Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ботақара-Шешенбике» - мәрттік пен махаббатқа арналған ескерткіш

2372
«Ботақара-Шешенбике» - мәрттік пен махаббатқа арналған ескерткіш - e-history.kz

Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театрында «Ботақара-Шешенбике» спектаклінің премьерасы өтті.

Тарихи драма 17-18 ғасырлардағы қазақ-қалмақ арасындағы шиеленісті суреттейді. Қойылым тек атыс-шабысқа құрылмаған, достықты, махаббатты дәріптейді. Негізгі тақырып – жер, тақталасы, сондай-ақ, адал сезім мен сатқындық, опасыздық пен мәрттік қоса өріліп жатады. Қазақ батыры Ботақара (А.Кенжетай) мен қалмақ қызы Шешенбике (М.Құбаш) діні бөлек болғанмен қаны бір қос халықтың басын қосуды, сол арқылы қуатты мемлекетке айналуды көздейді. Осы жолда Шешенбике ару мерт болады. Яғни, бұл батырлық, мәрттік пен махаббатқа қойылған ескерткіш іспетті.

Театр әртістеріне мәдениет басқармасы атынан ықылас гүлі ұсынылып, зал толы халық толассыз қол соғып қошемет көрсетті. Тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембай спектакльдің ерекшелігін айта келіп, тарихи драманы сахналаудың қиындығына тоқталды. - «Саясаттың ықпалымен біз жоңғарларды ата жау санап келдік. Асылында, олар қазаққа тұрмысы, тағдыры, қаны жағынан да өте жақын жұрт. Екі ел үнемі соғыса бермеген. Қойылым өткенге азат көзқараспен қарап, сірескен сананы бұзуымен де құнды. Көп ой символикамен берілген. Жаңашыл. Әртістердің шеберлігі ұнады. Басты кейіпкер Ботақара мен Шешенбике өмірде болған адам. Олардың атында Қарағанды облысында тау аты бар», - деді тарихшы. Премьераға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Қазақстан тарихшыларының Ұлттық конгресінің мүшесі, «Абақ керей Ботақара» ҚБ вице-президенті Бақытхан Солтанбай ұжымға алғысын білдірді. Көпшілік алдында театр директорының міндетін атқарушы Гүлнар Шаймерденоваға Моңғолиядағы қандастар атынан «Абақ керей Ботақара» қоғамдық бірлестігінің алғыс хатын табыстап, спектакльдің қоюшы-режиссері Әлия Баймаханды «Моңғолияның мәдениет саласының үздігі» медалімен марапаттады. «Спектакльді аударып, Моңғолияда да қоюға әбден болады деп есептеймін. Бұл сонда тұрып жатқан қандастардың да тілегі. Қостанай театры әртістерінің шеберлігіне тәнтіміз», - деді Бақыт Солтанбайұлы өз сөзінде. Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қойылымның тарихымызды түгендеуге қосылған үлес екендігін айтып, ұжымды жаңа шығармашылық табысымен құттықтады. Айта кету керек, «Ботақара-Шешенбике» драмасы биылғы шілде айында Баян-Өлгий қаласында қойылған болатын.

Әскерхан Ақтай 

Абылай Мауданов

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?