Порталдың шығарушы редакторы Заңғар Кәрімхан Қараөткел ауылына жасаған сапарында соғыс ардагері Қорғаш Қылышбайұлының балаларының үйінен кездестірген.
З. Кәрімханның айтуынша, 150 жылдық тарихы бар қара қобыз жайлы материалдар іздеу барысында ол Қараөткел ауылының тұрғыны Әділхан Қылышбаевпен сөйлескен. Ғасырдан астам уақыт уақыт бедеріне шыдаған қасиетті қара қобызды сақтап отырған Әділхан Қорғашұлы бұл қазына жайлы жазба деректер Ақмол ауылында тұрған ағасы Зүлкен Қылышбаевтың үйінде дегесін, өзі бастап сонда барды. Ақмол ауылындағы орта мектепте ұстаздық еткен және ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған З. Қорғашұлының үйінен қызық әрі қызыл кітапқа кез болады.
1949 жылы жарық көрген «Выборы в Верховный Совет Казахской ССР 1947 г.» атты кітап «Кіріспе», «Негізгі бөлім», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтар», «Қазақстан өнеркәсібі», «Қазақстан ауылшаруашылығы», «Мәдениет пен тұрмысы», «Қазақстан жоғары советінің 1947 жылғы сайлауы» деген бірнеше бөлімнен тұрады. Жалпы көлемі – 10 баспа табақ, яғни 160 бет, «Қазогиз» баспасынан шығарылған. Соғыстан кейінгі кезеңнің тарихи картинасын толық сипаттайтын басылымның мәтіні нақты, фотосуреттері жаңаша.
Фотосурет дегеннен шығады, кітаптың құндылығын арттырып тұрған тұсы – тарихи сәттерді қалт жібермей түсірген суреттердің көптігінде. Отан соғысы жылдарында қаһармандық ерлікпен танылған қазақ және қазақстандық батырлардың өшпес келбеті мен есімі бүгінгі таңда ескерусіз қалған дала ержүректерінің тарихи бейнесі менмұндалап тұрады. Алтай мен Атыраудың, Қызылжар мен Ташкенттің арасындағы байтақ даланың ортақ қазанын қайнатқан, егінін толтырған, қамбасын жасап, мұнайын тасытқан еңбек ардагерлерінің құрыштан жаралғандай болмысы қапысыз аңғарылады. Соғыстан кейінгі тұралаған экономиканы көтеруге серпін берген іргелі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар жайлы статитистикалық деректер қоры да аз қамтылмаған. Өндірістегі өнімділікті арттыру үшін ойластырылған стахановшылар әдісінің Қазақстан даласына жаппай таралғаны, жүзін күн сүйіп, маңдайын жел өпкен дала еңбеккерлерінің еңбек майданындағы тарихи сәттері таңбаға басылған.
Кітаптың «Мәдениет пен тұрмыс» атты бөлімінде қазақ өнері мен мәдениетінің майталман тұлғаларының бұрын еш жерде кездеспеген тарихи суреттері де оқырман назарына ұсынылған. Әсіресе, тоқсан жасында сырнай тартып отырған халық ақыны Шашубайдың суреті ел тарихы мен әдебиеті үшін зор маңызға ие. Сондай-ақ Қ. Сәтбаевтың, М. Әуезовтің, С. Мұқановтың, К. Әзірбаевтың, Ә. Тәжібаевтың, Жамбылдың, М. Ғабдуллиннің, К. Байсейітова мен Ш. Жиенқұлованың суреттері қызықтырары сөзсіз.
«Қазақстан тарихы» интернет жобасы алдағы уақытта көрген «Выборы в Верховный Совет Казахской ССР 1947 г.» кітабының электронды нұсқасын дайындап, оқырман қауым үшін қолжетімді етіп ұсынатын болады.