Бүгін Мәдениет және спорт министрлігі кеңейтілген Алқа мәжілісін өткізді. Ведомоства басшысы Ақтоты Райымқұлова арнайы баяндама жасап өткен жылдың есебін берді, алдағы атқарылар шаралардың мән-жайына тоқталды.
Министр ханымның айтуынша, алда атқарылар шара көп. Алайда сол шаралар науқаншылдық пен ысырапшылдыққа айналмауы тиіс. Мемлекет Басшысы атап өткендей, жалпы республикалық жоспардың барлық іс-шаралары идеологиялық және ағартушылық бағытта болуы тиіс. «2020 жыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбу Насыр әл – Фарабидің 150 жылдығы және Алтын Орданың «Ұлық Ұлыс» 750 жылдығы сияқты маңызды мерекелік іс-шараларға толы болғалы отыр. 21 қаңтарда «Астана Опера» театрында Ұлы Абайдың мерейтойын ресми түрде ашу рәсімі өтті. Ал күні кеше, Алматы қаласында «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1 150 жылдық мерейтойын бастаудың рәсімі халықаралық деңгейде өтті. Қазақ ұлттық университетінде «Әбу Насыр әл-Фараби атындағы орталық» ашылды. Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы – біздің халқымыздың көрнекті ақыны және ойшылы, оның философиясы мәдени және ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс» деп атап өтті ол.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Абайдың мерейтойына қатысты брендбук эскизі әзірленіп бекітіліпті, өңірлік жоспарлар да дайын болған. Сондай-ақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылып отыр. «27 қаңтарда Чех Ұлттық кітапханасында Абай атындағы Мәдени-ақпараттық орталық ашылды, осындай орталықтар Будапешт және Братислава қалаларында ашылады. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1 150 жылдығы аясында Министрлік тарапынан «Мұғалімнің оралуы» (Возвращение учителя) деректі фильмін түсіру, еліміздің барлық музейлері мен кітапханаларында тақырыптық көрмелер өткізу жоспарланып отыр. «Әл-Фараби жолымен» Халықаралық экспедициясын ұйымдастыру, Сириядағы Дамаск қаласында орналасқан «Әл-Фараби» кесенесінің макеттік көшірмесін Түркістан облысындағы Отырар музей-қорығының аумағында орнату мәселесі қосымша пысықталуда. Әл-Фараби туған Оқсыз қалашығына археологиялық және ғылыми зерттеулер жасалатын болады» - дейді А.Райымқұлова.
Сондай-ақ ол «Ұлық Ұлыстың» (Золотая Орда) 750 жылдық мерейтойы осы жылдың тағы бір ірі жобасы болады деп сендірді. Айтуынша, 2019 жылғы 31 желтоқсанда мерейтойды дайындау және мерекелеу жөніндегі Іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспар бойынша ұйымдастыру-дайындық іс-шаралары, ғылыми-зерттеу, талдамалық сүйемелдеу, тарихи-мәдени мұра объектілерін қалпына келтіру, мәдени іс-шаралар, ақпараттық қамтамасыз ету, имидждік және бейне-киноөнімдерді шығару, турмаршруттарды әзірлеу, туристердің келуіне қолайлы жайлы жағдай жасау және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту сияқты 40-тан астам іс-шаралар жоспарланып отыр. Солардың ішінде «Қасиетті Ұлытау», «Хан жолы», «Теректі Әулие», «Қорғасын құпиясы» турмаршруттары және «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені секілді жобалар бар.
Алқа мәжілісінде белгілі болған тағы бір жаңалық - еліміздің барлық жетекші музей-қорықтарының аумағында Визит-орталықтардың құрылысы жүріп жатыр. «2019 жылы Түркістан облысындағы «Отырар» және Алматы облысындағы «Таңбалы» визит-орталықтарының құрылысы аяқталды. Биылғы жылы «Ұлытау», «Гаухар ана» және «Сауран» музей-қорықтарының визит-орталықтарының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, 2021 жылдан бастап «Ордабасы» мен «Есік»-і іске қосамыз. Туристік қызығушылықты дамытудың тірек нүктелері ретінде визит-орталықтар құрылысы жергілікті деңгейде де жүргізілуде. Бұл сапар-орталықтар өңірдің тарихи-мәдени мұрасын қазақстандық және шетелдік азаматтар арасында ілгерілетуге ықпал ететін болады» деп атап өткен министр Түркістан қалашығын қалпына келтіру жұмыстарына да тоқталды: Бүгін Түркістан қаласының тарихи бөлігінде 16 объектінің құрылысы жүріп жатыр, олардың ішінде: Х.А. Ясауи музейі, «Ұлы Дала Елі», музыка мектебі, кітапхана, қолөнер орталығы, сарай керуені, визит-орталығы, спорт объектілері және т.б. бар. «2019-2021 жылдар кезеңінде қалашықтың шынайы келбетін толық қалпына келтіре отырып, 88,7 гектар алаңда Түркістан қалашығының объектілерін қалпына келтіру, консервациялау, музейлендіру және қорғау аймағының аумағын абаттандыру Жоспарының жобасы әзірленді. «Күлтөбе» археологиялық ескерткішінің итальяндық Помпеи, палестиналық Иерихоны, ирактық Киркук, тәжік Пенджикенті, түрік Топқапы және т.б. сияқты әлемдік археологиялық парктердің өзіндік аналогы ретінде жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілуде екенін атап өткім келеді. Сондықтан қаланың барлық тарихи кезеңдеріндегі құрылыстардың кейбір бөліктері қалпына келтірілетін болады, жақсы сақталған бөлігі консервіленетін болады. Бұл шаралар туристерге қала өмірін көзбен көріп, киелі аураға жүгінуге мүмкіндік береді» деп атап өтті ол.
Фото: Бауыржан Жуасбаев