Археология
мұражайы 1973 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының археология институтының
жанынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың
бастамасымен республиканың археололгиялық материалдарын сақтап, тұрақты түрде
ғылыми зерттеу мақсатында ашылған. 2010 жылдың маусымынан бастап Археология
мұражайы «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның құрамына енді.
Археология мұражайының құрылуы ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап тікелей қазақстандық ғалымдардың бірнеше буындарының жұмысымен және отандық археологиялық ғылымның жалпы даму үрдісімен тығыз байланысты. Біздің ғалымдардың елдің барлық өңірлерінде жүргізген көпжылдық зерттеулері Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы ғажап безендірілген, бай әрі сирек мәліметтер жинауға мүмкіндік берді.
Мұражай ұлттық мұраны сақтау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Ә.Х. Марғұлан, А.Н. Нүсіпбеков, К.А. Әкішев, Х.А. Алпысбаев, М.К.Қадырбаев, А.Г. Максимова, К.А. Байпақов сынды белгілі қазақстандық ғалымдардың қатысумен құрылды.
Мұражайда әлемдік тарихи және ғылыми маңызы бар сирек кездесетін артефакттар топтамасы бар. Археология мұражайы осындай сипаттағы республикадағы жалғыз мұражай бола тұрып, қазақстандық мұражайтану жүйесінде ерекше орын алады. Мұражайдың бай топтамасы, ерекше экспонаттары бүкіл әлемдік ірі көрме алаңдарының назарын сан мәрте аудартты.
Археология мұражайы әлемнің барлық құрылықтарында теңдесі жоқ талай көрмелер ұйымдастырды және оның барлығы ең жоғары бағаға ие болды. Мұражай экспонаттарының көрмелері Дания – «On the Silk Road», Италия – «L’UOMO D’ORO», «Altyn Adam L’UOMO D’ORO», АҚШ – «Of Gold and Grass. Nomads of Kazakhstan», «Nomads of Eurasia», Австралия (Сидней қ.,) – «Bright Flowers», Германия – «Сақтардың патша қорымдары: алтын гриф белгісімен», Дижон, Ренн (1990 және 2001 жж.) – «Алтын адам Францияда» елдерінде өтті. Токио (Жапония), Стамбұл (Түркия), Тэгу (Оңтүстік Корея) және т.б. қалаларда Қазақстанның мәдениет күндері аясында мұражайдың құнды жәдігерлері таныстырылды. Қазір мұражай «Nomads and Networks: The Ancient Art and Culture of Kazakhstan» атты белгілі көрмеге, Вашингтондағы (АҚШ) Саклер және Флиер Смитсондық Университетінің ең беделді көрме галереясына қатысады.
Археология мұражайы үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үнемі шолу экскурсияларын өткізеді.