Ғимарат Айқожа ишанның (кесенесі онша алыс емес) айтып кеткен өсиетімен салынып, «Ақтас» деп аталады.
Айқожа ишан дүниеден өткеннен соң 25 жылдан кейін ескі мешіт орнын жаңартып, 1882-1884 жылдары Айқожа ишанның немересі Атамағзұмның басшылығымен, Тасжан деген байдың демеушілігімен және жергілікті халықтың күшімен салынады. Мешіт құрылысын Бұқарадан арнайы алдырған Халид шебер жүргізген.
Ғимарат Сырдарияның оң жағалауындағы жайылма алқап үсті территориясындағы қырқада орналасқан. Террассаның етегінде емдік қасиеті бар бұлақ ағып жатыр. Мешіттің биіктігі сонша, одан Қожа Ахмет Иасауи мен Арыстан бап кесенелері көрінетін болған. Қажылық жасаушылар Меккеге қажылыққа барар алдында осы мешітке жиналатын дәстүр болған.
Ғимарат тікбұрышты күйдірілген кірпіштерден (6,5х13х26 см, 10 қатар + 10 жым = 0,77 м) тұрғызылған, жоспарындағы аумақтың өлшемдері – 18,55х19,03 м, биіктігі – 20,0 м күмбез астындағы барабандар жарты шар іспетті күмбезбен көмкерілген. Негізгі және бүйірлік қасбеттердің ортасында кіреберіс ойықтары бар, осы ойықтардың үстінде жебе тәрізді терезе ойықтары орналасқан. Оңтүстік-шығыс қасбетінің жоғарғы бөлігінде жабынуының негізіне алып баратын баспалдақты екі ойық бар.
Күмбездің оңтүстік-бұрышында бастапқыда сәулелі аркалармен көмкерілген ойықтар болған. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ол уағыз оқуға арналған. Күмбездің төбесі басы жарты ай түрінде болып келген металл өзекпен аяқталған.
Камераның әр қабырғасында жебе тәрізді үлкен текшелер бар. Олардың үшеуі сыртында ойықтармен анықталған, ал оңтүстік-батысында орналасқан төртіншісі – жебе тәрізді аркамен жабылған текшелі михраб түрінде болып.
Бөлменің іші екі түспен шешімін тапқан: әктен бұрын қабырға негізіне тым көк түсті панель жағылған. Бұл түс михрабты безендірілуге де қолданылған. Едені кірпіштен төселген. Қайта жөндеу жұмыстарынан кейін түстер шешімі жоғалып кеткен.
Ақтас мешіті – Сырдарияның төменгі ағысындағы ең биік күмбезді жалғыз мешіт, ал көркемдік өңделуінің сипаттары ғимараттың бірегейлігін көрсетеді. Мешіт күмбезіне 4 қырлы, 2 қабатты мойындық арқылы көтерілуге болады. Қабырғалары сәндік өрнектермен әшекейленген.
Солтүстік іргесіне жүргізілген қазба жұмыстарының барысында төрт бұрышты шағын бөлмелердің іргесі ашылды. Осыған қарағанда мешіт жанында медресе болған.
1982 жылы Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
«Жаңақорған» тарихи-танымдық энциклопедиясынан
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)