Оңтүстік – тарих пен шежіреге бай өлке. Құт дарып, кие қонған ырысты өңір. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи секілді әулиелер мен әл-Фараби сынды ұлы ғұламалардың кіндік қаны тамған қасиетті өлке халқымыздың арғы-бергі тарихынан терең сыр шертеді. Әйтсе де: «Шежірелі Оңтүстік, тарихи мұраға бай өлке», деп ауыз толтырып айтқанымызбен халық, бүгінгі жастар, қай мұрасымен шежірелі екенін, қай белгісімен бай екенін жатқа білмейді. Жастар түгілі үлкендер де бұл туралы көп білмейді.
Басқаны айтпағанда, тіпті Оңтүстік өңірде тас ғасырынан басталған тарихи жәдігерлер көп кездеседі. Бұл еліміз бойынша өте сирек құбылыс. Мәселен, Бәйдібек ауданындағы Қарасу көп қабатты палеолит тұрағының ашылуы ғылымға қосылған сүбелі үлес. «Қазақстан тарихын қай кезеңнен бастаймыз, қанша кезеңге бөлеміз?» деген дау-дамаймен жүргенімізде мұнда 20-дан аса ежелгі адамдардың мекендері, көптеген тас ғасыр дәуірінің құрал-саймандары табылған. Оңтүстік Қазақстан ғалымдары орта және жоғары палеолит дәуірлеріне жататын 6 мәдени қабаттарды ашты.
Кіші Қаратау қойнауында жоғарғы палеолит дәуіріне жататын үңгірлер бар. Үңгірді еліміздің бірегей археологиялық ескерткіштерінің қатарына жатқызуға болады. Қола дәуіріне қатысты облыс көлемінде зерттелген ескерткіштер бірен-саран ғана. Созақ, Түлкібас, Бәйдібек аудандарында кездесетін жартастағы жазулардың өзі неге тұрады?! Оңтүстік өңірінде орта ғасырлар кезіндегі қалалар жөнінде де толыққанды деректерді халық дүниетанымына сіңіре қойған жоқпыз.
Дәстүр мен сенімнің берік болуына Оңтүстік өңірдегі әйгілі діни ғимараттар да себепші болғаны анық. Сайрамдағы сансыз бап, Түркістандағы Түмен бап, баптардың бабы – Арыстан бап сияқты киелі орындар кешегі атеистік кезеңде адам санасынан Аллаға деген сенімді өшірмей, рухтарына нұр себелеп тұрды. Қазақтың барлық аңыз-жырларында айтылмай кетпейтін Баба Түкті Шашты Әзіз де осы өңірде, Созақ жерінде өмір сүріпті деген аңыз ақиқат ауыздан-ауызға көшіп, қазақ халқының қиын-қыстау кезеңде сиынар пірі болды. Дәл соның қасында Қара-бура әулиенің қабірі тұрса, оның оңтүстік батысында Мұңлық-Зарлық пен Ханшайым өмір сүрген Шөгірлі дөңі тұр. Ардақты ана қасиетінің символы – Домалақ ана қабірі де осында.
Арыс қаласы тұсындағы шығанақта Ханшайым аралының аты бүгінге дейін ел есінде сақталып келсе, аңыз бойынша Арыстан бапқа Меккеден әкелген құрманың дәнін тілінің астында бес жүз жыл сақтаған Ұзын-Ата әулиенің көне кесенесі тұр. Үш жүздің басын біріктіріп, тәуелсіздік жорығын бастауға шақырған Ордабасы сияқты қасиетті тау сол ұлттың татулығы мен бірлігін паш етіп, бар өңірге өрлік пен ерлік рухын сеуіп тұр.
Жақында «Нұр Отан» ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы ұлттық тарихты зерттеу бойынша бастаманы қолдай отырып, облыс шеңберінде «Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи ескерткіштерді сақтауға – партиялық бақылау» акциясын ұйымдастырып, дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков және бірқатар археолог, этнограф ғалымдар қатысып, аудан аумағында тарихи ескерткіштердің сақтау жағдайы, жаңа тарихи ізденіс, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы ой-пікір бөлісті.
«Ұлттық тарихты білу үшін ең алдымен туған өлке тарихын терең әрі жан-жақты меңгеру керек. Тарихы терең, тағылымы кенен, көне мұраларға толы Оңтүстік туралы бұл тұрғыда көп нәрсе айтуға болады. Осы дөңгелек үстел жиынында айтылып отырған ұсынысты, яғни әр тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерге партиялық бақылау орнату мәселесін құптаймын. Бұл бастама тарихи мұраларды сақтауға, қорғауға, дәріптеуге үлкен септігін тигізеді деп сенемін», деген Парламет Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков облыс аумағындағы тарихи ескерткіштерге ұқыптылықпен, қамқорлықпен қарау керек екенін баса айтты.
«Адам өз тарихын білмей, ұлт болып қалыптаса алмайды», деген бар. Бұл бағытта біз бірқатар жұмыстар атқардық. Атап айтқанда, облыстық мәдениет басқармасымен бірге «Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи ескерткіштерді сақтауға – партиялық бақылау» акциясы аясында нақты тарихи ескерткіштерді анықтадық. Бұл өлке түрлі тарихи зерттеулер жүргізу алаңы болу үшін толық негіз бар. Айталық, жергілікті маңызды тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізбесінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 434 атау тіркелген. Олар Бәйдібек ауданындағы Домалақ ана кесенесі, Созақ ауданындағы Ақсүмбе мұнарасы және мамандарға ғана белгілі қорғандар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында ұлттың тарихи санасын қалыптастыру міндетін жүктеген болатын. Бұл – тарихшылар қызметінің басты басымдығы болуы керек. Осылайша ел ғалымдарының алдында ұлт тарихын жаңа қырынан зерттеуді қолға алу міндеті қойылды», дейді «Нұр Отан» ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Мамытбеков.
Тарихта қателік болмауы тиіс. Шынын айту керек, бүгінде көптеген дарынсыз жандар ойына келгенін жазып, кітап етіп шығарып жүр. Ондай түкке тұрмайтын дүниелерге қомақты қаржы бөліп отырғандар да бар. Тарихты шынайы тануға деген ұмтылысты былай қалдырып, әркім өз ата-бабасын тарихта орны бар, ықпалды адам етіп көрсету жолында жанталасып жатыр. Ұлттық тарихты зерделеу төңірегіндегі әңгіменің бір түйіні – осыны тоқтату болса керек. Еліміздің тарих ғылымына сапалық серпіліс жасайтын кез келді. Бұл бағытта жасалатын жұмыстар ұлттық тарихты, тілді, руханиятты, дәстүр мен мәдениетті сақтауға бағытталуы тиіс. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ». Бұл тарапта ғылымға жүктелер міндет көп. Солардың бірі – ұлттық патриотизмді ояту. Ал ұлттық патриотизмді оятатын – тарих ғана.
Источник: "Егемен Қазақстан" газеті