Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғабдул-Уахит Тіленшіұлының 160 жылдығы тойланды

1507
Халық арасында ислам дінінің өркендеуі жолына бар ғұмырын арнаған белгілі дін таратушы, ғұлама Ғабдул-Уахит Тіленшіұлының туғанына биыл 160 жыл толды.

Халық арасында ислам дінінің өркендеуі жолына бар ғұмырын арнаған белгілі дін таратушы, ғұлама Ғабдул-Уахит Тіленшіұлының туғанына биыл 160 жыл толды. Осыған орай өткен сенбі күні ғұлама кесенесінің басында ұлан-асыр той ұйымдастырылды.

    Шарбақты ауданындағы Арбиген ауылына қарасты «Келдіқыз» жайлауында бой көтерген ғұламаның кесенесі бүгінде көпшілік қызыға қарайтын тарихи орынға айналған. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақылды ұстанған жұрт хазіреттің басына зиярат жасап, дұға бағыштап қайтуға дағдыланған. Бұл – өз заманында қазақ халқының руханияты үшін күрескен тау тұлғалар есімінің ұмыт қалмай, ұрпақ алдында қайта жаңғырып жатқанының жарқын көрінісі.

    Бұл күні Ғабдул-Уахит Тіленшіұлының кесенесінің басына жиналған жұрт қарасы мол болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар шарбақтылықтарды айтулы мерекемен құттықтады. Мерекелік асқа арнайы барып қатысқан облыс әкімі Ерлан Арын орманды өлкеде рухани бағытта әлі де талай игілікті істер атқарылатынын атап өтті.

    - Ғабдул-Уахит бабамыздың орны біз үшін бөлек. Елбасымыздың бастамаларының арқасында көптеген ұмыт болған есімдерді қайта жаңғырттық. Мұндай істер болашақ ұрпақ үшін маңызды. Бүгінгі таңда діндар бабамыздың өмірі мен тарихына байланысты ғылыми-зерттеулер жүргізілуде. Қажетті мәліметтер жинақталған соң кітап шығару жоспарда бар. Сонымен бірге, алдағы уақытта бабамыздың басына зиярат жасап келушілерге қолайлы жағдай тудыру мақсатында кесенеге сапалы жол салуды жоспарлап отырмыз. Осындай шаралар арқылы Шарбақты өңірінде өмірге келіп, дін жолына бар ғұмырын арнаған ғұламаның есімін бар қазаққа таныта аламыз - деді аймақ басшысы. Сөз соңында Ерлан Мұхтарұлы Ғабдул-Уахит кесенесінің шырақшысы Ермек Рахметовке «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті.

    Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Нариман Исенов ғұламаның рухына арнап құран оқып, дұға бағыштады.  

    Есімі елге мәлім әрі беделі биік тұлғалардың рухына ас беру рәсімі қазақ қоғамында ежелден бері жалғасып келе жатқан үрдіс. «Келдіқыз» жайлауындағы орман арасына тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мен тұлпарларының терін алып, бәйгеге баптап жүрген шабандоздар көрінісі – ертедегі қазақ өмірін көз алдымызға елестетті. Алыс-жақыннан арнайы келген қонақтардың барлығына дастарқан жайылып, ас берілді.

    Ал, мерекелік асқа жиналған жұрт осынау думанды күннің ең маңызды сәттерінің бірі болып есептелген аламан және тоқ бәйгелердің жарысын қызықтады. 25 шақырым қашықтықтағы аламан бәйгеде Шарбақты ауданы Есілбай ауылының шабандозы Санат Сейсекеновтың «Айтұмар» атты тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесті. Осы тұста айта кетерлігі, жүйріктің иесіне Алматы өңірінен арнайы келген «Батыр Баян» қоғамдық қорының атқарушы директоры Қайрат Тәйкеновтың демеушілігімен 400 мың теңге ақшалай жүлде берілді.      

Дерек көз: saryarka-samaly.kz
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?