Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жұмбағы көп, сыры беймәлім Бектау ата

2726
Жұмбағы көп, сыры беймәлім  Бектау ата - e-history.kz
Бектау ата кереметінің ең күштісі Әулие тас үңгірі. Осы үңгірге байланысты таудың өзін де қазақ «Әулие» деп атайды, Бектау ата дегеннен көрі Әулие сөзін көбірек қолданады

Бектау атаны республикалық маңызды қасиетті нысандардың қатарына қосуға мұрындық болған өзім едім, енді осынау қасиетті тау туралы жазбасам болмайын деп тұр. Себебі ауызша қаншама айтқанмен Бектау ата туралы басы-аяғы бар тұшымды еңбек жоқ екен.

Бектау ата мезазой дәуірінің соңына қарай жер бетіне шығып қалған жанар тау ма деймін, әйтеуір, жер бетіне балқыған гранит болып шыққаны, бірақ атқыламағаны көзге көрініп тұр, арғы жағын геолог ғалымдар тәтпіштей жатар. Егер сіз Балқаштан Қарағандыға қарай шықсаңыз, тура 70 шақырымнан кейін, жолдың оң қапталынан жазық далала пілдей болып шөгіп жатқан Бектау ата тауын көресіз. Етек жеңі жып-жинақы тау оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай жеті шақырымға созылып жатыр, ені 3 шақырым болар. Білетіндер Бектау ата ның көлемі 4 мың гектар дейді, болса болып қалар, қалдай болғанда да онша үлкен көлем емес.

Бектау атаның ең биік шыңы 1215 метр болады. Ертеде «емел» деп аталса керек, осыған қарап орыстар «седло» дейді. Бектау атаның солтүстік беткейін қазақ сол жердегі бұлақтың атымен Беттерек деп атайды. Одан әрі Сарыөлең, Шеттерек деген жерлер бар. Ертеде Бектау атада қыстаған ел жазда Сарыөлеңді қуалай көшеді. Одан әрі Ұраңқай аталатын шоқы бар. Бектау атаның биіктерінің ішінде Қоңырқұлжа мен Сарықұлжа ерекше, осы екеуінің ортасындағы асу Апар асу аталады. Қазақ жер-су атаулары деген қызық, кейде ойда жоқта шежіренің қаһармандарын осы жерден кездесіп қаласың. Апар Әлтеке руынан шыққан атақты Қожаназар батырдың тоқалының аты, Жидебай батырдың өгей шешесі. Құдай бұйыртса, біз Абылай хан заманында әулие атағы шыққан Жидебай батырға қатысты әңгімеге бір айналып келсек керек. Арқаның атақты Дос батыры, одан туған Қожаназар, одан Жидебай талай әңгімеге арқау болған ірі тұлғалар. Апар бойы аласа, қобдидай ғана кісі болған дейді шежіреде, талай рет осы жерден жайлауға қарай қызыл нарға мініп, көшті бастап өтсе керек. Сарықұлжа мен Бектау атаның өзге біиктерін Құбылтай өзегінің аңғары бөліп тұр.

Бектау атаның беткейлері тік, жылтыр көкшіл тасты, төбесі үшкірлеу келеді. Таудың ішіне кірсеңіз аспаннан жаңа ғана жерге қонған ұшқыш тарелкаға ұқсайтын, не болмаса ертегілердің ғажайып қаһармандарына ұқсаған небір әдемі көріністерді көресіз. Бектау ата су астында көп жатқанға ұқсайды, таудың осыншама мүжілуін, граниттен табиғаттың өзі жасаған ертегі мүсіндердің пайда болуын басқаша түсіндіре алмайсыз.

Бектау атаның табиғаты да керемет, оны шөл даланың ортасындағы оазис деуге келеді. Тау шатқалдарында орман- тоғайлар, емдік шимпалы сулары бар бұлақтар көп. Әр жерде тас бетінен көлшіктерді көресіз. Бұл жерде биолог ғалымдар өсімдіктің сирек кездесетін 40- тан аса, ал Қызыл кітапқа енген 8 -і бар дейді, соның ішінде Бектау атымен аталатын да өсімдіктер бар. Менің өз басыма Бектау атаның аршасы ерекше әсер етеді, қасиеттіліктің бір белгісі сияқты. Тауды некен-саяқ елік, қарақұйрық, арқар мекендейді, өкінішке қарай соңғы кезде, бірнеше өрттен кейін таудың өсімдігі де, аңы да жұтап кетті. Осынау табиғаттың керемет сиын адамдардың күтуі керек-ақ.

Әулие тас

Бектау ата кереметінің ең күштісі Әулие тас үңгірі. Осы үңгірге байланысты таудың өзін де қазақ «Әулие» деп атайды, Бектау ата дегеннен көрі Әулие сөзін көбірек қолданады.

Енді біз Бектау ата тауының батыс жағында орналасқан Әулие тас үңгіріне тоқталайық. Бектау атаның негізгі шыңына оңтүстік-батыс жағынан өрлейсіз. Алдымен таудың етегінде, үңгірге баратын соқпақ жолдың басында, жайқалған көктерек тоғай жанында «Қыз әулие» деген үшкіл келген қасиетті тасқа келесіз. Егер сіздің үңгірге баруға денсаулығыңыз келмесе осы таста тоқтап тәу етсеңіз де болады. Әдетте, үңгірге барамыз дегендер «Қыз әулиеде» бір дем алады, тиын-тебен тастайды, бұталарға ақ жалау байлайды, әулиеге деп дұға оқиды.

Егер сіз тауды қиялап жүрсеңіз теңіз деңгейінен 600 метрде үңгірдің кірер аузына келесіз. Кіре берісі ұзындығы 7, ені 5 метр болатын тегіс алаңша. Әулие тасқа кіре бергенде үңгірдің ауызының біктігі 3 метрдей, одан кейін сәл аласара береді. Үңгірдің ені де тарыла түседі, әуел баста 1,5 метр, кейін 1 метрдей. Үңгірдің ішіне кіргеннен кейін тас дәлізбен, тегіс жермен 15 метрдей жүресіз, одан кейін аздап төмен қарай көлбеу. 30 метр жүрген соң алдыңыздан көлшік шығады. Суы мөп-мөлдір, тастай суық, тұщы. Су бетінің деңгейі әрдайым бір қалыпты: не жоғары көтерілмейді, не төмен түспейді. Үңгірдің жалпы ұзындығы 50 метрдей болар. Егер сіз Әулиенің қарсы бетінен шықсаңыз, ол жақтан үңгірге кіретін екінші ауызды көресіз. Оны қазақ «Үндемес әулие» деп атайды. Үндемес әулие ас үй сияқты шағындау бөлме, ортасында тастан жасалған сәкі бар. Қазіргі күні Бектау атаны білетін, үңгірдің екі аузынан хабардар адамдар, көбінесе туристер, сол жерде ас ішіп отырады.

Әулие тас үлкен үңгірінің кіре берісінің оң жағында - “шокпар тас” аталатын үлкен жақпар тас тұр. Орыс тілді демалушылар “гриб” деп атайды. Жалпы Бектау ата қасиетті орындарының бәрі де атын орысшаға өзгерткен, бірі «Сундук», бірі «Черепаха», бірі «Трёхзубка». Егер Бектау ата қасиетін қайта жаңғыртамыз десек Қаработа, Шаңырақ, Қалмақ қашқан асу сияқты байырғы атаулар қалпына келуі керек, яғни қазақ тілінде тез арада осы жердің картасы жасалуы тиіс.

Үңгірден 250 метр төменірек бір құрылыстың ірге тасы, қирандылары жатыр. Жергілікті ел оны «Әулиенің шошаласы» деп атайды. Бізге ақпарат берген адамдардың айтуына қарағанда ХХ ғасырдың 60 жылдарына дейін шошала жұмыс істеп тұрған. Әулиеге келген адамдар осы жерде тоқтайды, құрбандық малдарын шалады, демалады. Ертеде Бектау ата үңгіріне ауруға шалдыққан адамдар, бала көтермей жүрген әйелдер түнеп, сыйынып, құрбандық шалып, көп келетін орын болған. Сол сияқты ыдыс-аяқтар да қаз қалпында соңғы кезге дейін сақталған. Тәртіп бойынша әулие үңгірге күн бата кіруге ғана рұқсат, оған құрбандыққа сойылған қойдың майынан шырақ дайындалады, соны қолдарына ұстап кіреді. Үңгірге кірген соң әулиеге табынып, дұғаларын оқып, отпен шомылғандай қимылдар жасайды. Шошала ерте заманның құрылысына ұсқайды, қирандылары оның біраз ғасырлар тұрғанын көрсетеді. Бектау атада пионер лагерлері салынған уақытта ол шошала құлатылып, ыдыстары сынып жоғалып кетті. Әулие тас үңгірінің «Аманкелді үңгірі» аталуы да осы кезде жүргізілген советтік иделогияның жемісі. 1916 жылы Торғай өңірінде патша жарлығына қарсы көтерілісті бастағандардың бірі Аманкелді Имановтың Бектау атаға еш қатысы жоқ. Осындай себептерге байланысты Әулие үңгір өзінің бірнеше мыңжыл бойы қасиетті орын ретінде атқарған негізінен қызметінен ажырап, бүгінде қызық қуған саяхатшылар тамашалайтын, тіпті кездейсоқ қаңғалақтаған адамдар келетін мекенге айналып кетті.

Әулие тарихына қатысты аңыздар

Жоғарыда біз Әулие тасты Аманкелді Имановпен байланстырған советтік аңыздың бос әңгіме екенін айттық. Бұл әңгімелерді Бектау ата пионер лагерінің тәрбиешілері шығарғанға ұқсайды. Оларға әулие жер туралы айтуға рұқсат болмаған, содан кейін осы сияқты ертегілер шығуы заңды. Екінші бір аңызда ертеде осы Бектау атада қонған елді жау шапқаны айтылады, жаудан қашқан елдің алдынан ағыны қатты өзен шыққан екен-мыс. Сол кезде Бек деген дана адам қолдарын сермеп жіберіп өзеннің суын тоқтатыпты да екінші бетіне шыққан соң өзенді қайта ағызыпты. Осылайша жаудан құтылға екен-мыс. Бектау ата тауға өрлеп үңгірді қоныс етіпті. Шың осыдан кейін Бектау ата атаныпты, дана қарияның өзі қарапайып халыққа шыңға шығуға рұқсат бермеген екен. Шыңға шыққан адам бір жамандыққа душар болады-мыс. Бек үңгірге келген адамдарға ем көрсетіп, шөптерден дәрі-дәрмек жасап, ақыл-кеңес беріп әулие атанған. Бектау атаға келген әйелдерідің көз жасынан үңгір ішіндегі көлшік пайда болыпты-мыс. Бұл әңгіменің де Бектау атаға тікелей қатысы жоқ, дегенмен әулие туралы әңгіменің негізінде бір шындық бар.

Бұл атаудың қайдан шыққаны туралы нақты ғылыми дерек жоқтың қасы. Бектау атаның нағыз шынайы аңызы Бегазымен байланысты деген пікірдеміз. Әлі күнге дейін халық аузында «Бектау ата және Беғазы деген екі әулие болған. Олар қашып келіп, осы тауды паналаған» дейді: «Көне замандарда бұл жерде Бектау ата және Беғазы деген екі әулие өмір сүрген. Олар қанды-қырғын күндері дұшпандарынан қашқан бойда тау баурайындағы үңгір ішіне кіріп кетіп, оншақты күн шықпай қояды. Сонда дұшпандары оларды өлдіге санап кетіп қалған екен-мыс». Тағы бір аңызда жауынан қашқан Атабек атты кісі осы таудағы үңгірге жасырынып қалады. Ары-бері іздеген дұшпандары оны таба алмай, кері қайтыпты. Құдайдың құдіретімен сол үңгірдің ішінде мөлдір бұлақ пайда болған деседі. Сол бұлақтан шөлін қандырып отырған Атабек осылай аман қалған екен. Бұл орынды сондай-ақ, Әулие ата деп те атайды. Киелі жер болғандықтан осындай атауға ие болса керек. Келесі бір аңызда Атабек әулиенің Сарықұлжа, Қоңырқұлжа деген екі ұлы болушы еді, басқыншылық заманда ата қонысын жауға бермей арпалысқан Атабек әулиенің екі ұлы қарасы қалың жаудың қоршауында қалады, ақыры қолға түсетін болған соң екі ұлын жақпар тасқа айналдырып жіберіпті-мыс. Содан бастап бұл тауда Сарықұлжа мен Қоңырқұлжаның рухы мекен етеді екен. Кей жылдары олар тау беткейлерінде қозықаларын ертіп келіп жүреді дейтін әпсана бар.

Таудың Бектау аталуын Асан қайғымен де байланыстырады, ол саяхаттап жүріп, таң ата бастағанда жұмбақ екі бәйтеректің өсіп тұрғанын көріп, бәйтерек өскен тауды «Бектау ата» атап кетіпті дейді.

Өз басым Бектау атаға қатысты аңыздардың ішінен «Ертеде осы жерде Бектау ата деген хан болған екен. Көрші елдің ханының Бегазы деген қызына ғашық болыпты. Бегазы қыз бала болғанымен сол заманның айтулы батыры екен. Бірде Бектау атаның елін жау шауып, ер азаматтарының бәрін өлтіреді, сонда Бегазы жаумен жалғыз соғысқан екен-мыс» делінетін әңгімеде бірнеше мың жыл өткен тылсым тарихтың бір сыры бар деп есептеймін.

Сөз жоқ Бектау ата әсем табиғатымен де, одан бөлек тылсым құбылыстарымен де ерекше қасиетті жер. Жергілікті ел бұл жерге ішімдік ішіп келгендер, тазалық сақтамаған, болмаса алтын-күмістің барын біліп, тауды қопаруға келгендер міндетті түрде қайғылы оқиғаға душар болады деп есептейді.

Қасиеттілік негізі

Бектау атаның қасиеттілігі оның шөл даланың ортасында орналасқан оазистік жағдайында. Бұл жер ерте заманда-ақ адамзат баласы сүйсініп қоныстанатын жер болғаны Бектау ата бауырайында біз кездестірген тас бетіндегі суреттерден анық біледі. Бізге бірнеше мың жылдықтан жеткен бұқа суреті «мен жылқышылыққа дәуірге дейін -ақ осы жердің иесі болдым» деп тұр. Шамамен алғанда жаңа тас дәуірі, яғни неолитте, сиыр баққан елдің суретшісі салған сурет.

Бектау ата үңгірінің «әулие» атануы адам баласының өз жаратылысы туралы ойлана бастаған уақыты. Бұл да жоғарыда аталған неолитке, не одан да әрі дәуірлерге кетеді. Тәңірі көкті жаратушы әке, Жер-суды ана деп қасиет көре бастаған уақытымыз. Тау баурайындағы үңгірлер Жер-су құдайының жатыры, адамзат баласы өсіп-өніп шыққан жер. Расында да біздің ата-бабаларымыздың ең алғашқы мекен еткен, жаудан, жабайы аңнан қорған жерлері осы үңгірлер. Олардың әулие атануына да осындай негіз бар. Сіз Бектау ата әулие үңгірінің маңдайшасына зейін сала қарасаңыз, ол жерде аналық белгісі тұрғанын аңғарар едіңіз. Дәл осындай белгі Баян ауылдағы Қоңыр әулие үңгірінде де тұр. Адам қолынан шықты ма, әлде Алла тағаланың пәрменімен болды ма, мен айта алмаймын, бірақ екеуі де бір сурет, бір мазмұн.

Адамзат баласы өседі -өнеді, табиғатты игереді, жабайы жануарларды үйретеді, үңгірлерден шығады. Осыдан кейін -ақ Бектау атаны бірталай уақыт бақсы-балгерлер, яғни сол дәуірдің абыздары мекен етті. Міне, жоғарыдағы Бек ата туралы аңыздың сыры осында. «1993 жылы жарыққа шыққан «Қазақ бақсы-балгерлері» деген кітаптың 43 бетінде «...Бектау-ата Бек ата, Бекіш-ата, қолдай көр...» деген бақсы сарыны бар. Мұндағы «Бектау-ата Бек ата» осы әулие болуы әбден мүмкін. Бұл жағы әлі зерттелмеген» – деп жазады Қ.Сәденов.

Қола дәуірінде Сарыарқа даласында индустриалдық кезең басталды. Қазыналы жерден өндірілген неше түрлі металл шет елдерге шығарылды, оның бірнеше бағыты болды. Бір керуендер Түркістан мен Мәуреннахрға одан Иран, Ирак, Мысырға тартса, бір керуендер Балқашты айналып Жетісу арқылы Үндістан мен Қытайға бет түзеді. Міне, сол ұлы сауданың кезінде Бектау ата оңтүстік пен солтүстікті жалғастыратын нысана іспетті керуен жолдың бойында тұрған «шамшыраққа айналды». Балқаш маңайын зерттеген ғалым П.Сарычевтің: «Бектау ата. Оның ең биік төбесі Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан көрінеді. Көлдің астынан жарып шыққандай сұстиып тұрады және «бері тарт» дегендей ишарат білдіреді» деуіне ХІХ ғасыр соңына дейін толастамаған сауда себеп.

Қола дәуірінде шаруашылықтың керемет дамуы, тау-кен өнеркәсібі, қызу сауда және одан түсетін пайда үлкен тайпалық бірлестіктердің пайда болуына алып келді. Олардың көсемдері біртіндеп патша деңгейіне көтеріле бастады. Патшалық институт алдымен Бегазы тауларында қалыптасты да, кейіннен ерте темір дәуірінде Бектау атаға да келді. Оның куәсі Бектау ата баурайындағы ерте темір дәуірінің мұртты қорғандары. Қорған болғанда жәй емес, әр бір мұртының ұзындығы жүз-екі жүз метрдей болатын ірі патша қорғандары. Бектау ата мұртты қорғандары Көрпетай тауының баурайындағы 37 батыр қорымын еске түсіреді. Ерте дүниенің адам таң қалатын ғажап ескерткіштері! Бұл кезеңде Әулие тас үңгірін қасиеттеу барынша жоғары болды да, ғұн дәуірінде өз жалғасын тапты. Қытай жылнамашылары Ғұн шаньюйлары жылына үш рет Лунци тауына шығып, сол жердегі қасиетті үңгірде аспан рухына ақ боз атты құрбандық шалады, сонымен қатар ел басшылары мен көсемдер мемлекеттік істер жөнінде пікір алысады, жылқы мен түйенің бәйгесін тамашалайды» дейді (Н.Бичурин).

Бектау ата осы ғаламат оқиғалардың куәсі, біздің тарихымыздағы империялық дәуірлердің тас бетінде қалған ізі. Бектеу атаны зерттеу тарихи санамыздағы көптеген сұрақтарға жауап табуға көмектеседі, ол ерте және ортағасырлық тарихтың кілті десек болады. Екіншіден, Бектау ата сакралдық туризмді дамытуға аса қолайлы, Астана мен Алматы сияқты ірі мегаполистердің басын қосатын күре жолдың бойындағы қасиетті аймақ. Қазіргі күні Бектау атаның статусы түсініксіз. Ол бір жағы Ақтоғай орман шаруашылығына бағынады, екінші жағынан барлық инфраструктурасы Балқаш қаласы құзырында. Осындай әрі тарт, бері тарт жағдайда тек қана Қазақстан үшін емес, адамзат баласы тарихы үшін аса маңызды әулие орын, тарихи ескерткіштер аяқ асты, күтімсіз жағдайда қалып отыр.

Мен Бектау атаны Балқаш қаласы өз қамқорлығына алып, жан-жақты және терең тарихи-этнографиялық жұмыстар жүргізуге жағдай жасайды деп сенемін.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?