Кімде-кім ежелгі тарих, астрономия, ерекше және түсініксіз құбылыстарға қызығушылық танытса, Өскемен қаласынан 30 км. қашықтықтағы Құржымбай тауының етегіндегі жылғаның жоғары жағында ашық аспан астындағы «Ақбауыр» атты астрономиялық, археологиялық кешеніне баруына болады.Бұл жерге түскен кезде ерекше сезімге бөленесіз. Ұлан ауданының Бестерек елді мекеніндегі ғажайып, ежелгі табиғат туындысына таң қаласыз. Бұл кешен - неолит дәуіріне жататын ғаламшарымыздағы ең көне ескерткіштердің бірі. Ең алғаш рет жүйелі зерттеу жұмыстарын осы ауылдың тумасы, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев жүргізген екен. Зерттеушіні осы тау-тастар арқылы бір ауылдан көршілес ауылға күнделікті мектепке барып жүрген кезде-ақ, бұл тастардың неліктен адам қолымен жасалғандай ерекше болып жатқаны қатты мазалаған.
Сондықтан да туған өлкесіндегі ерекше мекенді ең бірінші болып зерттеп, сырын ашқан. Шығыс Қазақстан өңіріндегі осы тарихи орынды көруге алыс-жақыннан туристер арнайы келеді екен. Тауды айнала жүргенде үңгір қабырғасында қызыл күрең охрамен салынған суреттер бар. Олар б.з.б. 3-мыңжылдықтың басына жатады. Төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір, әсіресе, оның кіре берісіне қарсы суреттер салынған негізгі қабырғасы көп адам табынатын киелі орын болған. Оның алдындағы алаңда жылдың белгілі бір мерзімінде үлкен діни жиындар, құрбандық шалу, т.б. рәсімдер өткізілген. Тасқа салынған суреттер алуан түрлі. Суреттердің мазмұны да өте күрделі. Олардың айналасында әр түрлі ирек сызықтар, нүктелер, үшбұрыштар, төртбұрыштар және адамдар, үш-төрт күрке бейнеленген.
Энеолит, қола дәуірлерінде салынған бұл суреттер жердің құнарлы болуын, мал-жанның өсіп-өрбуін тілеу мағынасын білдіретіні тарих пәнінен белгілі. Гранит тақталарында (тасында) сақталған ежелгі астрономиялық зертхана Жетіқарақшы шоқжұлдызы бейнелеген астротор хабарларын өз бойына жинаған және күн арқылы сағатты білу алаңы болып табылады. Гранитті орталықтан алыс емес жердегі үңгірдің үстіңгі жағында белгілер мен нышандар сақталған, ол бұл жерге ғарыштық кеменің отырған сәтін сипаттайды. Содан бері жергілікті тұрғындар мұнда біраз ет пен май алып келіп, құдайдың берген сыйы деп, оны гранит тастарының түбіндегі терең шұңқырға қояды. Үңгірге апаратын тас баспалдақтар да ғарыштық нышандармен байланысты әлемнің бір шыңына шығаратындай. Үңгірдегі нышандардың әртүрлі көп белгілерінің ортасында - Күн белгісі. Бұл біздің ата-бабаларымыз болжағандай жұлдызды аспанның картасы болуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, бұл жерде жүйелі астрономиялық бақылау жүргенін, ал неолит дәуірінің схематикалық нобайы түріндегі петроглифтары пиктографикалық жазудың болғанын айқындайды. Жартастардың біреуінде жасанды қуыс, шұңқырлар бар. Солардың біреуіне су құйса онда шығыстың күн тұтылуы кезінде (күн мен түн теңескен кезде) күннің сәулесі шағылысып, ең жоғарғы шұңқырға түседі екен.
Бұл жартастың жанында үлкен тас орналасқан. Онда да шұңқырлар бар, құдды бильярд шарларына арналғандай. Мүмкін бұл ежелгі кеншілердің балқытылған кендері үшін жасалған болар. Бұл жерден тас формасын қайталайтын рудалардың сынықтары да табылған. Үңгір аймағынан кейбіреулері үлкен емес, кейбіреулері аса зор, тіпті олардың камераларына бір-екі адам сыятындай домна пештерінің қалдықтары да табылған. Бұл жерден бірнеше жүздеген метр қашықтықтағы тастарда жергілікті аңдар маралдар, сібір таутекелері, арқарлар, ешкімүйіз, тау ешкі бейнелеген петроглифтар орналасқан. Жол Қалба жоталарының тау сілемдері арқылы өтеді. Кешен жеткілікті көлемдегі тастар мен онша үлкен емес петроглифтер мен аңдар бейнеленген суретті гранитті жартастардан тұрады.
Бірнеше ғасырлар бұрын адамдар қарапайым «құрылғылардың» көмегімен астрономиялық бақылаулар жүргізген сияқты. Кешеннің оң жағында сегіз жүз метр қашықтықта гранитті қабырғада үлкен емес үңгір, оның төбесінде және қабырғасында тас жазуының ережесімен салынбаған ежелгі суретші қызыл охрамен салған ерекше жазулар бар. Бұлақтың маңайында қазылған жалпақ плиталармен қоршалған рәсім өтетін жер бар. Қарауыл тау жоталарының аппақ шыңы Солтүстік төбесіндегі шоқылар арқылы көктемгі күн мен түн теңелген кезде Поляр жұлдызына бағытталып, жолға бағыт беріп ежелде халыққа қалтқысыз қызмет еткен. Бұл жотаның шыңындағы төбеден ақ тасты көруге бағыт беріп, «көмектеседі». Қазақтар мұндай тастарды «қарақшы» немесе «қарауыл» деп атаған.
Шығыс Қазақстанда қойшылар әлі күнге дейін оларды өз ішінде қарауылдар деп атайды, оларды тау мен жоталардың шыңына шығып қарауға болады. Қарақшы жерде жол сілтеуші ретінде қызмет етеді. Алтайлықтар мен монғолдарда жолаушы тау арқылы сәтті өтуге алғысын білдіріп, үлкен тастар мен алаңдарды белгілеп, мата байлап, кейде тиын тастап, рухани тағзым көрсеткен. Бұл дәстүр «оба» немесе «оба-тас» (қазақтың оба-қорғанымен салыстыруға болады) деп аталады. «Оба» жолаушыны қауіп-қатерден, бақытсыздықтан, жын-шайтандардан, жамандық әкелушіден қорғап, жолдан адасып, шөл далада өліп қалудан сақтандырады. Осылайша қарақшы немесе оба белгілі бір жол сілтеуші. Олар Шығыс Қазақстанда әсіресе, бір кездері әулие болған мекендерде кездеседі. Қарақшы тау мен жоталардың шыңынан Ақбауырға жол сілтеп тұрады.
Кейбір зерттеушілердің көзқарасынша Ақбауыр кешені ерекше энергия мен ақпараттың генераторы, көкжиектен нақты поляры тәрізді. Мамандардың айтуынша бұл таңғажайып сырлы мекенге баратын сәтті күндер 22 наурыз бен 22 қыркүйек.
Фото: tolgyn.kz