Сүйінші, Абай күні мерекесі құтты болсын, деп жазды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Facebook-тегі парақшасында.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлы Абайдың туған күнін "Абай күні" деп атап, Ұлттық мерекеге айналдыру туралы ұсыныс берген едік. Талпынысымыз аяқсыз қалмады. Бүгін соған қолымыз жетіп отыр! Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз - Абай күні болып жарияланып, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілгені туралы қуанышты хабар жетті! Алда келе жатқан Абай күні құтты болсын! Бұл күн енді жыл сайын халықтық мейрам ретінде аталып өтілетін болады, - деп жазды ол.
Тиісті қаулы ҚР Премьер-министрінің ресми сайтында жарияланды.
"Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі:
мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:
"22-1. Абай күні – 10 тамыз".
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.