Астанада өткен «Рухани жаңғыру: алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық конференцияда көпшіліктің қызығушылығын тудырған баяндаманың бірі – академик Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы. Жүз жылдан соң...» мақаласы. Мақалада автор бүгінгі қазақ қоғамы үшін Алаш қозғалысының маңызы мен қайраткерлерінің өлшеусіз еңбегі сараланып, аса ділгір сауалдарға жауап ізделеді.
Тәуелсіздіктің бізге берген ең үлкен жетістіктерінің бірі – біз еркін ойлауды үйрене бастадық. Елбасы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамда ұлттың өткен жолын ғылыми негізде қорытудың жаңа философиясы мен мүмкіндігі ретінде қабылданып отыр.
Елбасы бағдарламалық мақаласында Әлемде бағыы әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталғанын, соған байланысты «сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан» арылуға шақырып, сонымен бірге қоғамдағы рухани жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайтынын ескертеді. Мұндай тұжырым мен ұстанымға иланбау мүмкін емес.
Мен шағын ғана баяндамамда елімізде тарихи сананың өсіп-өзгеруіне жасалынған аса маңызды шараларға тоқталмай-ақ қояйын.
Елбасы дәл басып айтқанындай, советтік кезеңде қалыптасқан көзқарас, ұстанымдардың әлі де болса өміршеңдігі байқалады. Мәселен, жақында ғана Алматыда бөліп өткен «Большевики в Казахстане: зло или благо?» деген дөңгелек үстелдің материалдары интернет арқылы жарық көрді. Міне, осы материалдарда Ч. Лаумулин және Б. Султанов сияқты әріптестеріміз «егер советтік кезең болмаса Қазақстан бүгінде шамамен Ауғанстан қатарындағы қоғам деңгейінде қалар еді» деген пікір білдірді (если бы не было Октябрьской революции, Казахстан сегодня представлял бы собой нечто вроде нышнего Афганстана, но мирного).
Мұндай көзқарастың астарында большевиктік идеологтар негіздеуге тырысқан советтік билікке балама (альтернатива) даму жолы болған емес деген тұжырым жатыр. Өкінішке қарай, қоғамда мұндай көзқарастағы зиялы деген азаматтардың әлі де біраз бар екені байқалады.
Советтік кезеңде мұндай көзқарастағылар Кенесары Қасымұлы соғысын феодалдық-монархиялық, Алаш қозғалысын тар ұлттық-сепаратистік қозғалыс ретінде бағалады. Яғни қазақ қоғамын өз бетінше дербес өмір сүре алмайтын қоғам ретінде көрсетуге тырысты.
Алаштықтар шынымен де тар көзқарастық ұстанымдағы буын ба еді? Бұл сауалға тура жауап беру үшін біз мынадай мәселенің басын ашып алайық.
Алаш қозғалысы бұл ешқандай да ретроградтық қозғалыс емес, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы болатын. Яғни кемел ақыл-ой тұрғысынан Алаш тақырыбы даулы тақырыпқа айналуы тиіс емес-тін. Өйткені, біріншіден, өз бағдарламаларына сәйкес алаштықтар поляктар немесе финдер секілді Ресейден бөлініп, дербес мемлекет құратынын мәлімдеген жоқ. Ресей Федерациялық құрылымға өтсе, оның құрамында автономия түрінде қалуды жобалады. Екіншіден, алаштықтар қоғамдық дамуда еуропалық жолды, яғни демократиялық және рыноктық құндылықтарды ұстанатындықтарын өз бағдарламаларында ашық жария етті. Үшіншіден, Ә. Бөкейхан мен оның серіктері өздерін ұлы орыс мәдениетіне жақын тұратындықтарын, тіптен осы жолда өздерін шәкірт санайтындықтарын ылғи да ескертіп отырды. Қазақ қоғамында орыс әдебиеті мен мәдениетінің озық үлгілерін насихаттау жолында тұрды. Ә. Бөкейхан мәселен Л. Толстойды соңғы пайғамбар санады.
Басқаша айтқанда, советтік идеология көрсетуге тырсқандай, алаштықтар тар ауқымдағы ұлтшылдар емес-тін. Олар жалпыадамзаттық өсіп-өзгеру арнасында тұрды, Мағжан ақын айтқандай, азаттықтың алтын айына қол созған ұрпақ еді.
Алаш қозғалысының табиғатын тура түсіну үшін қозғалыстың неден басталғандығына көңіл аударған жөн. Ал ол қозғалыс ағартушылық қызметтен басталды. Қазақ ағартушылығының толыққанды қоғамдық құбылыс ретінде көрінуі ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне, яғни Алаш зиялыларының қызметіне тұс келген еді. Жалпыұлттық «Айқап» журанлының (1911-1915), «Қазақ» газетінің (1913-1918), екі миллионға жуық тиражбен басылған (революциялық өзгерістерге дейін) қазақ кітаптарының жарық көруі және басқа атқарылған істер осы тұжырымға негіз бола алады.
Қазақ ағартушылығының хоронологиялық ауқымы салыстырмалы тұрғыдан алғанда, мәселен, еуропалық ағартушылық ешқандай да сыртқы араласусыз барлық қалыптасы мен даму сатыларын емін-еркін жүріп өтті. Ал оның өкілдері ешқандай да репрессия құрбаны болған емес.
Ал қазақ ағартушылығы барлық белгілерімен толыққанды тұтас қоғамдық процесс ретінде ХХ ғасырдың басында қарқынды өріс алғанымен, ұзаққа созылған жоқ. Бар болғаны 20 жылға жетер-жетпес мерзімге созылды. Ал оны бастап бағыт-бағдарын анықтаған тұлғалар түгелдей дерлік репрессия құрбаны болды. Соған қарамастан қазақ зиялыларының 20-30 жылда жүріп өткен жолы кез келген зерделі адамды таңғалдырмай қоймайды.
1933 жылы 16 ақпанда Архангельск түрмесінде жатқан Ахмет Байтұрсынұлы Екатерина Павловна Пешковаға: «Я педагог, связавший с работой просветительной общественно-культурную, публистическую, литературную, и как сын порабощенной нации, проводивший в своей работе определенную политическую идею – идею освобождения казахского народа через боьбу против существовавшего режима, через культурное развитие и через углубление сознания народа; за что приходилась сидеть в тюрме, побывать в ссылке при царском режиме. Я как сын отсталой нации работал с самоотверженным энтузиазмом, отдавая все свои силы и способности, даже и здоровье свое, на дело просвещения казахского народа. И вот волею судеб, в балгодарность за все это от казахского народа пришлось мне при старости лет (62 года) побывать 20 месяцев в тюрме, 22 меяцев в концлагере и очутиться наконец, в таком положение, где старость атакует меня с трех сторон».
Ә. Бөкейхан үзеңгілес серігі Ахметтің халін жақсы білгендіктен, ол да 1933 жылы 29 сәуірде Е.П. Пешковаға хат жазады: Хатында: «Он просвитель казахского народа. Байтурсынов, Кирилл и Мефодий, Новиков и Радищев свеого народа он создал азбуку, которая по мнению профессора Малова, лучшая из азбук... Байтурсынов А. Автор грамматики, синтаксиса, букваря, хрестоматий на казахском языке. Он Наркомпросс Казахской АССР. первоклассный поэт, сатирик. Он патриот, националист... бесстаршный пророк своих убеждении...» дейді.
Сонымен алаш қайраткерлері түгелдей дерлік репрессияға алынып, ал оның тарихы идеологиялық аппарат тарапынан неге бұрмалауға ұшырады? Осы сауалға жауап іздеп көрейін.
Бұл сауалға жауапты империяның геосаяси жағдайынан іздеген жөн. Ә. Бөкейхан бастаған антиимпериалистік, отарлық тәуелділікке қарсы саяси топ ұлт өміріне қатысты бір мәселені дәл де тура түсінді. Яғни ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртып, қалпына келтірмей – ұлттың тұтастығы мен бірегейлігін, болашағын сақтау мүмкін есем екендігін. Олардың бұл әрекетін байқаған патшалық билік ұлт зиялыларын сепаратистер ретінде қудалауға алды. Өкінішке қарай, патшалық биліктің бұл әрекетін советтік билік те жалғастырып, ұлт-азаттық қозғалысты біржолата тұншықтырды.
Белгілі геосаясаткер Хэлфорд Маккиндердің айтқан сөзі бар: география – кез келген теориялық мәселеге берілген жинақы жауап.
Большевиктер географияға байланысты стратегиялық мақсатын, әрине, терең жасырып ұстады. Алға шығарған емес. Ал социализм идеясы, тап күресі және басқа теориялық ұстанымдар белгілі дәрежеде бұл стратегиялық мақсатқа жамылғы рөл атқарды.
Алаш қозғалысының табиғи мазмұны мен талап тілегін мойындауға кедергі болған келесі жағдайға тоқталайын. 1917 жылғы Октябрь революциясы нәтижесінде билікке келген Совет үкіметі сол уақытқа дейін отарлық тәуелділікте азап шеккен қазақ халқына өзін-өзі билеу мүмкіндігін (самоопределение) беру міндетін күн тәртібінен алып тастап, оның орнына тек советтік, яғни таптық негіздегі билік жүйесін енгізетінін мәлімдеді.
Қазақ қоғамына байланысты (тек қазақ қоғамына байланысты емес) мәселенің осы мазмұнда қойылуы қаншалықты негізді еді?
Тарихи тәжірибе көрсетіп бергеніндей, большевизм тарапынан ұлт өміріндегі кезекті де міндетті кезең – өзін-өзі басқарудың орнына таптық жіктелуді енгізу – теориялық тұрғыдан қателік, ал өмірлік тәжірибе тұрғысынан ұлт өміріне жасалған қиянат еді.
Жалпы бұл мәселені сол тарихи кезеңде теориялық тұрғыдан алаштық зиялылар тура түсіндірген еді. Мәселен, Елдес Омарұлы 1927 жылы тергеушіге берген жауабында мынандай ойды білдіреді: «Менің ұлтшылдық сенімім мынандай жағдайға байланысты: мен барлық басқа ұлтшыл отандастарым сияқты қазақ елім жақсы өмір сүрсе екен деген ойдамын. Қазақ халқы экономикасы мен мәдениетін еркін дамытқанын қалаймын...».
«Менің ол кездегі..... қалыптасқан көзқарасым бойынша, – деп көрсетті Алаш Орда үкіметі төрағасының орынбасары Х. Ғаббасов, 1929 жылы 25 қаңтарда берген көрсетуінде, – халық бүтін және бөлінбейтін құбылыс еді, соған байланысты мен саяси қызметімде (басқалармен бірге) тек қана жалпы-ұлттық мүддені басшылыққа алдым».
Алаштықтардың мұндай мазмұндағы ұстанымы осы мезгілде Азия мен басқа континенттерде жүріп жатқан ұлт-азаттық қозғалыстардың бағдарламалық ұстанымымен толық үйлесімді еді.
Ресей коммунистік партиясы қазақ азаттық қозғалысын табиғи мазмұнынан айырып, оны ұлттық бостандық үшін күрес арнасынан шығарып, таптық негізде жіктелу, бөлініп-жарылу жолына салды. Бұл, әрине, қазақ ұлт-азаттық қозғалысына жасалған қиянат еді.
Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған мәртебелі жиында Алаш Орда үкіметіне қатысты мынандай мәселеге назар аудармау қисынсыз болар еді. Советтік тарихнама 1917 жылы 2-інші жалпықазақ съезінің Алаш автономиясы мен оның Алаш Орда аталатын үкіметін құру туралы қаулы-қарарларын негізсіз контрреволюциялық әрекет есебінде бағалады (Очерки истории Коммунистической партии Казахстана. А, 1987, С.71).
Осы ретте мынадай жағдайды ескерген жөн.
Біріншіден, екінші жалпықазақ съезінің шақырылуы бұл қажеттіліктен туындаған шара болатын. Бүкіл империя көлемін жайлаған берекесіздік жағдайында Ә.Бөкейханов бастаған бастаған топтық бұл съезді ұйымдастырып, өткізу әрекеті аса зор тарихи жауапкершілікті мойындарына алған нағыз отаншылдық ұстанымның үлгісі еді.
Екіншіден, съезд қазақ қоғамында ерте замандардан қабылданған салт-дәстүр бойынша шақырылды. Ұйымдастырушы топ арнайы шақыруды ел ішіндегі беделді және белгілі деген адамдарға жіберді. 1917 жылғы қазақ қоғамы жағдайында жалпыұлттық жиынға өкілдер шақырудың басқа тиімді жолын ойлап табудың өзіде мүмкін емес-тін. Жалпы, мұндай бүкіл ұлттық құрылтайға барлық өңірлердегі елге танымал тұлғаларға хабар салып шақыру қазақ қоғамындағы ескі замандардан үзілмей келе жатқан дәстүр болатын.
Үшіншіден, ұлттық құрылтай Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдап, оның Алаш Орда аталатын үкіметін және төрағасын сайлады. Алаш Орда үкіметінің негізгі міндеті мемлекеттегі берекесіздік, анархия жайлаған жағдайда елді бүліншіліктен сақтау әрекеті еді.
Қорыта айтқанда, елдегі аласапыран жағдайда қазақ қоғамының барлық өңірлерінен жиналған өкілдердің дауыс беруі арқылы сайланған Алашорда үкіметі бұл толық легитимді билік түрі болатын. Тарих ақиқаты Алашорда үкіметін осы тұрғыдан қабылдауды талап етеді.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, тарихшы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі