Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әбдіуақап Қара: Мұстафа Шоқай Түркістан легионын қолдамағаны үшін өлтірілді

3068
Әбдіуақап Қара: Мұстафа Шоқай Түркістан легионын қолдамағаны үшін өлтірілді - e-history.kz

Бүгінге дейін Мұстафа Шоқай неміс басқыншыларымен бірге жұмыс істеді деп айыпталып келгенін білесіз. Осы дерек бойынша көп жылдар бойы мұрағат қопарған ғалымдар ештеңе таппады. Соңғы кездері Польшаның мұрағаттарына көбірік көңіл бөлінді. Алайда ол жерден де Мұстафа Шоқайдың сатқындығын көрсететін, яғни неміс басқыншыларымен бірге жұмыс істегенін дәлелдейтін ешбір құжат табылмады. Керісінше ғалымдар ол кісінің неміс басқыншылығына қарсы болғанын дәлелдейтін деректерге кезігіпті. «Мұстафаның нацист болғанын дәлелдейтін ешқандай құжаттың жоқтығын» біз 2002 жылдан бері айтып келеміз. деген едік. Бұл пікіріміз дәлелденіп те жатыр. Көптеген деректер шығып жатыр.

Алайда сол қол жеткізген деректерді халыққа жеткізу жағы қиын болып отыр. Әлі де болса қоғамда М.Шоқайға қатысты түсінбеушіліктер бар. Бұрынғы, ескі пікірде жүрген адамдар да жетерлік. Том-том мұрағат ақтарып жүріп қол жеткізген құнды деректеріміздің кең көлемде таралмауы салдарынан елімізде Мұстафа Шоқайға қатысты ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жұмыстар атқарылған жоқ.

Әлем таныған тұлғаны өз елімізде таныта алмауымызға не кедергі?

– Зерттеушілер бар. Басында айтып өттім, тек халық арасында насихатталмай жатыр. Халықтың таным-түсінігі кеңестік идеялогиядан арылмай отыр. Әрине, оған уақыт керек. Бірақ уақыт керек деп қарап отыруға тағы бомайды. Зиялыларымыз жұмыс жасауы керек. Олар ұлттық сана, ұлттық тарих үшін жұмыс істеуі қажет. Мұстафаға Қызылордадан басқа жерге ескерткіш қойылған жоқ. Мектеп оқулықтарына да кіргізілгенін байқай алмай жүрміз. Расында, әлем таныған Мұстафа Шоқайды қазақтың өзі танымайды деуге болады. Мысалы, 2010 жылы Парижде Мұстафаға арналып аллея ашылып, алып мүсін қойылды. Сондай мүсін Қазақ елінің астанасында неге жоқ? Әлде лайық емес пе? Азаттық идеясын ту етіп ұстаған осы бір азаматтың есімін Алаш даласында жаңғырту үшін қазақ зиялылары, ақын-жазушылары қалам тербеуі керек. Телеарналардан жиі айтылып, деректі фильмдер көрсетілуі қажет.

Осыдан он шақты жыл бұрын Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Мұстафа Шоқай атты жақсы фильм жасады. Бірақ ол да жеткіліксіз. Бір ғана көркем фильммен, айналасы бірнеше сағаттық лентамен өмір жолы өте бай тұлғаның тарихын түгел көрсету мүмкін емес. Оның үстіне режиссердің өз көзқарасы, шығармаға беретін реңктері болады. Тарихи фактілерден ауытқулар болады. Ол көркем туынды болып шықты. Тарихи фильм емес. Мұстафаның өмір жолы, күресі, таным-түсінігі қазақтың санасын ашады. Осыны түсіне алмай келеміз. Тәуелсіздік деген ұғымның қасиетін түсіндіреді. Ұлттық сана дүркіретіп той өткізумен оянбайды, қалыптаспайды. Тәуелсіздіктің басы сонау ата-баба арманында жатқанын, берісі М.Шоқай мен Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларында жатқанын түйсінбейінше, ештеңе өнбейді. Олар не үшін құрбан болды? Не үшін, кім үшін күресті? Әрине, қазақтың азаттығы үшін. Шетте жүрсек те біз осыны түйсініп өстік. Олай болмаған күнде, ұлттық сана мен сана тәуелсіздігі қалыптаспайды.

- Түркістан легионы туралы, әлі де болса, түсініксіз жайттар көп. Легионда болған азаматтар Отанына сатқындық жасады деген түсініктен арылмай келе жатқандаймыз...

– Сіздің не айтқыңыз келіп отырғанын жақсы түсініп отырмын. Соғыс кезінде күллі одақ аясында болған 17 мемлекеттен барлығы екі миллионнан астам адам немістердің тұтқынына түсті. Олардың тең жартысы немістің өлім лагерьлерінде азап пен аштықтан, әр түрлі аурудан ажал құшты. Ал тірі қалғандары амалсыздан Түркістан легионына кірді. Легионда қазақтан басқа да көптеген халықтардың өкілдері болғанын білесіз. Легионға қатысқандар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қылышынан қаны тамып тұрған Сталин билігі кезінде кеңестік армия қатарына алынып, өз туған жерінен мыңдаған шақырым алыста жүріп соғысты. Бақайшағына дейін қаруланған неміс әскерлеріне қарсы болды. Қырылғаны қырылып, тірі қалғаны немістің тұтқынына түсіп жатты. Ал одан кейін немістер оларға: «неміс әскері боласыңдар, Түркістан легионына қатысып, туған елдеріңе тәуелсіздік алып бересіңдер. Жеңіске жетсек, Түркістанға тәуелсіздік алып береміз», – деп Кеңес өкіметіне қайта қарсы салды. Ақырында соғыс аяқталды. Әлемде тыныштық орнады. Бірақ легионға қатысқандардың азабы онымен бітпеді. Олар соғыс тұтқыны емес, сатқын атанып, Сталиннің құрығына ілінді. Тірі қалу үшін шет елде қалудың жолын іздеп, шарқ ұрды. Адам айтқысыз жағдайларда өмір сүрді. Оларды ұлтына қарсы соғысқан адамдар деп қарауға болмайды.

Шындығына келгенде, неміс басқыншылары оларға тәуелсіздік бермейтін еді. Оны тарихи деректер де растап отыр. Германияның Сыртқы істер министрлігінің мұрағаттарында Гитлердің Орталық Азия халықтарын ешқашан тәуелсіз ел қылмау туралы құжаттары сақтаулы тұр. Олардың мақсаты – Орталық Азия халқын қызыл жүйеден де әрмен қанау еді. Бірақ кейбір азаматтар бұл уәдеге сенбеді. Солардың бірі – Мұстафа Шоқай болды. Оған немістер Түркістан легионының қолбасшылығын ұсынды. Бірақ ол бас тартты. Өйткені фашизмнің жымысқы саясатын білді. Легионға қатыспады. Бас тартып, үйіне қайтып бара жатқан тұста уланып қайтыс болды. Өкінішке қарай, кеңес уақыты кезінде М.Шоқай бабамызға орынсыз күйе жағылды. Оны халық жауы ретінде насихаттап жатты. Ол Түркістан легионын қолдамағаны үшін өлтірілді.

Кез келген ұлттың болашағы жастарға аманатталады. Мұстафа Шоқай да «Жас Түркістан» деп атқа қонып, елдің болашағын жастардың қолына аманат еткісі келді. Ол үшін жастардың, болашақ ұрпақтың санасы тәуелсіз болуы тиіс. Қазақ халқы жеке ел болып, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтапты. Саяси тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бірақ сана тәуелсіздігіне әлі қол жеткізе алған жоқпыз.

Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Әбдіуақап Қара

Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Әбдуақап Қара

– Жалпы, сіз сана тәуелсіздігі жайында көп айтасыз. Бұл өзі сонда нені білдіреді?

Сана тәуелсіздігі дегеніміз – халықтың өз-өзіне сенуі, болашағына сеніммен қарауы. Өз халқының басқа ешбір халықтан төмен емес екенін сезінуі. Халық өзіне толық сенген жағдайда ғана толық тәуелсіздікке қол жеткізе алады. Өйткені өзіне сенген халық тіліне, діліне, мәдениетіне, ғылымына, салт-дәстүріне, тіпті елдің экономикасына ерекше қарап, оны әлемдік деңгейге көтеруге тырысады. Ал сана тәуелсіздігі болмаған халықта өзіне сенбеушілік пайда болып, болашағын өзге халықтардан, өзге елдерден іздейтін болады. Айталық, ондай жағдайда халық өз ұрпағын қаршадайынан ана тілінде емес, шет тілдерінде тәрбиелей бастайды. Сөйтіп, ұлын, қызын немесе немересін жат тілдегі балабақшаларға береді. Тіпті бұғанасы қатпаған баланы Лондонға апарып тәрбиелегісі келеді. Біз бұл жерде ана тілін судай білген жеткіншек балалардың шет тілінде немесе шет елдерде білім алуын айтып жатқан жоқпыз. Біз ана тілін білмей жатып, өзге тілдерге елігіп жатқандар туралы айтып отырмыз. Өкінішке қарай, қазіргі жастардың дені осындай деңгейде. Жастарды ояту керек. Санасы тәуелсіздік алған халық бүкіл күш-қайратын тек өз елінің өркендеуіне ғана жұмсайды.

Сол секілді санамыз ғана емес, төл тарихымыз да тәуелсіздік алған жоқ. Әлі күнге дейін ұлттық иедеялогияға негізделген қазақ тарихы жазылған жоқ. Сол кеңестік сүрлеумен келеді. Бір ғана мысал, біз Екінші дүниежүзілік соғысты Ұлы отан соғысы дейміз. Ол – Ұлы Отан соғысы емес екінші дүние жүзілік соғыс. Күллі әлем осылай дейді. Кеңес Одағы біздің Отанымыз емес. Оны мойындау керек. Кеңестер Одағы біздің Отанымыз болса неге жеке ел болып, тәуелсіздік алып, бөлек шықтық?

Сұхбатыңызға рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?