Бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлы есімдердің бірі – Қорқыт абыз. Бабамыздың кіндік қаны тамған, туып-өскен жері – қазақтың Сыр елі. National Digital History порталының Қызылорда облысына жасаған тарихи-мәдени экспедициясы аясында Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне де баруды жөн көрдік.
Оқырман қызығушылығын тудырған Қорқыт кешені Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жерде, Қорқыт стансасына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан.
Қорқыт мұрасы түркіге ортақ
Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, қазіргі Қорқыт ата мемориалдық кешені орналасқан төңіректе оғыз-қыпшақ тайпалары өмір сүрген.
Ерте заманнан Сырдария бойын жайлаған оғыз-қыпшақ ұлыстарының арасында дүниеге келіп көреген көсемі, сөз бастар шешені, ұлы күйшісі болған. Қорқыт атаның асыл мұраларының ұлағаты, даналық ғибраты бүкіл түркі тілдес халықтарына ортақ. Қорқыт бабамыздың Сыр бойында дүниеге келгендігін академик Әлкей Марғұланда өз еңбектерінде жиі айтып отырады.
«Қорқыт – тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын, болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған», – дейді Ә. Марғұлан.
Қорқыт – оғыз дәуірінің ұлы тұлғасы, жырау. Оның ерен есімі әлемге мәшһүр «Қорқыт ата кітабына» арқау болған. Кіндік қаны тамған топырақ Жанкент қаласы болса, ал тарихи мазары қазіргі Қармақшы жерінде. Қорқыттың музыкалық мұрасы мен ерен есіміне байланысты аңыздар түбі бір түркіге ортақ мұра болғанымен, көбінесе Сыр бойында, түркімен, әзірбайжан және анадолы түріктерінде сақталған.
Қорқыт бабамыз дүниеге келген ортағасырлық Жанкент қаласы – IX-XI ғасырларда Сырдың төменгі ағысында өмір сүрген Оғыз мемлекетінің астанасы болды.
Қорқыт Ата кешені Елбасы тапсырмасымен қайта жаңғырды
Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне ат басын бұрған сапарымызда бізді кешеннің директоры Айдос Ниязов қарсы алып, Қорқыт ата мемориалдық кешенін толықтай өзі таныстырды. Сәулет өнерінің айрықша үлгісімен жасалған кешеннің жұмысы 1980 жылы іске асқан екен. Жобаны сол уақыттағы Қармақшы аудандық комитет хатшысы Елеу Көшербаев (қазіргі Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың әкесі) ұсынып, өзі Алматыдан сәулетші Бек Ибраевты алдырыпты.
«Қорқыт ата ескерткіші 1980 жылы салына басталды. Ол уақытта Қармақшы ауданында аудандық комитет хатшысы Елеу Көшербаев деген ағамыз болды. Сол кісі Алматыдан Бек Ибраев деген архитектурды алдырып, «Шымкент-Самара» тас жолының, «Орынбор-Ташкент» темір жолдарының бойында үлкен ескерткішті салдыруды тапсырды. Белгілі сәулетші С. Исатев темірден қырық труба орнатып, Қорқыт қобызынын үнін шығарды. Жел болған күні сол темір органдар Қорқыттың қобызының үнін шығарады», – дейді А. Ниязов.
1997 жылы Қызылорда облысында «Қорқыт және түркі әлемі» деген халықаралық конференциясы өтті. Осы халықаралық жиында Қорқыт Ата кешенін толық жөндеуден өтіп, ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Сол жылы кешен жанынан амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын оғыз артефактісі салынды.
2000 жылы кешен жанынан музей және әкімшілік ғимараты ашылып, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде қызмет көрсету жұмыстарын бастаған. Музейге Қорқыттың мұралары жинақталып, экспозициялар бөлімі ашылды.
2014 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде кешеннің маңызды нысандары музей, қылует, амфитеатр, стела, қошқар мүсіні қайта жаңғыртылды. Бұл жолы үлкен қобыз салынды. Жаңа музей ашылды.
Қорқыт Ата кешеніндегі сәулеттік өнер туындылары
Стелла қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, қордай тасынан дайындалған. Әрбір стелла әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стеллалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт Ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Қорқыт Ата ескерткішінің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін бейнелейтін «Түйе табан» өрнегімен безендірілген.
Қошқар мүсіні – диаметрі 36,4 метрді құрайтын шеңберлі алаңда орналасқан. Мүсіннің ұзындығы – 165,5 см, ені – 85 см, биіктігі – 120 см. Қордай гранитінен қашалған мүсін – биіктігі 220 см бес деңгейлі тұғырға қойылған. Тұғырдың мүсін қойылған алаңқайының көлемі – 200х90 см. Қошқар ежелгі арии мен қазақ мифологиясында көктәңірінің олжасы мен теріс күштерден қорғаушы символы болып табылады. Сондықтан мүсін қошқар бейнесі мен сақ грифінің – гриф басы, арқасындағы қанаты, аяғы сфинкске ұқсас жиынтығы күрделі сипаттамадан тұрады.
Қылует – оңаша тілек тілейтін жерасты мінәжат үйі. Қабырғаларында шырағдан қойылатын шағын қуыстар бар. Намаз оқитын бөлмеге баспалдақ арқылы түседі.
Амфитеатр – түрлі ойындар мен сайыстарды тамашалауға арнап көне Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған. Амфитеатрдың ортасында дөңгелек алаң бар. Көрермендер орындары тұйық шеңберленіп келеді де, сатылай көтеріле береді.
Музей ғимаратының құрылымы бір қабатты. Ғимарат 3 экспозициялық залдан тұрады. Онда Қорқыт өмір дәуірдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құндылықтар мен жәдігерлер қамтылған. Музей қорында 700-ге жуық экспонат сақтаулы.
Стелла, қылует, амфитеатр орналасқан биіктетілген алаңқай гранитпен жапсырылған биік бетон қабырғамен қоршалған.
Қорқыт ата кешені түркі тілдес елдердің тағзым ететін қасиетті орны және күрделі сәулеттік өнер туындысы ретінде ерекше маңызға ие.
«Шымкент-Самара» тас жолының бір жағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік жолының бойында орналасқан кешенге келетін туристердің қарасы көп екен. Тіпті кешеннен 60 шақырым жердегі Байқоңыр қаласының өзінен шетел туристері мен ғарышкерлер де жиі келіп, бас сұғып Қорқыт мұрасымен танысады екен. Қорқыт Ата мемориалдық музей кешенінде қобыздың көптеген түрлері бар. Оның біразы – Қорқыт заманынан бүгінгі дәуірге дейінгі ғасыр жәдігерлері.
«Музейде Қорқыт бабамыздың заманынан келе жатқан құнды жәдігерлер бар. Сондай-ақ көне қобыздар бар. Қорқыт ескерткішінің қасынан Қорқыт зират кешені салынды. Ішінде намазхана, қонақжай бар. Халал дәмхана бар. Шымкент – Самара күре жолының бойында орналасқандықтан Қорқыт ата мемориалдық кешеніне туристер ағылып келіп жатады. Бұл жерге түркі жұртының халықтары да келіп, Қорқыт мұрасымен танысып, Қорқыт күйлерінің үнін естиді. Бұл жерге келетін туристік топтардың қатары көп. Оларға біздің кешен әрқашан есігін ашып, қолдарынан келгенше ақпарат беруге тырысады», – дейді мемориалдық кешен директоры.
Қорқыттың есімін ұлықтап, Қармақшының сайын даласында жаңғырып тұрған бұл кешен – түркі халықтары үшін бағасы зор ғасыр ғаламаты. Қобыз бен күйлердің негізін салған бабамыздың кешеніндегі амфитеатрында Түркі халықтарының дәстүрлі шығармашылық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл да баба мұрасын құрметтеп, ұлықтаудағы басты тағылымның бірі. Қорқыт Ата мемориалдық кешені – жыл сайын Қазақстаннан, алыстағы және таяу шетел елдерінен келген мыңдаған туристке қызмет етіп отырған біздің басты сәулет ескеркішіміздің бірі де бірегейі.
Астана-Қызылорда-Қармақшы-Астана
Материалды әзірлеуде ақпараттық қолдау көрсетіп, Қармақшы ауданына баруға мүмкіндік қарастырған Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесіне Портал редакциясының атынан алғыс айтамыз.