Құпия кодтармен жасырылған ақиқат
Орыс көршіміз болатын. Миша деген біз құралпы баласы түнде ұйықтамай, мазаны алса, әжесі ертегі айтып бастайтын. Сол ертегісінде тыңдамайтын балаларды қапшыққа салып ап, алысқа әкетіп қалатын «Баба Яга» дейтін кейіпкер бар. Әлгі аңыз айтыла бастағаннан-ақ Миша көрпе астында дірдек қағып, ұйықтап кететін. Ал, бізге не керек, қызық керек. Ертеңіне «Бабааай» деп Мишаны қорқытатынбыз. Ол әлгі есімнен сұмдық шошитын. Кім біліпті деймін Бабай Ага тарихи кейіпкер екенін, Мишаның қорқынышы гендік деңгейдегі үрей екендігін. Бабай Ага! Кім ол? Қазір кім екенін бірге анықтайық. Ескерте қояйын, әлгі Бабай Ага сіздің тумаластың бірі болып жатса, әсте ренжи көрмеңіз...
Жә, әзіл ғой бұл. Ертегімізге оралайықшы. Күні бүгінге дейін ертегі дегенге тарихшың да, ғалымың да мұрын шүйіре қарап келеді. Енді ше? Ұйықтамай жатқан баланы ұйып тыңдатып, қалғытып жіберу үшін ғана айтылатын аңыздан қандай факт, қандай жаңалық ашуға болады деп санайды. Бекер! Иә, ертегіні балаға айтады. Бірақ оны құрастыратын, айтатын кім? Әлбетте үлкендер. Үлкендер сол әңгімесін ойдан, қиялдан құрайды дегенмен, ертегі етіп өзінің өмір сүріп жатқан кезеңін, кейіпкер ретінде көзі көріп жүрген адамдарын алады емес пе? Кейде ертегі дегенің – құпия кодтармен жасырылған ақиқат. Тарихи оқиғаны әлде бір шындықты құпиялап, оны ертегі етіп жіберудің не керегі бар?
Соғыс! Бір мемлекет екінші бір мемлекетті жеңіп, түбінде жеңілген халықты ассимилияциялауға, жұтып қоюға көшеді. Міне, осы кезде жеңілген мемлекет бодан бола тұра халқының азат санада, еркін ойда қалуына жанталаса тырыса бастайды. Тарихын, дәстүрін эвакуациялайды. Эвакуация дегенің тарихи кітаптарды бір өлкеден екінші бір өлкеге көшіру емес. Арғы тарихты болашаққа көшірудің қамы бұл. Яғни, соғыстан кейінгі әйтеуір бір келетін бейбіт өмірге, тіршілікке дайындалған. Қағаз күйде сақтаса, оны жаулаушы, отарлаушы әлбетте өзгертуге тырысады. Ал әлгі ақиқатты анау-мынау кісінің назары түсе бермейтін ертегі-аңызға салса, ешкімнің менсінбегені себепті аман қалады. Міне, ұлт өзінің ұмытпауға тиіс дүниелерін баланың ертегісіне осылай жасырған. Бір тыңдасаң, қиял-ғажайып. Ал, әр сөзіне шұқшиып, кодтарды шеше бастасаң, тың тарих, жаңалық ашылады.
«Бабаларымыз, меніңше, қасқыр ембеген...»
Мысалға, Ашина туралы аңызды алайықшы... Біздің бөрі туралы аңыз римдіктердің «Ромул» ертегісінің көшірмесі сияқты. Адам баласын қасқыр асырапты дегенге саяды. Ал шын мәнінде... Бұл әңгіменің шын мәнін Таласбек Әсемқұлов айтып беріп еді! Ол кісі айтады: Ашина туралы мифтің негізгі месседжі – қасқырдан тарағанымыз туралы емес. Бөрі образы – ғұн-түріктің қандай катастрофа көргенін бейнелеуші метафоралық нысан еді дейді.
Сонымен аңыз жаудың тұтқиылдан шауып, ел-жұртты қырып кетуімен, нәрестенің аяқ-қолын шауып, батпаққа тастай салуымен басталады. Іңгәлап жатқан сәбиді ана қасқыр асырап алуымен жалғасады. Сол сәби ержетіп...
Тоқтаңыз! Осының бәрін шын болған деп ойлайсыз ба? Батпақта қансырап жатқан нәрестеге (кесек етке) қасқырдың мейірімі ояна ма? Оянса, тәбеті оянатын шығар? Жоқ, бұл үшін қасқырға ренжімеңіз. Ол жеуі керек, ол бас салуы керек. Өйткені, ол – жыртқыш, ол – хайуан.
«Ертегінің бұл тұсын былай түсінген шарт, – дейді Тәкем: – Жау шапқаны рас. Ересек біткенді қырып тастағаны да рас. Ал енді сәби образы былай. Ол заманда арба күпшегіне бойы жетпеген бала-шағаны өлтірмейтін болған. Өлтірмегенін қайтейін, бүкіл мал-мүлікті айдап әкетеді. Айдалада малсыз қалғаның – аяқ-қолсыз қалғаның емей немене? «Батпаққа тастап кетті» дегені осы еді! Шұбырған көп жетім қалай тірі қалды? Кең даладан, қасқырдың шашып жеп кеткен жемтігін тауып алып, соны талғажу етіп, тірі қалды. «Бөрі асырады» дегені осы еді. Ал енді, кең далада қасқыр, қай қырдың астында жемтік қалдырғанын қалай білесің? Төбеде шыр айнала ұшып жүрген қарғалардан. «Қарға тамырлы қазақ», «Қарға бойлы» деп, келіспей қалған қара құсты осыншама сүйкіммен әр сөзімізге қосуымыз сол бір тарихи жайтқа қатысты шығар, бәлкім?! Қысқасы, бөрі туралы аңыз – түріктің әуелдегі катастрофалық тарихын метафоралық тәсілмен бейнелеп жеткізуі еді дейді ғалымдар.
P.S. Олай болса, қасқыр емгем, қасқырдан тарағам деген бос сөз. Бірақ, қасқырдың әккілігі, қайратына, ұяластарына бауырмалдығына тәнті болу – ол енді бөлек әңгіме. Бабаларымыз байрағының басына бөріні ілуіндегі мұраты да сол – ерлігіне риза болу, бөрідей болуға ұмтылу еді.
«Алпамыс батыр» жыры «боевик» емес
«Алпамыс батыр» жырын тыңдасаң, құдды оңнан келгенді опырып, солдан келгенді сұлатқан алапат батыр туралы экшн-ертегі екен деп ойлайсың! Бірақ, олай емес. Бұл жырда бабаларымыз біздерге өсиет қалдырған. СССР бізге батыр майданда шынығады деп соғыс тіленген жұртқа айналдырды ғой. Ал шын мәнінде соғыс ұлттың жақсыларының басын жалмайтын бәлекет екен.
Жырдан байқаған шығарсыз, Алпамыс жауға аттанғанда елді күңнен туған Ұлтан деген құл билеп қалады. Эпостағы сұмдық деталь осы. Таласбек Әсемқұлов соғыс уағында басын бәйгеге тігетін, қан кешетін, өлетін – кіл марқасқалар, ұлттың жақсылары дейді. Бірақ, олар өзіне жүктелген міндетті орындайды. Ал нашарлар тірі қалады. Отан, елдік, еркіндік жайлы түсінігі жоғары, текті тұқымдар соғыс өртінде алдымен жанып кетеді. Қан майдан ұлтты шынықтырмайды, керісінше, «кері сұрыптаудың» («обратная селекция») қатыгез заңына ұрындырады екен.
Ертегі соңында, Алпамыс елге келіп, қаныпезер Ұлтанды тақтан құлатып, жұртқа қайта мамыражай күнді туғызады. Бірақ, батырдың бәрі Алпамыс сияқты соғыстан аман келе бермейді ғой. Жырдың айтпағы осы.
Бабай Ага – ескі жаудың елесі
Біз орыс ертегісіндегі «Бабай Ага» немесе «Бабайка» туралы сөйлеп жатыр едік қой. Байқасаңыз, бұл персонаж славян жұртының түрік халқымен түйісетін территорияда көп айтылады. Қазақстанның солтүстігі, Сібірде Бабай дегенің – тіл алмайтын балаларды алып кететін әлде жазалайтын қорқынышты бір ата. Ал Украина мен Ресейдің оңтүстігінде бұл кейіпкердің образы мүлдем үрейлі. Мұнда ол – жай ғана қорқынышты шал емес, қолы шолақ, ақсақ ең соңғысы бет-жүзі тыртық-тыртық құбыжық. Қателік жасасаң аямайтын аяр. Киіміңді, ойыншығыңды, жылтырағанның бәрін алып қояды. Ең қорқыныштысы – балаларды құрдымға әкетіп қалады. Бабай образының соншалықты әсері, бесік жырына да қосатын болған...
Ай, бай, бай, бай,
Не ходи, старик Бабай,
Коням сена не давай.
Кони сено не едят,
Всё на Мишеньку глядят.
Миша спит по ночам
И растёт по часам.
Ай, бай, бай, бай,
Не ходи ты к нам, Бабай (Русская колыбельная)
Ал енді осы кейіпкерді ертегілік кейіптен аршып алсақ, кәдімгі ата алдымыздан шығады. Оның аты – Бабай Аға немесе Баба Аға. Бұл – Алтын Орданың атынан келген салық жинаушы. Ол жаза бассаң, жазалайды, қымбат мүлкіңді алып кетеді.
Бабай – расымен қолынан айырылған, бет-жүзін тыртық шармаған кәрі ардагер. Балаларды расымен алып кететін болған. Украина, Ресейдің оңтүстігінде бертінге дейін деревняларға қырымлық, ноғайлық қарт батырлар кіріп, жас балаларды түріктің янычарлығына шырылдатып әкететін болған. Иә, қыздарды да алып кетуші еді?! Күң базарда сату үшін. Міне, осы Бабайлар деревняға кіргенде орыстың мұжығы мен қатыны, бала-шағасын жасырушы еді. Олар кеткен соң, тілазар балаларын «Бабайға беріп жіберем» деп қорқытушы еді.
Не керек, бірнеше заман өтті. Бабай Ага біртіндеп Баба Яга-ға айналып кетті. Ата қалай кемпір болып кеткенін ешкім түсіндіре алмайды. Біздің Мишканы «Бабай алып кетеді» деп қорқытатын орыс әжеміз сол Бабай кім екенін білді ме екен? Әй, қайдам?!
Көрдіңіз бе? Ертегі деген қызық. Ескі жауды ертегі кейіпкері етіп жіберіпті. Негізі орыстың аңыз-мифтеріндегі көп кейіпкер – мынау біздер. Мысалға, Тугарин дейтін зұлым батырдың түбін қазсаң, қыпшақтың Тугоркан ханы екен. Киевті қоршап, өртеп жіберетін Калин-царь дейтіні өзіміздің Алтын Орда хандарының бірі... Ал, көшіп жүретін, көшші образы орыс ертегісінде «Кощей бесмертный» болып шыға келеді.
Кім біледі, ертегі-аңыздардың баршасын осылай басқа қырынан талдасақ, ол жырлардың біз байқамаған, жасырын, астарлы және нақты мағынасы ашылатын шығар?!