Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қыпшақ хандығы

12156
Қыпшақ хандығы - e-history.kz

 

Бұрынғы қимақ, қыпшақ және куман тайпалары қоныстанған аумақта әскери-саяси үстемдiк 11 ғасырдың басында Қыпшақ хандығына (11 ғасырдың басы — 1219 жыл) көштi. “Қыпшақ” атауы алғаш 760 жылы ежелгi түркiлердiң руникалық ескерткiштерiнде аталады. 9 — 10 ғасырларда қыпшақтар тарихы қимақтармен қоса өрбiдi. Қыпшақтар қимақтар құрған конфедерацияға, кейiн Қимақ қағандығы құрамына кiрдi. 11 ғасырдың басында Қимақ қағандығы ыдырағаннан кейiн, әскери-саяси жетекшiлiкке ие болған қыпшақтар белсендi қимыл жүргiзу барысында өз мемлекетiнiң шекарасын кеңейттi. Әуелі қыпшақтар қимақ шонжарларының билеп-төстеуіне көнуге мәжбүр еді. Бірақ  XI ғасырдың басында бұрынғы қимақ қағанатының жерлеріндегі ахуал күрт өзгерді. Оңтүстік және батыс бағыттағы белсенді іс-қимылдың нәтижесінде қыпшақ билеуші әулеттік шонжарларының ықпалы артып, олар билікті өз қолдарына алды.

Олар Шығыс Еуропа мемлекетiмен де саяси байланыстар орнатқан. XI ғасырдың екінші ширегінде қыпшақтардың оғыз жабғуларын Сырдарияның төменгі және орта аңғарынан, Арал өңірі мен Каспий өңірі далаларынан ығыстыруға экономикалық және саяси себептер мәжбүрлеген.

Саяси себептер негізінен Орталық Азия тайпаларының XI ғасырдың басында батыс бағытта қозғалуына байланысты орын алған. Еділ бойы, Үстірт және Сырдарияның төменгі ағысы арқылы өтетін сауда кереуенінің ірі жолдарын бақылауға алып, ықпал етуге де талпыныс байқалған. Қыпшақтар Азия мен Еуропа арасындағы байланыс көпірін иелену арқылы экономикалық ахуалды жақсартуды көздеген. Себебі күре жолдың дәл осы бөлігінде алыс-беріс қызып тұрғандықтан, қаржы айналымы да қомақты еді.

Көшпелі тайпалар негізінен ата кәсіпке бет бұрғандықтан, жайылымдардың тапшылығы да орын алған. Тығырықтан шығудың амалы оларды жаңа жерлерді басып алуға итермелеген көрінеді.

XI ғасырдың бірінші жартысында Сырдариядағы қыстақтарға көшуге тиым салынған, оның қолжетімсіздігінің кесапаты сезілді.

Қыпшақтар билігінің Арал өңірі мен Сырдария бойындағы аймақтарға таралуына байланысты этникалық-саяси жағдайдың өзгеруіне қарай XI ғасырдын 2-ширегінің басында қыпшақ ақсүйектерi оғыздарды Сырдарияның орта және төменгі бойларынан, Арал мен Каспий өңiрi далаларынан тықсырып шығарды. Аймақтағы этникалық-саяси ахуалдың өзгеруiне сәйкес, «Оғыздар даласы» (Мафазат әл-гузз) деген атаудың орнына «Қыпшақтар даласы» (Дешті Қыпшақ) деген атау пайда болды. Маңғыстауды, сондай- ақ оған жапсарлас жатқан аймақтарды қаратып алған қыпшақтар Хорезмнің солтүстік шегіне жақындап келді. Сол арқылы қыпшақтардың саяси ықпалы едәуір кеңейді. XI ғасырдың ортасында құмандардың негізгі бұқарасы мен билеуші токсоба және бұржоғлы руларының қол астындағы қыпшақ тайпаларының үлкен топтары оңтүстік орыс және Қара теніз өңірі далалары мен Византия шекараларына дейін қоныс аударды. Осы оқиғалардың нәтижесінде қыпшақ тайпаларының жері этноаумақтық екі бірлестікке: Еділ өзені бөліп жатқан Шығыс қыпшақ және Батыс қыпшақ бірлестіктеріне бөлінді. Қазіргі Қазақстан аумағының көп бөлігі Шығыс қыпшақ ұлысы ханының билігінде болды[1].

11 ғ-дың орта тұсында қыпшақ тайпалары Едiлден өтiп, Еуропа халықтарымен қарым-қатынас жасай бастады. Қыпшақ этникалық қауымының қазақ аумағында құрылуы күрделi де ұзақ процесс болды. Оның даму жолынан үш кезең айқын көрiнедi. Бiрiншi кезең қимақ (кимек) тайпалық бiрлестiгi өзегiнiң құрылуымен тiкелей байланысты, онда 7 ғасырдың ІІ жартысынан бастап, 8 ғасырдың аяқ кезiне дейiн қыпшақтар елеулi рөл атқарды. Екiншi кезең 8 ғасырдың аяғынан 11 ғасырдың басына дейiнгi уақытты қамтиды. Бұл кезеңде қыпшақтар мекен еткен аумақ шығысында Алтай мен Ертiстен бастап, батыста Оңтүстік Орал таулары мен Едiл өңiрiне дейiн жетедi. Қыпшақтармен бiрге Батыс Қазақстанды, орталығы Мұғалжар тауларында болған кумандар жайлаған. Негiзгi үш этникалық-саяси бiрлестiк — қимақ, қыпшақ және кумандардың өзара бiрiгуiнде қимақ тайпалары үлкен рөл атқарды. Сондай-ақ, қыпшақ этносының iшкi этн. даму жолы сол араның байырғы тұрғындарын өз арасына сiңдiрiп, қыпшақтандыруға бағытталды. Қыпшақ этносы қандас туыстық байланыстар емес, аумақтық-шаруашылық қарым-қатынастар негiзiнде қалыптасқан-ды. 11 ғасырдың басынан 13 ғасырдың басына дейiн қыпшақтардың этн. қауымдастығының құрылуы өз дамуының үшiншi кезеңiне өтедi. Бұл уақытта қыпшақ хандарының құдiретi артты, ел-бөрiлi руының әулеттiк билiгi заңдастырылды. 11 ғасырдың орта тұсында қыпшақтар қазiргi Қазақстанның шығысында Алтай мен Ертiстен бастап, батысында Едiл мен Оңтүстік Оралға дейiн, оңтүстінде Балқаш көлінен солтүстігіндегi оңтүстік-батыс Сiбiрдiң орманды далаларына дейiнгi ұлан ғайыр өлкеге тарады. 11 ғасырдың ІІ-жартысында Маңғыстау мен Үстiрт жерлерiне орнықты. Қыпшақ хандары мұрагерлiк жолмен билiк құрған “орда” деп аталған хан қосынында ханның дүние-мүлкi сақталып, әскер iсiн жүргiзетiн басқару аппараты жұмыс iстеген. Хандық оң және сол қанаттарға бөлiндi. Оң қанат қосынымен Жайық өз. бойында, Сарайшық қ-ның орнында, сол қанат қосынымен Сырдария аумағындағы Сығанақ қаласыннда тұрған.

Қыпшақ қоғамы әлеуметтік жағынан әркелкi болды. 11 ғасырдың аяғы мен 12 ғасырдың бас кезiнде Жент, Янгикент, төменгі Сырдарияның басқа да қалалары қыпшақ көсемдерiне бағынды. Бұл қалалар үшiн 12 ғасырдың 1-жартысында Орта Азияның мұсылман әулеттерi де күрес жүргiздi. Ислам дiнiн таратуды ту етіп ұстаған олар Дештi Қыпшаққа iшкерiлей енедi: 1133 жылы Хорезм шахы Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңдi. Хорезм шахы Текеш (1172 — 1200) қыпшақтармен жақындасып, көшпендi тайпалардың басшыларын қызметке тартты. 13 ғасырдың бас кезiнде Сығанақ қаласының аймағы Хорезм шахы Мұхаммед (1200 — 20) мемлекет құрамына кiрген. Моңғол басқыншылығы қыпшақ мемлекетiн құлатқанымен, оның даму үрдiсiн бiржолата күйрете алған жоқ, тек уақытша тұншықтырды. Олар 15 ғасырда қазақ халқы мен мемлекетiнiң қалыптасу кезеңiнде қайта өрледi.

Қыпшақ бірлестігінің құрамындағы тайпалардың құрылымы әр текті еді. Олардың арасында қыпшақтар, түркі тілдес қимақтар, кумандар, печенегтер, ежелгі башқұрттар, оғыз тайпалары, сонымен қатар иран тілді этникалық топтың түркі тілдес элементтері кездеседі.

Қыпшақтар этнос ретінде қазақтардың этногезінде елеулі рөл атқарды. «Қазақ» сөзінің өзі қыпшақтар мекендеген аймақта қалыптасты деп сеніммен айтуға негіз бар. Оның тұңғыш рет таралған аймағы Шығыс Дешті Қыпшақпен, қазіргі Қазақстан аумағымен аса тығыз байланысты. «Қазақ» сөзінің пайда болуын А. И. Самойлович XI ғасырға жатқызды [2].

«Қазақ» сөзі алғаш рет 1245жылы Мысыр Мәмлүк мемлекетінің қыпшақ ортасында құрастырылған түрік-араб сөздігінде кездеседі. Онда «қазақ» сөзіне «еркін, кезбе» деген мағына беріледі[3]. 

 

Мемлекеттің күйреуі

Қаруды асына алатын бар ер адамдар қыпшақ әскерінде қызмет етуге міндеттелген. Византия тарихшыларының жазбаларына сәйкес олар қару ретінде садақты, арқанды, найзаны, семсерді қолданған.  Роберта де Кларидің өз еңбектерінде қыпшақ жасағындағы әскерилердің киімі қой терісінен тігілген. Олардың әрқайсысының еншісіндегі жылқылар саны 10-12 жеткен.  Садақпен қаруланған жеңіл салт аттылар жасағы кез келген қыр адамы тәрізді көшпенділердің де басты күшіне айналды.

Уақыт өте келе қарудың ауыр түрлері де пайда болады. Олардың арасында сауыт, күміс, темір дулығалар. Қыпшақтар XII ғасырдың екінші ширегінде атпанайзалар мен «сұйық отты» да пайдалануға көшкен. Бәлкім қарудың мұндай түрлері салжұқтардан алынған деген байлам бар. Дегенмен дәл осындай техникамен қамданған қыпшақтар үшін бекінісі мықты қалалардың өзін бағындыру еш қиындық келтірмеді.

XIII ғасырдың басында барлық мұсылмандық Азияда көшбасшылыққа ұмтылған хорезмшах Мұхаммед (Alā al-Dīn Muhammad, толық есімі – Ала ад-Дунийа ва-д-Дин Абу-л-Фатх Мухаммад ибн Текеш, 1169-1220 жылдары өмір сүрген) мемлекеті құрамына Сығанақ облысы да кіреді[4]. Қыпшақ билеушілері ірі аумақтағы ықпалдан айрылып қалса да, Хорезмнің дегеніне көнбей, белсенді түрде қарсылықтарын білдіруді тоқтатпады.

Қыпшақ мемлекеті күйреді. Дегенмен оның даму үрдісін XIII ғасырдағы күрделі оқиғалар құлдыратқан жоқ, тек қарқынын бәсеңдетті. Нәтижесінде XV ғасырда қазақ халқы мен мемлекеттің қалыптасу кезеңінде қайта байқалды.

 


[1] Бартольд В. В. Кыпчаки. Соч., т. V, М., 1968, 550 б.

 

 

[2] Самойлович А. И. О слове «казак». // Сб. «Казаки. Антропологические очерки». Л., 1927. 13 б.

 

 

[3] Маджму тарджуман турки ва аджами вамагули ва фарси. Хаутс-ма басп. Лейден, 1894, 25 б.; Курышжанов А. К. Исследование по лексике «Тюркско-арабского словаря». А., 1970, 154 б.

 

 

[4] История Казахстана: с древнейших времен до наших дней в пяти томах. – Алматы: Изд-во «Атамұра», 2010. Том 1. 544 с. – С. 424.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?