Ұзындығы 60 шақырым, ені 30 шақырып аумақты алып жатқан Шілікті жазығы – тарихи оқиғаларға бай өлке. Тек ХХ ғасырдың басында бұл өлкені алты жұмықтың қожан, бұрымбет балалары жайлап, бұрымбет руын Зейнолла Бұтабайұлы басқарса, қожан елінің биі болып Қоңыр Мәжитұлы ел биледі. Экспедиция барысында портал қызметкері аталған екі тарихи тұлғаның басына барып, құран оқып, ондағы жаңа деректер туралы сұрастырып білді.
Шілікті ауылынан не-бары 5 шақырым қашықтықтағы Жалшидың жанында Зейнолла кесенесі тұр. Мұнда бізді Шілікті ауылының байырғы тұрғындары Жәлел ақсақал мен Саяш мырза бастап барды. Жалши десе дегендей, қалың ши өскен және сол шидің түбірі қатты әрі шоғырлы, кей тұсы көлік өтетіндей ашық болып шықты. Ши адам бойынан да асып жатыр, тіпті аттылы адамның бойын жасыратын да тұстары жоқ емес. Қанша жалды әрі биік болғанымен, қызыл шырайымен көзге түсетін Зейнолла мазары алыстан менмұндалап тұрды.
Зейнолла мазарын атақты сәулетші Баязит Сәтбайұлы салған. Салғанын әйгілегендей, жоғарғы маңдайшасына өзінің есімін айшықтап тұрып жаздырған да екен. Мұның себебін тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен Саяш Нәсіретов аға, біріншіден, халық «Жәжең» деп атап кеткен Зейнолланы онсыз да ел-жұрты таниды деп білсе, екіншіден, сәулетші Сәтбаев аздаған қулық жасаған болуы мүмкін екендігімен түсіндірді.
Баязит шебер кім?
Табиғатынан зерделі, тума талант болған Баязит Сәтбайұлы бала шағында орыс байларына жалшылыққа жүріп, 1890 жылы Семей қаласындағы мешітті салуға арнайы шақыртылған Абдолла Эфенді есімді ыстамбұлдық архитектордың қол астында құрылыс жұмыстарымен танысады. Мұнда ол шығыс сәулет өнерінің қыр-сырын, сонымен қатар басқа да құрылыстарды жүргізу барысында орыс, еуропа архитектурасының әдіс-тәсілдерімен танысып, қаныға түседі. Сөйтіп өзінің бойындағы тума таланты арқылы елінің сәулет өнерінің бастауындағы тұлғаға айналады.
Зайсан қаласындағы ХХ ғасырдың басындағы тарихи орындар, көпес үйлері мен дүкендер, әкімшілік ғимараттары, қонақ үйлер мен қала қақпалары, т. с. айшықты ескерткіштердің дені ұлы шебер Баязит Сәтбайұлының қолтаңбасына тән. Мұндағы құрылыстардың сызбасын жасап, оған қажетті материалдардың сұрыпталуын, маңызы мен көркін ескергеніне дау жоқ. Бүгінгі Зайсан қаласының жайнап, гүлденіп тұрғаны осыдан ғасыр бұрын жасалған түпкі негіздердің дұрыстығында еді. 1900 жылы Зайсан қаласына келген шебер 20 жылдарға дейін мұнда көптеген құрылыс жұмыстарын жүргізіп басшылық жасаған.
Зайсан қаласына шақыртумен келген атақты шебер 1900 жылдан бастап қаладағы негізгі мекемелер мен діни-ғидабат үйлерін және жекелеген бай-көпестердің сауда дүкендерін сала бастайды. Ол өмірінің соңғы жылдарын арғы бетте – қазіргі Шыңжаң аймағында өткізді, демек қазақ даласындағы ең соңғы туындысы – біз сөз етіп отырған Зейнолла Бұтабайұлы кесенесі.
Зейнолла кесенесінің ерекшеліктері қандай?
1925 жылы тұрғызылған кесене екі бөліктен тұрады. Алдыңғы негізгі бөлігі сегіз бұрышты болып басталып жоғары көтерілген, артқы шеңберлі бөлікке жалғасатын тұсы кішірейіп барып біткен екен. Маңдай беттегі ағаш есіктің маңын әшекейлеу де кесененің айрықша салтанатпен салынғанын айғақтайды.
Кіреберісі дарбазалы пештақпен безендірілген. Бұрыштарындағы қалпақшалары төбе деңгейіндегі төртқырлы қысқа бағандармен бітеді, кіреберіс пештақ шағын шатыр арқылы төбедегі доғамен үш қыр бойымен жалғасады. Ішіндегі қабірханаға екі бүйірі мен батыс жағындағы ойықтар арқылы жарық түседі. Бұл ойықтар әшекейлі дарбазалық қуыстармен кезектесе жасалған. Зейнолла кесенесі қасбеттерінің әсемделуіне сәнді қалаудың сан алуан тәсілдері пайдаланылған.
Кесененің жалпы ұзындығы 9,4 м, ені 5,78 м, биіктігі 8,8 м. Мазар шикі кірпіштен тұрғызылып, сырты күйдірілген кірпіштен бунақталып қаланған. Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі кезде Шығыс Қазақстанда қаптама ретінде күйдірілген кірпіш қолданылған екі кесененің бірі де осы Зейнолла мазары. Жалпы қазақ тарихында мазарлар тегін салынбаған: олардың зираттан айырмашылығы болатыны секілді елге қадірлі, сыйлы азаматтарға арнайы салынған қабірханаларды мазарлар деп танимыз.
Халық архитекторы Баязит Сәтбайұлының кірпіш дайындап, оны күйдіретін арнайы пештері Зайсан қаласында орналасқан болатын. Әр түрлі пішінді құйма қалыптарда күйдіріп дайындалған кірпіштерді қапқа салып, түйеге артып Зайсаннан алпыс шақырымнан астам Шіліктіге жеткізген.
Зейнолла кесенесін кейде «Зейнолла күмбезі» деп жазып та жатады. Бұл дұрыс болғанымен, тарихи ескерткіштің ерекшелігіне сай бұлай айтып-жазу дұрыс бола бермейді. Себебі кесененің екінші бөлмесі күмбезді болып келеді. Кесененің алдыңғы бөлігі оңтүстік шығыс Азияның сәулет өнеріне ұқсас күрделі үлгіде орындалған. Ескерткішті айнала қарап шыққанымызда Зайсан қаласындағы бай-көпестердің дүкен-үйлеріне қарағанда, Зейнолла кесенесіне автор барлық талантын жұмсағандай көрінді.
Кесене мемлекет қорғауында. Қызығы да сол, Баязит шебердің қолынан шыққан Зайсандағы атақты саудагерлердің үйлері мен дүкендері кірмей қалған тізімде тек осы Зейнолла кесенесі ғана бар. Бір Зайсанның өзінде 32 ірі ғимараттың мемлекеттік қорғауға жатпай, тек Зейнолла мазарының бар болуы нені білдіреді?
Меніңше, бұл құрылыстың өте күрделі орындалғанында. Қаладағы сақталған қазіргі ғимараттардың ешбірі де бірін-бірі қайталамайды, алайда Зейнолла мазарының төменгі бөлігінен басына дейін, қасбетінен артқы есігіне дейінгі бүкіл өрнектер тамаша ойластырылған. Кесенені айнала шолып шыққан адамға анық көрінеді: қабырғаларында шеңбер, сызық түрлері өзгеше реңк береді.
Кесенеде кімдер жатыр?
Бізге жол бастап, жөн нұсқаған адамның бірі – жасы сексеннің бесеуінен асса да, еңкеймеген, тік қалпында жүретін Жәлел ақсақал ел аузында сақталған әр түрлі әңгімелерді баяндап берді. «Алғашқы жылдары мұндағы екі бөлмеде екі адамның денесі жерленген болатын. Ұрпақтарының айтуынша, ол Жәжеңнің өзі және шешесінің мүрдесі делінеді. Сол жер үюлі топырағы болмаған, тегіс жер екен» деді Жәлел Мағжай баласы.
1980 жылдары мазарға «Казрестоврация» мекемесі азды-көпті жөндеу жұмыстарын жүргізген екен, кейін 1990-1991 жылдардағы жер сілкінісінен кейін де жұмыстар жалғасын тапқан. Зират ішінде екі адамның жатқаны белгілі бола тұра, кесененің алдыңғы бөлмесіне құлпытас қойылыпты.
Кесененің арнайы қоршауы бар, сонда да ауланы қалың шөп басқан. Ұзын өскен ши, қалақайдың ұзын сабақтары адам жүрісіне кедергі. Тіпті басына барған жолаушылар орнатылған орындықты таппай қалу әбден мүмкін.
Ескерткіштің орналасуындағы тағы бір ерекшелік, шекараның дәл түбінде. Шіліктіден ары елді мекен жоқ. Тек халық арасынан шыққан атақты архитектор Баязит Сәтбайұлының ешбір шекара бөле алмас нағыз өнер туындылары арғы бетте де сайрап жатыр.