Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап NDH порталы хабарлайды. «Берел құпиялары» көрмесін танымал профессор, тарих ғылымдарының докторы, археолог, әйгілі берел қорғандарын тұңғыш ашқан Зайнолла Самашев ашты.
Іс-шараға сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, ҚР ҚК Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары полковник Қайсар Мұғалов қатысты.
Бүгінгі күні Берел – органикадан жасалған сақтап қалынған олжалары бар Қазақстан аумағындағы бірден-бір ескерткіш. Сол жерде жерленген көшпелі ақсүйектердің бұрынғы көшпенділердің - сақ-сібір аң стиліндегі өнеріне тән айрықша нақышта орындалған заттарының табылуы арқасында, ескерткіш дүниежүзіне танымал болды. Әдетте, қорғандарда металл мен сүйектен, қыштан жасалған заттар ғана сақталады. Алайда, қорған тоңының астындағы линза бұл қорғандарда бүлінбеген күйінде киім, ат әбзелі, ағаштан жасалған заттар, ер-тоқым мен маталар, ағаш ыдыс-аяқ, былғары, киізден жасалған бұйымдардың сақталуына ықпал етті. Мұндай ескерткіштердің бірегейлігі де осында жатыр. Көрмеде сүйектен жасалған әшекейлер, ат әбзелдері, б.з. дейінгі 2-1 ғасырлардағы уақытқа тән сақ қорғанынан алынған лосегрифондар, сондай-ақ, қорғанның ер адамы мен әйелдің сыртқы бейнесінің антропологиялық реконструкциясы, қорғаннан табылған зооморфты тұтқасы бар қола айна, әйелдердің әшекей бұйымдары мен көптеген басқа да бірегей олжалар ұсынылды.
Берел қорғандарын зерделеу мен археологиялық қазбалар кезінде табылған сүректен жасалған заттарды сақтаудың жаңа тәсілін ашуға қосқан үлесі үшін 2001 жылы Зайнолла Самашев «Тарлан» жоғары (платиналық) дәрежедегі сыйлыққа ие болғанын айта кету қажет. Көрмеге шетелдік меймандар да барып үлгерді. Олардың арасында Қытай Халық Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері бар.