Мақатаев Мұқағали – қазақтың әйгілі ақыны. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Алматы облысының Райымбек ауданындағы Қарасаз деген жерде 1931 жылы дүниеге келіп, Алматы қаласынан 1976 жылы топырақ бұйырған. Қазақ радиосында диктор болған, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясы бойынша әдеби кеңесші қызметін атқарған.
М.Мақатаев қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасын орнықтырған аса дарынды ақын. Оның шығармалар жинағының төрт томдығы жарық көрді. Шекспирдің сонеттері мен Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалаған. Мұқағали өлеңдеріне Қазақстан композиторлары ондаған ән шығарған.
* * *
Бірде ақын Мұқағали Мақатаев жанындағы серіктеріне:
– Осы, қыздың атындай әдемі аталатын бір ауру бар еді ғой, қалай еді? – деп сұрапты.
Серіктері таң қалып:
– Рак па? – дейді.
– Жоқ, – депті.
– Апендицит пе? – дейді.
– Жоқ, мейлінше әдемі, ән сияқты аталады, тіпті әдемілігі, сонша, сау адамның өзі сол аурумен ауырғысы келеді! – деп, Мұқағали ойланады. Серіктері ана ауруды бір, мына ауруды бір атап, дәл таба алмай қояды.
Әлден уақытта Мұқағали балаша қуанып:
– Е-е, таптым-таптым − инфаркт миокарда! – деген екен.
* * *
1973 жылдың көктемінде Алматы, Талдықорған облыстары жас ақындарының конференциясы өтіп жатса керек. Сонда Мұқағали кіріп келіп:
– Кәне шығыңдар, босатындар залды! Жетісуда қазір менен басқа ақын бар ма еді! – деп айқайды салып қалыпты.
Шыныда да, бұл – Мұқағали айтса ғана жарасатын, соншалықты сыйымды мінез еді дейді осы оқиғаға куә болғандар.
* * *
Мұқағали Мақатаевты танитын бір жігіт:
– Мұқа, не алайын? – депті.
– Бір экстра, екі-үш сыра болса жетеді, – деген екен Мұқағали.