Осы орайда биыл сәуір айында қайта көтерілген «Рухани жаңғыру» бағытында елімізде көптеген іс-шаралар өткізілді, туған жер мен елдің тағдыр-тарихы хатқа түсе бастады. Сондай-ақ осы ретте портал бетінен Қызылорда облысы бойының ескі тарихи мекендері жайлы қызықты деректер жариялап жүрген жас зерттеуші Ердос Беркінбаевтан тақырыпқа қатысты материалын оқи аласыздар.
Көксеңгір қалашығының солтүстігінде көксеңгір төбесі бар. Бұл бұрынғы үлкен қалашықтың орны іспетті. Төбенің ұзындығы 18 шақырым. Шығыстан батысқа қарай созылып жатқан төбе қыраттанып, жоталары қызғылтым тартқан. Оның оңтүстік беткейі ерекше көз тартады. Сайы жыл мезгілдеріндегі жауын-шашыннан теп-тегіс тақырға айналған. Қасиетті жерге табан тірегенімізде ауыл тұрғыны Қалабай аға кезінде төбенің ұзындығын ферма адамдарымен өлшегенін жеткізді.
– Кезінде осы Көксеңгір бойында қырқымда болғанмын. Ол кезде фермада шаруашылық меңгерушісімін. Сол уақытта төбе ұзындығын Омар Қыстаубаев деген ферма қызметкерімен бірге өлшеп, 18 шақырым екеніне көз жеткіздік. Бұрындары осы төбенің бойында «91» «Үштам», «Бодық» су ұңғымалары, оңтүстік беткейінде «Қос мортық», «Жалғыз мортық», «Зекет» қорымдары, «Орыс өлген», «Әбдісадық», «Зукаев», «Үмбетәлі», «Құланбай» жұрттары болған, – деді Қ. Рақымжанов.
Осындай әңгіме үстінде іңкәрдариялық Медет төбе бойында үңгір бар екенін айтты. Оны біз бірден таба алмадық. Үңгір батыстан шығысқа қарай беттеп келе жатқанда 14-ші шақырым тұсында көрінді. Көлікпен жақындағанда үңгірдің үлкен екендігі білінгендей болды. Алайда, жақын барып қарағанымызда, көп жылдан кейін үңгір іші құлаған екен.
– Бала кезімде қой бағып жүріп, осы үңгірге атпен еркін кіріп шығатынмын. Қойды жайылымға жіберіп, осының ішінде талай жатқанмын. Күн ыстықта үңгір іші салқын. Мұның іші терең еді. Тек кіреберісінде ғана демаламын. Арғы жағы қараңғы. Түрлі дауыстар шығатын. Төбеден түсетін жері де болған. Осыған кіріп-шығып жүріп, ішінен қыш құмыраның сынықтарын, жебе ұштарын, қанжар пышақтар тауып алғанмын, – деді бүгінде кіреберісі тарылып, ішіне құлаған үңгірге қарап тұрып естеліктерін айтқан Медет Науанбаев.
Шынында, төбе жағынан қарағанымызда үңгірдің терең болғанын байқауға болады. Ұлы Жібек жолының бойы болған соң көшпенділер немесе осы жерді тұрақ еткендер әдейілеп қазған болуы мүмкін. Бұдан бөлек, бұл үңгір қашқындар мекені болған деген болжамдар да бар.
Ердос БЕРКІНБАЕВ