Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Баянаула - тәңірі құт мекені

2861
Баянаула - тәңірі құт мекені - e-history.kz
Қазақстанның әр облысында қазақ тарихы мен мәдениетінің ішінде ойып тұрып орын алатын жерлер бар. Солардың бірі Павлодар облысындағы Баянаула өлкесі

Қазақ радиосындағы ішкі туризмге арналған "Туған жер" бағдарламасын жүргізетінімді білесіздер ғой әрине, негізі тек хабар жүргізіп қана қоймай, реті келсе Қазақстанның аумақтарына шығуға, әсіресе туризмге қатысты іс-шараларға қатысуға тырысамын.

Осындай шаралардың бірі - Павлодар облысы бойынша ақпараттық турға барып келген жайым бар. Жалпы турды Павлодар облысы Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы ұйымдастырған болатын. Мақсат ағымдағы жылғы 21-22 қыркүйек аралығында "Рухани жаңғырту" бағдарламасын іске асыру үшін бұқарат ақпарат құралдары өкілдерінің Баянауыл ауданының сакральдық орындарына арнайы баруы.


20 қыркүйек күні Астана-Екібастұз бағыты бойынша жолға шығып, түнгі яғни 21 қыркүйек күнгі таңғы 4.27 уақыты шамасында Павлодар облысының екінші ірі қаласына жеттік. 


Астанадан ақпараттық турға қатысу үшін үш жолаушы сапарладық, ол - "Туған жер" бағдарламасы атынан - мен және National Digital History of Kazakhstan интернет жобасының шығарушы редакторы - Арман Сүлейменов пен аталған интернет жобаның фотографы - Артем еді.

Баянауыл табиғаты

Төменде көрсетілгендей тур бағдарламасы мынадай бағытта болды: 

2017 жылғы 21 қыркүйек.
Баянауыл ауданына келу, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне бару, оның музейін көру.
Жасыбай көліндегі Баянауыл туристік аймағымен танысу.

2017 жылғы 22 қыркүйек.
"Қоңыр Әулие" үңгіріне бару, Жасыбай батырдың кесенесіне соғу.
Торайғыр ауылына барып оның туристік әлеуетін өз көзімізбен көру. 


Сондай-ақ, «Айманбұлақ» бұлағын көруіміз, жартастардағы жазуларды, "Сақ қорғаны" археологиялық ескерткішін, "Кемпіртас" моласын, "Кемпіртас" жартасын көруге тиіс болған едік, алайда "Сақ қорғаны" археологиялық ескерткішімен жолдың қолайсыздығына байланысты танысуымыға мүмкіндік болмады.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесі.


Сонымен вагонда көрші болған Атыраудан жұмыс сапарымен туған қаласына келе жатқан Қанат деген жігітпен таныстық, Екібастұз қаласына келген соң бізді гид болып алып жүрді, туған елінің, қаласының тарихы мен бүгінгі күнгі жағдайы туралы жақсы біледі екен. Қаланың дәмханаларының бірінен таңғы асымызды ішіп алып, қаланы аралауға кірістік. 


Енді, Екібастұз қаласы туралы шамалы мағұлмат бере кетсем, алдында айтқанымдай Екібастұз қаласы Павлодар қаласынан кейін облыстың екінші үлкен қаласы болып табылады, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өмірінде өзінің белгілі бір дәрежеде орны бар.


Қаланың тіршілігі көмір өнеркәсібімен тығыз байланысты, ал қала көшелері таза, бұрынғы Ленин атауын иеленген көше Мәшүр Жүсіп Көпейұлының құрметіне өзгертілген. Ар жағында қаланың мешіті көзге түседі, әріректе шіркеу де мен мұндалап тұр. Бұрындары жергілікті халықтың үлес салмағы аз болғанға ұқсайды, қазіргі күні Май, Баянауыл сияқты жергілікті халық өкілдері көбірек шоғарланған аудандардан қандастарымыз көптеп көшіп келуіне байланысты ұлттық рең кіріп қалған.


Сонымен, Павлодардан шыққан журналистер қауымы да келіп жетті, оған дейін Екібастұздағы "Отарқа" газетінің редакторы Жассерік Жәлелұлы мырзамен танысып, қала туралы қосымша мәліметтер алдық.


Сөйткенше болған жоқ, Павлодардан ақпараттық турға шыққан жұртшылық та келіп жетті. Оның құрамында Павлодар облысының туризм саласына қалам сілтейтін журналистері, әсіресе қазақ тілді журналистердің шоғары көп болды, сондай-ақ тағы бір артықшылығы аудандық газеттердің де журналистерінің қарасы едәуір екен. Айтқандай Алматыдан Тойгүл Жубанисова деген қарындасымыз бұл сапарға өзінің еті тірілігімен жеткен еді. 


Ал, ұйымдастырушылар тарапынан:
Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы бастығының орынбасары міндетін атқарушы - Нұрмағамбетова Салтанат Серікқызы мен "Пять звезд" туристік компаниясының директоры - Арғынова Сәуле Ыдырысқызы, сондай-ақ облыстық ішкі саясат басқармасының өкілі мен "Саяттур" компаниясының Павлодар қаласындағы өкілдігінің басшысы, сондай-ақ, қолөнер кәсіпшілігін дамытып жүрген Ажар Бақыт сияқты кісілер болды.
Алғашқы тоқтайтын жеріміз - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі еді. Сапар туралы кейінірек толық тоқталамыз.

Сабындыкөл

Ал, саяхатымыз Баянауыл ауданы аумағында өткендікпен, Баянауыл атауына қатысты баяндай кетсем!
Негізі Қазақстанның әр облысында қазақ тарихы мен мәдениетінің ішінде ойып тұрып орын алатын жерлер бар. Әрине, қазақтың әр жері киелі, бірақ Қарағанды облысындағы Қарқаралы мен Ұлытау аудандарының, Қостанай облысындағы Амангелді мен Жанкелдин аудандарының, Ақмола облысындағы Қорғалжын ауданының, Батыс Қазақстан облысындағы Орда ауданының сияқты Павлодар облысындағы Баянауыл ауданының облыстың, еліміздің тарихында маңызы ерекше.


Өңір қазақ халқына атағы таныс - Олжабай батырдың, Бұқар жыраудың, Жаяу Мұсаның, Мәшһүр Жүсіптің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Қаныш Сәтпаевтың, Шафық Шоқиннің, Әлкей Марғұланның, Ермұхан Бекмахановтың, Диқан Әбілевтің, Қалижан Бекқожиннің, Зейін Шашкиннің, Қалмұқан Исабаевтың, Шәкен Аймановтың туған жерлері. Тек Баянауылдан ұлтымыздың 25 академигінің шығуы киелі мекеннің құнарлы топырақ екендігін білдіріп тұрған жоқ па?!


Жалпы, Павлодар облысындағы сакральдық орындардың 80 проценті аталған аудан аумағында орналасқан болса, облыстың туристік әлеуетінің көп жағдайда дамуы Баянауыл өңіріне қатысты екені тағы шын. 
Енді, Баянауыл атауы қайдан шықты дейтін болсақ.


Баянауылдың әуелгі аты Баян аула, бұрмалануы 19 ғасырда дуандардың пайда болуымен сәйкес келеді. Біріншісі бай, баянды сөзімен байланысты екенін көреміз. мәселен Баян Өлгей аймағын айтатын болсақ, аймақтың Бай Өлке деп қазақтардың өздері айтатындай қуатты, бай аймақ екенін білдіреді.

Екінші нұсқасы Баян сұлудың есімімен байланыстырылады, Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға байланысты жер-су атауларының Баян жерінде көптеп кездесуі сөзімізді нақтылай түседі.

Кемпіртас


Ол мысалы, Шідерті өзені мен Баян сұлудың сабынымен байланысты Сабындыкөл көлі секілді атаулар.
Бірақ, анығында Баян аула атауының ізін ежелгі кезеңнен, бағзы заманнан көреміз.


Есте жоқ ескі уақытта ата-бабамыз тәңіршілдік жолын ұстанған кездеңде Бай ана, От ана атты құдайларымыз болған. Кейін ислам діні қазақ салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен заманда, бұрынғы құдайлардың атын ұмыттыру мақсатында ел ішінде молдалар "шайтанның атын атамаңдар" деп тыйым салған. Ұзақ уақыт бұрынғы құдайларын ұмыта алмаған әже-шешелеріміз "шұнақ құдай" деп пұтқа табынған идолдарынан біртіндеп айырылғанмен, От анасы мен Бай анасын ұмыта алмай, кейін аталған бұрмалаушылаққа түсіп, "ойбай" деп айтатын болған. Әлі күнге дейін сақталған отқа май құю, келіннің бетіне май жағу, алас айту - сол дәстүрдің сарқыншағы болар. Мен, дін саласының маманы емеспін, тек осындай жайтты баяндау. Уақытында ол туралы Шоқан Уәлиханов та жазып кеті. Ал, енді тәңірқұты деген не деген сауалға жауап іздеп көрсек.
Тәңірқұты - Түркі қағанаты заманында, тіпті ғұн заманынан ел билеушілерінің лауазымы екенін білеміз.

Ал, Баянауланың тәңірқұты мекені екенін сақ, ғұн, түркі заманынан бері сақталған археологиялық ескерткіштер дәледейді, ал, Баянауланың Қоңыр Әулие сияқты қасиетті мекеннің тіпті Нұх пайғамбар дәуірімен тұспа тұс келетіні тіпті қызық.

Фотоға түсірген Тойгүл Жубанисова

Мақала авторы – Амандық Әмірхамзин

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?