Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1969 жылғы Жалаңашкөлдегі қақтығыс

3777
1949 жылы жаңа социалистік мемлекет болып кұрылған Қытай мен КСРО арасындағы қарым–қатынастардың алғашқы кезде достық негізде бірқалыпты жақсы дамығаны тарихтан белгілі.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев шығыстағы ұлы көршімізбен қарым—қатынасымыздың тарихына байланысты: «Біз Қытай—Кеңес қатынастарының соңғы 40 жылдық тарихында күйіп—жанған достық, көрместей болып кеткен өштестік кезеңдерін де бастан кештік. Екі ұлы мемлекеттің астасар тұсында Қазақстан сол бір текетірестің нағыз өтінде тұрды» — деп жазған болатын [1].

1949 жылы жаңа социалистік мемлекет болып кұрылған Қытай мен КСРО арасындағы қарым—қатынастардың алғашқы кезде достық негізде бірқалыпты жақсы дамығаны тарихтан белгілі. ҚКП жүргізген «Үлкен секіру» сынды солақай саясаттың салдарынан 1960 жылы Қытайда ашаршылық орын алды. Осы жылдың 16 шілдесінде Кеңес үкіметі бір жақтылы мәлімдеме жариялап, ҚХР үкіметімен қол қойған бірнеше жүздеген экономикалық келісім—шарттарын тоқтатып, бip ай ішінде Қытайда жұмыс icтеп жатқан 1390 маманын қайтарып алатындығын мәлімдеді. Сондай—ақ Қытайға берген несие қарыздарын қайтаруға қысым жасады. Бұл оқиға Қытайдың ішкі—сыртқы жағдайын қиындатып жіберді. Ежелден «Жерұйық» атанып келген Іле мен Тарбағатай аймақтарындағы тұрғындар тамақтан тарығып, аштыққа ұшырады. Осы орайда Кеңес Одағының Құлжа, Шәуешек және Үрімжідегі Консулдық басқармалары Шынжаңдағы қазақтар мен ұйғырларды Кеңес Одағының азаматы болып, Қазақстанға кетуге насихаттап, жасырын түрде келем деушілерге паспорт таратты. Осындай дайындықтан кейін Кеңес Одағы 1962 жылы мамырдың соңында Іле мен Тарбағатай шекарасын ашып тастап, ол жақтан үдіре қозғалған елді шекарадан бірнеше күн бойы еркін өткізді. Ақыры шекараны қытайлар өздері жауып, ол жақта дүрліккен елді тоқтатты. Miнe, бұл аталмыш «29 мамыр Іле, Тарбағатай шекара оқиғасы». Осы оқиғадан кейін Қытай мен Кеңес Одағы шекарасын тарс жапты. Осы арада айта кетуіміз керек, Кеңес Одағының шекараны ашып тастап Шыңжаңдағы қазақтарды Қазақстанға өткізу мақсаты, қазақтардың басын тарихи отанында қосу емес, сол кезден орын алып отырған еңбек күш жетіспеу проблемасын шешу үшін жасалған әрекет еді.

Бүгінде «Шекара оқиғасында» Қытайдан Қазақстанға қанша адамның өткені жөнінде нақты сандық мәлімет жарияланған жоқ. Бірақ кейбір демократиялық деректер оны анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, 1953 жылы Қытайдағы қазақтардың саны 509,4 мың болса, 1964 жылы ол сан 491,9 мыңға кеміген. Miнe, осы мәліметтен, сол жылдары Қытайда" 110 мыңнан аса қазақтын тарихи отанына оралғандығын байқауға болады [2, 165 б.].

Осы оқиғалардан кейін екі елдің арасы тіпті салқындай бастады. Сөйтіп, 1960 жылдардан бастаған екі ел арасында пайда болған салқындық 1989 жылға дейін созылды. Өйткені екі елдің жетекші саяси күші болған коммунистік партияларының арасында халықаралық саясат пен социалистік құрылысты жүзеге асырудың өзекті мәселелері жөнінде елеулі келіспеушіліктер туды. Компартиялар арасындағы идеологиялық айқас мемлекетаралық қатынастардың шиеленісуіне әкеліп ұрындырды. Екі мемлекеттің шекара дауынан туған қарулы кақтығыстардың бірі 2 наурыз 1969 жылы Қиыр Шығыстағы Даманск жартыаралындағы қақтығыс болса, екіншісі 1969 жылы 13—тамызда Қазақстанның Жалаңашкөл деген жерінде болған еді.

Алғашқы шекаралық қарулы қақтығыс Уссури өзеніндегі Даманск аралы үшін болды. Екі жақтан жүздеген адам, тек КСРО жағынан 58 жауынгер қаза тапты [3, 165 б.]. Даманскінің қытайша аты «Чжэнь—баодао» екен. 1990 жылдары Ресейдің бұл аралды Қытайдікі деп мойындағанына қарағанда, сол кездегі КСРО—ның ұстанған саясаты менмендік пен озбырлыққа сүйенді деп санауға болады.

Оқиғалар барысында екі жақ бір—біріне қарсы шындап соғысқа дайындала бастады. Шекараның екі бетіне де жер қайысқан көп әскер шоғырландырылды. Қытай шекарасының ар жағына саны мен қарулануы жағынан қандай әскери күш шоғырланса, Қазақстанда да дәл сондай мөлшердегі күштің басын біріктірген Орта Азия әскери округы құрылды.

Бүгінгі күн ұғымынан келер болсақ, екеуі де қорғанушы емес, шабуылдаушы күш еді. Тянь—Шань тауларындағы Қытай мен Қазақстанды жалғастыратын бірнеше асуларға лық толтыра әскери техника қордаланып, бекіністер. ядролық қару қоймалары, аэродромдар мен арсеналдар салынды. Әскери доктриналар екі жақта да бір—бірін ең басты қарсыласы деп жариялады [4].

Қытай мемлекетінің 1964–1967 жылдар арасында Лоб—Нор полиго—нында ядролық, термоядролық сынақтар өткізіп, баллистикалық ракеталар жасауы оны әлемдагі әскери жағынан аса қуатты мемлекеттер қатарына шығарды.

Ядролық қаруға сүйенген сол кездегі Қытай басшылығы көршілеріне жер дауын жариялады. AҚШ, KCPO, Ұлыбритания мемлекеттері 1963 жылы ядролық сынақтарды жерде, әуеде, суда жүргізбеу туралы шарт жасаса, ядролық қаруға ие болған Қытай оған қосылудан бас тартты[4].

Бұрынғы заманда да, қазіргі кезде де мемлекеттер арасындағы қарулы қақтығыстардың көпшілігінің себептері жер мәселесі екені тарихтан белгілі. Сол кездегі Кеңес—Қытай шекарасындағы «даулы жерлер көлемі 33 мың шаршы шақырымды алып жатты, Қиыр Шығыстан Тәжікстанға дейін аралықты қамтыды» [5].

1964 жылы екі ел арасында шекара мәселелері жөнінде келіссөздер басталды. Қытай жағы екі ел арасындағы шекара туралы келісімге қол қоюды ұсынды. Кеңес алуға Мәскеуге келген КСРО делегациясының басшысын Л.И. Брежнев Сусловқа жіберді, ал ол бұл іске араласудан бас тартып, «Пекинде келіссөздер кезінде өздерің бәрін реттеңдер» деп шығарып салады. Бұл іс жүзінде шекара мәселесін мемлекеттік деңгейде қарап, шешуден бас тарту еді.

Мұны естіген Қытай премьері Чжоу Эньлай: «Бұл КСРО—ның үлкен қателігі болды. Аяғы, қантөгіске апаруы мумкін» — депті«. Кейін, 5 жылдан соң екі ел бір—бірімен үлкен соғысқа киліге жаздағаны бүгін тарихтан белгілі [4].

Келесі қарулы қақтығыс болған жер Жалаңашкөл Семей облысының Алматыдан 900 шақырымдай жердегі «Жоңғар қақпасының» солтүстік шығысында, қазіргі Алматы облысының Алакөл ауданында болды. Ол кезде көл жағасындағы шағын поселкіде шекарашылар мен ауа райын бақылау станциясының қызметкерлері тұрған. Қытай тарихында бұл жердегі қақтығыс бүгінде «Теректі өзені түбіндегі шиеленіс» деп көрсетіледі екен.

Кеңес—Қытай шекарасының осы тұсы сол жылдың көктемінен «мазасыз» болатын. Қытай жағынан бейбіт тұрғындардың шекарадан «байқамай» өтіп кетулері, арғы беттен кеңес шекарашыларын мас күйінде балағаттау, намысқа тиетін сөздер айту, т.б. арандату әрекеттері жиіледі.

Тамыздың 12—нен 13—не қараған түні қытайлық 12 жауынгер шекарадан жасырын өтіп, Жалаңашкөлден 10 шақырымдай жердегі шекарашылар «Каменная» деп атайтын биіктікке окоп қазып, бекініп алады. Таңсәріде сержант Михаил Дулепов пен жауынгер Н. Егоровцевтен тұратын шекарашылар наряды болған оқиғаны көріп, заставаға хабарлайды. Дабыл қағылып, көрші заставалардан көмек шақырылады. Шекара штабынан подполковник И. Никитенко бастаған офицерлер тобы тікұшақпен оқиға болған жерге жетеді. Лейтенант Е. Говор дауыс күшейткіш арқылы орыс және қытай тілдерінде шекара бұзушылардан кеңес жерінен кетуді талап еткенмен, одан ештеңе шықпады. Жауап орнына биіктіктен оқ жауа бастады, сөйтіп ұрыс басталды. Уақыт таңғы 0755 болатын. Қытай жағынан 60–70 адамнан тұратын топ өз кісілеріне көмекке ұмтылды.

Кеңестік шекарашыларды П.И. Никитенко, П.С. Теребенков, Е. Говор, В.Ф. Ольшевский, В.В. Пучков сияқты офицерлер бастап, бірнеше бронетранспортердың көмегімен ұрысқа кірді. Биіктікке бірнеше бағыттан бір мезгілде шабуыл жасалады. Шайқас бір сағат бес минутқа созылып, Кеңес шекарашыларының жеңісімен аяқталды. Шекара бұзушылар бірнеше жауынгерінен айырылып, өз жеріне шегінуге мәжбүр болды. Биіктікте 4 ТТ пистолеті, 9 СКС карабині, РПД пулеметы, 4 танкіге қарсы пайдаланатын және 27 қол гранаталары, 6 кумулятивты снаряд, радиостанция, 2 кинокамера, бірнеше фотоаппарат, қару—жарақтар мен оқ—дәрілер қолға түсті.

Қақтығыс барысында екі жақтан шыққан шығын: кеңес шекарашыларынан 12 адам жараланып, 2 адам қайтыс болды. Олар, кіші сержант Михаил Дулепов пен ефрейтор Виталий Рязанов. Қытай жағынан 19 адам өлді, үшеу жараланып қолға түсті, оның екеуі сол жарадан Үшаралға ауруханаға апара жатқанда қайтыс болды [6]. Бірнеше күннен кейін екі елдің өкілдерінің келісімі бойынша олардың денесі табытқа салынып Қытайға қайтарылды.

15 тамызда Үшаралда қақтығыста қайтыс болған шекарашылар кіші сержант Михаил Дулепов пен ефрейтор Виталий Рязановты жерлеу рәсімі өтті. Олар ауылдың жанындағы қорымда жерленді. Оралдан арнайы келген қайтыс болған жауынгерлердің ата—аналары мен туыстары балаларының мейітін елдеріне алып кетуге көмектесуді сұрап өтініш білдіргенде, әскери басшылар оған өздерінің қарсылықтарын білдірді. «Бұл жауынгерлер батырлар, олар отан қорғап жүрген шекарашылармен үнемі бірге болуға лайықты және жас жауынгерлерді тәрбиелеуде үнемі үлгі болады. Олардың жатқан жерін біздер үнемі қарап, тәртіпте ұстаймыз» — деген өз тұжырымдамаларын айтты. Бүгінгі күннің көзімен қарасақ, әрине бұл да сол заманның саясатының бір көрінісі [7].

Осы қарулы қақтығыстардағы адам шығындары, екі алып мемлекеттің арасында соғыс болып кету қаупінің күшеюі әлем жұртшылығын алаңдата бастады. Бұл екі ел басшыларының да аптығын басып, біршама тәубесіне түсуге мәжбүр етеді.

1969 жылы қыркүйекте A.Н. Косыгин Пекинде Чжоу Эньлаймен кездесіп, екі ел арасындағы қарулы қақтығыстарды тоқтатып, шекара дауын бейбіт келіссөздер арқылы шешуге уағдаласады [8].

Осы 38—ші шекара нүктесі 26 сәуір 1994 жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының басшыларының кездесуінде екі елдің мемлекеттік шекарасын ратификациялау туралы келісіміне сәйкес шешімін тауып еліміздің пайдасына түпкілікті шешілді. Содан бері заман да, елбасылары да, саясат та өзгерді. Қазақстан тәуелсіздік алып кеңестік дәуірден «мұра» болып қалған шекара мәселесін дау—дамайсыз бейбіт жолмен реттеп, Қытаймен тату көршілік қатынас орнатты.

Бүгіндер, Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар ұйымына мүше елдердің ішінде жер көлемі жағынан тоғыыншы орынды (2 млн. 724,9 мың шаршы км.) алады. Халықтың орташа тығыздығы 6 адам (1 шаршы шақырымға). Бұл шекаралас және жақын алты елдің ішінде Қазақстанда ғана төмен екенін көрсетеді. Тұрғын халықтың тығыздығына келсек, Қытай — 133 адам, Қырғызстан — 24,5, Ресей — 8,5, Тәжікстан — 47,4, Түркіменстан — 7,8 және Өзбекстан — 47,4 адам. Осы алты елдің ішінде халқы өте сирек орналасқан мемлекет — тағы да Қазақстан. Шекарасы 15 мыңнан астам километр қашықтықты алып жатыр. Оның 12 мың километрден астамы сусыз аймақтан өтсе, 3 мыңдайы сулы аймақты қамтиды (Каспий, Арал т.б.) Оның ішінде 8 мың километрге жуғы, яғни жартысынан көбі Ресеймен екі арада, 5 мың километрі Орта Азияның тәуелсіз мемлекеттерімен және 1460 километрі Қытаймен шектеседі. Территориясы батыста Волга ның төменгі сағасынан Шығыста Алтай тауларының бөктеріне дейін 3 мың км., Солтүстікте Батыс—Сібір жазығынан оңтүстікте Тянь—Шань тауларына дейін 1700 км. жерлерді қамтиды. Көршілес елдермен шекара мәселелері бүгінгі күні толық анықталып, делимитацияланған.

Қазақстан өзінің сыртқы саясатында Ресей Федерациясымен және Қытай Халық Республикасымен ара—қатынасқа айрықша мән береді және өзінің сыртқы саясатындағы басым бағыттарының бipi ретінде қарайды. Бұл бағыт — ұстаным «Қазақстан—2030», «Қазақстан—2050» стратегиясында және елбасымыздың сыртқы саясат мәселелеріне байланысты сөйлеген сөздерінде, жазған еңбектерінде жалғасын тауып отырады. Мысалы, «Қазақстан—2030» стратегиясының «Ұлттық қауіпсіздік» деп аталатын бipiншi басым бағытында: «... өз қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығымызды қамтамасыз ету үшін біз күшті мемлекет болуға және көршілерімізбен берік және достық қарым—қатынаста болуға тиіспіз. Сондықтан ең жақын және тарихи достас көршіміз Ресеймен арадағы сенім мен теңқұқылы қарым—қатынасымызды дамытып, нығайта береміз» — деп көрсетілген. Жер — елдіктің белгісі, ол халық бірлігінің, оның тұтастығының көрінісі. Жерсіз ел болмайды. Жерден айырылу елден, елдігінен айырылу деген ұғыммен бірдей. Міне, осының бәрін жас ұрпаққа ұғындыру, бейбіт өмірдің адамзат үшін баға жетпес құндылық екенін, ол үшін оларды бейбітшілік сүйгіштік рухында тәрбиелеу — ең алдымен жоғарғы буын ағалардың міндеттері екені анық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Назарбаев Н. Ә. Ғасырлар тоғысында. Алматы, «Өнер». 1996. 206 б.
2. Қазақ диаспорасының бүгіні мен ертеңі. «бас редакция: ҚР ҒА академиктері: А Қошанов, Ә Нысанбаев» — Астана: Елорда, 2005. 352 бет.
3. Бубенин В. Кровавый снег Даманского. События 1966–1969 гг. —М.; Жуковский: Граница; Кучково поле, 2004. —192 с.; Лавренов С.Я., Попов И.М. Советско—китайский раскол. //Советский Союз в локальных войнах и конфликтах. —М.: Астрель, 2003. —С.336—369.
4. Дүйсенов С. Жалаңашкөл оқиғасы. // Қазақ тарихы. 2001. № 5. 37–38 б.
5. Қожахметұлы Қ. Азия мен Африкадағы халықаралық қатынастар // «Қазақ тарихы» журналы. 2000. № 3. 61—бет.
6. Регуш К.В. 60 лет на страже государственных границ СССР. Сорник. — М.: Воениздат, 1979; «Красная звезда» газеті, 1969 ж. 23 тамыз.
7. Мусалов А. Даманский и Жаланашколь. Советско—китайский вооруженный конфликт 1969 года. —М.: Экспринт, 2005.
8. Токаев К. К. Под стягом независимости. Алматы. «Білім». 1997. 205–206 бб.

Өскембаев Қ.С. т.ғ.к., доцент, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?