Шежіре деректеріне қарағанда, ХІІІ ғасырда Мадина қаласынан келген Сайд Камалиддин Ферғана сұлтаны Ілкі Мағзұмның қызына үйленеді. Ол кезде Ферғана мемлекеті Батыс Қағанатының астанасы Өзгент шаһары болған. Саид Камалиддин үйленген соң Мекке-Мадинаға қажылыққа барып, сол жақта дүние салады. Артында қалған Ілкі Мағзұмның жүкті қызы ұл туып, оның есімін Бурханиддин қояды.
Жас Бурханиддин нағашы атасы, Ферғана сұлтаны Ілкі Мағзұмның тәрбиесінде болады, ол дүниеден өткенде орнына таққа отырады.
Бірақ кейірінек өз еркімен тақтан түсіп, ислам дінін насихаттауды, дін жолында қызмет етуді алдына мақсат етіп қояды. Ол Алланың парызын орындамағандарға, өтірікші-өсекшілерге қатал кісі болған. Аңыз әңгімелерге қарағанда, ол жиналған жұртқа екі жүзді қылышын жалтылдатып жоғары көтерген кезде көбелек, қоңыздар өздері келіп қылышқа ұрынып, қақ бөлініп қала бергенін көрсеткен. Ол: «Кімде-кім адал болмаса, жаулық көрсетсе, осы көбелек, қоңыздардың тағдырын кешеді» деп ескерткен. Содан Бурханиддин «Қылышты Ата» атанып кетеді.
Қылышты Ата (Бурханиддин) батыр әрі әулие кісі болады. Қылышты Ата туралы «Бабырнама», Камилқан Қаттаевтың «Махмуди Ағзам және Дағбед», Әмір Темірдің өмірі туралы Шарафиддин Али Аздидің «Зафарнама» кітаптарында жазылған.
Қылышты Ата кесенесі Төлегетай баба кесенесімен қатар Жаңақорған ауданы орталығынан 30 шақырымдай қашықтықта, Сырдарияның сол жағалау бетіндегі Әбдіғаппар ауылынан 10 шақырымдай жерде.
Төлегетай баба мен Қылышты атаға Найман ата ұрпақтары 2008 жылы 25 қазанда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жаңадан тарихи-сәулеттік кесене тұрғызып, ас берді.
Қылышты Атаның өкіл қызына үйленген Төлегетай – осылайша қалың Наймандардың түп бабасы болып шығады. Ал Төлегетайдың баласы Матайдан туған Қаптағай батыр аты 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» дейінгі Найманның ұраны болып келген. Қаптағай батырдың сүйегі Сауран қамалының сырт жағында қойылған (Күншығыс бетінде). Жоңғарларға қарсы кейінгі жылдардағы айқастарда Қабанбай батыр аты ұранға шыққан.
Төлегетай баба – ХІІІ ғасырдың басындағы Күшілік ханның ұрпағы. Наймандарды жер-жерлерге бөлген кезде Төлегетай ежелгі Өзгент, Түркістан өңіріне жіберіледі. Бұрын да бірінің атағын бірі сырттай білетін Төлегетай мен Қылышты Сыр өңірінде кез болып, бірін-бірі құрмет тұтып өтеді.