Атадан жақсы ұл туса,
Елінің туы болады.
Атадан жаман ұл туса,
Елінің соры болады.
(Қазыбек би)
Бүгінде қазақ қоғамы, оның ішінде жастар қауымы сол азаматтардың қызметінен хабардар болуға тиісті. Саналы ұрпақ тәрбиесіне жарар тарихтан алар ғибрат мол. Сол себепті-де қазіргі таңда тарихымызды жаңғырту, артынан өшпес із қалдырған алып тұлғаларымыздың өмір жолы мен зор еңбектерін көпшілікке насихаттау шаралары мемлекеттік-деңгейде қолға алынып, соңғы он жылда қарқынды түрде өткізіліп жатыр.
Елдің ғылыми, мәдени, рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың есімін жаңғырту саласында Ғылым ордасы» РМК айтарлықтай қызмет атқарып келеді. «Ғылым ордасы» қабырғасында Қазақстан ғалымдарын, олардың ғылымға қосқан үлесін насихаттайтын «Ғылым сардарлары» атты жастар клубы және «Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы» жұмыс істейді. Ғылыми кітапханасында жыл сайын «Ұлы тұлғалар» сериясымен елдің мәдени-рухани өмірінде өшпес із қалдырған саңлақтардың ғылыми-библиографиялық кітаптары жарық көреді. Кітап көрмелері ұйымдастырылады.
Отан тарихында өзіндік орны бар Кеңестік кезеңнің ақтаңдақтары мен қара дақтары әлі-де ашыла қоймаған кезең. Халықтың рухани көсемдері, діндарлары күсталанған, дін қорланған сол бір кезеңде қазақ халқын имандылыққа шақырып, ақиқат жолында адал еңбек еткен діндар азаматтың бірі — Хәкім Омарұлы болды. Бұл азаматтың атқарған еңбегін кейінгі ұрпаққа таныстыру міндетіміз деп білеміз. Олай дейтініміз, «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайы қорында Хәкім Омарұлының онға жуық қолжазбасы сақтаулы. Былтыр 2013 жылы «Ғылым ордасы» баспаханасында «Ақиқат жолында» деп аталатын Хәкім Омарұлының өмір жолына арналған кітап жарық көрді. Ел аузында Хәкім-хазірет атанған Омарұлының осы кітаптан алынған өмірбаяны мен мұражай қорындағы ХХ ғ. 50–70 жылдарында жазылған қолжазбаларынан кейбір әңгімелерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Хакім-хазірет Омарұлы 1906 жылы Бурабайдың баурайында атасы Қосдәулеттің ауылында дүниеге келген. Атасы Ресей патшалығының ресми рұқсатымен медресе салдырған. Сол медреседе ауылдан 100–150 шақырымдағы Кендірлі деген жерден Қаумет, Есбол, Жақып деген кісілер, сонымен қатар жас балалар сауат ашып, тәрбиеленеді. Кейін Жақып осында тұрақтап, Әлқожа, Мұқаш деген екі баласын да оқытты. Мұнда Қосдәулеттің Ысқақ, Омар, Мұхаммед, Ахметжан деген төрт баласы да оқыды. Үлкен баласы, сол медресенің алғашқы түлегі — Ахметжан Мысырда дәрігерлік оқуын бітіріп келген соң, әкесінің медресесінде 1905 жылдан жәдит оқуын ұйымдастырды.
Ал Қосдәулеттің екінші баласы — Омар (ол да сол медреседе оқыған) 1908–1909 жылдан бастап Көкшетау уезінің оқу орнын басқаратын мекемеге барып, орысша оқытуға рұқсат алып, орыс тілінің мұғалімін алдырып, өзінің және маңайдағы ауылдардың балаларын орысша оқытқан.
Әкесі Омар-қажы 1922 жылы нақақ жала жабылып, ешбір тексерусіз кісі қолынан қаза тапқан. Осы қанды оқиғадан кейін ел қорқып, жан-жаққа бытырай бастады. Бес, ағайынды Хакім шешесін алып, Омбы облысындағы Есілкөлде Құрманбай, Салық деген нағашыларын паналайды. Ашаршылық жылдары бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Хабаровск, Қарағанды қалаларына көшіп, «халық жауы» балаларының қиыншылықтарын бастан кешеді. Ұзақ жыл ауа көшіп жүріп, 1935 жылы Семейге келіп тұрақтайды. Омардың балалары жасынан арабша да, орысша да оқыған, азды-көпті білім алған, сауатты, әрі өнерпаз болады. Семейге келгеннен кейін, ағасы — Ғазез, інісі — Әмен геология-барлау экспедициясына қызметке орналасады. Екі інісі — Михат пен Халит геология техникумына оқуға түседі. Хакім етікші болып артельге орналасады.
Бәрі үйленіп, балалы-шағалы болып, 17 жан бір шаңырақта енді есін жинаған кезде 1941 жылы соғыс басталады. Ғазез, Әмен, Михат геолог болғандықтан «бронь»-мен әскерге шақыртылмайды. Ал Хакім мен Халит Ұлы Отан соғысына аттанады. Етігімен қан кешіп жүріп фашисттерден Отанын қорғайды. Жан алып, жан берісіп жүргенде талай жарақаттар алады. Әсіресе, 1944 жылы ауыр жарақат алып, майданға әбден оңалғасын шақырылатын болып, елге оралады.
Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес үкіметінің дінге деген көзқарасы бірталай өзгереді. Халықтың жеңіске деген үмітін оятатын, иманын орнықтыратын діни құлшылық орындарын қайта жандандыра бастайды. Сол кезде 1943 ж. Орталық Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылады. Сол діни басқарманың басшылығымен Қазақстанның жер-жерлерінде мешіттер ашылып, елдің діни сенімін, жеңіске деген үмітін оятуға, сол үшін мінажат етуге жұмыс істейді. Хакім Омаров діни білімі жоғары болғандықтан Қазақстан Қазиятының Бас қазиі — Шамсутдинов Әбдіғаффар ұсынысымен 1948 жылы Семей қаласының мешітіне имам болып сайланады. Білімділігін, біліктілігін, адалдығын байқаған Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының (ОАжҚМДБ) мүфтиі — Зияддин Бабаханов Хакім-хазіретті аталған басқарманың тұрақты мүшесі қылып тағайындайды. Хакім-хазірет Қазақстан бойынша мешіттер жұмысын бақылайтын ревизия комитетінің төрағасы болып сайланды. Осы екі қызметті 26 жыл бойы абыроймен атқарды.
Хакім-хазірет қоғамдық қызметтерге-де белсене араласады. Әсіресе, бейбітшілік қорғаудың бүкіләлемдік қозғалысына атсалысқан еңбегі зор. Қазақ КСР үкіметі шығыс елдерінен келетін делегаттарды күтіп алу, шығарып салу кезінде Хакімді Семейден арнайы Алматыға шақыртып алдырып отырған. Қазақстан атынан да Индия, Ливан, Франция т.б. бірнеше шет елдерге өкіл ретінде барған.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес үкіметінің дінге деген көзқарасы өзгере бастайды. Дін бұрынғы заманның сарқыншағы ретінде сипатталып, атеистік таным үстемдікке ие болады. «Дін — апиын» деген ұранмен дін қараланады. БАҚ беттерінде дінге карсы айтылған керітартпа, жалаң пікірлерге орын берген мақалалар жиі басылады. Дінді қаралау күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе болады. Қоғамдық пікір талас майданына айналады. Хәкім-хазірет бұндай кері үрдіске бей-жай қарай алмайды. БАҚ бетінде жарық көрген теріс пікірді мақалаға, қолма-қол терістігін дәлелдеп жауап мақала жазып отырады. Ата дініміздің болашағына алаңдаған Хакім атеисттермен қалам майданында жалғыз күреседі.
Жала жабудан, ақталып шығу қиын екені мәлім. Ислам дінін, ақтап алуға, одан қалды насихаттау үшін әрине арабша оқыған ғылымдар болу керек еді. Кеңес үкіметі билігінің тұсында діни қызметке екінің бірі бара бермейтін және діни оқудан да жастар бас тартатын. Орта Азияда жалғыз Бухарадағы «Мир Араб» медресесінен басқа діни сауат ашу орны болған жоқ. Сол медреседе Хакім-хазірет мемлекеттік емтихан комиссиясының тұрақты мүшесі болатын. Қарайып қалмау үшін өзін-өзі қайрап отыратын хазірет ғылым саласында азды-көпті қалам тартты. Ол араб, парсы, көне түрік тілдерін білгендіктен көне кітаптағы білімді жинақтауға тырысты. Оқыған-білгенін, ақ қағаздың бетіне түрте берді, түрте берді. Бірнеше халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Ғалым Хакім-хазірет 26 жылдың ішінде жұма, айт намаздары, қадыр түні, мәуліт күндеріне арнап жазған уағыз-насихаттарын, діндарларға өте мұқтаж саналған маңызды зерттеулерді бірнеше тілде жазып қалдырған.
Ташкент қаласында 1974 жылы тамыз айының ортасында өтетін әйгілі имам — әл- Бухаридың 1200-жылдық мерей тойына арналған халықаралық конференциясына З.Бабахановтың сұрауымен Хакім-хазірет баяндама дайындайды. Өкінішке орай сол жылы денсаулығы сыр беріп, (Алланың әмірі солай болған шығар) 2 тамызда қайтыс болды. Осы конференцияда бүкіл мұсылман әлемінен жиналған қауым, Европа, Азия, Африкадан келіп жиналған делегаттар Хакім-хазіреттің аруағына үнсіздік жариялап, Құран бағыштайды. Осылайша бар ғұмырын халықтың діни сауатын ашуға жұмсаған Хакім Омарұлы үлкен құрметпен бұ дүниеден өтеді.
Артында қалған бәйбішесі Тотыкамал қосағының арқасында 40 жыл бойы Семейдің құрметіне бөленсе-де, балаларының келешегін ойлап 1978 жылы білім ордасы — Алматыға көшіп келді.
Хакімнің құт қонған қара шаңырағына білім шапағаты тараған ұрпақтарына қажының өмірі тура жүрер бағдар-бағыт, даңғыл жол болады. Үш ұлы: Қайдар, Ғабдулла, Сәттар тиісті қызметтерін атқарып, бала-шағаларының қызығын көріп отыр. Екі қызы Мәдина мен Хамида математика мен орыс тілі мамандары. Кенже кызы Руфия дәрігер болған. Екі келіні Рауфа мен Ғалия мектеп директоры болып қызмет атқарған, кенже келіні Сәуле-де жауапты қызметте.
Тұңғыш қызы Мәдина мектеп директоры болып кызмет атқарып, кейіннен Алматының Ленин (Жетісу) ауданының оку-ағарту бөлімін көп жылдар бойы басқарған. Күйеу балалары Қаппас КСРО Қарулы күштерінің полковнигі, Қабкен бас инженер, Төлеген композитор.
Тұлғалардың тұяғы бара-бара қызады дегендей, Хакімнің алты балалары тарап, немере-жиендері Сафар, Қайрат, Айдар, Айдос, Жандос, Бауыржан, Марат, Қуат, Асхат, Әлия, Дәурен, Шолпан, Құралайлар әр салада жоғары білім алып, елші, банкир, мұғалім, суретші, дәрігер, инженер, программист, финансист болып жүр. Немере-шөберелеріне жақсы тәрбие беріп, білікті ұл-қыз болып өсуіне Тотыкамал аналары ұйыткы болып 84 жасқа келгенде 2002 жылы Алматыда қайтыс болды.
Хакім-хазіреттің артында бір ауыл ұрпақ қалды.
Ғабдул Хәкім Омарұлының әңгімелері:
Қаламды құлақ үстіне қоюдың лайықтылығы
Мұхамед Димадаини деген ғалым айтады: «Жазушы жазып отырғанда бір нәрсені бекерлеп жазудан тоқталса қаламы құлағының үстіне қоюы ұнамады болады». — дейді.
Осы сөзін Анас Малик ұлы дейтін сахабаға (пайғамбарды көріп, алдыда иман келтіріп, сол жолында үлкен үлкен жолдастары) тіреп сөйлейді. Анас — Мағауия ибн Суфян пайғамбардың уахиін жазып, отырғанда пайғамбардан бір мақсаттар көрсе, жазудан тоқталып, қаламын құлақ үстіне болған. Олай істегенін пайғамбар көрсе, ей, Мұғауия, сен жазушы болсаң қашан да қаламыңды құлақ үстіне қойсаң есіңде тұрады. Қайда қойдым деп іздейсің дейді. Осы сөзді тағы Сәбит ұлы Зейдке-де тіреп сөйлеген. (Қалқасиндиден).
Аюдың түс көру табиғаты
Аю денелі айуан. Оңаша болуды жақсы көреді. Қашан қыс келсе, өзінің үңгіріне кіреді. Ол үңгірде таудың үңгірлерінен жасалған болады. Одан қашан ауа түзеліп алғанша шықпайды. Қарны ашса аяқ-қолын сорып жатып, аштығын кетіреді. Жазғытұры үңгірінен шығады. Бұрынғысынан артық семіз көрінеді. Сиыр айуанымен жағаласады, қашан сиыр сүзсе, шалқасынан жата қалып, алдыңғы екі аяғы мен мүйізінен ұстап, қатты тістеп барып жеңеді. (Қазуиниден).
Атақты кітапханалар
Кітаптар сақталған атақты кітапханалар жасауды, оған оған кітаптар жинап, сақтауды халифалар, патшалар артық көрді. Сондықтан саны көп кітаптар жинап, сақтады. Соның ішінде кітапқа бай, ең зор кітапхана исламда үшеу болды деп айтылады.
Бірі: Аббаси халифаларының Бағдаттағы кітапханасы. Ол кітапханада сансыз кітаптар болған. Ондағы кітаптар басқа жерден табылмайтын ең құнды деректер болған. Оны халифалар бірінен соң бірі толықтыра келіп, ең аяғы Мустағсим Биллә халифа болған заманда татарлар шабуыл жасап, халифаны өлтіріп, барлық кітап қазынасын әлек қылған.
Екіншісі: Фатимилердің халифалары. Мысыр кітапханасы. Бұл кітапхана кітапханалардың ең зоры, ең қадірлі кітаптар барлық пәннен кітаптар болған. Бай кітапхананың қорғаушысы Фатими халифаларының ең соңғысы Абдулла Салах ад-Дин Айюби болған. Кітаптар оның мемлекетке қожалық қып, билеген заманына дейін сақталып келген. Содан кейін кітапхананың көп кітабын Қадал Қади деген адам сатып алып, қадилия деген медресеге қалдырған. Қаһира (Каир — Н.Д.) қаласында Дәрб Малудияда орналасқан. Содан кейін қиянаткер құлдар кіріп, кітаптарды алып, шамалысы-ақ қана қалған.
Үшіншісі: Бани Умайя (Бани Омаийя) халифаларының Андалусиядағы (Испания) кітапханасы бұдан ең зор кітапхана болған. Ол Андалуске иелік қылып болғаннан кейін кітаптар бет-бетімен таратылып, алынып кеткен. (Қалқасиндиден).
Сыйн (қытайлар) халқының мінез-құлықтары
Қытайлардың үлкені-де, кішісі-де, қыста да, жазда да киімдері жібектен болады. Оның патшалары жібектің ең оңдысын, тазасын киеді. Қара халықтары төменірек сортының шамаларына қарап, жеткенін киеді. Еркектері қыс болса дамбалды екілеп, үштеп, төрттеп, бестеп, одан да көп қып киеді. Себебі олар қыстан қорқады. Жаз күні болса, олар жібектен, не жібек сияқты жалғыз көйлек қана киеді. Басқа сәлде салмайды. Көп уақыт тамақтары күріш болады. Олар күріш жейді. Патшалары бидай нанын жейді, ет жейді, қай айуан болсын, талғамайды, шошқаның да тағы басқалардың да етін жейді. Оларда жемістің түрлі аталары бар: алма, лимон, ағаш лимоны, анар, інжір, жүзім, қияр, қауын, қара өрік, алмұрт, банан, қант қамысы, ұзын қияр, жабайы, ағаш жемісі, жаңғақ, пісте, сары өрік, жидек, шекілдеуік сияқтылар. Құрма, ағашы болмайды. Ішімдіктері күріштерінен істелген ішімдік болады. Оларда арақ болмайды және апарылмайды. Арақтың не екенін білмейді-де, ішпейді-де. Күріштен сорпа жасайды. Құрмадан ішімдік, сорпа жасайды. Тағы сол тәрізділері болды.
Оларда тазалық болмайды, өлімтікті тағы сол тәрізді мәжустер істейтін нәрселерді жейді. Бұлардың діні маджус (отқа табынушылық — Н.Д.) дініне ұқсайды. Қатындары бастарын ашып жүреді, шаштарын тарақпен бекітеді. Кейбіреулерінің басында піл тісінен істелген тарақтан жиырма шақты тарақ болады, не одан басқадан істелген болады. Еркектері бастарын бүркене бас бүркетшек киім, жағасында бірге тігілген капушек тәрізділерді киеді. Олардың ұрыларды ұстаса, жолы оны өлтіру болады.(«Силсилат ат-тауарих» кітабынан).
Досанов Нұрлан, «Ғылым ордасы» РМК, Сирек кездесетін кітаптар мұражайының, кіші ғылыми қызметкері