Қазақ тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі сияқты ұлттың маңызды құндылықтарын сақтап қалуға бар күш-жігерін салған Ресей қазақтарының талпыныстары қазақстандықтарды қуантпай қоймайды. «NDH» интернет-порталы конкурс ұйымдастырушыларының бірі Субханқұлова Дарияға бірнеше сұрақ қойған болатын. Біз конкурс туралы көп нәрсені білдік және жалғыз ол туралы ғана емес.
- Дария, сәлеметсіз бе? Осындай іс-шараны ұйымдастыру – өңірдің мәдени өміріндегі жағымды әрі маңызды оқиға. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қазақ әндерінің V «Алтын күз» Мәскеу жастар конкурс-фестивалінің, оның ішінде Орынбордағы Бірінші іріктеу турының ұйымдастырушы кім?
- Қазақстандықтардың біздің хал-жағдайымызға қызығушылық танытатындықтары және жылы сөздерімен қолдау көрсететіндері бізді қуантады. Демек, біздің күн сайынғы қас қарайғанға дейінгі еңбегіміздің жайдан-жай кетпеген. Қазақ әндері конкурс-фестивалінің финалы Мәскеуде өтеді. Конкурс-фестивальдің Мәскеудегі финалын ұйымдастырушы – «Мұрагер» Мәскеу қазақ мәдениеті қоғамы Өңірлік қоғамдық ұйымы, оны қолдағандар: Мәскеу қаласының «Мәскеудің ұлттар үйі» Мемлекеттік бюджеттік мекемесі, Мәскеу қаласының өңіраралық ынтымақтастық, ұлттық саясат және туризм департаменті, Ресей қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы, Ұлттар ісі бойынша федералдық агенттігі, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, Еуразиялық экономикалық комиссия, Мәскеу қаласындағы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның уәкілдігі.
Қазақ әндерінің V «Алтын күз» Мәскеу жастар конкурс-фестивалі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына арналып отыр.
Конкурс-фестиваль Мәскеудің 2016-2018 жж. арналған ұлттық саясат бағдарламасы аясында өткізіледі және өткен ғасырда қаланған Мәскеу мен Ресей Федерациясы өңірлерінде қазақтың музыка өнерін насихаттау дәстүрін жаңғыртуға бағытталған.
Конкурс-фестивальдың мақсаты – вокальдық ән өнеріндегі жас таланттарды іздеу, дарынды жігіттер мен қыздарға өздерінің шығармашылық қарымын жүзеге асыруға мүмкіндік беру.
Бірінші іріктеу туры Астрахань, Омбы, Түмен, Орынбор, Санкт-Петербург, Саратов, Самара, Алтай Республикасы, Мәскеу сияқты Ресейдің 9 өңірінде бір мезгілде өткізілді. Жоғарыда көрсетілген барлық өңірлер жеңімпазын Мәскеудегі финалға қатысу үшін 30 қыркүйекке дейін ұсынулары керек.
Біздің Орынбор қаласындағы Бірінші іріктеу турының ұйымдастырушысы – «Орынбор өңірлік қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» АҚ, оны қолдағандар: Орынбор қ. Үкіметі, «Мұрагер» Мәскеу қазақ мәдениеті қоғамы Өңірлік қоғамдық ұйымы, Орынбордағы «Бәйтерек» әл-ауқат қоры, Ресей қазақтарының Федералдық ұлттық-мәдени автономиясы, Ұлттар ісі бойынша федералдық агенттігі, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, Еуразиялық экономикалық комиссия және Ресей жастарының одағы. Ал, мен – осы жобаның басшысымын. Белсенділерімізбен бірге өз ынта-жігеріміздің арқасында орасан зор жұмыс жасадық. Көрермендерімізге арнап өте қызықты бағдарлама дайындадық. Орынбордағы іріктеу турының ерекшелігі – осы жақында ғана біздің талантты белсенділеріміздің бірлескен күш-жігерінің көмегімен өмірге келген Орынбор қазақтары гимнінің орындалуы. Бұл біздің жанды музыкамен және жанды орындаудағы дебютіміз болмақ.
- Осындай конкурстар мен іс-шаралар Орынборда қаншалықты жиі өткізіліп тұрады?
- Орынборда мұндай конкурстар, мысалы Наурыз немесе қаладағы ұлтаралық оқиғалар сияқты жиі болып тұрмайды. Түрлі тақырыптағы осындай іс-шараларды жиі өткізгіміз-ақ келеді. Жоғары адами ресурстарымыз бар (бұл жоба табысының 50%-дан астам бөлігін құрайды), бірақ мұндай ауқымды шараларды өткізуге материалдық мүмкіндіктер жетіспейді. Біздің Орынбор облысында, нотаны білмесе де күй мен термені гитарада төгілте орындайтын талантты жастар бар. Жергілікті қазақ жастары тарапынан қолдау мен түсініктің бары қуантады. Жастар тегін қызмет көрсетуге дайын, ал бұл ең бастысы. Оның үстіне жергілікті кәсіпкерлер (қазақтар) қолдарынан келгенше көмек көрсетеді.
- Сізді нендей жағдай ынталандырады? Қазақ тілі мен мәдениетін жаңғыртуға деген талпыныс, амбициялар ма?
- Бәрі отбасынан басталады деп бастайын. Мен өмірге келген сәттен бастап, ата-анам, атам мен әжем халқыма, оның мәдениетіне деген сүйіспеншіліктің дәнін екті. Біздің әр қазақ отбасында осылай! Барлығы дерлік ұлттық салт-дәстүрімізді сақтайды, тіпті бізде олар кейбір қазақстандық отбасылардан да гөрі артығырақ сақталған деп айта аламын (Қазақстандағы құрдастарыммен салыстыра қарағанда). Бізде тіпті жергілікті белсенділер өткізетін қазақ кештерінде де жастар қазақ әндеріне билейді, мұндайды мен Қазақстанда көрмедім.
Қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға қатысты не істесем де, ешбір пайда қуаламастан, соның бәрін шын жүрегіммен, ерекше бір толқыныспен істеймін. Егер туған-туысқандарым, таныстарым болмаса, қолымнан ештеңе келмес еді. Әлеуметтік желілер арқылы да моральдық қолдау көрсетеді. Жастар, достарым менің кез-келген идеямды қолдап, көмектерін көрсетеді. Орынбор қазақтары арасындағы құрдастарым және олардан басқалары да, зор үлестерін қосады. Барлық күш командада, ол командада бастықтар мен бағыныстылар жоқ, оның құрамындағы қатысушылардың бәрі бірдей маңызды, бәрі де керек! Мен олардың еңбегі мен көмектесуге деген ниеттеріне, қиын сәттердегі позитивтеріне, олардың энтузиазмдеріне алғысымды білдіремін. Ортақ іс үшін (ұлттық-мәдени даму) жеке басымыздың проблемаларын, амбицияларымызды, менмендігімізді ұмытып, қолымыздан келгенше әрекет етеміз. Біздің бүгінгі күні өмір сүруіміз үшін ХХІ ғасыр қарсаңында ата-бабамыз тар жол, тайғақ кешіп, аштықты бастан кешірді емес пе! Ал, біз, мәдениетіміз бен тілімізді сақтай отырып, соған лайықты өмір сүруіміз керек. Қолымызда қазақстандық құрдастарымыздың қолындағыдай мүмкіндіктеріміз болмаса да, біз тарихи қалыптасқан «тілдік олқылықтың» орнын толтыруға тырысамыз. Қазақ тілін жақсы білмесек те, бұдан біздің түп-тамырымызға деген сүйіспеншілігіміз кемімейді. Қаншалықты қиын болса да, бұл іс уақыт еншісінде. Тек ниет пен қолдау болса болғаны. Ал, жұртшылықтың қызығушылығы бар болып тұрған кезінде, қазір, қолдау көрсету өте қажет-ақ.
- Жергілікті халықтың, Орынбор қазақтарының арасында конкурс қаншалықты танымал?
- Бұл конкурс ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Бәрі осы конкурстың мән-жайын сұрап, уақыты мен өткізілетін орнын нақтылап, соған сәйкес өздерінің жұмыс кестелері мен мейрамдарын ыңғайлап жатады. Мүмкіндіктеріне қарай бүкіл облыстан халық келмекші. Конкурсанттар да қызығушылығын азайтқан емес. Тіпті қазақша акцентпен сөйлейтіндерде өтінім жолдайды. Олар барынша тырысып бағады.
- Өткен жылдардағы жұлдыздарыңыз, жеңімпаздарыңыз кімдер? Олар осы маусымда қатыса ма?
- Өткен жылдары Орынбор атынан ешкім қатысқан жоқ, өйткені біздің өңірде мұндай ауқымды іріктеу туры өткізілген жоқ. Бәрі оnline түрде өтетін. Конкурсанттар өз өтінімдері мен ән орындаған видеоны тікелей Мәскеуге жолдайтын.
- Қазақстандық тараптан, көршілес шекаралас облыстардан қандай да бір қолдау көрсетіле ме?
- Негізінен, Қазақстан тарапынан Орынбор қазақтарын Қазақстанда өткізілетін түрлі іс-шараларға шақыру сияқты қолдау көрсетіледі. Ресми түрде бұл саладағы жұмысқа жақында ғана келдім, бірақ осы уақыт ішінде бізді Қазақстанның түрлі қалаларына бірнеше рет шақырды. Қазақстанның бізді есінен шығармайтыны көңілге қуаныш ұялатады. Орынбор облысы Ақтөбе облысымен шекаралас.
Сәуірде Ақтөбе облысының Орынбордағы күндері өтті. Сонымен қатар біз де белсенділерімізбен бірге жастардың жыл сайынғы «Zhas Aktobe» форумына қатыстық, ол жерде өзіміз үшін біраз жаңа нәрсе үйрендік. «ӨзенМұнайГаз» компаниясының жас мамандары да біздің қызметімізге қызығушылық танытады. Біздің кездесуіміздің бастамашылары – Қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры Әділ Сүйебай мен «ӨзенМұнайГаз» АҚ Жас мамандар кеңесінің төрағасы Бауыржан Бәйімбетов. Олар Маңғыстау облысының көрікті жерлерін көрсетіп, қазақ мәдениетін дамытуға деген талпыныстың одан әрі артуына септігін тигізді.
Қазақстан мектеп оқушыларымыз туралы да ұмытпайды. Дарынды және өте талантты балалар жыл сайын Шортанды өзенінің жағасындағы Республикалық «Балдәурен» орталығында демалып қайтады. «Орынбор өңірлік қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» АҚ басшысы А. Төлебаевтың арқасында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына қатысу бақыты бұйырды, бұл мен үшін зор құрмет. Онда мен Ресейдің және басқа елдердің қазақ белсенділерімен таныстым. Бүгінгі таңда солардың бәрімен белсенді қарым-қатынас жасаймыз.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі И. Тасмағамбетовпен болған кездесуге қатысудың сәті түсті, бұл кісі қазақтарды қазақстандық, ресейлік қазақтар деп бөлмейді, бәріне бірдей қол ұшын бергісі келеді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да бізді ұмытпайды. Өткен жылы мен Қазақстаннан тыс жерлерде тұратын қазақ жастары арасындағы шығармашылық конкурсына қатыса алдым.
Ұлттық-мәдени жобаларға бөлінетін қаржының жоқтығына байланысты туындайтын қиындықтарға қарамастан, осының бәрі бойыңа күш береді. Бұл өмірде біз өзімізге ғана сеніп үйренгенбіз, сондықтан да біз, кішкентай болса да, шынайы ізгі істермен айналысамыз. Ал, бізді осындай жақсы әрі ізгі ниетті адамдардың қолдайтындығы бізді туған халқымыздың игілігіне қызмет етуге бұдан да артық қанаттандырады.
Қазақтың өз мемлекеті, өз туы, өз гимні, өз Президенті, өз тілі мен өз дәстүрінің барына қуаныштымын! Арамызды шақырымдар, тілдік және басқа да қиындықтар бөліп тұрса да, тағдыр бізді тарыдай шашып тастаса да – біз бір ғана қазақ халқымыз! Бақытты бол, Қазақ елі!
- Сіздерге сәттілік және жаңа жеңістер тілейміз!