Тәуелсіз Отанымыздың болашақтағы беріктігі, тұтастығы мен өркендеуі қазіргі күнгі оны мекендеп отырған барша ұлт өкілдерінің арасындағы өзара түсіністік, силастық пен бірлікке байланысты екендігі белгілі.
Осы мақсатты іске асыруда елімізде көптеген жұмыстар атқарылып келе жатқандығы түсінікті.
Солардың қатарында өткен тарихымыздағы орын алған достық пен түсіністіктің айқын мысалдарын да дәріптеп, қазіргі көпұлтты ұрпағымыз арасында насихаттау да маңызға ие. Қазақстанның көпұлтты болғанының тек кері жақтарын жариялауға баса көңіл бөлініп келе жатқандығында білеміз. Ал Ресей патшалығының отарлық, Кеңестік биліктің үстемдік саясатына қарамастан қарапайым қазақ және орыс, т.б. басқа тұрғындар арасындағы орын алған ізгі қатынастың мысалы жеткілікті. Ылғи ғана жамандықты тере бермей, мұндай оқиғаларды да жариялау қажет. Осындай істің берері ғана мол екендігі белгілі. Ал мұның өзі көпұлтты жастарымыздың бойында “Қазақстандық патриотизм”, “Отансүйгіштік” сезімін еселеп сіңіретіндігі айғақ. Аталған тұрғыда бір тарихи деректі назарларыңызға ұсынбақпын.
2017 жылы Президенттік “Болашақ” ғылыми бағдарламасы негізінде үш ай мерзімдегі ғылыми тағлымдамадан өту кезінде Санкт-Петербург Мемлекеттік Университетінде Тарих институты студенттері алдында Қазақстанның қазіргі заман тарихынан дәрістер оқып, профессор оқытушыларымен өткізілген семинар-кеңестерде баяндама жасадым.
Бұлармен қатар қазақ халқының ХҮІІІ –ХХ ғасырдың басын қамтитын деректер молынан жинақталған Ресей Мемлекеттік тарихи архивінде (РГИА)және іргесін 1721 жылы Петр патшаның өзі қалаған Санкт-Петербург мемлекеттік Университеті кітапханасының сирек кездесетін әдебиеттер қорында жұмыстар атқардым.
Аталған кітапханада Санкт-Петербург қаласында 1820 жылдары шығарылып келген “Сибирский вестник” журналының 1818 жылғы санындағы (Сибирский вестник, издаваемый Григорьем Спасским. 1818 год, часть вторая, Санкт-Петербург, 1818 год, сс.34-38) белгілі қазақ халқының тарихын зерттеуші, осы журналды негіздеген Григорий Спасскийдің “Пример великодушия и человеколюбия”атты мақаласы жарияланған. Онда өзі куә болған төмендегі оқиға баяндалған.
“Ертіс өзенінің,-деп жазады автор, - Усть-Каменогорск қамалына таяу жердегі оң жағалауында Глубокое деген деревня бар Ол қырғыз-қайсақтар көшіп жүрген Ертістің кең жазықты, шұрайлы аумағында орналасқан. Өзеннің оң жағалауында шекара жүйесін қырғыздардың (сол мерзімдегі ресейлік ресми деректерде қазақтарды осылай атаған,-Ғ.Қ.) шабуылдарынан қорғау үшін негізделген қамалдар, форпостар, редуттар және осы өлкені игеру мақсатында жіберілген шаруалардың селениялары орналасқан. Бұл селениялардың айналасында ресейлік билікті мойындаған аз санды қырғыздар орналасқан. Ал Ертістің сол жағалауы Омбы қамалына дейін сұлтандарына бағынышты көпсанды қырғыз-қайсақтардың ордасының жайылымдықтары.
1802 жылы Глубокое деревнясына жақын Ертістің сол жағалауында үш кигіз үйде бізге бағынбайтын қырғыздардың жиырма бір адамнан тұратын үш жанұясы қыстап шықты. Сәуір айында осы деревнядан бір шақырым төменде аталған ағысы қатты үлкен өзенде еріген мұздың көптігінен судың ағысы азайып, жиналған су ернеуінен аса бастады. Ол тұтастай жағаға жайылып, қырғыздардың үйлеріне жылдам жақындай түсті. Қорқыныштан олар өздерінің киіз үйлерін, мүліктерін тастап, әзірге су жете қоймаған биікке қарай ұмтылды. Алайда бірер сәтте бұл жер де пана болудан қалды. Себебі жоғары қарай көтерілген су үздіксіз молая түсті, ал қауіп төнгендерде қайық болмады және олардың ешқайсысы жүзе алмайтын еді. Ал мұның өзі оларға нағыз қауіпті жағдай тудырды.
Арадағы қашықтық лажсыздыққа түскен қырғыздардың мүшкіл жағдайларын деревнядан көріп-білуге мүмкіндік бермеді. Сонымен бірге өзенмен аққан мұздың шуылы қырғыздардың айқайын басып, олардың құрбан болуы сөзсіздікке айналды.
Бұл мезгілде Глубокое деревнясының шаруасы Федор Макаров судың болмаған жағдайдағы тасуын естіп, қырғыздарға келер қауіпті жедел түсіне білді. Ол бірден өзінің көршілері Яков Круглов пен Иван Нелюбинді (16 жастағы бала жігіт) шақырып, үшеуі алғаш кездескен қайыққа отырып, өздеріне төнген қауіпке қарамастан тасыған өзеннен жүзіп өтіп, амалсыздыққа түскен қырғыздарға жетті. Орыс шаруаларының жанкешілік жағдайдағы қырғыздарды құтқару кезінде өздеріне де қауіп төнетіндігін, олардың барымтамен айналысып, өздеріне қаншама шығын әкелгендерін еске түсірулеріне мүмкіншіліктері де болмады.Өздеріне қарай жүзіп келе жатқан қайықты көрген және көмекке ұмтылған дауыстарды естігенде қырғыздардың қуанған жағдайын бейнелеп жеткізу мүмкін емес.
Қайық келіп тоқтағанда олардың қайыққа қарай жаппай ұмтылғандығы сондай, құтқарушылардың қайықтың аударылып қалуынан өздерінің өмірлеріне тікелей қауіп төне бастады. Алайда олар қайыққа ұмтылған қырғыздарды осы құрғақ биіктікте алғашқыларын апарып тастап, қайтадан келулерін тосуға көндіре алды.
Тура осы мезетте судың ортасында қалған киіз үйден кәрі анасын көтеріп алып шығып, кеудесіне дейін жеткен ағыны қатты суды бар күшімен кеше отыра, қайыққа қарай қол созған қырғыздың шарасыз әрекеті алғашқыларын қайыққа орналастырып, келесі жағаға бет алған құтқарушыларды тоқтатуға мәжбүр етті.
Қандай сезімді қозғар қайталанбас оқиға. Адамгершілік пен анаға деген махабаттың нақты көрінісі.
Макаров пен оның екі серіктесі осындай аса қауіпті жағдайда бірнеше рет Ертістің келесі жағына жүзіп жүзіп өтті. Нәтижесінде қырғыздардың соңғы панасы болған биіктікті толығымен су басты, алайда олардың барлығы құтқарылды”[1].
Міне осы бір тарихи оқиға ғана қазақ жеріндегі бірнеше ғасырлар көлеміндегі орын алған көпұлтты тұрғындар арасындағы түсіністік, ұғыныстықтың айқын мысалы болып табылады.
Дерек көзі
1.Сибирский вестник, издаваемый Григорьем Спасским.. 1818 год. Часть вторая. Санкт-Петербург, 1818, сс.34-38
Қарасаев Ғани Мұқашұлы,
тарих ғылымының докторы, профессор
Мемлекет тарихы институты,
Нұр-Cұлтан қаласы