Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сайлау тарихы

4034
Сайлау тарихы  - e-history.kz

Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде ерікті сайлауды, ал егемендікке ие әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі - халық екенін анықтады. Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.

Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау, оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, олардың саяси көзқарастарының естілуі үшін және олар сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алуы үшін қажеттінің барлығын пайдалана алады. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әр түрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді. Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқы жоқ.

Президенттік сайлау тарихынан

Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанады. Мемлекет Басшысын сайлау және Қазақстан Республикасының Парламентін, сондай-ақ жергілікті өкілді органдарды құру біздің елімізде ұлттық заңнамаға және Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясына (1948 ж.), Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге (1966 ж.), Еуропалық адам құқығы мен негізгі бостандықты қорғау туралы конвенциясына (№1 Хаттама, 1952 ж.), ЕҚЫҰ-ның Копенгаген кеңесінің құжатына (1990 ж.) енгізілген демократиялық сайлаудың жалпыға танымал принциптеріне сәйкес ашықтық және жариялық жағдайларында өтеді.

Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген.

Конституцияның және аталған заңның ережелеріне сәйкес Президентті, Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдар депутаттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жергілікті органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.

Қазақстан Республикасының Президенті бес жыл мерзімге сайланады. 
           Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы он бес жыл тұратын Республика азаматы сайлана алады.

Қазақстан Республикасының Парламенті елдің жоғары өкілетті органы болып табылады және тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады.

Сенатты 47 депутат құрайды. Қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Мемлекет Басшысы тағайындайды. Сенаттың тағы 32 депутаты, әр облыстан, Астана және Алматы қаласынан екі адамнан сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен жүзеге асырылады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады.

Мәжіліс  жүз жеті депутаттан тұрады, олардың тоқсан сегізі Парламент Мәжілісі депутаттарын партиялық тізімдер бойынша тепе-теңдік сайлау жүйесі бойынша сайланады, тоғыз депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады. Саяси партиялар Парламенттің төменгі палатасының құрамын сайлаудың тепе-тең жүйесі арқылы (партиялық тізім бойынша) құрады. Бұдан бұрын елімізде Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша өткізілетін (67 депутат бір мандаттық сайлау округі бойынша сайланып, ал 10-ы – саяси партиялардың тізімі бойынша сайланатын).

Дүниежүзінде әбден жетілдіріліген сайлау жүйесі әлі де болса қалыптаспаған. Ғасырлық демократиялық дәстүрі бар ежелгі мемлекеттердің өзі жаңа сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу барысында кемшіліктер табады.

Сондықтан да «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң үнемі жетілдіріліп, заманауи әлемнің реалийлеріне сәйкес түзетіліп отырады. Сайлау заңнамасымен бірге сайлау үдерісі де жақсарады, сайлаушылардың және басқа да сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық мәдениеті артады.

1995 жылғы қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның бастапқы қабылдану уақытынан бастап оған он төрт рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жалпы алғанда осындай түзетулер 792-ден астам болды. Осылайша қалыптасқан еліміздің сайлау заңнамасы ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген құжаты қалыптастырған сайлау құқығының негізгі қағидаттарына жауап беретін, Қазақстан Республикасы Конституциясына негізделген және Сайлау туралы Конституциялық заңның жалпы бөліміне енгізілген және оның тараулары мен баптарында тәтпіштелген сайлау жүйесін құруға мүмкіндік берді.

Сайлау туралы заңға неғұрлым тұжырымдамалық өзгерістер 2004, 2007 және 2009 жылдары енгізілді. Сонымен қатар 2004 жылы баламасыз сайлау, алдын-ала дауыс беру алынып тасталды; сайлау комиссияларын қалыптастырудың жаңа қағидаты - саяси партиялардың ұсынуымен жергілікті өкілді органдарды сайлау енгізілді; сайлаушылардың тізімін құру қағидаты өзгерді: сайлаушылар тізімге тұрғылықты жеріндегі тіркеуге сәйкес енгізіледі; кандидаттардың БАҚ-қа тең қолжетімділігіне кепілдіктер енгізілді; отандық және халықаралық байқаушылардың құқықтары едәуір кеңейді және т.б.

2007 жылғы маусымда Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістерге байланысты Сайлау туралы заңда Парламент Мәжілісін қалыптастырудың жаңа тәртібі белгіленді, сондай-ақ саяси партиялардың сайлау комиссияларының жұмысына қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Атап айтқанда, сайлау комиссиясының құрамында өкілдері жоқ саяси партиялар сайлау науқанын дайындау және өткізу кезеңіне тиісті сайлау комиссиясына өзінің кеңесші дауыс құқығын бере отырып сайлау комиссиясы мүшесінің барлық құқығы берілген өкілін жіберуге құқылы.

Республиканың сайлау заңнамасына 2009 жылы енгізілген маңызды өзгерістердің бірі - Парламент Мәжілісін, екінші партия заңда белгіленген 7-пайыздық кедергіні еңсермеген жағдайда да, кемінде екі саяси партияның қатысуымен құруға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктің енгізілуі. Аталған тетіктің енгізілуіне себеп - 2007 жылы өткізілген Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда дауыс беру нәтижелері бойынша қалған барлық партиялар заңда белгіленген 7-пайыздық кедергіні еңсермегендіктен, барлық мандаттар бір партияға тиесілі болғандығы.

Бұдан басқа сайлау алдындағы үгітті жүргізу тәртібін регламенттейтін және кандидаттар мен саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділіктің тең шарттарын қамтамасыз ететін баптарға өзгерістер енгізілді. Жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шығып қалған депутаттарының орнына сайлаудың бірыңғай күні белгіленді.

2011 жылғы толықтырулар Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізу мәселелерін қамтыды. Соның ішінде толықтырулар кезектен тыс президент сайлауын Президент тағайындайтынын және тағайындалған күннен бастап екі ай мерзімде кезектен тыс Президент сайлауы үшін белгіленген ережелерге сәйкес өткізілетіні, ал кезектен тыс Президент сайлауынан кейінгі Президенттің кезекті сайлауы бес жылдан кейін жарияланатыны анықталды. Бұл ретте сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.

2013 жылғы толықтырулар Парламент Сенаты мен Мәжілісінің кезектен тыс сайланған депутаттарының өкілеттіктерінің конституциялық мерзімін есептеуге қатысты болды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ел азаматтары екі референдумдық науқанға, президентті сайлау жөніндегі алты науқанға, бес –Парламент Мәжілісін (төменгі палата) сайлау жөнінде, бес – биліктің жергілікті өкілді органдарын (мәслихаттарды) сайлауға қатысты. Сонымен қатар 2009 жылдан бастап сайлаушылар жылына екі рет мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауға қатысады.

Соңғы бес жыл біздің еліміз үшін электораттық оқиғаларға толы кезеңдердің бірі болды.

2011 жылғы сәуірде және 2015 жылғы сәуірде Мемлекет Басшысын сайлау, 2012 жылдың басында Парламент Мәжілісінің мен жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) депутаттарын сайлау болды. 2013 жылғы тамызда 2457 әкімшілік-аумақтық бірлікте жергілікті әкімшіліктердің басшыларын (әкімдерді) сайлау, ал 2014 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау болды.

election.gov.kz

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?