Белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты үш томдық еңбегі жарық көрді. Үштомдыққа Ұлан-ғайыр далада үстемдік құрып, бірнеше мәрте алып империя құрған бабаларымыздың 2-3 мың жыл бұрынғы тарихы мен дүние танымын, бүтіндей түркілік болмысын айқындайтын көне таңба-жазулары енгізіліп отыр.
Автордың айтуынша, бұған дейінгі алғашқы атласты осыдан 120 жыл бұрын В.Радлов жасаған екен. Ол атласта руника яғни бітіг жазуымен жазылған үш-төрт көне ескерткіш қамтылған.
«Радловтың бұл атласы расын айту керек, Томсеннің еңбегі болатын. Ол ашқан дүниесінің барлығын «мынаның құпиясы былай екен, әр таңбаның мәні осындай, былай оқылып, былай таңбаланады екен!» деп өзінің жақын досы В.Радловқа хат арқылы жіберіп отырған. Радлов өз кезегінде ұстазының рұқсатын алмастан мәтіндерді өзінше оқып, атлас қылып жариялап жібереді. Бұдан кейін Мелиоранскийдің түркология туралы көлемді еңбегі жарық көрді. Бұдан басқа түркі дүниесіне қатысты толық қанды дүние жасалмай келген еді. Жасалғандарының барлығы да тікелей мәтіннен алынбады. Түпнұсқадан емес сөздік бойынша оқылып, сол дәуірдегі қолданыстыға сөздіктер бойынша жасалған дүниелер. Еңбектердің барлығы да ұйғыр қарпімен жазылған кітаби тіл негізінде қаралды. Сол себепті, ол кездегі зерттеушілердің барлығы да ескерткіштегі жазуларды «ұйғыр тілі» деп келді. Әрі ол кезде Махмут Қашқаридың сөздігі әлі табылмаған, яғни «түркі әлемі» деген ұғым әлі қалыптаса қоймаған еді. Ал бұл еңбек таза түпнұсқа негізінде жасалған дүние. Оларды түпнұсқада зерттеп, аударып, тілдік түсіндірмесін, тарихи маңыздылығын саралап түсіндіре зерттедік. Осылайша бұған дейін шетел ғалымдарының жазбасы арқылы ғана оқып-біліп келген жаңсақ ақпараттарды енді түпнұсқадан оқуға мүмкіндік жасалып отыр.
Сонымен қатар бұл кітапта 2-3 мың жылдық тарихымен қатар, ұлттық дүниетанымы, көне архитехтурасы бар деуге болады. Сонымен қатар, діндік, ділдік, ұлттық таным, ұлттық философия, ұлттық этнография тұрғысында қарастырдық. Бұл қазақ халқының көне мұрасы. Оған ешкім таласа алмайды дегенді айтқымыз келді», - дейді еңбек авторы.
Бұл еңбекті Қаржаубай ағаның өмір бойы жиған қазынасы деуге болады. Өйткені бұл үш томдықта автордың түркология саласындағы отыз жылдық еңбегі қамтылып отыр. Еңбек 2015 жылы дайын болыпты. Белгілі себептермен жарық көре алмаған.
«Бұл еңбекте көп дүниелер қайта қаралды. Бұған дейінгі дүниелерді мұқият тексердік, қайта қарап шықтық. Өте көп қателіктер таптық. Қарап шығу барысында бір ғана тіл білудің аздық ететінін ұғындым. Бұл ескерткіштерге филология тұрғысынан ғана қарау жеткіліксіз екен. Археологиясын қоса меңгеру керек болды. Байырғы этнографиялық ерекшелігін де зерделеуге тура келді. Салтын зерттедік. Күллі түркі халықтарының дәстүріне бағам жасадық. Осыларды игеріп келгенде ғана бұған дейінгі дүниелердің түгелге жуығы қате жазылғанына көз жеткіздік. Бұл еңбек сол қателіктің орнын толықтырған дүние. «Томсен былай оқыған», «Радлов былай қараған, ал ақиқаты осылай болатын!» деп барлығын дәлелмен келтірдік. Соңғы оқылымын шығарып келдік. Көне жәдігерлеріміздің ұйғыр тілі емес «ж» тілді яғни қыпшақ тілінде жазылғанын дәлелдей алдық.
Расы керек, бұған дейін көне бітіг ескерткішінің «и» (өзбек, түркімен, түрік тілдері «и» тілді деп аталады Қ.С) емес «ж» тілді халықтың мұрасы екен дәлелдей алмай жүрген едік. Ақыры соны таптық. «Ж» кескінін тауып бердік. Ол атласта тұр. Яғни «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» бүгінге дейін табылған барлық көне ескерткіштерінің «и» емес «ж» тілді халықтар мұрасы екенін дәлелдей алған дүние әрі «ж» әрпі негізінде оқылған дүние. Әрине бұл пікірімізге қарсы шығатындар көп болатыны даусыз. Кемінде жиырма жылдай солай болуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, ғылым солай дамиды. Бірақ ақиқаты - осы. Қыпшақтар ұйғыр тілінде сөйлемегені даусыз» дейді атлас авторы.
Атласқа енгізілген суреттерді, графикалар мен түрлі сызбаларды және кітаптың үшінші томын дайындауға ғалымның ұлы Жантегін Қаржаубай көмектескен. Үштомдықтың арнайы таныстырылымы 2020 жылдың қаңтар айында өтетін болады.
Фотосын түсірген: Бауыржан Жуасбаев