Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қазақ» газетін Стамбұл, Нью-Йорк, Мюньхен жаздырып оқыған

2872
«Қазақ» газетін Стамбұл, Нью-Йорк, Мюньхен жаздырып  оқыған - e-history.kz

Тәуелсіз қазақ баспасөзінің тарихы  әрине «Түркістан уалаяты газетінен» басталады. Негізгі штабы Ташкент қаласында орналасқан Түркістан генерал-губернаторының ресми газетіне қосымша ретінде шығып тұрған бұл газеттің алғашқы саны 1870 жылдың 28 сəуірінде жарық көрген екен. Яғни басылымның о бастағы миссиясы өкімет орындарының жаңалықтары мен қаулыларын қазақ даласына жеткізу болатын. Бірақ соған қарамастан, өз деңгейінде елдегі ахуал мен түйткілді мәселелерді көтеріп отырды.

Сол секілді ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Бірлік туы», «Дала», «Қазақ газеті», «Қазақ», «Айқап», «Алаш», «Сарыарқа», «Ұран», «Үш жүз», «Тіршілік», «Тілші», «Кедей», «Бостандық туы», «Ақжол» сияқты газет-журналдардың да ұлтты оюту жолында атқарған жұмысы аз болған жоқ.  Алайда бұл басылымдардың ішінде «Қазақ» газетінің орны ерекше болды. 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейінгі аралықта тұрақты түрде жарық көрген бұл басылым қазақ қоғамын­а айрықша серпіліс әкеле білді әрі жалпы ұлттық сипат алған алғашқы қазақ басылымы деуге болады. Шынайы кәсіби газет стилінде  шығып тұрған «Қазақ» газеті халық арасында зор ағартушылық рөл атқарды. Зерттеушілердің айтуынша, бес жылдан астам уақыттың ішінде аталмыш газеттің барлығы 265 нөмірі жарық көріпті.

Басында айтып өткеніміздей, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары - «Түркістан уалаяты газеті»,  «Айқап»,  «Ақжол» секілді басылымдардарда негізінен жер, ішкі мәселелер жазылып жатса, «Қазақ» газетінде ушығып тұрған саяси тақырыптар, қазақтың азаттығы, автономия мәселелері көтеріліп отырды. Бұл қазақтың ұлттық саяси көзқарысының қалыптасуына тікелей әсер етті.

Газеттің редакторы Ахмет Бай­тұр­сынов болып, оны ұйымдастыруға Әлихан Бөкейхан, мен Міржақып Дулатов белсене атсалысты. Қазақ тари­хындағы ең алғашқы ұлттық-демо­кратиялық ұйым – «Алаш» партиясының құрылуына да осы газет ұйытқы болғанын айта кету керек. Өте үлкен саяси құрал деңгейіне көтеріле білген басылым. Яғни бұл басылым Алаш даласында басқарушы жүйенің қізметін атқарып тұрды. Қазіргі тілмен айтқанда Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктерінің, яғни атқарушы биліктің функциясын атқарды деуге болады. Тіптен білдей бір Парламенттің жұмысын атқарып отырды деуге болады.

Сонымен қатар аталмыш газет өзінің ізін жалғастыратын басылымдардың ашылуына түрткі болды. Қазақ даласында сол уақыттарда жарық көрген «Сарыарқа», «Ұран», «Бірлік туы», «Абай» журналы, «Жас азамат» газеті, «Балапан» журналы секілді басылымдар «Қазақтың» шекпенінен шыққан ақпарат көздері болып саналады. «Қазақ» газеті, сонымен қатар қазақтың әдеби тілінің жалпы қазаққа ортақ алғашқы үлгісін қалыптастырды. Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың аталмыш басылымға «Біз Абай тілі жалпы қазаққа ортақ тіл дейміз. Бірақ дәл «Қазақ» газетіндей әр үйдің шаңырағында тұрған, қазақ тіліне ғылыми, философялық, саяси терминдерді енгізген басылым жоқ. Бүкіл қазақтың әдеби ортақ тілін қалыптастыруда «Қазақ» газетінің алатын орны ерекше. Бұл басылым қазақ бәспәсөзінің қалыптасуына ерекше ықпал етті. Осы газет арқылы қазақтың тұрақты журналистикасы қалыптасты. Оған дейін шыққан басылымдарда тұрақты әдеби қызметкерлер, тілшілер болған жоқ. Ел аралап, өзекті мәселелерді көтеріп, тұрақты редакция ретінде жұмыс істеген басылым осы «Қазақ» газеті болатын», – деп баға беруі осы сөзімізге мысал болса керек.

Бір жылдары белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы да «Қазақ» газетіне қатысты көптеген құпиялардың ашылмай жатқанын айтқан еді. «Жалпы «Қазақ» газетінде жарияланғанымен әлі күнге дейін зерттелмеген мәселелер өте көп. Соның бірі – «қазақ» газетін сонау Стамбул, Нью-Иорк, Мюньхен секілді қалалардың жаздырып алып отырғаны туралы деректер. Басылымның бізге жетпеген сандары, бәлкім, сол қалалардың мұрағаттарында жатуы мүмкін. Одан да маңызды бір мәселені айта кеткім келіп отыр. Қл – «Қазақ» газетінде жарияланған Ресейдің жымысқы саясатына байланысты материал. Онда мынадай мәселе айтылады: «Ресей Антанта әскери одағына мүше болып кіргенімен, экономикалық жағынан өте қиын жағдайда отыр. Соғысты әрі қарай жалғастыруға шамасы жоқ. Антанта шарты бойынша, «ешқандай мемлекет өз еркімен соғыстан шыға алмайды. Тек өз ішінде ереуіл немесе билікке қарсы қандай да бір жаппай қарсылық шарасы басталып, соны басу мақсатында ғана соғыстан өз еркімен шыға алады. Олай болмағанда, соғыстың бүкіл шығынын мойнына алады» деген бап болған. Сондықтан Ресеи ел ішінде «дүрбелең» ұйымдастыруға мәжбүр болып отыр. Ол ішкі емес сыртқы аймақтарда жасалды. «Қазақтарды қара жұмысқа алу туралы» жарлық осы мақсаттан туған дүние. «Қара жұмысқа бармаймыз» деп бас көтерген жастарды басамыз деген желеумен майдан даласына жөнелтілген әскерлерді кері әкеліп, қазақты қынадай қырмақ. Осы қақпанға түсіп қалмайық», – деген материал жарияланған. Ақыры осы жорамал расқа айналды. Қаншама қазақ баласы Ресей армиясының табанына тапталды. Атылды, асылды. Алаш арыстары осы мақсатта он алтыншы жылдары Торғай өңірінде арнайы түсіндірме жұмыстарын да жүргізген. Бұған мойынсұнып, қара жұмысқа адам жіберіп, қанды қырғыннан аман қалған өңірлер көп. Бұл деректерді бүгінде зерттеген ешқандай ғалымды білмеимін», – деп атап өткен еді. Расында бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр.

Келесі жылы «Қазақ» гезітінің шыққанына бақандай 107 жыл толады екен. Өкінішке қарай, «баспасоз күнiн «Қазақ» газетi шыққан күнге орайластыру керек» деп тұщымды пікір айтылып жүрсе де бұл айтулы дата мемлекет тарапынан ескерусіз қалып келеді. 100 жылдық алдыңғы жылы 105 жылдық мерейтойы да көп айтыла қойған жоқ. Тек қазақ зиялылары арасында ғана айтылып, өз деңгейінде аталып өтіліп келеді.

«Қазақ»-дерек:

 

Тұңғыш саны 1913 жылдың 2 ақпанында жарық көрді. Алғашқы жылдары аптасына бір рет жарық көрді. Ал араға екі жыл салып барып, яғни 1915 жылдан бастап, ол аптасына екі рет шыға бастады.

«Қазақ» деген атаумен қазақ гәзетiн шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы күнi берiлген.

Газет қолдан-қолға, ауылдан ауылға өтiп, тозып жетiп жыртылғанша оқылды. Оны сол заманда дала және Түркiстан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлiнген (Қыр баласы. Қазақ. «Қазақ» гәзетi, 1913 жыл, № 8) Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi жұрт жаздырып алды.

«Қазақ» газетiн метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскiге деиiнгi университеттерiнде бiлiм қуып жүрген қазақ студенттерi жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседi.

Аз уақыт iшiнде «Қазақ» газеті 5 миллионға жуық көшпендi халықтың көпшiлiгi бiлетiн көшбасшы басылымға айналды.

Сол секілді Оксфорд университетi зерттеушiлерiнiң мәлiметiне қарағанда, гәзеттің таралымы 8 мыңнан асып жығылған (Т.Жұртбайдың дерегі).

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?