы да түс көреді. Махамбеттің бас сүйегі мен Ноэль арасындағы диалог. Бұл алғашқыда әдеттегі түс секілді болып көрінгенімен бірте-бірте ұлғайып (градация) тарихи тұлғалардың (Махамбет  пен Жәңгірдің, Махамбет пен Баймағанбет сұлтанның) арасындағы диалогқа дейін өрбиді. Елес кейіпкерлер сөздері електен өткені көрініп-ақ тұр. Жәңгір ханға байланысты кейінгі зерттеулерде айтылып жүрген мәселелер кейіпкер  Жәңгір ханның аузынан шыққаны өзін-өзі ақтау ғана емес тарихқа біржақты баға берілмейтіндігін білдіреді. 

«Жәңгір: – Әй, Махамбет, тарт дедім ат басын. Жи есіңді! Дүрліктірме елді! Босқа қырып салайын деп отырмысың?

Махамбет: – Еділ-Жайықтың ортасында ешкімге есе бермеспін.

Айым қалшылдап, сықырлауық темір кереуеттің бұрышына тығыла түсті.

Жәңгір: – Қалмақтың Үбіші ханы Жоңғарға кері көшкен соң бос қалған екі өзен аралығын ақ патшадан жалға сұрап алған кім? Әкең Өтеміс пе, әлде Бөкей хан ба? Бөкей болмаса, кетер ең тұқымыңмен қаңғып. Үстірттің қырына, Хиуаның ойына!

Махамбет: – Аянба, айтып қал.

Жәңгір: – Тартынар жерім жоқ. Осы қазақта тұңғыш мектеп ашып, төре, қара деп бөлмей балаларға білім берген кім? Жәңгір! Алғаш дәріхана аштырған кім? Жәңгір! Қатерлі дерт ел ішін меңдегенде Астраханға ат шаптырып, доғдыр алдырып тегін ектірген кім? Жәңгір! Казначейство құрып, банк, пошта жүйесін іске қосқан кім? Жәңгір! Санкт-Петербургтегі Императорлық ботаникалық бақтың бөлімшесін Ордада орнаттырған кім? Жәңгір! Жәрмеңке сайын қазақ саудада ұтылып қала береді деп базар, ләпкі аштырған кім? Жәңгір! Қыздар гимназиясын ұйыстырып, оқуға, ісмерлікке, тіпті бәйбішелікке тәрбиелеген кім? Фатима тоташ! Мына Жәңгірдің тоқалы. Әлі де айта түсейін бе?

Махамбет: – Жетер! Бәрі рас.

Жәңгір: – Ендеше өресі биік ойыма ере алмаған кінә сендерде. Қара қазақта!

Махамбет: – Бәрібір кескілеспей бір басылман!» [1, 59 б.]. 

Жазушы Махамбеттің қайтпас қайсарлығын, өз айтқанынан танбайтын ұстанымын, ханмен кездесудегі паңдығын, өр рухын, ерлігін бейнелей отырып, Жәңгір ханның да елге тигізген пайдасын жоққа шығармайды. Баймағанбет сұлтанмен болған кездесуден де билік тарапының Махамбеттен қатты қорыққаны байқалады. 

«Баймағамбет: – Басыңды алдырмас едім, қалың қазақ тағы да соңыңнан еріп кете ме деп айбындым. Жөн сөзге сен көнбедің. Замана желі ұйтқи соғып бізге көз аштырды ма? Ормандай орысты қайда қоясың?

Махамбет: – Түйе жапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнге қырық құбылмасаңдар олармен де арпалысып бағуға болатын еді ғой.

Баймағамбет: – Исатай мен Махамбет тұрмақ атам Нұралыны тақтан қудыратын Сырымның өзі араға он төрт жыл салып Ресейге оң қолын берген. Жалғыз жаяу сен кім едің соншама?

Махамбет: – Азды малданып, шен-шекпенге сен сияқты алданып, орыс отаршыларының алдында баталы құлдай бәйпең қаққаным жоқ. Сары майын иті жемейтін сені бұ күнде ел ұмытқан. Аруағы асып туған Исекемді босқа қозғама. Оның аты ұрпақтан-ұрпаққа ұрандай боп, иман байлығындай боп ауыздан-ауызға көшер.

Баймағамбет: – Сенің де аруағың басым екен, Махамбет. Кеттім, Жәңгірге» [1, 72 б.]. 

Сондай-ақ осы бір мифологиялық желілермен Ықылас пен арнайы жасақталған топтың, Асаубайдың Баймағанбет сұлтанды Санк-Петербургтан қайтып келе жатқанында Елек өзеніне ағызып жібергені беріледі.  Тарихи деректі тізбектеп бермей, сол дерекке сай кейіпкер тарихи тұлғаны елес, түс, аян, миф арқылы сөйлету жазушының өзіндік ерекшелігі деуімізге болады. Бұл бір жағынан оқырман санасында тарихи деректің нанымдылығын тудырса, екінші жағынан тарихи оқиғаның болғандығы жөніндегі сенімділікті қалыптастырады. Және бұл елестер өз алдына басқа бір дүниеде болып жатқан құбылыс емес. Романның бас кейіпкері Ноэльмен оның достары Дәурен мен Айымның көз алдында өтіп жатады. 

Махамбет туралы маңызды мәліметтерге қаныққан Ноэль көп ұзамай Әлімжанмен бірге Атырауға аттанады. Сүйекті әкеліп, мүсіндейді. Романның шым-шытырық шытырманы, ел басшыларының хал-ахуалы, мемлекеттік деген мекеменің шама-шарқы, елдің бүгінгі кескін-келбетінің образы бой көрсетеді. 

Ноэль Мәскеуге аттанарда Махамбеттің бассүйегін өз Отанында, сенімді жерде қалдыруды ойлайды. Қайта апарып көмуге бұрынғы Әлімжан ағасы дүниеден өтіп кетеді, ал Құрақ қарияға жазған хаттарынан хабар болмайды. Романның басындағы сақ-сақ еткен бас сүйектің: «– Әй, Ноэль, мені Алматыға лақтырып кету үшін көрімнен қазып алдың ба? Бұл не сұмдығың?» деген ой романды оқымаған кез келген адамда туары сөзсіз. 

Ноэль бас сүйекті елде қалдыру үшін мәдениет және білім министріне барады. Ол «мнистрлік пантеон емес» деп академияның тарих және этнология институтына жібереді. Институт директоры Баймахан жетекшілігімен «Махамбет өлеңдеріндегі тарихи деректер» деген тақырыпта докторлық қорғалып жатса да Махамбеттің бас сүйегін қажет етпей тарих және мәдени ескерткіштер қозғалысы мекемесінің басшысы Ықасқа жібереді. Бұл әлгі Айымның әкесі. Ықас Ноэльден де, бас сүйектен де қалай құтыларын білмей отырғанда Әдебиет және өнер институтының директоры, Махамбет поэзиясынан докторлық қорғаған Қайып Есимович келеді. Қайып Махамбеттің өлеңдерін жатқа соғып, өршіл, рухты поэзиясының қуатын мақтана, мадақтап айтқанымен бас сүйектен: «– Бұл сол тұрған, сақталған жерін бүлдіріп кетуі мүмкін. Қиратқыш, бұзақы күш қой» - деп үзілді-кесілді бас тартады. Енді не істерлерін білмей тұрғанда Дәурен кіріп, ақынның туған ауылынан екенін айтып, бас сүйекті сұрап алады.

Бұдан кейін оқиғалар параллелді түрде жүріп жатады. Құрақ қарттың Махамбеттің басын іздеп қорға жазған хаты; қор басшысы Нұри Утеновичтің бас сүйекті іздетуі; Айым мен Дәуреннің жертөледе елестердің әңгімесін хаттауы; Ноэльдің апачи тайпасы басшысының қорымын қазуы; Нұри Утеновичтің қолдауымен қала әкімі мен жаңа министрдің Махамбеттің бас сүйегіне сыйақы тағайындауы; тарих және этнология академиясы директоры Баймахан, тарихи және мәдени ескерткіштер қозғалысы мекемесінің басшысы Ықас пен Әдебиет және өнер институтының директоры Қайыптың арасындағы дау, сыйақы үшін жанталас, ата-баба аруағын аттамайтын жанашыр жан болып шыға қалулары; ауыл әкімі Қарауылдың қалаға келіп, басшы ағаларын жағалап, жандарына қосылуы; Ноэльдің сақ қорғанынан тапқан күміс тостағандағы жазудың жалғасын апачи тайпасының көсемі қорымынан табуы; Ықастың әйелі Қашқария мен Қайыптың әйелі Дүрияның әрекеттері; Қазақтардың аталарының бас сүйегіне сыйақы тағайындағаны туралы ақпараттың дүниежүзіне таралуы; Сол ақпараттан соң Эрмитаждағы Кенесары басының жоғалуы; Әлім мен Жориктің ақша үшін басқа қабірден бас сүйек қазып алып, бірін Дүрияға сатуы; Дәуреннің Құрақ қартты Алматыға шақырып жазған құпия хаты; Конкусқа үш бас сүйектің әкелінуі; Махамбеттің шынайы бас сүйегінің табылып, барлығының Қараойға аттануымен аяқталады. 

Жазушы Махамбет бас сүйегінің қазып алынып, мүсін жасалып, қайтадан жерленуіне дейінгі кезеңдегі оқиғаларды, деректерді қолдана отырып, асқан шеберлікпен, суреткерлік қырағылықпен әрбір детальға мән үстеп, кейіпкерлердің образдары арқылы бүгінгі адамдардың  болмысын, бет-бейнесін ашып береді. Баба алдындағы парыз ақталғанымен тарихи тұлғалар арқылы қазақ қасіретін, трагедиясын көрсете алған. Мәтіндегі: «– Заманында Рим папасын құрдай жорғалатып, қолынан сүйгізген Еділ патша қайдасың? – деді Ноэль өз-өзіне сыймай. – Бейбарыс баба діні бөлек Дәуіт пайғамбардың зиратына атпен кірген жоқ па ең? Өзге жұрт екі бүктетіліп енер есіктің төбесін бұздырып. Еңкеймеймін, ер басымды имеймін деп! Қайда сол өршіл рух! Қайда сол бастар?! Әлде баспен ойнау ойынын алдымен бастаған өздерің бе? Ендеше неге аяқтап кетпегенсіңдер?!» [1, 106 б.] деген жолдар бүгінгі рухани күйдің бағыт-бағдарын шамалататын наз екені түсінікті жайт. 

Сол сияқты «Бәйтерек» халықаралық қоры төрағасы Нұри Утеновичтің мына бір ойы көпті көрген көреген басшының ақыл-парасатын аңдатады: «Кешегі өткен Қабанбай мен Бөгенбай, Қарасай мен Ағыбай, Кенесарылар осы елге ортақ жақсылар ғой. Одан бергі Алашорда көсемдері ше? Ай, айтары бар ма? Осы арыстардың иісі қазақ даласы үшін жасаған жанкештілігін жазсаңыз, ақ қағаздың өзі сары майдай ерір еді?!» [1, 67 б.]. Ал, қала әкімі мен министрге тіл қатуынан оның қазақтың жоғын түгендейтін тұлға екендігін бағамдайсыз: «– Әлі күнге арыс дейміз, ақтаңдақ дейміз. Бар тірлік кітап шығарудан аспай жатыр. Шетел мұрағаттарында жүздеген, мыңдаған құнды құжаттар бар. Кім оларды елімізге қайтарып, рухани айналысқа салмақ? Қашанғы шырылдай беруге болады? Әл-Фарабиіміз айдалада қалды. Бейбарыс Дамаскіде жатыр. Жалаңтөс баһадүрден айырылдық. Шәкәрімнің сүйегін алпыс жылдан соң құдықтан жіліктеп теріп алдық. Мұстафа Шоқай болса жат топырақта. Сырым мен Қаратауды ұмытуға айналдық. Енді қолымызда тұрған Махамбеттің басын жоғалту. Мен мұндай сұмдықты естіген емеспін...» [1, 68 б.]. 

Р.Отарбаев көркем туындыда Махамбеттің өмірбаянын хронологиялық тәртіпте сипаттамаған. Махамбет Өтемісұлының бас сүйегінің жоғалып, табылуы; қазақ тарихында қалдырған іздерінің психологиялық себептері; кейіннен зерттелген деректер елес арқылы ақынның бұрын басынан өткерген  оқиғаларын баяндауымен берілген. 

Роман әдеткі құрылымнан ада. Коллажға құрылған. Әр уақыттағы үзік-үзік оқиғалар. Оқырман романның кез келген үзіндісін өз қалауынша (соңынан басына, ортасынан соңына қарай) қай жерінен бастап оқыса да шатаспай түсіне алады. Барлық үзінділер артық-ауыс шашаусыз негізгі идеяға жұмылдырылған. Көне сақ қорғаны мен апачи тайпасының ескі қорымының байланысы шығарма мазмұнын тереңдете түскен. «Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боларсың» деген адамзаттық философиялық тәмсіл «– Тіршіліктің тағы бір таңы атты. Бізге күлімдеп қарар ма екен? Не айтасың, Махамбет аға?» деген роман басындағы сауалдың жауабы іспетті.

Бас туралы әлем әдебиетінде көркем туындылар баршылық. Бірақ, Р.Отарбаевтың «Бас» романының көтерер жүгі, айтар ойы, сюжеттік құрылымы өзгешелігімен құнды. Роман автор-нарратор тұрғысынан баяндалады. Шағын диалогтардан кейіпкерлердің өресі мен өрісі білінеді. Мәселен, ақынның зиратының табылуына, сүйегінің қайтадан жерленуіне шығармада ғана емес өмірде де құрақ ұшып кіріскен Құрақ қария образы қаймана қазақтың ата-баба аруағын ардақтаған азаматының бейнесі. Қала әкімі Имаш – Иманғали Тасмағанбетұлының, мәдениет және білім саласына жаңадан тағайындалған министр Мұхас Аббасович – Мұхтар Абрарұлының прототипі. 

Қала басшысының бас жоқ Махамбет бабасын түсінде көруінің өзі авторлық тосын шешім мен болашаққа сенім үмітінің жібіндей әсер қалдырады. «... Бір мезетте қою шаңды артқа тастап, сытылып ақбоз атты шықты. Ақбоз сәйгүліктің төрт аяғы жерге тимей ұшып келе жатқан сынды. Күмістелген жүген мен құйысқанды қалмақ бас ердің үстінде Махамбет отыр. Бес қаруы бойында. Қараса, ұшып келе жатқан ақбоз сәйгүліктің тізгіні жоқ, шорт кесіліпті. Үстіндегі ақынның басы жоқ. Екі қолын Тәңірден әлдене тілегендей көкке созған. Ақбоздың сауырында ақынның мойнынан аққан қан тамшылары бармақтай-бармақтай боп қатып қалған. Сол жарық жұлдыздай аққан қалпы мұның жанынан өте бере: 

– Оян, ботам! – десін қаһарлы дауыс. – Оян, ботам!» [1, 85 б.]. 

Барша елдің рухын оятуға болмысымен де, шығармаларымен де арқау болған, халықтың қамы үшін бас көтеріп, «басынан» айырылған Махамбет ел үшін еңбек етуге қала басшысын сілкінтіп оятпақ... 

Ноэльдің шәкірті болуға асық Дәурен мен Айым санасы азат елдің ертеңінің бейнесі. Әке-шешеден жетім қалып, Құрақ қарияның ілтипатын көрген қарауыл Дәуреннің бойындағы рух тазалығы, баба алдындағы парызды сезінуі, ұрпақ тағзымы Махамбеттің шығармашылығынан докторлық қорғаған ғалымдарда, институт «басшыларында» болмайды. Дәуреннің образы жаңа дәуірдің келгенін айғақтап тұрғандай. 

Айым болса, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қозғалысы мекемесінің басшысы Ықас пен Қашқарияның Махамбет поэзиясынан кандидаттық қорғамақ болып жүрген жас ғалым қызы. Алайда, әке-шеше көзқарасынан дүниетанымы кең ұрпақтың өкілі. Бәрін көріп-біліп жүрсе де, дымын білдірмей, керісінше, Ноэльдің аманатын арқалап, соңына дейін Дәуренмен бірге болды. Олар сыйақы үшін өздерінің сыйын кетірген, құлқын, атақ пен даңқ үшін өлермен ата-ананың, алдыңғы буынның қателігін қайталамайтын жас буын. Олардың арасындағы көзге көрінбейтін ұлы сезім де алып-ұшпа махаббат емес. Рухани кеңістікте тоғысқан өміршең сезім. 

Романның бас кейіпкері – Ноэль Шаяхметов. Ол 1946-1954 жылдар аралығында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Жұмабай Шаяхметовтың ұлы. Бұл тұлға романда қариялардың аузымен екі жерде ғана аталады. Бірі сақ қорғанын қаза бастағанда аттандап жеткен құбақан шалдың, екіншісі Құрақ қарттың ақын зиратының басында дәрігер Әлімжан мен Ноэльді қарсы алғанында. Тек қарттардың ғана еске алуы ел басқаруда кейінгілерге үлгі бола білген Жұмабай Шаяхметовтың есімінің сол кездердің өзінде-ақ ұмытыла бастағанының айғағы. 

Ноэль – антрополог ғалым. Атақты М.М.Герасимовтың шәкірті. Ата-баба алдындағы парызын орындамақ болған азамат. Қабірлерін тауып, нақты бет-бейнелерін кейіптеп, ұмытыла бастаған тарихи тұлғалардың кескінін жаңғыртпақ. Мәскеуде оқыған аса дарынды ғалымды елінің абыройын асқақтатып, дүниежүзіне әйгілесе де ғылыми орта өз еліне сыйғызбады. 

Ноэль – өз басы ай-күннің аманында қандай қысастық көрсе де парызын орындаған жаны сірі, жанкешті ғалымның бейнесі. Бассыздыққа жол берген басшылар мен ғылыми ортадан көңілі қалған, өтірік пен жағымпаздық, рухани мешелдік жайлаған жалғаннан өресі биік, болмысы азат бейне.   

Жазушының сонау Аризона штатындағы апачи тайпасы мен бағзы бабаларымыз сақтардың арасындағы байланысты негіздейтін кейіпкері осы – Ноэль. Шығарманың кейбір жерлерінде нарратор қызметін атқарады. Ішкі монологтармен, елестермен (Махамбеттің, апачи тайпасының көсемімен) сөйлесуі арқылы авторлық ойды жеткізеді. Өзі де Дәурен мен Айым сынды жаңа буынның тәуелсіз сана иелерінің ұстазы. Романдағы соңғы сөйлем: «Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боларсың» деген киелі сөздің құпиясын ашуға әлі ешкім тәуекел еткен жоқ» [1, 185 б.]. Осы философиялық тәмсілді тапқан Ноэльдің айтпақ болған санасындағы сырды тануға тәуекел еттік пе?.. 

Романда тарихи дискурс категориясының элементтері мейлінше молынан кездеседі. Тарихи тұлғалардың бастан кешкен оқиғалары (елес түрінде де беріледі), тарихи-мәдени нысан (тарихи тұлға ескерткіші), Махамбет туралы тарихи деректер мен зерттеу мақалалары, сондай-ақ ауызша жеткен аңыздардың қолданылуы сөзіміздің дәлелі. Тарихи дискурстың ең маңызды көрсеткіштері: тарихи фон, оқиғаға қатысушыларды бағалау, оқиғалардың тарихи деректермен астасып мазмұнды баяндалуы романның сюжетінен көрініс табады. 

Жазушы Махамбет қана емес өзге де тарихи тұлғалар туралы деректерді екінші тарихи дискурс категориясы негізінде көркем шығармада негіздеген. Сондай-ақ тарихи дискурс тарихи уақытқа мейлінше жақын баруы керек болатын болса, қаламгер тың тәсілмен кейіпкер тарихи тұлғаны тарихи уақыт ерекшелігін сақтай отырып, осы кезеңде бейнелейді. Көркем шығармадағы тарихи дискурс белгісінің бірі тарихи деректі, оқиғаны, шындықты жорамалды түрде астарлап, бүгінгі күн тұрғысынан суреттеуімен ерекшеленеді. Ендеше Р.Отарбаевтың «Бас» романының тұтас мазмұнында бұл белгілер анық байқалады. 

Автордың «Бас» романы бір тарихи тұлға Махамбеттің бас сүйегі арқылы бассыз қалған талай тарихи тұлғаларымызды ғана қозғап қоймай, қоғамның «бассыз» қалған дененің мешел күйін кешіп келе жатқандығын жеткізеді. Бас көтерген тұлғаларының басына сыйақы тігіп, кестіріп алып күл салғыш жасап қорлауы ұлт рухының қасіреті. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Отарбаев Р. Бас. – Алматы: BRK Press, 2019. – 195 б.

Қыран Алтай

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?