XVІІІ ғасырдың бас кезінде қазақ хандығы біртұтас мемлекет ретінде өмір сүрді. Әсіресе Тәуке хан билік еткен кезеңде (1680-1718жж.) қазақ хандығы айтарлықтай орныққан, әлеуметтік-саяси құрылымы нығайған, дәстүрлі-көшпелі мал шаруашылығына негізделген экономикасы қалаптасқан елге айналды. Ақылды да әділетті, хан тұсында Жеті Жарғы заңдар жинағы қабылданып, мемлекеттің саяси-құрылымы мен құқықтар ережесінің принциптері анықталды. Тәуке хан ретінде мемлекетті басқаруды біршама жетілдірді, оның жанында билер Кеңесі, ханның жеке жасағы- төлеңгіттер болды. Тәуке хан көрші елдермен де бейбіт қарым-қатынастар, одақ құру жолдарын іздестірді. Өкінішке орай, мұндай жағдай ұзаққа созылмады. Мемлекеттік аппараттың әлсіздігі, ішкі алауыздық салдарынан хан билігі сыртқы басқыншылық әрекеттерге төтеп бере алмады. Қазақ хандығының бұл жағдайы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін айқын көрінді. Қазақ жерлерін жоңғарлар жаулады, елде ауыр жағдай қалыптасты. Патша әкімшілігі ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында негізгі салмақты қазақ хандарына салғанымен, олардың билігінің деңгейі ірі ру басшылары мен билердің қолдауына немесе қолдамауына тікелей байланысты екенін жақсы түсінді. Қазақ қоғамындағы хан билігінің күші қоғамдағы саяси күштердің қолдауына тікелей байланысты болды, яғни ханның қоғамдағы абырой – беделі біріншіден жергілікті билеушілердің ханға берілгендігінен айқындалатын, олардың мүддесін қорғау ісінде хан әр уақытта олардан қолау тауып, кейде осы жағдайды пайдалана отырып қоғамға ықпал етуге қол жеткізіп отырған. Қазақстанның Ресей империясына қосылуы қазақ мемлекеттілігі мәселесін өз мүддесіне сәйкес шешуге ұмтылған әрекетіне тосқауыл болды. Патша үкіметі қазақ мемлекетін бірте - бірте әлсіретіп, хандық билік жүйесін жойып, Ресейлік басқару құрылымын орнықтыру саясатын ұстанды. Осы мәселе жөнінде С.Асфендияров: “Патша үкіметі Қазақ хандығын жоя отырып, қазақ сұлтандарын биліктен шектету арқылы қазақтардың мемлекеттік дербестік елесін де құртып, сол кездегі Қазақстанды Ресей империясының қатардағы аймағына айналдырды” - деп көрсетеді/1/. Сондықтан да қазақ жүздерінің әлсіреп, жікке бөлінуі патша үкіметі үшін өз пиғылын жүзеге асыруға қолайлы жағдай тудырды. Осыған орай қазақ қоғамының тарихын зерттеуші тарихшы М.П.Вяткин былай деп жазды: “Патша өкіметінің Қазақстандағы отарлық билігін күшейтудің негізгі міндеті әр түрлі феодалдардың бір-бірлеріне үстемдік жүргізуге мүмкіндік бермеу. Шын мәнінде бұл саясат ішкі феодалдық күрестің шиеленіскен кезінде анархияны, мемлекеттік құлдырауды жақтайтын, яғни қазақ жүздерінің, ең алдымен Кіші жүздің әлсіреуін жақтайтын саясат болды”/2/. 1. Асфендияров С. История Казахстана.-Алматы: Санат, 1998. 171с. 2. Материалы по истории Казахской ССР. Под ред. М.П.Вяткина, Т.2.Ч.2. (1741-1751г.г.). - Алма-Ата, 1948.- с.21. Патша әкімшілігі алға қойған мақсатына жету үшін қазақ қоғамында ықпалын жүргізе алатын сұлтандар мен билерге қымбат төлемдер төлеуге барғандығы жайлы А.И.Левшиннің “Осындай және осыған ұқсас айла- тәсілдер арқылы қазақ сұлтандары мен хандарының Ресейге берілгені сақталып қалып отырды“ - /1/ деп тұжырымдауы бекер емес. Сонымен бірге, патша өкіметі хандық мемлекетті әлсірету мақсатында халық арасындағы ішкі шиеленістер мен қақтығыстарды тиімді пайдалана білді, хан мен сұлтандарды, билер мен батырларды бір-біріне қарсы қойды. Бұл тәсілдің өз жемісін бергендігін Нұралы ханның орыс әкімшілігіне берген мынадай мәлімдемесінен көруге болады: “Біздің қырғыз-қайсақ ордасында бастықтар көбейе түсті, сөйтіп кез келген сұлтан билеу тәсілін білуі болуы, солар арқылы халық арасында күңкіл көбейді, солар арқылы халық арасында өтірік-өсекті күшейту арқылы жасап, жер жерде бастықтардың көбейе түсуі себепті саяси түзелуге мүмкіндік бола қоймайды”/2/. XVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ресей патшалығының алдында Орынбор және Сібір әскери шептерін толықтай бір-біріне қосуларына байланысты алдағы келесі мақсат «бейбітшілік»орнату әдістерді қолдана отырып, басып алған жерлерде үстемдігін күшейту болды. Осы ойды жүзеге асыру үшін генерал-поручик Шпрингердің ұсынысы бойынша қазақтарға әскери шеп жанына 30 шақырымға дейінгі жерлерге көшіп- қонуына тиым салынды, яғни сыртқы 10 шақырымдық белдеу және ішкі 20 шақырымдық белдеу бейтарап болып табылды, яғни қырғыздар (қазақтар) белгіленген белдеуге 10 шақырым қашықтықта, дәл осы секілді 20 шақырымдай жердегі ішкі ауданға көшіп келуіне мүмкіндігі болмады. Қазақ халқының хандық басқару жүйесін зерттей отырып, Ресей империясының әкімшілігі хандық билікке баса көңіл бөлді. Өйткені империя саясатының жемісті болуы, хандық биліктің нақты күші мен әсеріне байланысты еді. Ресей әкімшілігін мазалап жүрген мәселелердің бірі қазақ қоғамындағы халық арқылы хан сайлауды жоққа шығарып, хандыққа Ресей патшасының бекітуін енгізу еді. “қырғыз-қайсақ хандары хандықты өз қолдауымен немесе халықтың қолдауымен ғана емес, оны биік мәртебелінің қақысы мен қолдауымен алуы басқаша пайдалы болды”/3/- деп, И.Неплюев басқарушы сенатқа жасаған баяндамасында көрсетеді. Ресей империясының әкімшілігінің осы бағытта қолданған айла- әрекеттері біршама нәтижелерге жеткізіп, негізінен өз іс-әрекеттерін халық алдындағы беделі төмен хан, сұлтандарға жауып отыруына ықпал жасады. Осы жағдайлар жалақы алу арқылы материалдық жағдайын жақсарту мақсатында емес, Ресей империясының әкімшілігінің қолдауының айғағы ретінде қарастырылып, жалақы мөлшері белгілі хан, сұлтандардың орыс әкімшілігінде беделі қандай деңгейде екендігінің көрсеткіші ретінде қабылданды.
1. Левшин Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. Алматы:Санат,1996.- с.238-239 2. Казахско-русские отношения в ХҮІ-ХҮІІІвв. /Сборник документов и материалов/ Алма-Ата 1961, с.253 3. Сонда .53 с.
Патша әкімшілігінің белгілі ру басыларын өз ықпалында ұстау мақсатында жүргізген тағы бір әдісі «тархан» атағын беру болды. 1742 жылы орта жүздің беделді батыры Жәнібекке тархан атағын беру туралы Неплюев өз баяндамасында патша әкімшілігінің осы тұрғыдағы саясатын ашық түрде көрсеткен. Алайда қырғыз-қайсақ старшині көрсеткен қызметі мен сенімділігіне орай жарлық бойынша тархан болып жарияланды - дей отырып, осы жылдың қараша айында « келешекте хандық та емес, сұлтандық та емес мұндай жағдайда одан да тиімділігі осы, осы арқылы ішкі қырқысты ретке келтіруге болады»-деп қазақ хандықтарының арасында ірткі салу көзделді. Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін халық жиналысы - құрылтай арқылы хан сайланған оның ұлы Нұралы патша грамотасы арқылы бекітіледі. Осы оқиғадан кейін барлық қазақ хандары хан тағына тек патша үкіметі бекіткеннен кейін ғана отыратын болды. Мұның өзі хан билігінің қазақ қоғамы алдындағы беделін төмендетті болды, ал шындығында ол хандық биліктің жойылуына апарар алғашқы қадам еді. Патша өкіметі Орта жүзде хандық билікті жою мақсатында хандықты бөлшектеу әдісі арқылы жүргізді. 1759 жылы А.Тевкелев Абылай сұлтанға патша ағзамның бекітуі арқылы хан болуды ұсынады. Ол жайында Левшин өз еңбегінде былай көрсетеді. “Орыс отарының қарамағында Абылай ханды ұстап отыру үшін оны Орта жүздің ханы деп жариялауға ықпал етуге шешім шығарды. Осы мақсатпен көшпелі далаға елшіліктен И.Ураков пен Я.Гуляев жіберілді, олар Абылайдың әйел патшадан өзін хан етіп бекітуді сұрау қажеттігіне көзін жеткізуге тиіс болды. Сонда сұлтанды өзіне заттай да, рухани да өзіне тарту үшін сый - сияпат тағайындайтын болмақ. Алайда патша әкімшілігінің күткеніндей болмады, Абылай Ресей қолымен хан тағына отырудан үзілді-кесілді бас тартты”. Абылай болса Ресей империясының қандай мақсатпен ұсыныс жасап отырғанын түсініп, мұндай хандық билік түрінен бас тартқан болатын. 1734 жылы қазақ даласына бағытталған отарлау саясатын жүзеге асыру мақсатында Орынбор экспедициясы И.Кирилловтың басқаруымен шекаралық орган құрылды. Негізгі көзделген мақсат шекаралас жатқан Башқұрт, Жоңғар, Хиуа және Қазақ мемлекеттері қатынастарын бақылай отырып алдағы, саясатты болжау болды. Қазақ мемлекеттігінің қалдықтарын жою әрекетінің келесі кезеңі Кіші жүзде ресейлік басқарудың жаңа жүйесін енгізуден, яғни хандық билікті біржола ығыстыру шараларынан көрінді. Алайда Орынбор губернаторы барон Игельстром жасап, ІІ Екатерина қолдаған реформаның жобасы сәтсіздікке ұшырап, іске аспады. Нұралы хан осыдан кейін Ресейлік саясатты ендіруге қолайлы жағдай тудырмағаны үшін және Сырым Датұлы көтерілісінің әсерінен хан билігінен аластатылды. 1786 жылы 5 шілдеде император II Екатеринаның бұйрығымен Нұралы хан айдауға жіберіліп, 1790 жылы саяси тұтқын болып жүргенде қайтыс болды. Нұралының ұлы Қаратайдың бірнеше рет 1809,1815 жылдары құрылтай арқылы хан сайланғанына қарамастан Орынборлық патша әкімшілігі оны қолдамады. Себебі патшалық биліктің ішкі есебі анағұрлым ықпалды да беделді сұлтандарды хан тағына отыру талпынысына кедергі болу еді. Оның үстіне құрылтай арқылы сайланған ханды патша әкімшілігі тарапынан бекіту туралы арнайы заң болған жоқ. Бұл жерде заң орнына отарлаушы елдің мемлекеттік мүддесі жүрді. Хан билігін біржола әлсірету және бірте-бірте жою тәжірибесін патша әкімшілігі Орта жүзде де жүргізді. Мәселен, II Екатеринаның үкіметі Абылай ханның үш жүздің үстінен билік етуін мойындаудан бас тартты. Империялық басшылық қазақ жүздерінің бірігуінен сескенді. Сондықтан да олар құйтырқы әрекеттерге барды. Абылай хан қазақ халқы үшін тиімді сыртқы саясат ұстап, ел ішінде бедел мен қолдауға ие болды. 1781 жылы Абылай ханның дүние салуына байланысты, оның баласы, Уәлидің хан тағына сайлануы нәтижесінде Екатерина II 1783 жылы генерал Штрандманға жіберген бұйрығында “қандай тәсілмен болса да, тіпті әскери күшпен болса да ханды хан дәрежесіне бекіту керек” десе, сонымен қатар Сібір шебінің басқармасына “Уәли ханның әрекеттерін жүйелі түрде бақылауға алу қажеттігі туралы” - тапсырма беруі Орта жүздегі жағдайды қадағалай отырып хандық билікті шектеуге кіріскендігін көруге болады. Абылай ханның үлкен ұлы Уәлидің билігін шектеу үшін патша үкіметі Орта жүзде екінші хан етіп сұлтан Бөкейді бекітеді. Алайда мәселені осы тұста біржақты қарастыру орынсыз. Уәли хан билігін патшалық әкімшілік тарапынан шектелуіне оның қаталдығы, соған байланысты айналасындағы билеуші топтардың наразылығының өршуі де да айтарлықтай әсер етті. Ал іс жүзінде Бөкейді хан тағайындау арқылы патша үкіметі Орта жүздегі саяси ыдырауды күшейтті. Ал Бөкей мен Уәли хандар өлген соң патша үкіметі Орта жүзде билікке хан тағайындамау жөнінде шешім қабылдады. Сонымен, ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінің соңына қарай Орта және Кіші жүзде хан билігін жою үшін қолайлы алғышарттар туды. Патша өкіметі хан билігін біржола жою мақсатын іс-жүзіне асыруға кірісті. Хандық билікті жойып, оның орнына отарлық басқару жүйесін ендіріп, Қазақстанды өзіне бағынышты етуді реформа арқылы іске асыру патша өкіметінің аса маңызды істерінің бірі болып саналды. Осы мақсатта 1822 жылы М.М.Сперанскийдің басшылығымен жасалған. “Сібір қырғыздары туралы Ереже” қабылданды. Ереже өзінің мазмұны жағыннан Қазақстанды әкімшілік басқару тұрғысынан Ресей империясы құрамына енгізу және оны отар аймаққа айналдыру мақсатын көздеді. Ереженің түпкі мақсаты оның соңғы бөлімінде айқын көрсетілген. Сібірдегі шекара белдері күзет мекемелері ретінде айтарлықтай мықты құрлыс бола қойған жоқ. Олардың түбегейлі орныққан деуге келмейді. Әйтсе де қырғыз (қазақ) жеріне сұғына кіріп бара жатқандықтан, мұны тұрақты тәртіп орнатып, өздерінің шын мәніндегі мемлекеттік шекара қызметі ретінде түпкілікті мойындатуға тиіс. Күшіне енген Ереженің басты мақсаты қазақтың дәстүрлі саяси басқару жүйесін жойып, оның орнына Қазақстанның солтүстік-шығыс ресейлік әкімшілік, сот, территориялық басқару тәртібін орнату болды. Ресей әкімшілігі жергілікті халықты Ереженің негізгі баптарымен таныстыру барысында тек басқару жүйесіне байланысты баптары туралы сөз қозғады. Ресей әкімшілігі екі жылдан аса қазақ даласына үгіт жұмысын жүргізгенімен, қазақ халқы жаңа басқару жүйесін құшақ жая қарсы алудан аулақ еді. Ресей әкімшілігінің қолға алуымен Қарқаралы аймағы ашылса, 1824 жылдың көкек айының 29-да Көкшетау аймағы ресми түрде ашылды /1/. Ережеде Орта жүз территориясында көшпелі қазақ тұрғындарының жергілікті билігін танытатын шекаралық басқару ұйымдарына тікелей бағынышты және байланысты округтер құру мәселесі баса айтылды. Орта жүз территориясы осыған байланысты әкімшілік бірліктер: ауылдар, болыстар, округтерге бөлінді. Әкімшілік ауыл 50-70 шаңырақтан, болыс 10- 12 ауылдан, округ 15-20 болыстардан құралды. Орта жүз қазақтарынның округтері ”Сібір қырғыздарының облысын” құрады, ол Омбы облысына қарады/1/. Округтер округтік приказдар арқылы басқарылды. Приказдарды аға сұлтандар басқаратын болды. Оларға мәжіліс құрушылар ретінде екі құрметті қырғыз және екі орыс өкілі тағайындалды. Әрбір округтің қатаң шектелген жерлері болды. Болыс басында патша үкіметіне адал берілген, сұлтандардан сайланған болыстық старшиндер тұрды. Айта кетерлік жағдай Ережеге тән ерекшелік отарлау әдістерін сол кездегі қазақ қоғамындағы нақты тарихи жағдайды ескере отырып жасалды. Мұның өзі оны ХІХ ғасырдың екінші жартысында қабылданған реформалардан артықшылығы болып табылады. Ереженің тағы бір ерекшелігі ол қазақ қоғамының ішкі құрылысын реформаға дейіндегі күйінде алып, оны бірте-бірте өзгерту және орталық жүйеге икемдеу бағытында жүргізілді. Осылайша Ереже бойынша Орта жүзде хандық билік жойылды. Бұл алғашқы екі аймақ ашуда патша әкімшілігі бір жағынан басқару жұйесін іс жүзінде байқаса, екінші жағынан 1822-1824жж. Ғұбайдолла сұлтанды Орта жүздің хан тағына сайлауға барынша әрекет жасауына байланысты қытай империясының қазақ даласына әсерін шектеуге бағытталды. Ол қазақ жерлерінің саяси бейнесін өзгертіп қана қоймай, Қазақстанның көпшілік аймақтарында Қазақ халқының саяси тәуелсіздігін жоя отырып, патшалық Ресейдің отарлау саясатын кеңейтуге жол ашты. 1824 жылғы Ереже қабылданған соң көп ұзамай хандық билік Кіші жүзде де жойылды. Қазақ даласындағы патша үкіметінің әкімшілік-саяси реформалары қазақ ақсүйектер тобы жағынан қарсылыққа ұрынды. Себебі реформалар ақ сүйек топтардың артықшылықтарын шектеді. Жалпы патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы бүкіл Кіші жүз қазақтары XVІІІ ғасырдың соңында -ақ ашық наразылық білдірген еді. XІX ғасырдың бас кезінде патша үкіметіне оппозицияда Қаратай сұлтан бастаған топ тұрды. Сырдарияның төменгі ағысындағы жерлерде орналасқан қазақтардың көпшілігі хан ретінде Арынғазы Абылғазыұлын мойындады. Әйтсе де үкімет өз мүддесінде әрекет етіп, Арынғазыны 1821 жылы Петерборға алдырып, оны Калугаға айдауға жіберілді. 1. ҚР ОММ. 338 қор, І тізбе, 336 іс, 3 парақ.
1824 жылы Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазы Орынборға шақырылып, шекаралық комиссия құрамына алғашқы мүше болып белгіленді. Осылайша Кіші жүз территориясында сол уақыттарда қоғамдағы ықпалын жоғалтқан хандық билік жойылды. Хандық билікті жою айтарлықтай шиеленіссіз жүрді. Орта жүзге қарағанда Кіші жүзде хан билігі әлсіз еді. Ресейдің жаңа басқару жүйесін енгізу саясаты қазақ даласында билікті сақтап қалу пиғылындағы бір топ сұлтандармен олардың жақтаушыларының қолдауына ие болғанымен жалпы халықтың наразылығын тудырды. XІX ғасырдың бірінші жартысында Кіші жүздің ішкі және сыртқы саяси жағдайы күрделі күйінде қала берді. Оның солтүстігінен Ресей, оңтүстігінен Хиуа, Қоқан хандықтары қауіп төндірді. Жаңа Илек бекінісі мен Илек өзенінің бассейнін орыстардың басып алуы саяси жағдайды күрделендірді. Бір жағынан патша үкіметіне қызмет еткен, екіншіден ресми саясатқа қарсы тектілер топтарының мүддесін көздеген Шерғазы ханға шекаралық комиссия әрекетсіз отырғаны үшін ескерту жасады. Ханға жағдай өзгермесе үкімет Ордада үкіметке адал қызмет ететін адамды қоятындығы туралы айтылды. 1824 жылғы “Орынбор қырғыздары туралы Ереже” бойынша Кіші жүз территориясы Батыс, Шығыс, Орта бөліктерге бөлінді. Оларды сұлтандар басқарып тұрды. “Ереже” Кіші жүзде хандық билікті алып тастап, оның орнына ресейлік басқаруға ұқсайтын әкімшілік-саяси басқару жүйесін ендіруге бағытталды. Ішкі, яғни Бөкей Ордасында хандық билік біршама ұзағырақ сақталды. Билік басындағы Жәңгір хан үкіметтің сеніміне ие болды. Жәнгір хан бірнеше рет патшаның қабылдауында болып, орыс әскерінің генерал-майор шенімен марапатталды. 1885 жылы Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Ішкі Ордада хандық билік жойылып, басқару Уақытша Кеңестің қолына көшті. Сөйтіп, XІX ғасырдың ортасына қарай Орта және Кіші жүз территориясында хандық билік жойылды. Жаңа ереже бойынша Кіші және Орта жүздерде сот билігінің жүйесі қирады. Кісі өлтіру, тонау, барымта, тағы басқа қылмыстар әскери сот арқылы қаралды. Сотқа тартылғандарды Шекаралық Комиссия соты сұлтан - басқарушылардың қатысуымен жазалады. Билер сотынын ең маңызды сот- құқықтық мәселелерді қарастыру мүмкіндігі жойылды. Мұдан былай билер тек қосалқы мәселелерді қарайтын болды. Осылайша XVІІІ ғасырдың 30-шы XІX - ғасырдың 20-шы жылдары Кіші және Орта жүз қазақтарының шекаралық жүйе арқылы басқарылғандығына қарамастан шынайы билік әлі де болса қазақ қоғамында хандар мен сұлтандардың қолдарында қала берді. Патша үкіметі хандық биліктің басында Ресейге адал берілген адамдардың болғанын қалады, сондықтан жікшілдікті қолдай отырып қажетті жағдайларда әскер күшін, ал керек уақыттарда халық жиындарының талап-тілектерін бұрмалап хан тағына хан әулетінен шыққан жігерсіз өкілдерін отырғызуға тырысты. Халық арасында ықпалы бар, тәуелсіз сұлтандарды патша үкіметі билікке жақындатпауға күш салды. Қазақстанда хандық билікті жойған патша өкіметі оны енді қайта қалпына келтіру әрекеттерін басып жаншуға күш салды. Мысалы, Кіші жүздің Батыс бөлігіне сұлтан-басқарушы болған Қаратай Нұралыұлы өзін хан деп жариялап, өзіне хандық мөр жасағаны үшін Орынбор генерал- губернаторынан қатал ескерту алды. Орта жүзде ақ киізге көтеріліп, хан сайланған, Қытай императоры заңды билеуші ретінде таныған Ғұбайдолла Уәлиұлын Баянаул жерінде Арбышевтың жазалау отряды тұтқындап, Омбыға апарып, одан соң ешбір сотсыз, тергеусіз алыс Сібір қаласы Березовке жер аударды. Одан ол 1840 жылы Кенесары ханның табанды араласуының арқасында елге қайтарылды. Осылайша, хандық билік түріндегі қазақ мемлекеттігі бірте - бірте бір ғасыр ішінде жойылды. Орыс әкімшілігінің әрекеттері нақты ахуалға байланысты өзгеріп отырды, әйтсе де ұлттық мемлекеттіліктің барлық ішкі белгілерін жоюға бағытталған негізгі мақсат өзгеріссіз қалды. Өз мақсатына жетуде патша үкіметі өзіне қолайлы заңдарға және соларға сүйенген заңсыздықтарға жол берді. Қазақ халқын отарлық басқарудың тәсілдері мен түрлері бір мақсатқа Қазақстанды бағынышты отар аймаққа, жаңа кіріс көзіне айналдыруға бағытталды. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап, Ресей империясы сыртқы және ішкі саяси жағдайды ескере отырып, Қазақстан жөніндегі саясаты да, батыл қимылдар жасауға ұйғарды. Бұл кезеңде қазақ даласындағы ханның беделі күрт түсуі себепті олардың көмегін қажет етпеді. Хан билігін түбегейлі жою арқылы оның орнына империяның саясатын жүргізетін, яғни қазақтарды тікелей басқаратын басқару аппаратын құру көзделді. Хандық басқару жүйесінің жойылып, отарлау саясатын жүргізу мақсатында пайда болған жаңа басқару жүйесі қазақ даласында бір келкі қабылданбауына байланысты, Орта жүздегі сыртқы және ішкі саяси жағдай тұрақсыз сипат алды. Кенесары хан 1822-жылдары кезінде ашылып жатқан аймақтар құру жөніндегі жарлықтарға қарсы шығып халық наразылығын ашық қолдады, … Біз императорға қарсы емеспіз… тіпті оған да, бізге де пайда тигізетін болса жан тәнімізбен, барлық күш-жігерімізбен оған қызмет етуге әзірміз, тек қатысты орындарға мекеме орнымен келіспейміз /1/-деп, Ресей әкімшілігінен өтінішін қанағаттандыруды талап еткен болатын, ол бірақ бұл мазмұндағы өтініш Ресей саясатына қайшы болғандықтан, Омбы облыстық кеңесі …Оставить оную без всякого движения деген шешім қабылдады /2/. Патша әкімшілігінің қазақ даласын отарлау аймақтарының біріне айналдыруға бағытталған шаралары халық наразылығын күшейте түсті. Ресей үкіметінің қазақ халқының салты мен рухына, діліне қайшы әкімшілік саяси реформалар жүргізуге қарсы жергілікті халық көтерілістер түрінде жауап берді. Шын мәнінде XVІІІ ғасырдың соңынан XІX ғасырдың 70- жылдарына дейін қазақ халқы патша өкіметіне қарсы соғыс жағдайында болды. Сырым Датұлы, Жоламан Тленшіұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Есет Көтібарұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Кенесары 1. ҚР ОММ. 338 қор, 1т, 463 іс, 29 парақ. 2. ҚР ОММ. 4 қор, 1т, 245 іс, 4парақ. Қасымұлы бастаған және өзге де көптеген көтерілістер-бұқараның жалпы ұлттық азаттық қозғалысының айқын дәлелі болса керек. Барлық осындай бас көтерулер, әсіресе үш жүздің азаттық қозғалысына айналған Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс патша өкіметінің қазақ қоғамындағы кез келген сеператизмінің көрінісін түбегейлі жою тәрізді әрекет етуге итермеледі. Қазақстанның Ресей империясына қосылуы аяқталғаннан кейін патша өкіметі өзінің отарлау саясатын күшейту мақсатында қазақ даласында өмір сүріп тұрған басқару жүйесін түбірінен қирату міндетін қойды. 1867 жылғы реформа бойынша Жетісу және Сырдарья, 1868 жылы Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару жүйесін түбегейлі өзгертуге қол жеткізді. Жаңа ережелер жасалғанда алдына негізгі үш мақсат қойылды: қазақтарды тез орыстандыруда табысқа қол жеткізу, оларды христиан дініне енгізу, рекруттық міндетті атқаруға икемдеу. Бұл реформа тұңғыш рет бүкіл Қазақстан территориясын қамтыды. Қазақ даласында құрылған облыстар уездерге, уездер болыстарға бөлінді. Жаңа басқару жүйесі көшпелілердің патриархалды-феодалдық укладының іргесін шайқалтып, сұлтан, би, старшиндердің билігін шектеді. Сұлтандар өздерінің саяси, одан соң экономикалық маңызы мен жағдайын жоғалтты. Әкімшілік басқару айқын әскери сипат алды. Облыс басында әскери генерал-губернаторлар тұрды. Олар өз қолдарына бүкіл әскери және азаматтық билікті шоғырландарды. Болыстық басқарушылар мен ауыл старшиндері 1868 жылдан бастап өз жергілікті тұрғындарының үстінен бақылаусыз және шектелмеген билік пен құқықтарға ие болды. 1867-1868 жылдарғы реформалар бойынша жалпы империялық заңдарға негізделген әскери сот комиссиялары және уездік соттар құрылды. Бұдан кейінгі жылдары аталған заң актілеріне кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Түркістан өлкесін басқару туралы және (Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ережелерде көрініс тапты. Бұл ережелер патша өкіметі құлатылғанға дейін, яғни 1917 жылғы дейін өз күшінде болды. Патша үкіметі қазақ қоғамында Ресей империясының билігін қамтамасыз ететін мемлекеттік аппарат құру үшін өзінің саяси қызметін күшейтті. Абсолюттік билік далада генерал-губернаторларға берілді. Халық арасында олар «жарты патша» деп аталды. Ереженің 15,17 баптарына сәйкес генерал-губернаторларға «саяси игілікті емес бұратаналар, бүлдірушілер... бес жылдан артық уақытқа айдауға жіберу» құқығы берілді. Қазақстан тарихында қазақ ұлты өкілінің уездік шенеунік деңгейінде бастық болуы мысалының кездеспейтіндігі біраз мәселеден түсінік береді. Оқыған, білімді қазақ өкілі үшін ең құрметті қызмет аудармашы, яғни тілмаш болып қана қалды. Қазақ тұрғындары тек болыстық басқарушылар мен ауыл старшиндерін сайлай алатын мүмкіндіктерге ие болды. Сайлау патша шенеуніктерінің қатысуы арқылы жүргізілді. Шенеуніктер қазақтардың руға бөлінетіндігін біле отырып, ру арасындағы дау-жанжалды өршітуге тырысты және ру аралық дау жанжалды өршітуге түрлі күш салды. Сайлауға қыруар ақша жұмсаған болыстық басқарушы, кеткен шығынның орнын сайлауда жеңіліп қалған рудың есебінен толтыруға тырысты. Дәл осындай әрекеттерге келесі жолы жеңіске жеткен ру өкілі барды. Осылайша болыстық сайлаулар халық арасына жік салып, бөлшектенуіне ықпал етті. Патшалық әкімшілік басқару кезеңінде қазақтар арасында жүздер мен руларға бөліну қазақ қоғамының дертіне айналды. Ұлттық зиялылардың озық өкілі, қазақ қоғамының сайлау жүйесімен жете таныс М.Тынышпаев 1916 жылғы оқиғаларға байланысты Түркістан генерал-губернаторына былай деп жазды: “1868 жылғы Ереже қырғыздарды тығарыққа тіреді, тіпті жер қыспағы сайлау алдындағы тартыстарға астар келе алмайды (Енді еш жерде, бірде-бір сайлау ірі пәресіз жүргізілмейді. Әрбір сайлаудың алдында үміткер «қара» салықтардың азайып, болыста келісім мен тұрақтылықтың болатындығын уәде етеді. Жомарт үміткер... 40 мың сомға дейін ақша үлестіреді, ал оның үш жылдағы барлық табыс 900- 1500 сомнан аспайды. Болыстың немесе халық сотына өткен үміткер кеткен шығыннан 5,10,20 есе көп капитал жинайды, осындай түрдегі тонау қазіргі уақытта жүріп жатыр. Партиялық тартыс және болыстың жиі тонауы халықты ашындырып, қылмысқа итермелейді /1/. Осылайша отарлық шенеуніктік басқару аппараты жергілікті басқарушыларымен тығыз байланыса отырып, халықты тонап, соның есебінен жеке бастарының боюына қаржы жинады. Айта кетерлік жағдай, патша үкіметінің жікшілік-саяси реформалары қазақ мемлекеттігін жойып қана қойған жоқ, олар қазақ жерлерін Ресей империясының меншігі деп жариялады. Сөйтіп, көшпелі халықтың тіршілік көзі саналған жерлерге бекіністер салып, Ресейдің ішкі губернияларынан орыс, украин шаруаларын қазақ даласына қоныстандырды. Патша өкіметі 1889 жылы 13 шілдеде селолық адамдар мен мещандарды қазына жерлеріне өз еркімен көшіру туралы Ережені жасап, бекітті. Осыған орай XIX ғасырдың 70-жылдарынан басталған ресейлік шаруалардың қоныс аударуы 80- жылдарға қарай күшейе түсті. 1889 жылы Село адамдары мен мещандарды әазына жерлеріне қоныстандыру туралы Заң қабылданды. Осылайша орыс шаруаларының қазақ даласына қоныс аударуы заңдандырылды. XX ғасырдың бас кезінде шаруалар отарлауы пәрменінше күшейіп, қазақтардың 45 млн. десятинадан астам шұрайлы жерлері қоныстанушылардың қолына көшті. Қазақ халқы құнарлы жерлерден шөл және шөлейт аймақтарға ығыстырылып, дәстүрлі шаруашылығы дағдарысқа ұшырады. Патша өкіметінің Қазақстанда хандық мемлекеттілікті жоюға бағытталған әкімшілік - құқықтық реформалары өзінің тиімді нәтижесін бергендігін көруге болады. Біріншіден, қазақ халқын еркін билеп, отарлық қанауы және ұлттық езгіні күшейтумен көрсетті. Екіншіден, салық жүйесін енгізу арқылы халықтың жағдайын күйзеліске ұшыратты, ата-бабадан қалған жерлерін күшпен тартып ала бастады.
1. Тынышпаев М. История казахского народа, - Алматы:Санат 1998. 36 с.
Бұл туралы С.Асфендияров мынадай тұжырымдармен сипаттады: “...енгізілген әкімшілік жүйе мемлекеттік аппарат құрылысына шаралар жиынтығын құрады. Оның көмегімен қазақ даласына Ресей капитализмінің еніуіне қолайлы орындарды тазартты. Бұл шаралар Қазақстанды Ресей капитализмінің боданына айналдыруды мақсат еткен патша саясатының негізі болған өндірістік қатынастардың бұлжымас әрі барынша айқын көрінісі болып табылады” /1/. Осылайша ең алдымен мемлекеттігін, яғни саяси-құқықтық реформалар нәтижесінде қазақ халқының бұрыннан қалыптасқан басқару жүйелерін жою, жергілікті халық арасындағы билеушілерді биліктен шеттету арқылы өз басқару жүйелерін енгізуді көздеді. Саяси тәуелсіздігінен айырылған қазақ халқы құнарлы жерлерінен де қол үзді. Отарлық мазмұндағы патша үкіметінің Қазақстандағы жүйесі империяның көңілінен шығып, хандық билікті жойып, қазақтардың өмір-тірлігін, шаруашылығын күйзелтіп, рухани деградацияға ұшыратты. Қазақстан Ресей империясының, түпкілікті отар аймағына айналып, барлық билікті отаршылардың қолдарына беріп, өзі патша өкіметінің тепкісінде қалды. Патшалық биліктің қазақ мемлекеттігін түпкілікті жою әдістері мен шараларын оқып-үйренудің маңызы зор. Тәуелсіз мемлекеттің келешек ұрпақтары қазақ халқының мемлекеттік мәселелері тарихын жетік меңгерулері тиіс. Мемлекеттіліктің тарихын зерделеу арқылы қазіргі тәуелсіз мемлекетте жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, демографиялық, идеологиялық бағыттардағы процестердің мәнін түсініп, оның болашағына байланысты қызметтер атқаруда мәні зор. Қазақ халқы үшін саяси шаңырағын биік етіп көтеріп, оны жоғары деңгейде ұстап тұру оңай болмағандығын, патшалық бодандық саясатының жағдайында мемлекеттіліктің жойылғандығының тарихи сабеп- салдарын терең де толық түсінуіміз қажет. Патшалық Ресей мемлекет ішінде мемлекеттің өмір сүруіне қатал тиым салды. Сондықтан да өзінің жаулап алу саясатының алғашқы сатысынан – ақ қазақ хандығын түпкілікті жоюға барлық күш – жігерін, айла - әрекетін салып бақты. Біз талдаған мәселенің астарына терең зер салып, оның мәнді тұстарын тәжірбиеде қолдану үшін төмендегідей ”тетіктерін” білу абзал. Ең алдымен қазақ мемлекеттігін жоюға патша өкіметінің XVIII ғасырдың соңында кіріскендігі, Сырым Датұлы бастаған азаттық қозғалыста ол өзінің шешімін таба алмай тығырыққа тірелгендігі жайлы тарихи факті естен шығармау керек. Біріншіден, студенттер мен магистранттар осындай күрделі мәселені оқып - үйренуде оның теориялық - методологиялық тұстарына назар аударып, қазақ даласындағы мемлекеттіктің тұжырымдамаларын меңгергендері жөн. Тарих ғылымында осы мәселенің теориялық -методологиялық бағыт - бағдары ретінде ”көшпелі феодализм” тұжырымдамасы ұзақ уақыт бойы дамып келді. Аталған тұжырымдама бойынша көшпелілердегі мемлекеттілік феодалдық қатынастар тұрғысында қарастырылды. 1. Асфендияров С. История Казахстана. -Алматы:Санат,1998.- 242 с. Осыдан келіп қазақ қоғамының саяси ұйымдасуы ”бір орталыққа бағынған мемлекет”, ”мемлекеттік бытыраңқылық” тәрізді түсініктермен сипатталды. Бұған қоса көпшіліктердегі биліктің ерекшеліктері ескерілмеді. Отандық тарих шеңберінде мемлекеттілік мәселесіне байланысты бірнеше бағыттар туындады. Яғни, бірінші бағыт көшпенділердің этносаяси ерекшеліктеріне байланысты мемлеккеттің болғандығын көрсетеді. Екінші бағыт көшпенділерде мемлекеттік бірлестіктер кейбір кезеңдерде ғана құрылды деген пікірді көрсетеді. Үшінші бағыт бойынша зерттеушілер мемлекет болмаған деген тұжырымды ұстанады. Бұл көзқарастарға қарсы отандық тарих ғылымында жаңа методологиялық бағыттарға байланысты Қазақ хандығы сипатындағы алғашқы үлгідегі демократиялық басқару принциптеріне негізделген хандық мемлекет болып табылады деп көрсетуге болады. Бұл өзіндік далалық нормалар мен дәстүрлеріне байланысты өзіндік ерекшелігі бар мелекет болды. Хандық билік сұлтандар тобынан мұрагерлік жолмен сайланатын болды. Хан билігі нақты бір құқықтармен белгіленген және хан құқықтық тұрғыдан міндеттер атқаруға байланысты болған. Қазақ хандығының мемлекет деңгейінде өзіне тән белгілері болды.
Сұрақтар.
1. ХІХ ғасырдағы патшалық Ресейдің Қазақ мемлекеттілігін жою жолындағы шаралары
2. ХІХ ғасырдағы Қазақстан жеріндегі орыс чиновниктерінің мемлекеттілікті жоюдағы әрекеттері
3. ХІХ ғасырдағы қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістер ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтірудегі сипаты
4. Хандық билікті қалпына келтіру әрекеттері
5. Кенесары Қасымұлының ХІХ ғ. қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру жолындағы күресі