Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы ұжымдастыру: Тарихи аспектілері.

6033
Қазақстандағы ұжымдастыру: Тарихи аспектілері. - e-history.kz
(«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ХАЛЫҚ ҚАСІРЕТІ ЖӘНЕ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ» Халықаралық ғылыми конференциясы материалдарының жинағынан), Астана баспасы, 2012

Ұжымдастыру қасіреті мұрағат құжаттарын терең талдауды, статистикалық мəліметтерді жан-жақты зерттеуді, ғылыми зерттеулерді шығаруды қажет ететін маңызды тақырып. Отандық зерттеушілер осы тақырыпты жан-жақты зерттеуге тəуелсіздік жылдары зор мүмкіндіктер алды. Тəуелсіздік қарсаңында 1988 жылы «Қазақстан жəне Орта Азия республикаларындағы ұжымдастыру: нəтижелері жəне проблемалары» атты ғылыми-теориялық конференциясы өткені белгілі. Осы кезден бастап Қазақстандағы ұжымдастыру тарихына кеңестік идеологиядан арылған жаңа көзқарас қалыптасты.

Кеңес үкіметі жиырмасыншы жылдары кешенді əлеуметтік-экономикалық саясат жүргізді, онда елді индустрияландыруға басымдық берілді. Өз кезегінде БК(б)П ОК-нің қараша (1929 ж.) Пленумында ұжымдастырудың жоғары қарқыны «заңнамалық» тұрғыдан бекітілді, қысқа мерзімде жаппай ұжымдастыруға жол ашты. Қазақ ауылын күйрету – сталиндік тəжірибе болды жəне «артта қалған халықтардың капитализмге соқпай, феодализмнен бірден социализмге өту мүмкіндігі» туралы белгілі маркстік теорияға негізделді. Бұл жерде биліктің қол жеткізгені – шаруашылықтың дəстүрлі түрлерін жою жəне ауылдағы қарсылық күштерін басып-жаншу болатын. Белгілі демограф М.Тəтімов: «Жаппай ұжымдастыру бойынша қатал науқан алдын ала дайындықсыз жедел түрде жүрді. Көшпелі мал шаруашылығының үшмыңжылдық тəжірибесі небəрі үш жыл ішінде (1931–1933 жж.) «тезарада тоқтатылуы» тиіс болғанын» алға тартады

[Татимов М., Татимова М. Трагедия Великой степи // Мысль. -2009. -№6.-С.55-60.]. Сонымен қатар, орталық билік ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау бойынша жоспарлы тапсырмаларды қалай да орындау міндетін алға қойды, жаппай ашаршылық кезеңінде – 1932 жылдың қысында да тоқтатпады. «ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылықта 2 млн. 300 мың қазақ жəне өзге ұлттардың 200 мыңға жуық өкілі құрбан болған» [Тəтімов М. Қазақ əлемі. Алматы, 1993]. Қазақстандағы қасіретті жағдайды талдай келе, американдық тарихшы М.Б. Олкотт: «Қазақстанда жаппай саяси қуғын-сүргін немесе ашаршылық кезінде аға ұрпақ өкілдері құрбан болмаған отбасы жоқ шығар. Көптеген отбасы толығымен қырылған, олардың артында ешкім қалмаған, бүгінде олардың атын кім шығарады» (Олкотт М.-Б. Советское наследие Казахстана. www.asia kz.com /rus/ article. 103.).

Қазақстандағы қасірет қазақ халқының тарихында мəңгілік орын алды, сонымен қатар ұжымдастыру тарихы болашақта жан-жақты, тиянақты зерттеуді қажет етеді жəне отандық тарих ғылымының алдына жаңа міндеттер қояды.

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?