Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кәрім Мыңбаев Бетпақдаланы оазиске айналдырмақ болды

10247
Кәрім Мыңбаев Бетпақдаланы оазиске айналдырмақ болды - e-history.kz
Біртуар ғалым Кәрім Мыңбаевтың туған жерге деген сүйіспеншілігін, дархан даламызды түлетіп және гүлдендіргісі келген арманы – Бетпақдала шөлін оазиске айналдырғысы келгенінен аңғаруға болады

Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да әр азамат үшін Отан деген ұғымнан кейін отбасы тұрады. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, ортаға қосатын маңызды орта. Дананың да, ғалымның да ең алғаш тәлім-тәрбие алып, өмірге көзқарасы қалыптасатын орын – отбасы. Қазақ қоғамында отбасы берекесі оның толыққандығында. Ата мен атаның тәрбиесі қатар жүрген жерде жақсы азамат қалыптасарына да сенім мол.

Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардан білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отырғаны мәлім. Осыған орай, бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі жастарды өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жастардың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты.

Біртуар ғалым Кәрім Мыңбаевтың туған жерге деген сүйіспеншілігін, дархан даламызды түлетіп және гүлдендіргісі келген арманын «Бетпақдала шөлі» атты монографиясындағы келтірген «Бетпақдала – бедірейген дала емес, онда мыңғырған мал өсіріп, егіншілікпен де айналысуға болады, оны Бақдалаға-Жәннатдалаға айналдырамыз» деген сөздерінен-ақ байқауға болады. 

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Қоғамның табысы – жоғары деңгейдегі білімде» атты тақырыпта Қарағанды облсыы Нұра ауданының орталығы Киевка селосындағы К. Мыңбаев атындағы орта мектепте ұйымдастырылған дөңгелек үстелге ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері, тарих ғылымдарының кандидаттары Сейітқали Дүйсен   мен  Жабай Қалиев қатысып, өз ойларын ортаға салып қайтты. 

Дүйсен Сейітқали Жахияұлы, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты:

Білім мен ғылым – қоғамды өзгертуші, дамытушы күш. Сондықтан білім жүйесі қоғам дамуымен бірге дамып, әрдайым үнемі өзгеріп отырады. Ол әр елдің қоғамдық-саяси, экономикалық ерекшеліктеріне қарай қалыптасып, үздіксіз жетілдіріліп отырады.

Қазақстан Республикасы қазір білім берудің халықаралық жүйесіне кірігу жолында. Сондықтан заман талабына сай жаңа мазмұнда білім беруді ұйымдастыру 12 жылдық оқытуға көшумен тікелей байланысты. Осыған байланысты қоғам алдындағы міндеттер «Қазақстан-2050» стратегиясында, «100 нақты қадамда», Елбасы Жолдауларында, Президенттің биылғы рухани жаңғыруға байланысты бағдарламалық мақаласында және т.б. еңбектерінде көрініс тапқан. Жаңаша оқыту әдістерін игеру үшін мектеп ұстаздары оқытудың шетелдік озық әдістерін, үштілде білім білім беру жолдарын меңгеріп жатыр. Бұл істе «Назарбаев мектептері» үлгі болады. 

12 жылдық білім жүйесіне көшуде мектеп алдында негізігі үш бағытты басшылыққа алады. Олар: бірінші бағыты – оқушының жеке қабілетін есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту, екінші бағыты – оқушының потенциалдық мүмкіндіктерін есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту, үшінші бағыты – ішкі қажеттіліктерді есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту.

12 жылдық оқытуға көшу қазақстандық білім берудің ойлы, шығармашыл тұлғаны қалыптастыруға бағдарланған жаңа ұлттық үлгісін дамытуға, «баршаға білім беру» үлгісінен «әрбір адамға өмір бойында білім беру» үлгісіне өтуге мүмкіндік береді және әлемдік білім беру кеңістігіне жедел енуді қамтамасыз етеді.

Қазақстан әлемдік қауымдастық қатарында басқа елдермен терезесі тең дәрежеге қол жеткізуі үшін, жас ұрпақтың нұрлы болашағы үшін осындай батыл қадамдарға бару қажет.

Тәуелсіздігіміздің іргетасының мықты болуы жас ұрпақтың терең білімі мен тәлімді тәрбиесіне байланысты болмақ.

Қалиев Жабай Нұрмақұлы, Мемлекет тарихы институты Ғылыми-ақпарат бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты:

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Елбасы «Туған жер» бағдарламасының ауқымы кеңейіп, «Туған елге» ұласады деп баса айтты. Патриотизмнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын нақты айтты.

Мен ғалым ретінде Елбасының осы сөзін жүрегіме жақын қабылдадым. Осы отырған бәріңіз де туған ауылдарыңызды сүйеді деп сенемін. Осылай айтып отырғаным мен де осы ауданның тумасымын, сондықтан Нұра ауданынан шығып әлемдік ғылымға өз үлесін қосыға ұмтылған Кәрім Мыңбаев жайлы еңбек жазуға қатысқаныма өзімді бақытты санаймын.

Қазақ Елi тәуелсіздiкке қол жеткiзген соң, жастарға ұлттық тәрбие беру уақыт талабымен бiрге келген игiлiктi мақсат екенi даусыз. Соған байланысты жастарды жарасымды әдеттiлiкке, ұнамды iзеттiлiкке тәрбиелеу халқымыздың қасиеттi қағидасы деп бiлемiз. Мына қайшылығы мен қасiретi асқынып тұрған заманда бұл –айрықша мәселе.

Қай халықтың тәлімгерлік тәжірибесі – адамзат атаулыға ортақ рухани қазынаның құрамдас бөлігі. Қазақ халқының да мәдени жетістіктерін, қанына біткен адамгершілік, имандылық, балажан, еңбексүйгіштік, қонақжайлылық, отаншылдық, т.б. қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесі бар. Онда кешегі өткен данагөй қариялар, ғұлама ойшылдар, шешен-билер, батырлар мен ақын-жыраулардың философиялық болжамдарының, психологиялық пайымдауларының, педагогикалық тұжырымдарының өшпес ізі жатыр.

Әрбiр мемлекеттiң болмысын айқындайтын, сүйенетiн рухани мұраты болуы тиiс. Бiздiң қоғамдағы бұл мұраттар өзгермелi, өтпелi сипат алуда. Егемен ел болып қалыптасудың алғашқы жылдарында қазақ екенiмiздi өзгелерге таныту мәселесi алға шыққандықтан ұлттық идеология аса өзектi. Тәуелсiз ел ретiнде өзгелердi мойындатып, ұлттығымыздың өзiмiзге қажеттi мөлшерiн алып болған соң, қоғамның даму ерекшелiгiне сай, бұл күнде аса қажеттi болып отырған рухани азықты iздестiру үстiнде.

Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады. Оның басты құндылықтары – ана тілі, ұлттық рух, діни наным-сенімдермен тығыз байланысты екені баршамызға аян.

Қазақ тарихын тұңғыш зерттеуші ғалымдардың бірі Шоқан Уәлиханов өзінің патриоттық сезімін бiлдiре келiп, «Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай мен ең алдымен өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртым, руластарымды, одан соң халқымды, одан соң Сібір орыстары, Ресей жұртын қадірлеймін», – деген екен.

Абай Құнанбаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, оқушыларды ерлік рухта, патриотизмге баулып, намысын, ар-ожданын, адамгершілік қасиеттерін оятуды үнемi мақсат етедi. Оның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі – ұлы гуманистiк идеяның айқын көрiнiсi.

ХХ ғасырдың 40-ыншы жылдары ғылыми еңбектері одақ көлемінде  ғана емес, әлемде мойындалған Қаныш Сәтбаевтан кейінгі екінші қазақ ғалымы Кәрім Мыңбаев деу шындық. Олардың ағылшын тіліне аударылған ғылыми мақалалары АҚШ пен Ұлыбританияның ғылыми журналдарында басылған. Және бір қайраткерлігі, ол атақты Қаныш Сәтбаевпен бірге иық тірестіріп, Қазақ ССР Ғылым академиясын құруға атсалысқан, ұлттық ғылыми кадрларды дайындауға үлесін қосқан.

Биолог-ғалым Әйіп Ысқақовтың «Егер Қаныш Сәтбаевтың қазба байлықтарын зерттеп, ауыр өнеркәсіп саласын дамытқан үлкен ғалым қайраткер екенін бәріміз мойындасақ, ауыл шаруашылығы саласында Кәрім Мыңбаев дәл сондай орын алған. Кездейсоқ апаттың құрбаны болып, өмірден ерте кетпегенде халқының сүйіспеншілігіне бөленген Қаныш ағамыздай дәрежеге жетері анық еді» деген әділ бағасы жаңа кітапқа еніп отыр.

Қай кезде болсын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың, ғалымдардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге уағыздау, адамгершілік, адал шыншыл, өз Отанының патриоты болуға үндегенін байқаймыз. Бұл бүгінгі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау» деген бағытымен үндесіп жатыр.

Бүгiнгi қоғамдағы түбегейлi өзгерiстер халқымыздың ауыз бiрлiгiн, белсендiлiгiн, әр азаматтың жеке басының жауапкершiлiгiн талап етедi. Қоғамдағы келiсiм мен бейбiт өмiр, саяси тұрақтылық үшiн жан аямай қызмет ету, өз Отанына, отбасына, елi мен жерiне деген сүйiспеншiлiктен ғана туады.

Мемлекет басшысы өзiнiң бағдарламалық мақаласында идеялық мәселелерге топтасудың керек екенiн айтып, бiрiгуге шақырып, бұл мiндеттi жүзеге асыруда бiлiм берудiң, отбасы, еңбек ұжымы сияқты дәстүрлi институттардың маңызды рөл атқаратының, олардың ықпалы ерекше тиiмдi болатынын баса айта отырып, «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Туған жер, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – дейдi.

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылып, халықаралық қауымдастық мойындаған танымал республика болды. Қазақ халқы мемлекетқұрушы және мемлекетқұраушы ұлтқа айналды. Азаттықтың әр жылы бодандықтағы, советтік жүйедегі ғасырларға бергісіз уақытқа айналды. Еліміздің тарихи қысқа мерзімде қол жеткізген ғаламат табыстарын өскелең ұрпақ оқып біліп қана қоймай, олардың санасында мақтаныш сезімдерін туғызуы керек.

Елбасымыз үндеу арнаған зиялы қауым өкілдері еңбек ететін біздің Мемлекет тарихы институтының ғалымдары өздерінің негізгі зерттеу жұмыстарымен қатар туған жерге арналған, өлкетану жұмыстарын жазды. Атап айтқанда профессор Бүркітбай Аяған «Ақтас деген ауыл бар» және тарихшы-ғалым Сейітқали Дүйсен «Талапкер ауылы: кеше және бүгін» деген өлкетанушылық сипаттағы кітаптарын шығарды.

«Кәрім Мыңбаев» кітабының құрастырушы-авторлары С. Дүйсен мен Ж. Қалиевтің айтуынша, Кәрім Мыңбаев жайлы естеліктер аса көп емес. Тек әріптестері, достары және ғалымдар жазған мақалалар мен естеліктер ғана бар десе болады. Ғалымның бауыры Хамзенің баласы, журналист Нұрхан Мыңбаев қана «Дарынды даланың дархан ұлы» атты еңбек жазып, «Тау тұлға» атты деректі фильм түсіруге атсалысыпты. «Кәрім Мыңбаев» атты ғылыми-танымдық еңбек – «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен жарық көрген «Нурсултан Назарбаев и казахстанская модель строительства государства», «Алимхан Ермеков», «Жұмабек Тәшенев» және «Ілияс Есенберлин» сияқты Мемлекет тарихы институты ғалымдарының жемісті еңбектерінің жалғасы.

Кітап авторлары «алыстаған сайын биіктей беретін таулар сияқты еліміздің тарихында шынайы өмірімен де, ізденген ғылымымен де, атқарған істерімен де абыройға лайық біртуар тұлға болады. Сондай жарқын тұлғаның бірі – Кәрім Мыңбаев» деп есептейді.

Аталған сериялық басылымның негізгі мақсаты – қазақ тарихындағы аса көрнекті қайраткерлердің сан қырлы тұлғалық қасиеттерін ашып, олардың ұлттық руханиятқа қосқан үлестерін бағалау.

* * *

Аталған дөңгелек үстелдің модераторы – Кәрім Мыңбаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ханнанов Рүстем Расилұлы кіріспе сөз сөйлеп, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Исаинова Әсима Бажаққызы өз ойын ортаға салды.

Осы аталған ғалымдар «Кәрім Мыңбаев» атты ғылыми-көпшілікке арналған кітаптың авторлары екенін айтып, болашақта да қоғамға қажетті еңбектер жазуға тілек білдіріп, ғалымдарға сәттілік тілеп, кейінгі сөзді ғалымдарға берді.

Отандық ғалымдар Тәуелсіздіктің нәтижесінде өшіп бара жатқан құндылықтарымызды түгендеп, ұмытылып бара жатқан тарихымызды әділ жазуға қол жеткізіп отырмыз. Іс-шараның соңында ғалымдар мектеп кітапханасына «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен жарық көрген «Кәрім Мыңбаев» атты ғылыми-танымдық еңбектерін сыйға тартты.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?