Сөздік қорымды сөздікпен толтырдым
– «Адам айдаса бармайсың, дәм айдаса қалмайсың» дегендей, дәм тартып, Ыстамбұл қаласына келіп қалғанымызда, өзіңізбен кездесіп, кеңесудің сәті түсті. Шетелде туып өскен қазақ ғалымдардың өмір-баяны елдегі ағайынға қызық болары сөзсіз. Сондықтан, әуелгі сөзді өзіңіздің өмір-тарихыңыздан бастасақ.
– Біз енді осы Ыстамбұлдың тумасымыз. 1961 жылы осы Зейтінбұрын ауданында өмірге келдім. Әрине, шетелде қазақ болып өмір сүру оңай емес. Халқымыздың бір жақсы қасиеті – салт-дәстүрінің мықтылығы. Алтайдан ел ауа көшіп, осы Анадолыға жеткен ширек ғасырлық көште де көшбасшы аталарымыз бен қайсар аналарымыз ру-тайпалық түзімді, салт-жораны мықты сақтады. Атадан балаға жалғасқан сол тамаша салт бізге дейін жалғасты. Біз ру басылар мен ақсақалдардың сөзін екі етпейтін үлкендердің өнегесін алып ер жеттік. Соған өзімді бақытты санаймын. Ал, кейінгі ұрпақ оларды көрген жоқ. Өзім жастайымнан кітап оқуға бейім болып өстім. Ақша мен сауданың соңынан кетпедім. Әкемнің тері киімдер тігетін шеберханасы және сататын дүкені болды. Оларға қызықпай оқу мен білімнің соңына түстім.
– Сол кездерде маған мынадай сұрақтар келді. Біз қазақ екенбіз. Онда түркияда нағып жүрміз? Қазақстан неге Кеңес одағының қол астында? Неге тәуелсіз емеспіз?
– Ол кезде түркияда қазаққа қатысты кітаптар өте аз болатын. Ендеше осы сауалдардың жауабын өзім зерттеп табайын деген мақсатта тарих оқуға шешім қабылдадым. Сонымен Ыстамбұл университеті Тарих факултетіне емтихан тапсырдым. Алдында оқыған электроника мамандығымды қайырып қойып, тарих ғылымына бет бұрдым. Ол кезде қазақша мектеп, қазақ тілді ақпарат, баспасөз жоқ. Қазақ тіліміз нашарлау болатын. 1980 жылдары бір жерден Алматыда шетелдермен байланыс жасайтын бір қоғамның бар екенін құлағым естіп қалды. Сол қоғамға хат жаздым. Ол қоғам маған кітап жіберіп тұрды. Олар ақылды адамдар екен. Маған Мұхтар Әуезов, Сабит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфулин сынды қазақтың класикалық жазушыларының еңбектерін жіберіп тұрды. Барлығын судай оқып шықтым. Бастабында крллицияны танымайтын едім. Кейін харіптерді үйреніп алдым. Енді қара танып оқи алсам да, әдеби шығармаларды түсінуге сөздік қорым жетпеді. Халифа Алтай ағамыздан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» уақытша сұрап алып, сөздік қорымды молайттым. Осындай өзімнің жинақтаған сөздік қорымның арқасында, азаттық радиосына жұмысқа шақырылдым. Осылайша 1988-1995 жылдары Германияға барып жеті жыл жұмыс істедім. Ол жерде Түркия қазағының қаймағы Хасан Оралтай, Мұхабай Енгін, Талғат Көкбұлақ, Әлихан Жаналтай және Қазақстандық диссидент Махмет Құлмағамбетов сынды асыл ағалармен бірге жұмыс істеп дәмдес дастарқандас болып араластым. Сол жерде Мұстафа Шоқайды білдім. Кейін докторлық диссертециямды Шоқай тақырыбынан қорғадым.
Дүние тарихын қазақтың көзімен қарап, қайта жазып жатырмын
– Тарих – ұшы-қиыры жоқ ұлы дүние. Осы ұлы тарихтың қай кезеңін көбірек зерттедіңіз? Қай елдің тарихына көбірек үңілдіңіз?
– Мені көбінесе ХХ ғасырдағы түркі тарихы қызықтырды. Әсіресе Алаш орда тарихы бірден баурап әкетті. Тек қазақтың өткен ғасырдағы тарихы емес, өткен ғасырдағы өзге де елдер тарихын, әсіресе түркі елдерінің сол кезеңдегі жағдайын зерттедім. Осман империясының құлауы, Түркия республикасының құрылуы, Өзбек, Қырғыз елдерінің жағдайы, түркі мұсұлмандардың тарихына көбірек үңілдім.
Біздің ата-бабаларымыз өткен тарихта күшті болыпты. Ал, ХХ ғасырда әлсіреп, бара-бара құлдырап, басқа империялардың уысына түсіпті. Бұған нендей себептер болды? Түркі мұсұлмандары неге артта қалды деген сұрақтар мені мазалады. Осы сұрақтардың жауабын тарихтан іздедім. Екіншіден, жалаң ғана өз халқымызды зерттеумен ештеңе өндіруге болмайды. Әлем тарихын да зерттеу керек. Өткен ғасырда өзге елдер қайда, біз қайдамыз дегенге жауап таппасақ тарихымызды дұрыс бағалай алмайтынымызға көзім жетті. Сол кездердегі елдердің жағдайы, халық саны, күш-қуаты, білім деңгейі, ұлттық көзқарасы дегендерді толықтай түсінбейінше тарихты шынайы тану мүмкін емес. Әсіресе, өткен ғасырларда аталарымыз күшті болған еді деп құр мақтана бергеннен таза ғылым шықпайды. Мінеки осы сауалдарға байланысты мен әлем тарихына да зер салып жүрмін.
Өткенге қарап отырсақ, әлем тарихын жазуға түркі мұсұлмандары қызықпаған сияқты. Біздің осы орайда оқып жүрген тарихымыздың дені еуропалық ғалымдардың жазғаны. Біз көбінесе солардың аудармаларын өзіміз оқып, жастарға да оқытып келеміз. Түркияда да, Қазақстанда да осы. Өзге түркі мұсылман елдер де осылай. Осы жағдайға қарап отырып, мен дүние тарихын қазақтың, түріктің, мұсұлманның көзімен қарап отырып зерттеп шықсам деген ойға келдім. Осы бағытта үш жыл бойы еңбектеніп келемін, зерттеуімнің соңына таяп қалдым. Осы орайда әлем тарихының жаңа бір консепциясын жасап шықтым. Қазір сол бойынша жазудамын. Әрине бұл консепцияны менің өзімнің өте дәл, сәтті деп айтуым орынсыз. Мүмкін нашар да шығар. Оның бағасын кітап шыққанда оқырман бере жатар. Бірақ қайткенде де тың консепция. Қазір барлығымыз “иновация” немесе “жасампаздық” деп айтып та, жазып та жатырмыз. Оны мүмкін тек техникаға тиесілі деп ойлайтын шығармыз. Бірақ менің түсінігімше, ол әлеуметтік ғылымдарға, оның ішінде тарихқа да қатысты. Сондықтан да мен тарихшы ретінде бір “иновация” жасадым. Ол жарамды ма, емес пе көпшілік біледі. Бірақ бәріміз өзімізден бұрынғы тарихшылардың жазғандарын қайталап көшіре бермей, осылай ізденісте болып жаңалық ашуға, жаңа көзқарас ортаға салуға тырыссақ, сонда тарих ғылымының көсегесі көгереді. Енді Құдай қаласа еңбегім келесі жылы осы уақытта жұрттың қолына тиетін болады.
Қарап отырсам, қысқа дүние тарихы туралы еңбектердің көлемі орташа 400 беттен келеді екен. Мен одан қысқа да, нұсқа жазып, қазіргі заман талабына үйлестірсем деген ойдамын. Қазір, әсіресе жастар қалың кітапты оқымайды. Елдің 250-300 беттен асқан еңбектерді ақуға уақты да, шыдамы да жоқ. Сондықтан менің кітабым 250 бет мөлшерінде ғана болады. Ол төрт тілде, атап айтқанда қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрмек. Бұнда бір халықты зор, бір халықты қор етіп көрсету идеясы жоқ. Сондықтан, мұны әлемнің қайсы халқының өкілі оқыса да, ала-құла бөтендік көрмейді. Жалпы, бұған дейінгі әлем тарихы, дүниежүзі тарихы кітаптарынан басқашалау әдісте жазылады.
Бұл әдіс, соңғы 20 жылда пайда болған, жаңа жаһандық тарих әдісі. Жаһандық тарих жаһандану үдерісімен ортаға шыққан жаңа бір ғылым. Қазір біз, ХХІ- ғасырдың бірінші ширегін аяқтап екінші ширегіне келе жатқан тұста зор өзгерістердің алдында тұрған сыяқтымыз. Мамандар әлемде 2025 жылдан кейін технологияда бұрын соңды болмаған ұлы өзгерістердің болатынын болжауда. Бұл өзгерістердің адамзаттың өмір сүру салты, істеген жұмыстары, тіпті киген киімінен ішіп жеген тағамдарына дейін көптеген салаларына да әсер етері хақ. Бұл осы орайда әрине тарих ғылымына да тиесілі. Сондықтан да тарихнамада жаңа бір әдістеме, атап айтқанда “жаһандық тарих” пайда болды. Бұдан былай тарихшылар зерттеулерін осы әдістеме тұрғысынан да жазатын болады. Міне осы әдістемеге негіздеп еңбегімізді жазып жатырмыз. Табысқа жетуім үшін дұғада болыңыздар ағайындар.
Түпнұсқаны оқымайтын ғалымды мойындамаймыз
– Істеген әрбір ісіңізден, айтқан әрбір ауыз сөзіңізден ұлтқа деген ұлы сүйіспеншілігіңізді байқаймыз. «Сырт көз сыншы» дейді халқымыз. Ендеше шет елде туып-өсіп, тарихтың ыстығына күйіп, суығына төзген бір азамат ретінде қазірге дейінгі қазақ тарихының зерттелуіне қалай баға берер едіңіз?
– Бұл жағында олқылықтар өте көп. Бұл пікірді айтып жүрген мен ғана емеспін. Қазақстандағы ғалымдар да көбірек көтеріп жүр. Себебі, бізде жалпы ғылымның методикасы әлі кеңестік үлгіден бүтіндей толық ажыраған жоқ. Тәуелсіздік кезеңінде тарихшыларымыз ұлттық тарихты жазуда көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Бірақ әлі де болса алда жүретін жол, асатын асулар баршылық. Мәселен Кеңестер одағында тарихқа төл деректерге негізделіп зерттеу қағидасы болған жоқ. Төл деректі іздемей, аударманы қолдана береді. Қазірдің өзінде де солай екен. Мәселен жақында бір докторант Ыстамбұлға келді. Оның зерттеу тақырыбы Мұхаммед Хайдар Дулати екен. Мен одан “парсыша білесің бе?” деп сұрасам, білмеймін дейді. “Онда қалай зерттеу жасайсың?” десем, “орысша аудармасы бар ғой, соған негізделеміз” дейді. Бұл тұп-тура кеңестік методика. Түркияда парсы тілін білмеген докторантқа мұндай тақырыпты бермейді. Жазған күннің өзінде де, деректі түп нұсқадан зерттемеген екен деп диссертациясын қабылдамайды. Себебі, түпнұсқадан оқымағаннан соң, егер аудармада қателіктер болса, ол қателіктер бойынша докторант тұжырым жасап қате қорытындыға ұрынатын болады. Ол еңбек ғылымға не жаңалық әкеліп, нендей үлес қоса алады? Алашты зерттеп жүрген талай ғалым бар. Ал, соның көбі «Қазақ» газетін түпнұсқадан оқи алмайды. Ахмет Байтұрсынұлының төтеше жазуын оқи білмеген кісі өзгелердің кирил қарпіне аударған нұсқасына негізделіп зерттесе сенімді зерттеу болмайды. Өйткені, адам болған соң, ағаттық кетпей тұрсын ба? Екінші қаріпке қотарылғанда бірер ауыз сөз түсіп қалған болса, бірер сөйлем қате аударылса, қайраткерлердің ұстанымы мен көзқарастары бүгінгі ұрпаққа қате түсінікпен жетеді. Ондай ағаттықтарға мысалдар толып жатыр. Бірақ бұл жерде біз аудармаға қарсы емеспіз. Әрине төл еңбектер бүгінгі қазақ тіліне аударылсын, бұл пайдалы. Бірақ мен сол тақырыптың маманымын деген кісі зерттеген еңбегінің тілін білмесе ол шынайы маман есептеле ме?
Өкінішке орай, қазірге дейін қазақстанда жас ізденуші жас ғалымдарға төте жазуды үйретпейді. Мәселен Түркияда тарих факултеттерінде бірінші сыныптан барлық студенттерге араб жазуындағы бұрынғы түрік тіліндегі мәтіндерді оқуды үйретеді. Біздің елдігімізге тікелей қатысты ұшан-теңіз деректер төте немесе араб жазумен сақталып тұр. Әрбір тарихшы сол деректерді түпнұсқадан оқымайынша, өз тарихымызды толық түгендей алмаймыз.
Қазақстанда әрине жақсы қалыптасып келе жатқан істер де бар. Мәселен, PhD докторанттарды 3 айға, магистранттарды да 15 күнге шетелдік бір университетке тәлім алуға жібереді. Бұл өте керемет. Шетел көрген жастардың ел танып, жер көріп көкірек көзі ашылады да, көкжиегі кеңій түседі. Сонымен қатар жаңа үстаздар мен танысып жаңа зерттеу методикалармен ілімге толыса түседі. Бұл үлкен сабақ. Жастар сөйтіп әлемде қазақтан да басқа халықтар бар екенін сезіп солардың жақсы жақтарын алуға тырысатын болады. Бұл қуана құптарлық іс.
Қазақтар арасынан өзіне өзі сенбейтін адамдарды көріп жүрмін
– Қазақтың жалпы тарихын қайта жазу керек деп қарайсыз ба?
– Әлбетте. Тарихшылардың мынадай ортақ көзқарасы бар. Әрбір дәуірлердегі жаңа жетістіктер адамдар санасына жаңаша өзгеріс алып келеді. Осы жаңа түсініктерге негізделіп, тарих та қайта-қайта жазылып отыруы керек. Әсіресе, бүгінгі таңда аспан асты ғаламтормен тұтасты. Әлемнің шар тарапында не болып жатқанын дер кезінде ақпараттардан көріп отырамыз. Осыны көзде ұстай отырып, қазақтың тарихын да, дүние тарихын да қайталай жазу керек. Оның үстіне қазір тарихқа қатысты көптеген жаңа деректер шығып, молығып, толығып жатыр. Бір ғана «Алтын Орда» туралы қаншама тың дүниелер таяу жылдарда жарыққа шықты.
Осы орайда қуана айта кетерлік жәйт, еліміздің келесі жылы «Алтын Орданың» 750 жылдығын халықаралық деңгейде кең көлемде атап өтуге шешім қабылдап отырғаны. Бұл өте маңызды. Өйткені ол, өткен дәуірде Кеңестік идеология санаға сіңірген “ұлы халық” дегеннің негізсіз екенін халқымызға нақты түсіндіріп дәлелдеп беретін бірден бір құрал. Кеңестік кезеңде отарлаушылар халықтың санасын да отарлау үшін орыс халқын “ұлы халық”, қазақ халқын мәдениетсіз “тау халқы” деген идеяны ортаға салды. Олардың айтуынша, қазақ тауда мал соңында қаңғып жүрген бұрынды-соңды мемлекеті болмаған бейшара халық еді. Оларға ғылымды, мәдениетті, өнерді үйреткен орыс халқы “ұлы халық” еді. Енді біз Алтын Орда тарихына үңілсек, ХІІІ ғасырдан ХУ ғасырға дейін екі ғасырдан артық орыстарды бағындырып мықты мемлекет болудың негіздерін біздің сол кездегі аталарымыздың үйреткенін көреміз.
Ол кезде біздің аталарымыз мықты, немесе Кеңестік идея бойынша “ұлы халық” болған еді. Уақыт өте келе Алтын Орда құлдырап ұрпақтары құл жағдайына түсті де, оның құлдары “үстем” жағдайға шықты. Демек әлемде “ұлы халық” деген нәрсе жоқ. Тек аумалы-төкпелі заман бар. Кім жұмыс істемесе, өзінің туысқанымен алысып-жұлысса ол құлдырайды; кім еңбектесе бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ынтымақтасса ол үстемдікке жетеді. Егер менің аталарым бір кезде “ұлы” болған болса, онда біз де еңбектенсек, келешекте тағы да сол мәртебеге жетпесімізге кім кепіл? Әне сондықтан да тарихи ғылымына замана талабына сай қайта қарап жаңаша тұжырымдау ауадай қажет.
Енді ХХІ ғасырда түркілердің басы бірігіп біздің дәуреніміз туып келе жатқандай. Өз-өзіне сенген халық қашан да жеңіп шығады. Өкінішке орай, мен Қазақтар арасынан өзіне өзі, ұлтына сенбейтін адамдарды көріп жүрмін. Өзіне және ұлтына сенбеген халық өз баласын басқа тілде оқытады. Өйткені ұрпағының келешегін өзінің ұлтында көрмегендік ұрпағын өзге тілде тәрбиелеп өсіреді. Ол “балам қазақ тілінде сөйлесе аш қалады, келешегі болмайды. Сондықтан өзге тілде оқыту керек” деген түсініктен шығады. Өзге тіл үйренуге қарсы емеспін. Бірақ, ана тілін толық меңгермей жатып, екінші бір тілді қойыртпақтап қосу дұрыс емес. Айтпағымыз ана тілді білмей тұрып, екінші бір тілді үйрену. Бұл әлі де «өзгені зор, өзін қор санайтын» санадан келетін жаман әдет. Бірақ ана тілін біліп оған қоса орыс тілі, ағылшын тілі, қытай тілі, қанша тіл білсе соншама ғанибет, жақсылық, байлық. Олар үлкен жетістік. Ал ана тілін білмей, қаласа әлемдегі 200 мемлекеттің тілін де білсе, ол мәңгүрттік. Одан ұлтқа пайда жоқ. Әлемде мал екеш мал да қарнын тойғызады. Мәселе адам болып туысыңа, ұлтыңа, адамзатқа пайдаңды тигізуде.
Түркістан республикасы – Алаш қозғалысының заңды жалғасы
– Енді әңгімеміздің арнасын Алаш тақырыбына бұрсақ. Өзіңіз көп зерттеген атақты Мұстафа Шоқай мен Алаш орда арасындағы байланыс туралы айтып берсеңіз!
– Өте көкейтесті әңгімеге ишара жасадаңыз. Алашқа қатысты қате зерттеліп жүрген бір дүние бар. Ол «Түркістан автономиясы». Алаш қозғалысы мен Түркістан автономиясына бөліп қарау үлкен тарихи ағаттық. Түркістан автономиясының бірінші президенті Мұхаметжан Тынышбаев, одан кейін Мұстафа Шоқай екенін білесіздер. Екеуі де Алаш қайраткері. Яғни автономияның жетекшілері алаш қайраткерлері. Менің ойымша, Әлихан Бөкейхан пен Алаш ұғымы біздің бүгінгі ойлағанамыздан да терең және ауқымды. Өйткені, М.Шоқай түркістанға өз еркімен кеткен жоқ. Оның бастапқыда Орынборда Алаш саяси іс-шараларының бел ортасында жүргісі келіп еді. Бірақ, оны Әлихан «Сен Түркістанға, Тәшкенге, Қоқанға барасың» деп арнайы тапсырмамен жіберген. Демек, Түркістан автономиясы Алаш қозғалысының бір бөлегі. Олай болатыны ол кезде Патшалық Ресейдің әкімшілік бөлегі Түркістан губернаторлығына қарайтын Сырдария аймағында бір миллиондай қазақ өмір сүріп жатқан еді. Сол қазақтардың мүддесін қоғау үшін Әлекең оны әдейі жіберіп отырған еді. Демек Түркістан автономиясы Алаш қозғалысының заңды жалғасы.
Жарықтық Әлекеңнің де тарихи стратегияларға байланысты ойын өзгерткен сәттері болған. Атап айтар болсақ, бастабында Бөкейханов Түркістандағы өзбектермен бірлескеннен гөрі, дамыған, алға басу жолына түскен Сібір үкіметімен ынтымақтасуды ұтымды тапқан. Алайда ол кезде Сібір бізді қабылдамады. Содан кейін қана Бөкейхан өзге халықтардан пайда жоқ екенін түсініп райынан қайтып бауырлас халықтарға бет бұруға мәжбүр болды. Сөйтіп Алаш үкіметі мен Түркістан автономиясы құлағаннан кейін, Алаш, Түркістан, Башқұрт үкімет басшылары 1918 жылы қыркүйек айында Орынборда жиналып “Ресей оңтүстік-шығыс мұсұлмандар одағын” құрды. Сөйтіп, Алаш жетекшісі Әлихан Бөкейхан, Түркістан автономиясының президенті Мұстафа Шоқай, Башқұрт үкіметінің басшысы Зәки Уәлиди одақтасты. Бірақ Большевик күштері олардың мақсаттарына жетуіне жол бермеді. Содан Алаш қайраткерлері Большевиктермен бірге істесуге мәжбүр болды. Ал, Мұстафа Шоқай болса, Еуропаға шығып кетіп осы идеияны одан ары дамытты да “бір тұтас Түркістан” идеясын ортаға салды. Көптеген алаштанушылар осындай өзгерістер болғанын ескермейді де, Бөкейхан мен Шоқай арасында көзқарас айырмашылықтар бар деп айтады. Негізінде “бір тұтас Түркістан” пікірі де Әлиханнан шыққан, бірақ оны ары қарай жалғап дамытушы Шоқай еді. Тіпті Шоқай сонымен қатар Алаштың “автономия” идеясын да “тәуелсіздікке” көтерген. Сондықтан, біз Мұстафаны Алаш қозғалысын жалғастырушы, дамытушы, бір сөзбен айтқанда “эволюциясы” деп атаймыз.
Мұстафа Шоқай өз заманында дүниеге әйгілі, маңызды тұлғалармен бірге жұмыс жасады. Бұл жерде Шоқайды сыйлаған Орыс, түрік, француз ғалымдарын тізіп отырудың өзіне көп уақыт кетеді.
Бірде Лондонда Түркістан тәуелсіздігін жақтап конференция беріп жүрген Мұстафа Шоқайдың біліміне тәнті болған бір ағылшын ақсүйегі оны қонаққа шақырыпты. Уәделі уақытта Мұстафа шақырылған жерге келіпті. Келсе ханның сарайындай үлкен үй екен. Есіктен күзеттері кіргізбей жолын бөгейді.
– Сіздің кіруіңізге болмайды!
– Неге?
– Себебі, сіз үндістандықсыз. Үндістандықтар мұндай үйге кіруіне болмайды.
– Жоқ, сіз қателесіз. Мен үндістандық емес, түркістандықпын.
– Ой, тақсыр, кешіріңіз! Біз білместік істедік. Кіріңіз!
– Жоқ, енді мен бұл үйге кірмеймін. Себебі, үндістандық кірмеген үйге түркістандық та кірмейді. Өйткені екеуі де шығыс халқы.
Міне, осындай ұлы ұстаным иесі сол кездің өзінде дегдарлығымен, тектілігімен төңірегін таң қалдырып жүретін. Ертеңінде, әлгі ақсүйек кісі кешірім сұрап, қайтадан үйіне шақырады. Сонда да Шоқай ол кісінің үйіне бара алмайтынын айтып, сыртта бір ресторанда кездесіп сұхпаттасқан екен.
– Мұстафа Шоқайды бүгінгі таңда түрік дүниесі, Еуропа елдері қалай бағалайды?
– Жалпы түрік жұртшылығы өте жоғары бағалайды. Өз кезінде түріктің, әзербайжанның, татардың зиялылары ол кісінің тұлғалық мінезіне тәнті болып, жоғары деңгейде құрметтеген. Оны бүгінгі түрік ғалымдары да айтып, жазып жүр. Еуропа ғалымдары әсіресе француз ғалымдары Шоқайды төбесіне көтереді десек артық айтқан болмаймыз. Мұсекең Францияда 20 жыл өмір сүрді. Француздар оған арнап, парижде – астанасының төрінде саябақ ашты. Бұл өте маңызды. Өйткені ешбір ел басқа елдің қаһарманына өзінің төрінен орын бермейді. Мәселен кезінде онда көптеген түрік зиялысы өмір сүрген, бірақ олардың ешбіріне ондай бір құрмет жасалмаған. Сондықтан кейбір түрік әріптестер “Әбеке бұл қалай болды. Парижде бір ғана қазақ өмір сүрді. Оған француздар құрмет көрсетіп саябақ ашып отыр. Бізде ондаған, жүзген зіялымыз ХІХ ғасырда сонда өмір сүрген. Ешбіреуіне ондай саябақ ашылмады» дейді. Рас сөз.
Осман мемлекетінің соңғы дәуірінде, бертінгі екі ғасырда түріктің көптеген зиялылары Парижде өмір сүрді. Екі елдің байланысы да жақсы болды. Түрік зиялылары француз тілін білді. Ол кезде халықаралық тіл француз тілі болатын. Жалпы патшадан қысым көріп, сонда барып паналаған әр ел азаматтары аз болған жоқ. Енді қарап отырсақ, соншама көп ғалымдардың ішінде арнайы саябақ ашып, ескерткіш қойылған бірде-бірі жоқ. Неге? Осы құбылыс мені ойландырды. Кейін жауабын таптым. Өйткені
Мұстафа Шоқай тек “тәуелсіздік күрескері” қана емес, еді. Ол сонымен қатар адамгершілігі жоғары “ұлы” адам еді. Міне осы ұлылығы француздарды қайран қалтырды.
– Әбеке, әңгімеңіз қызық болып жатыр. Осы мәселені біраз аша түсейік. Париждегі Шоқай саябағын ашуға француздар қалай рұқсат беріп еді. Соны толық айтып берсеңіз.
– Болады, айтып берейін. Париждегі диаспора өкілдерімен бірге 2006 жылы «Мұстафа Шоқай қазақ-француз достық қоғамын» құрған едік. Соның ашылу рәсіміне барған кезде конференцияда баяндама жасадым. Сол конференцияда «М.Шоқайдың тәуелсіздік күресі және Франция» деген тақырыпта сөйледім. Оған Шоқай өмір сүрген ауданның әкімі Жақ Мартаң мырза келіп тыңдап отырды. Ол кісінің келетінін алдына ала біліп мәтінімді француз тіліне аудартып, сонда тәржімалап беріп отырды. Сөзімде Мұстафаның тек түркі халықтарының тәуелсіздігі үшін ғана емес, сонымен бірге француз халқы үшін де құрбан болғанын айттым. Себебі, екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде Гитлер францияға хауіп төндіргенде, Париждегі Керенский, Милюков сынды, ақ орыстардың жетекшілері АҚШ-қа қашып кетеді. Олар кетерінде Мұстафаға да бізбен бірге жүр деген. Сонда Шоқай бірден бас тартып: “Маған қиын-қыстау кезде пана болған Франция менің екінші отаным. Мен отанымды тастап ешқайда кетпеймін” дейді де қалып қояды. Сонымен, 1940 жылы маусым айында нацистер францияны жаулап алады. Бір жылдан кейін Кеңес одағына соғыс жариялайды. Сол күні Мұстафаны немістер үйінен алып кетеді. Олар Шоқайға қолға түскен тұтқындардан құрылатын Түркістан легионына басшы болуды ұсыныс етеді. Бірақ, Шоқай бұл ұсынысты қабылдамайды да, “Қоя беріңдер үйіме қайтам” дейді. Сол кезде немістер асына у салып қоя берген екен. Париждегі үйіне қайтар жолда Берлинде кенет ауырып дүние салады. Ал енді ойлап көрсек, Шоқай бас амандығын ойлап АҚШ-қа кетіп қалғанда, мүмкін бәлкім әлденеше жыл артық өмір сүрер еді. Сондықтан ол тек Түркістан үшін емес, Франция үшін де құрбаны болып отыр. Міне Француздар өздері үшін де ғазез жанын құрбан еткен Шоқайдың ұлылығына көздері жетіп төрлерінден орын беріп отырған себебі осы.
Ал, нацисттермен біргестеспеймін деп құрбан болған Мұстафаны «фашисттермен біргестесті, сатқын» деп ақиқатқа қарама қайшы үгіт жүргізген Кеңес идеологиясына не айтасыз? Әлемде бұдан асқан әділетсіздік, қиянат бар ма екен? Бұған Қазақстанда әлі де сеніп отырғандарды көргенде жанын удай ашыйды. Халықтың асыл азаматтарын туған халқына осылайша құбыжық етіп көрсетіп отырған озбыр жүйенің келмеске кеткені әділеттің орнауы емей немене?!
Осылайша “Мұстафа Шоқай қазақ-француз достық қоғамының” жоғарыдағы конференциясында осы әңгімені айтып баяндамамды аяқтағаннан кейін әкім Жақ Мартан мырза орнынан ұшып түрегеліп келіп, «қазақ кім, Мұстафа кім, енді түсіндім, профессор мырза» деп мені қапсыра құшақтады. Содан алдымен аудандық музейде орын берілді. Одан кейін өтінішіміз бойынша, Шоқайға 1933-1941 жылдары тұрған үйінің қасындағы алаңға “Шоқай саябағы” атын беруге ұлықсат етті. Қазақстан Париж Елшілігі, Қызылорда Облыс әкімдігінің қолдауымен саябақты жасап ішіне Шоқай мүсінін орнаттық. Сөйтіп 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға жасаған сапары кезінде бірге ере келген Мәдениет Министрі Мұхтар Құл-Мұқаммет сол саябақтың тұсауын қиды. Бүгінгі таңда Еуропада Берлиндегі бейітінен кейінгі Шоқайды еске алатын екінші орын осы саябақ.
Өз халқының тәуелсіздігі жолында құрбан болған тұлғалар әр ел тарихында көптеп кездеседі. Ал, өз елі үшін ғана емес, басқа ел үшін де құрбан болған Мұстафа секілді ұлы тұлғалар тарихта некен саяқ. Қазақ халқы Шоқайдай ұлы перзенттері болғаны үшін де бақытты!
Адамзат дүниесі астаң-кестең болған екі ірі соғысты басынан кешкен өткен ғасырда, ауыр қасіретке ұышыраған қазақ халқының тарихын айту мен тыңдаудың өзі ауыр. Алтайдан ауып, небір қиындықтар мен қырғыншылықтарды артқа тастап, қисапсыз құрбандықтар беріп, Анадолыға жеткен қазақтар тарихына да көз жүгіртіп өтсеңіз. Сіздің де атаңыз осынау ұлы көштің қатарында түркияға жетті. Сол көштің ақсақалдарының бірінің баласы ретінде, сол көш туралы зерттеулерге қандай баға баға берер едіңіз?
Бұған көңіл толмайды. Шынын айтқанда, осы көш туралы нақты ғылыми зерттеулер жоқтың қасы. Бүгінге дейін жазылып жатқандар – тек естеліктер. Халифа Алтайдың «Анажұрттан Анатолияға», Дәлелхан Жаналтайдың “Қилы заман қиын күндер”, Хасан Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір», Қызырбек Ғарифолланың «Алтайдағы қанды күндер» және өзім дайындап баспадан шығарған “Азаттықтың өшпес рухы Нұрғожай батырдың Оспан батыр туралы естеліктері” мен “Қожан уәзір ақсақалдың Түркия қазақтарының көші” деген естелік еңбектер бар. Осылардың түрік тіліндегі нұсқалары да шықты. Бұларға қоса бірнеше түрік азаматтары мен қазақ жастары магистрлік, докторлық диссертециялар қорғағады. Әйткенмен олар бұл мәселеге тереңдеп ене алған жоқ. Тек аудармалар мен деректерге негізделгендіктен, арғы ішкі тарихи мәнін ашып көрсете алмады. Сондықтан, Түркия қазақтарының тарихы әлі толық жазылып болған жоқ деуге болады.
Әрине оның бірқанша қиындықтары да бар. Көшпелі жұрттың ішінен осындай естеліктер сақталғаны болмаса, арнайы хатқа түскен ресми мәліметтер мен құжаттар жоқтың қасы. Көптеген құжаттар Қытайдың, Тайуанның, Пәкістанның, Үндістанның архивтерінде. Оларды ашу үшін сол елдердің тілін білу керек. Екінші қиыншылық осы архивтердің кейбіреуіне кіруге ұлықсат етілмейді. Құпыя сақталады. Тайуанда да көптеген мұрағаттар бар. Жаң Кайшы қызыл коммунистерден жеңіліп, Тайуанға шегінгенде өзімен бірге мол мұрағаттарды ала кеткен. Осындай қиыншылықтардың салдарынан нақты тарихи мәнін ашу кешеуілдеп жатыр. Бірақ, келешекте ақиқаттың астары ашылатын күн туады деп сенеміз.
– Әңгімеңізге көптен-көп рахмет. Ел аманатын арқалап жүрген азаматтар аман болсын!
Әңгімелескен: ақын, Ахмет Байтұсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің ғылыми қызметкері Әділет Ахметұлы