Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғажайып құбылыс

2352
Ғажайып құбылыс - e-history.kz
Қазақтың жылқы танымында «Бошайдың үш қарасы» деген тіркес берік орнықты. Бұл атау 1970 жылдардың басында жүлдеден жүлде қоймай сыпырған атақты Құланқара, Бұланқара және Желмаяға таңылған

Ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтің очерк жанрының классикасына айналған «Бошайдың үш қарасы» атты әйгілі суреттемесі жазылмай тұрған кездің өзінде қазақ даласында Бошай Кітапбаев таныған жүйріктердің атақ-даңқы дүбірлеп жатқан болатын.

Алматының орталық ипподромында 1970 жылдың жазында Қазақ ССР-нің 50 жылдық мерейтойы тойланады. Республиканың түкпір-түкпірінен жиылған «кіл жүйрікте кім жүйрік?» дегендей, елдің ең дүлдүлдері қатысқан ат жарыстарына атақты атқұмар маршал Семен Михайлович Буденныйдың өзі келіп қатысады. Өз өмірінде азамат соғысынан бастап 1941-1945 жылдың қанды қырғынын да бастап кешкен тарихи тұлға ат жарыстарды қызықтап қоймай, қазылық та қылыпты.   

Алматы ипподромында ат бәйгесінен бөлек, қазақ және туысқан халықтардың ұлттық ойындары қоса көрсетіліп, сайысқа түседі. Бұл аламанға әр облыстан іріктеуден суырылып шыққан бір жүйріктен қатысу көзделген.

Бәйге болатын күні Алматыда күн ысып, айнала қапырық болыпты. Бошай Кітапбаев жылқы жаратудың жазылмаған заңдылықтары бойынша бәйге басталардан жеті-сегіз сағат бұрын аламанға қосар атқа жем-шөп, су беруді тоқтататынын жақсы білді. Десе дағы, атбегі Қожамсейіт Асантаевқа жарысқа шығар алдында жүйрікке бір шелек су беруді тапсырды. «Бәйге кезінде Құланқара екі рет алып қашып, шеңберден шығып кетті. Екі шақырымдық шектеулі кеңістікте ауыздығымен алысқан адуынды сәйгүлікті тізгіндеу он бір жасар шабандоз Валерий Мартинге қиынға соқты. Дегенмен, аттың басы қатты екенін білетін тәжірибелі жаттықтырушы Қ. Асантаев екі ретінде де жылқыны шеңберге қайтарды. Құланқара да алға озған бәсекелестерін қуып жету үшін құстай ұшты», – деп жазады М. Кітапбаев. Құлашын кеңге жайған жылқы біраз тұлпарды тұтас айналымға артқа қалдырып, бірінші келді.

Бұл жарыс жайлы ССРО-ның басты газеті «Правданың» спорт айдарында «Желмен жарысқандар» атты мақала жариялады. Онда шабандоз бала Валерий Мартиннің 16 шақырым қашықтықтағы жеңіске деген ерік-жігерге толы ұмтылысы жақсы сипатталады.

Ал 1971 жылы Семей облысындағы Абайдың 125 жылдық тойында Құланқара 20 шақырымдық бәсекеде бақ сынады. Бәйгені көзбе-көз тамашалаған Ғ. Мүсірепов: «Абай тойында жиырма километрлік айналмалы бәйгеге қырық-елу ат қосылып еді. Бошайдың Құланқарасы жеке-дара жалғыз келді. Оған ең таяу келе жатқан аттар бір айналым кейін қалды.

Құланқараға мінген он екі жасар бала Валерий атына бір рет қамшы үйірместен тұйғындай түйіліп өте шықты. Құланқара әлі ауыздығымен алысып келеді екен. Қарсы алдынан соққан желді (тұтқыр ауаны) аттың басы мен еңкейе отырған баланың басы бірге жарып өтіп келе жатқаны танылады», – деп суреттейді.

Куәгерлердің айтуына қарағанда, Бұланқара шапқан кездегі жанына қосылған бөгде аттың халық наразылығын туғызуы, ел-жұрттың әділдік сұрап айғай салуы секілді тосын оқиғалар Құланқара шабысында еш болмапты. Себебі, «сен тұр, мен атайын» дейтін өңкей жүйрікті шаңға көміп жеткен жеңімпаз Құланқараның шаршаңқы кейпі, пысылы бір байқалмапты. Жылқыны поэзияда көп жырлаған атақты ақын Ілияс Жансүгіровтің Құлагерді «Тау желін тартса жұтқан талыс танау, Тынысты кеңде жатыр кеңірдегі» деп суреттеуі осы Құланқараға да келетіндей. Алайда Жамбыл тойында Құланқара аяғынан ақсап қалғандығы себепті қатыса алмаған.

Құланқараның жарыс жолындағы шабыс мәнері сөреден ытырылып шыға сала бар пәрменімен алға ұмтылуы еді. Тұлпарға табиғат сыйға тартқан тасқын күш, алапат жігер шабандозға қандай қашықтықта да басын іркудің қажеті бола қоймайды. Мұндай ғажайып құбылысты көріп тамсанған ақын Кәкімбек Салықов: «Құланқара жас құландай желігіп, Топты көрсе, дара кеткен бөлініп. Атқан оқтай ағындаса жануар, Қылаң қағар Құлагердей керіліп» деп жырлайды.

Ғабит Мүсірепов Бұланқараға мініп шапқан шабандоз Ершоқ Саханов пен Құланқараны тізгіндеген Валерий Мартиннің бәйгедегі өзге шабандоздардан тәсілқойлығына, атқа отырысына жіті мән береді. «Бақылаған адамға Бошай балаларының бұлжытпай ұстайтын бірнеше ұтқыр тәсілдері бары байқалады. Бұл балалар атты өкпесі қысып тебінбейді. Аттың шабыс ырғағын бұзып, қамшыламайды. Шалқаймай еңкек отырғандықтан алдынан соққан жел (тығыз ауа) баланың кеудесіне де тірелмейді, ықшам киінгендіктен жел кеулеп етегінен де тартпайды». Демек, аттың бабы мен бағы қатар келісіп тұрғанымен де, үлкен додаларда шабандоз балалардың дұрыс амал-әрекеті көп жағдайда кәдеге жарайды.

Басы басталған әңгімемізді Бұланқарамен жалғайық.

Жалғасы бар...

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?