Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2005 жылы жарыққа шыққан «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде «Қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады. Олардың әрқайсысының өз аты, қайталанбас өмірбаяны, дүниеде ешбір жерге ұқсамайтын өзіндік айрықша мінезі мен белгілері бар. Адамдар сияқты олар да өз тағдырларымен дараланады. Біреулеріне «мәңгі қала» немесе «әлем астанасы» бақыты бұйырса, енді бір қалалардың маңдайына өркениеттен тысқары жетімдік күн кешу, енді біріне жер бетінен құрып кету жазылған. Бүгінгі Астана мен келешек Астана – бұл біздің стратегиялық ойларымыз мен ұмтылыстарымыздың ең басты жемісі» деп жазды.
Сол секілді бұрынғы Ақмола қаласының өзіндік тарихы бар. Осыдан 20 жыл бұрын Астананы көшіру идеясы іске асты. Бұл идея бұрын да көтерілген. Оған дәлел Әлихан Бөкейханның «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында Потаниннің «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген сөздері. 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Републикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлық шықты, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді.
Сарыарқа төсінде қанат жайған Астана тарихы көне өркениет пен ежелгі дәуір мәдениетіне сабақтасатындығы ақиқат. Осының дәлелі –елордамыз қоныс тепкен кеңістікте Дешті-Қыпшақ заманында бой көтерген Бозоқ қаласы. Астана қаласы төңірегінің толық археологиялық картасын жасауға бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың тікелей астанасы, ал оның соңғы ұрпағы қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады» деп атап көрсетті.
Нұра мен Есіл өзендерінің сағасындағы ортағасырлық қалалар туралы алғашқы деректер Ресей империясы Бас штабының тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл мен Нұра аумағын зерттеген кен инженері Иван Шангиннің күнделігінде келтірілген. Астана қаласы төңірегінде орын тепкен Бозоқ қаласының орны тек еліміздің астанасы Алматыдан Астанаға көшірілген кезеңде анықталды. 1997 жылдан бастап археолог Кемел Ақышев Нұра мен Есіл өзендерінің барлық тармақтары бойына зерттеулер жүргізді. 1998 жылы Бозоқ қаласының орнын тауып, 1999 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Есіл археологиялық экпедициясының жетекшісі Кемел Ақышев болатын.
Бозоқ қаласы Есіл өзенінің сол жағалауындағы Бозоқты көлінің шығыс жағында, Есіл өзенінен өтетін дәстүрлі өткел – Қараөткелден оңтүстік-шығыс бағытқа қарай 5 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазіргі кезде бұл археологиялық нысанның аумағы Астана қаласының шеңберінде қалған.
Бозоқ қалашығы – тұрғын үй өндіргіштік және мәдени құрылыстардан тұратын өте күрделі көп компонентті ескерткіш. Ұлы Даланың мың жылдық тарихына қарамастан топонимикада ежелгі түрік терминдерінің сақталуы таң қалдырады. Бұл «Бұзықты» көлінің аталуы. Осы көлдің атауы мен «бозоқ» сөзінің этимологиясы негізінде археологиялық ескерткіш – Бозоқ қалашығы делінген. Ортағасырлық мемлекеттердің үшке бөлінген әкімшілік құрылымы жазба деректерде де қолданылған. Орду – орталық, бозоқ – шығыс қанаты, үшоқ – батыс қанаты. «Бозоқ» – түркі-оғыз термині. Яғни көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы.
Бұл археологиялық ескерткіш үш бөліктен – орталық және шет жағындағы екі тараптан тұрады. Олардың әрқайсысы орлармен, бөгеттермен қоршалған. Осы орталықтан 70 метр солтүстікке қарай жер үй кейпіндегі тұрақтар, құдықтар және өзеннен тартылған егін суаратын арықтар орналасқан. Орталықтан 40 метр оңтүстікке қарай қыш кірпіштен құйылған мазарлар мен кесенелердің қалдықтары сақталған. Бүгінгі күні Еуразияның ортағасырлық қалашықтарының арасында мұндай үш бөліктен тұратын ескерткіштер кездеспейді.
Қазба жұмыстарын жүргізген жылдары қорғаныс бекіністерінің архитектурасы зерттелді. Әрбір махалла көлемі 3-5 м, тереңдігі 2-3 м болатын ормен қоршалған. Ертедегі қабырғалар көлемі 8 м, үстіңгі бөлігінің қалыңдығы 5 м, биіктігі 5 м болған. Жазба деректер бойынша қыпшақтар дуалдың үстіне арбаларды жайғастырып қорғаныс бекіністерін күшейткен. Олардың артына бекіністі қорғаушылар жасырына алатын болған.
Археологиялық ескерткішті мерзімдеуде үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең: көне түрік дәуірінен бастау алады. Яғни, Бозоқ қаласының орнынан табылған үш төртбұрыш формасындағы алаңдардағы жәдігерлер VIII-IX ғасырларға жатқызылды. Бозоқ қаласы көне түріктердің әскери ордасы – резиденциясы болған.
Екінші кезең: Қазақстанның ұлы даласында Қыпшақ хандығы дәуірлеген X-XII ғасырларға жатады. Бұл кезеңде Қыпшақ тайпалары көне Бозоқ қаласының айналасын қоршаған орларды қайта қазып, ішкі алаңдарды саз балшықпен әрлеген. Көне тұрақтардың маңайына бақша салып, егін еккен. Суармалы егістік дамыған. Оған арық, канал жүйелерінің кейпіндегі суармалы егіншілік мәдениетіне тән жәдігерлер дәлел.
Үшінші кезең: көне қала қоныс тепкен орынның бергі уақытта мұсылмандықтың діни орталығы болғандығын көрсетеді. Бозоқ шежіресінің үшінші кезеңі XIII-XIV ғасырлардағы Алтын Орда дәуірінен біздің заманымызға дейін жалғасқан.
К. Ақышевтың пікірінше, VIII-XV ғасырларда Қазақстанның далалық аймақтары ордакент-қалаларының пайда болуы, бекініс-баспаналардың тұрғызылуы, әскери бөлімшелер мен жергілікті билеушілер отыратын – ордалардың салынуы отырықшылықтың пайда болуы мен дамуына негіз болды. Осындай қалашықтардың бірі – Бозоқ қаласы болды.
Бозоқ қалашығы әкімшілік, қолөнер мен сауда орталығы болды. Қала Ұлы Жібек жолының әртүрлі тармақтарының түйіскен жерінде орналасқандықтан, халықаралық сауда жолы торабы болды. Қалашықтың орны биікте орналасқандықтан, керуен жолы мен келген жауды бақылап отыруға септігін тигізді. Бозоқ қаласының батпақты жерде орналасуы әскери-қорғаныс мақсаттарында туындаған. Есіл арқылы Қараөткелден сауда керуендері өткен. Бозоқтан сауда керуен жолдарын оңай бақылауға болады.
Сонымен қатар Ұлы Жібек бойында қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы осы жерде орналасқан. Есілден Бозоққа дейін су арнасы қазылып, ол жерден ауыз су алынып отырды. Бозоқ діни-ғибадаттық шаралар өткізетін және адам аз тұратын далада жолаушылар мен сауда керуендеріне географиялық бағдар беретін орталық қызметін де атқарған. XIII-XV ғасырларда қалашық орны қасиетті, киелі саналып, ақсүйектерді жерлейтін орынға айналды.
Бозоқ адамдардың рухани өмірінде де ерекше маңызға ие бола бастады. Мұсылмандар арасында киелі орын саналып, бұл жерде құлшылық етіп, әруақтарды еске алып, ас берілетін болды. Сонымен қатар, жолаушылар мен керуендердің дем алып, түнейтін орнына айналды. Сарыарқаның төсімен жарыса ағатын қос өзен – Есіл мен Нұра жағалауы ежелден-ақ далалықтардың құтты қонысы, қасиетті мекені болған.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астананың шежіресін сонау көне дәуір тарихымен сабақтастыруда Кемел Ақышевтың алатын орны ерекше. Кемел Ақышев Еуразия кеңістігіне әлемге мәшһүр болып отырған «Алтын адамды» тапқан археолог ретінде белгілі. Кемел Ақышев Қазақстанның ғылымына ғана емес, әлемдік археологияға қомақты үлес қосты. К. Ақышевтың есімі Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Алтын Құрмет Кітабына жазылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Астана залында Бозоқ қалашығы мен Кемел Ақышевқа қатысты жәдігерлер халық назарына ұсынылуда. Сонымен қатар Астана қаласының 20 жылдығына орай жинақталған К. Ақышевтың жеке заттары, құжаттары және кітаптары музей қорын толықтырып қана қоймай, тарихымыздан сыр шертеді. К. Ақышевқа қатысты жәдігерлердің фотосуреттері төменде көрсетілген:
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі. Жазба дерек және ақпарат
(фото-негатив құжат қоры)
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі. Жазба дерек және ақпарат
(фото-негатив құжат қоры)
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі. Қаламсап және көзілдірік
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне Кемел Ақышевқа қатысты жәдігерлерді жұбайы К.А. Ақышев атындағы археология Ғылыми-зерттеу институтының директоры, т.ғ.к., доцент Марал Калымжановна Хабдулина тапсырды.
Тәуелсіздік алғалы қол жеткізген ұлан-ғайыр табыстардың, жеңістердің басты символы да, сандаған ғасырларды күреспен өткізген ұлы бабаларымыздың аңсаған армандары мен биік мұраттарының жүзеге асырылғандығын айғақтап көрсетер асыл дүниеміз бүгінгі Астана. Астана – әртүрлі тағдыр тауқыметімен елімізге табан тіреген өзге халықтарға құшағын ашқан мекен.
Қорыта айтқанда, Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғастырған атақты Жібек жолының елеулі орталықтарының бірі болса, Астана қазіргі Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпіріне айналды.
Әйгерім Жүсіпова, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі
Жинақтау, есепке алу және сақтау қызметі, жинақтау және
жаңа түсімдер бөлімінің сарапшысы
Пайдаланған әдебиеттер және деректер
- Ақышев К.А., Хабдулина М.Қ. Ежелгі Астана: Бозоқ қалашығы.- Астана, 2011.
- Назарбаев Н.Ә., Еуразия жүрегінде.- Алматы, 2005.
- Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қоры.