Әркімге өз туған жері ыстық. Мен де соңғы 2-3 жыл көлемінде туған жерім Торғай туралы көп жазып жүрмін. Мақтанғаным емес, өлкеміздің танылуына бір кісідей атсалысудамын, әлі де айта да жаза беремін деп ойлаймын. Әрбір азамат туған аймағын тануды өз ауылынан, өз ауданынан, өз облысынан бастауын қажет деп жазамыз. Сондықтан, біз бұрын да жариялағандай Ахаң мен Жахаң жұртына сапарымызды жасап едік. Аталған саяхатымыз 5-10 шілде аралығында өтті.
Сонымен Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынов музейінің директоры Райхан Имаханбет, Жәнібек Аянбай және мен жолға шықтық. Астана-Арқалық пойызына жайланып отырып, біраз уақыт алдағы сапар туралы ақылдастық. Мақсатымыз айқын: Алаштың арыстары Ахаң мен Жахаң жұртын көру. Негізі, ертеректе Міржақып Дулатов ауылдары Қызбел мен Бидайықта болғанмын, ал ата-бабам жері Аққұммен іргелес Ақкөл, Қарасу ауылдарына барып көрмеппін. Бұл ауылдар – Ахмет Байтұрсынұлының елі.
Сөйтіп таңғы 6.30-да Арқалық қаласының вокзалына келіп түстік. Мұнда бізге Қайыңды ауылының тумасы Мырқанов Қанат келіп қосылды. Сәлден соң іркілместен сапарға аттандық. Бағытымыз бойынша алдағы үш күнде 1000 шақырымнан астам қашықтықты артқа тастап Ахаң мен Жахаң іздерімен жүріп өту.
Тасбұлақ
Бірінші тоқтаған жеріміз – 288 шақырым жолы бар Арқалық-Торғай трассасының бойындағы Арқалық қаласынан шамамен 70 шақырым қашықтықтағы Тасбұлақ болды.
Тасбұлақ басында біраз сусындап, аздап тыныстаған соң келесі бағытымыз – Кейкі батыр мен Құтан әулие кесенелеріне тоқтау еді.
Кейкі батыр бабамыз туралы жақсы және көп айтылып жүр. Негізінде бала кезімізден мергеннің әңгімелеріне қанықпыз. Қайран бабам-ай, ана дүниеде жатса да ерлігі ұрпаққа өнеге болып қалды. Олай дейтін себебім, биыл даңқты бабамыздың сүйегін алып келген соң, Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған, Ресейге елші болып кеткенше Иманғали Тасмағанбетов бас-көз болып Үкіметтің қаулысын қабылдатып, 2 млрд теңге бөлдіріп, шараларды бекіттіріп еді. Соның арқасында Арқалық қаласының көшелері жөнделіп, Кейкі кешені салынып жатыр, трассаның кешенге жақын жерлеріне жөндеу жүріп жатыр екен.
Кейкі батыр Көкембайұлы
Ал, Арқалық-Торғай трассасының бойындағы 288 шақырымның шамамен 150 шақырымы бұған дейін жөнделіп қалған болатын. Әрине, арасында нашарлау жерлері кездеседі, бірақ қалған 138 шақырымды басып өту – ол бір қиямет. Ең бастысы, Кейкі бабамыздың кесенесі салынып жатқаны. Арнайы тоқтап құрылысшылармен сөйлестік. Айтқандай ескі кешен мен жаңа кешен арасы өте қашық емес. Құрылысшылардың айтуынша кешеннің құрылысы тамыз айының аяғына дейін толық аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде жұмыстың негізгі бөлігі аяқталып қалыпты.
Енді, Құтан әулие деген кім дейтін болсақ, ол кісі туралы бір-екі сөз айта кетсек. Халықта Құтан әулие Аталықұлын Найман ішіндегі «Бағаналының төрт тағанының бірі» деп атайды. Құтан әулие Тәуке ханның биік құрған заманында хан кеңесі мүшесі болған деседі. Кейін ұрпақтары Қарынсалды өзені бойында оның кешенін салған екен. Құтан әулие кесенесі – сәулет өнерінің ескерткіші. Арқалық-Амангелді тас жолының бойында, Қарынсалды өзенінің шығыс жақ қыратында орналасқан. Амантоғай ауылынан Арқалыққа қарай 10 шақырым жерде.
Құтан әулие Аталықұқұлының кесенесі
Екі кесенге тоқтап, азаттық үшін күрескен бабаларымызға құран бағыштап «Амантоғай, қайдасың?» деп сапарымызды әрі жалғастырдық.
Жалпы, қазақтың бірегей ұлы – Кейкі батыр туралы әңгімелерде аңыз бен шындық қатар жүретіні аян. Біреулер оны Қытай асырса, енді біреулер Қазақстанның оңтүстігіне өткен деседі. Мұның бәрі халықтың ықыласынан туған деп ойлаймын, батырын өлімге қимаған болар?! Ертеректе Аққұм жағында (Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» атты әнін білетін боларсыздар) нағашыларымызға жыл сайын қойшы ауылға, қырға баратын едік. Сонда Қатеш әжем Кейкі Көкембайұлы туралы әңгімесін айтып беріп еді. Біз кішкентай кезімізден батыр туралы аңыз бен ақиқатқа қанық болып өстік. Жыланшық өзені бойында отырған Қатеш әжем ауылына келіп, атамызға бірнеше мәрте шашын тақырлатып алдырғанын, оның қалай өлгенін жыр қылып айтып отырушы еді. Қызылға да, аққа да берілмеген, халқының азаттығы үшін жанын құрбан еткен асыл бабамызды қаншама жылдардан кейін енді ұлықтап жатқан түріміз бар.
Кейкі батыр Көкембайұлына Арқалық-Торғай трассасы бойында, Тасты жерінде салынып жатқан кесене
Ұлт арыстары Ахаң мен Жахаң (Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы) жұртына сапарымыз Тасбұлақ пен Кейкі батыр және Құтан әулие кешенінен кейінгі нүктеміз Торғай-Арқалық трассасының 100 шақырым қашықтықтағы Амантоғай, Жалдама кенттері болды.
Қазақстанда кезінде тың игеру барысында, тың және тыңайған жерлерде көптеген егін совхоздары пайда болғаны мәлім. Міне, осылайша Сарыарқаның басым бөлігін игерген соң Совет Одағы назарын «қазақ белдеуіне» аударды. «Қазақ белдеуі» деген шартты атау, бұл жергілікті ұлттың саны әлі де бар, кем дегенде халықтың 3/1, тіпті жартысына жуығын құраған уақыт еді, оларға, мысалы, Семей, Жезқазған және Торғай облыстарын жатқызуға болатын еді. Совет Одағы енді Солтүстік Қазақстанды игеріп болған соң, Қазақияның орталық өңірлеріне ауыз салды. Сол кезде ғана емес, әлі де қазағы қалың орналасқан Арқалық, Амангелді, Жанкелдин, Амантоғай аудандарында (Торғай облысы) көптеген егін совхоздары пайда болып, басқа өңірлерден, тіпті ішкі Ресейден тағы да «тың игерушілер» келе бастады. Бір совхозда 20 үй өзге ұлт болса, таза орыс мектептері ашылып, баяғы отарлау саясаты әлі жалғасын тауып жатты. Қанымызға, жанымызға қатты сіңіп қалғаны сондай, Қостанай облысы «Тың-Целина» атты жыл сайынғы спартакиада өткізіп, әлі «целина» деген сөзден құтыла алмай жүр! Спартакиадаға қарсылығым жоқ, елімізде барлық шараның атауы қазақша болғанда, бұлардың ескілікке жармасуын қалай түсінуге болады?! Мысалы, Жанкелдин ауданында Юбилейный, Бидайық, Амантоғай ауданында Рассвет, Қарынсалды, Арқалық ауданында Ангарский, Матросово, Мирное, Молодёжное, Фурманово, Целинное сияқты елді мекендер – сол кезеңнің белгілері.
Кейкі батыр Көкембайұлының ескі кесенесі
Иә, сол кезеңде Амангелді ауданынан жеке отау тігіп шыққан ауданның бірі – Амантоғай ауданы еді. Айтқандай Арқалық қаласының аумағы да әуелде Амангелді ауданының жері болатын. Кезінде мықты егін совхоздары бар, әлеуеті мықты аудан кейін тоқырау кезіңінде жабылып, Амангелді ауданына қайта қосылып, географиялық жағынан жақсы орналасқанына қарамастан кейінгі кездері жұтап қалып еді. Дәл Амантоғай кентінен Амангелдіге 50 шақырым, әрісі Торғайға 188 шақырым, Қостанайға 365 шақырым қашықтық бар.
Кейкі батырға арналған шараларға байланысты екені рас, біз көргенде Амантоғай кентінің көшелері қоқыстан тазартылып, үйлеріне азын-аулақ жөндеу жүргізіліп жатқан. Ол үшін бюджеттен 30 млн теңге де бөлінген болатын. Күнін малмен көріп отырған Торғай елінің жұрты үшін дәл осы Амантоғай кентінде мал сою пункті ашылады деп жоспарланып отыр, өйткені Қостанайдан 500-700, Астанадан 700-1000 шақырым қашықтықтағы Торғай елі өз өнімдерін өткізе алмай, делдалға жем болып жаттатын жағдайлары өте көп.
Торғайдың Кемері
Жол ұзақ болған соң трасса бойындағы өзгешеліктерге зер сала қарайсың, сонда Кемер, Кендірлі мен Айдар аты жерлерді кездестірдім. Мысалы, ұзындығы 288 шақырым болатын Арқалық-Торғай трассасының бойынан Арқалық шаһарына жақын жерде Айдар деген елді мекен мен өзенді көруге болады. Бір қызығы, Украинаның шығысында Айдар деген өзенге кезінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ақын атамыз Жұмағали Саин «Есімде Айдар өзені» деген өлеңін арнаған болатын, онда мынадай шумақ жолдары бар еді:
«Айдар, Айдар, ақ Айдар!
Жағаң сурет, суың бал.
Өткіздім сенде көп айлар…
Қалдырдым сенде көп ойлар…» деп майдангер-ақын атамыздың жыр жолдарын мен де қайталаумен болдым. Бабаларымыздың ізі қалған жер – Украинадағы Айдар өзені қазір соғыс алаңына айналғаны өкінішті-ақ.
Сөйтіп, ой үстінде келе жатқанымызда Торғай жеріндегі Кемер атты ауылға да қалай жеткенімізді білмей қалдық. Әрине, Түркияның миллиондаған туристерді қабылдайтын атақты Кемер атты демалыс орнына, қаласына қайдан жетсін, дегенмен «Әркімге туған жері – Мысыр шәрі» деп халқымыз бекер айтпаған болар.
Құдайдың құдіреті-ау, мына шеті Украинада, екінші шеті Түркияда аттас жерлер кездесті деп таң қалып жатсам, Ахаңның туған жері Ақкөл жағасында Кендірлі атты көл жағасындағы жағажайды (Кендірлі туристік аймағы Қазақстанның Маңғыстау өңірінде орналасқан) кездестіріп, тіптен таң қалған жайым болды.
Амандық ӘМІРХАМЗИН
Жалғасы бар...