Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ халқының бірқатар мәдени құндылықтары ЮНЕСКО-ға енгізілуі мүмкін

1760
Қазіргі уақытта Қазақстан ЮНЕСКО тізіміне бірқатар мәдени құндылықтарды енгізу туралы ұсыныс тастаған. Тиісті құжаттар Париждегі ұйымның штаб-пәтерінде қаралуда.

Қазақ халқының төрт мәдени құндылығы ЮНЕСКО тізіміне енгізу туралы ұсыныс жасалды. Бұл туралы бүгін Астанада ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі ұлттық комитетінің төрағасы Әлібек Асқар мәлім етті.

Оның айтуынша, әлем бойынша 5 жылдың ішінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік тізіміне 259 аталым енгізіліпті. Оның көпшілігі Африка елдерінің, Оңтүстік Азия және Латын Америкасы халықтарының ұлттық құндылықтары екен. Ал Қазақстан тарапынан әлі де бірде-бір нысан жоқ. «Сондықтан осы бағытта біз белсенді жұмыс істеуіміз керек», - дейді Ә. Асқар.

Маманның хабарлауынша, қазіргі уақытта Қазақстан ЮНЕСКО тізіміне бірқатар мәдени құндылықтарды енгізу туралы ұсыныс тастаған. Тиісті құжаттар Париждегі ұйымның штаб-пәтерінде қаралуда.

«Біріншісі - қазақтың күйшілік өнері. Күйшілік - өзімізге ғана, қазаққа ғана тән дүние. Содан кейін - киіз үй, оны жалғыз біз емес, қазір қырғыз халқымен бірігіп жасап жатырмыз. Сонымен қатар саятшылық өнерін енгізуге ұсыныс жасалды. Онымен Араб елдері де, баяғы Еуропа патшалары да айналысқан біраз елдер бар екен. Бірақ түз тағысына бүркіт салған тек қазақтар мен қырғыздар ғана. Сондықтан бүркітшілік саятшылықты енгізіп отырмыз. Сондай-ақ Иран, Ауғанстан және тағы басқа көптеген елдермен бірге Наурыз мейрамын ЮНЕСКО тізіміне өткізсек пе деп отырмыз», - дейді ұлттық комитет басшысы.

ЮНЕСКО тізіміне ұсыныс тастау жылына бір рет қана болады. Сондықтан алдағы жылдарда ең бірінші кезекте қазақтың жоғалып бара жатқан салт-дәстүрлерін, ырым-жоралғыларын тізімге енгізу мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Келешекте ЮНЕСКО-ға қазақтың 18 мәдени құндылығын енгізу жоспарда бар. Егер бұл дүниелер бүкіләлемдік тізімге алынса, олар мемлекет тарапынан, ЮНЕСКО жағынан жіті қорғалады, сонымен бірге оның сақтау үшін қомақты қаражат бөлініп, жер жүзіне насихатталады.

Дерек көз: inform.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?