Осы қазан айында дүниеге келген әлемнің 7 миллиардыншы тұрғыны туралы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун «Әлемнің 7 миллиардыншы тұрғыны қарама-қайшылықты қоғамда дүниеге келеді. Өйткені, бізде азық-түлік болғанмен, миллиондаған адам аштықта отыр. Біздің байлығымыз артқанмен, миллиондаған адам кедейленуде. Ілгерілеушіліктің зор мүмкіндіктері болғанмен, кедергілері көп. Солардың ішінде теңсіздік; келіспеушілік, адам құқының бұзылуы, демократияның жетіспеушілігі, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, ана өлімі, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануын» атап көрсеткен еді.
Аталған жаһандық проблемалар 2009 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезіне арқау болған-ды. Осылайша, Батыс пен Шығыстың түйіскен жерінде орналасқан Астана қаласында әртүрлі ұлттар мен діндер тоғысып, дүние танымы үйлескен жандардың өзара үн қатысуы жалғасын тапты.
«Астана – бұл конфессияаралық келісімнің қаласы. Бейбітшілік және келісім сарайы, мешіттердің мұнаралары, христиандық храмдар мен синагогалардың күмбездері, басқа дін өкілдерінің ғибадат үйлері қала архитектуралық ансамблінің және оның рухани өмірінің ажырағысыз бөлігіне айналып келеді. Астана – бұл өзінің бүкіл тарихында аса ұлы өркениеттердің тарихи және мәдени мұраларының тоғысу орталығы болған елдің ордасы», деген еді Елбасы. 2006 жылы осындай форумға 29 делегация қатысса, 2009 жылы әлемнің 35 елінен 77 делегация жиналды.
Қазақстанда 3200-ге жуық ғибадатхана бар екен. Соңғы жылдары салынған Бейбітшілік және келісім сарайы еліміздің рухани орталығына айналып үлгерді. Бұл ғимаратта әртүрлі конференциялар мен форумдар өткізіліп тұрады, мұнда Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы құрылған. Қазақстан халқы «толеранттылық, діни төзімділік және жаңа атаулыны қабылдауға деген ашықтық секілді қасиеттерімен» ерекшеленеді.
2001 жылы 11 қыркүйектегі жағдай әлемдік «өркениеттер қақтығысын» тудырды. Осы қақтығыс бұлтын сейілту мақсатында көтерілген бастамалар Қазақстанда іске асырылды. 2003 жылғы алғашқы форумда қабылданған Декларацияда «конфессияаралық үнқатысу – халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімге қолдау білдірудің аса маңызды құралы» делінді. Екінші форумда діни соғыстар Жаратушының «бірін бірі өлтірмеу», «қан төкпеу» өсиетін аяқасты етті. Соның салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғындардың қырғынға ұшырауы тілге тиек етілді. 2009 жылғы діни форумда лаңкестік әрекеттер, есірткі проблемасы, ядролық қауіпсіздік мәселелері көтерілді. Осы ретте халықаралық ядролық қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігі сөз болды. Мұның бәрі – адамзат дамуының тұрақтылығын тежейтін «көп басты айдаһарларды» елестетеді.
Дінаралық келісім аясында қарастырылған келесі мәселе – әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы. Халықаралық валюта қорының мәліметтері бойынша, «әлемнің 50-ге жуық мемлекеті экономикалық шыңыраудың шегіне жетті. Әлемнің бүкіл өнеркәсіптік дамыған экономикасы – АҚШ, Жапония, Еуроодақ және Ресей рецессия жағдайында. Соңғы ондаған жылда алғаш рет Қытай экономикасының өсуі баяулады». Бұл дағдарыс жоғарыда аталған жаһандық проблемаларды одан әрі шиеленістіріп жіберді.
Әлемдік дағдарыспен күрес жүріп жатыр. Бұған жұмсалған іс-шаралар көлемі 10 триллион доллардан асып түскен. Валюта резервтері кеміп, мемлекеттік қарыздар өсіп кеткен. Өкінішке қарай, соңғы жылдары әлемнің экономикалық дамуы, ғылым мен техника жаңалықтары, көбіне «үшінші әлем» елдеріне тән аштық, кедейшілік проблемаларын шешіп бере алмай отыр.
Форумда жердің асты-үсті байлығын иемденетін адамдардың қатыгездігі, кедейлер мен байлар алшақтығы, аштықтың салдарынан жұқпалы аурулардың таралуы, қарапайым адамдардың емделуге қолжетімсіздігі сияқты жалпыадамзаттық проблемалар талқыланды. Әлемде миллиардтан астам адам күніне 1 долларға жетпейтін қаржыға күн көреді екен. Осы ретте ғылымның әлсіздігі де алға тартылды.
Дінаралық келісімге келудің түйіні – адамзатты құтқарудың бірден-бір құралы ізгілік бастауларына қайта оралу болды. Форумда жаңа әлем құрылысының негіздері: «әділ экономикалық модель», «мемлекетаралық қатынастардың әділ саяси моделі» және «жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген жаңа көзқарас» аталды.
Кез келген дағдарысты еңсеру үшін адамгершілік қағидалары мен моральдық өлшемдер ұстанымы алдыңғы қатарға шығуы керек. Сонда ғана қазіргі мейірімсіз адамдар санасын өзгертуге болады. Бірақ, әйгілі физик Альберт Эйнштейн айтпақшы, «адам санасын қайта қалпына келтіруден гөрі, атомды бөлшектеп, қайта қалпына келтірген оңайырақ». Басқаша айтқанда, сананы өзгерту – өте күрделі мәселе. Бүгінде әлемді жайлаған рухани жұтаңдық адамдардың қырылып-жойылуына жол ашты. Сондықтан, әрқайсымыз адамзатты сақтау идеяларына қызмет етуге ұмтылайық, ағайын.
Ірілі-ұсақты осындай оқиғаларымен 2009 жыл Тәуелсіз Қазақстан тарихынан ерекше орын алды. Көш басындағылар Қазақ елінде әлемдік экономикалық дағдарысқа төтеп бере алатын күштің бар екендігін дәлелдеді. Елімізде экономикалық және саяси тұрақтылық сақталды, Еуропа кеңістігіндегі белсенділігі артты. Қазақтың шаңырағы дінаралық және ұлтаралық келісімге толы болды. Астана – мемлекетаралық рухани келісім орталығына айналды. Екі онжылдық бойы халықаралық аренада Қазақ елінің мәртебесі өсті.
Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді