Бұл Абайдың "ат мақтау" деген өлеңі деп 1926 жылы 5 шілдеде Зағфар Құлтайұлы атты кісі көшіріп жазған екен. Кейін өлең жазылған бұл дәптерді 1959 жылы қызы Буқамилаға (Букан) беріп, жоғалтпай сақтауды тапсырады.
Букан апамыз бұл дәптерді бірде жөргекке қосып орап, бірде бесіктің басындағы жастықтың астына қойып сақтап, боран-шашынды жылдардан аман сақтап қалған деседі. Қазыр бұл дәптер Буқамила апамыздың ұлы Ақиқат Қазезұлының қолында сақталып тұрған көрінеді.
Дәптерде басқа қандай өлеңдер бар екені қазірше белгісіз. Ақиқат Қазезұлы қазыр Қытай Алтай қаласына қарасты Алағақ қалашығында тұрады.
Қысқаша айта кетер болсақ, ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармалары көзі тірісінде халық арасында жатталып, кеңінен таралды. Ал, ақынның шығармаларының толық жинағы тек ақын дүние салғаннан кейін ғана жарыққа шықты. Сондықтан да жоғарыдағы өлеңнің түпнұсқасы қандай нұсқада екендігін зерттеу өсекті тақырып деп білеміз. Бәлкім ел аузында жатталған нұсқалары, кітап болып шыққан қолжазба нұсқаларынан бөлек шығар. Ұлы хакімнің құнды мұралары ұрпақ үшін әркез құндылығын жоғалтпайтын дүние.
Ерзат Еркінұлы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының ғылыми қызметкері