2017 жылы Қазақстан Республикасында 185 түрлі атаулар кірген «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚАСИЕТТІ НЫСАНДАРЫНЫҢ» тізімі бекітілді. Бұл тізімге Шығыс Қазақстан аумағынан табиғи, тарихи, діни және ғибадат орындары болып табылатын ескерткіш ретінде 13 нысан енді. Оның ішінде аты аңызға айналған Мұзтау (Белуха), «Қоңыр әулие» үңгірі, Алакөл көлі, "Берел" тарихи-археологиялық кешені (Берел қорғандары), Шілікті қорғандар кешені, "Ақ Бауыр" табиғи-тарихи кешені, Ырғызбай Ата кесенесі, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» кесенесі, Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мәдени-тарихи кешені және т.б. бар.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарымен» қатар, 500 өңірлік киелі нысандар да кітап болып басылып шықты. Олардың 25-і Шығыс Қазақстан аумағында орналасқан. Оған Сауыр таулары, Бөрітастаған құз жартасы, Зайсан көлі, Марқакөл көлі, «Еңлік-Кебек» кесенесі, әулие Бектұрған кесенесі және т.б. ғибадат орындары кірді.
Осылардың ішінен бірнеше жалпыұлттық қасиетті нысандарға тоқталсақ...
БЕРЕЛ ҚОРҒАНДАРЫ – Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында, Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай жеті шақырым жерде орналасқан. Қазақ Алтайының осы бір түпкірі мемлекетіміздің ең шығысында. Оның шекаралары Ресей, Монғолия және Қытаймен шектесетін жерде жатыр. Бұқтырма өзенінің жағасы, оған құятын Ақ Берел (Ақбұлақ), Бұланты тау өзендерімен шектеледі. Шығысы мен батысынан аңғарды Кемпір, Қайнар, Қарашоқы және Бетсу таулары қоршап жатыр. «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы 2008 жылғы 4 шілде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 674 Қаулысымен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып ашылды.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2004 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «МӘДЕНИ МҰРА» мемлекеттік бағдарламасы Берел қорғандарын зерттеуде негізгі түрткі болды. Тарихи-мәдени мұраға өте бай Берел қорымының ең көнесі б.з. д. IV-III ғасырларға жатады. Бұл шамамен 2400-2300 жыл бұрын. Ал ең соңғы ежелгі түрік заманындағылары – б.з. VII-VIII ғғ., бұл шамамен 1200-1300 жыл бұрын.
Қорымға зерттеуді 1865 жылы алғаш рет археолог ғалым В.В. Радлов жүргізіп, археологиялық зерттеу жайында өзінің «12.07 – 09.08.1865 жылдардағы Берел даласындағы, Бұқтырманың жоғарғы сағасынан алыс емес жердегі қазба жұмыстары» атты жазбасында жан-жақты тоқталады. Объект ғылымда «ҮЛКЕН БЕРЕЛ ҚОРҒАНЫ» деген атпен белгілі. 1959-1963 жылдары Ленинград қаласында С.С. Сорокиннің басшылығымен Мемлекеттік Эрмитаж ұйымдастырған Оңтүстік-Алтай археологиялық экспедициясы Үлкен Берел қорғандарын түгелдей зерттейді. Зерттеу нәтижелері 1962 жылы «Доисследование Большого Берелского кургана» атты археологиялық жинақта жарияланады.
Еліміз тәуелсіздік алған 1996-1997 жылдары қолға алынған Берел қорымын 1998 жылдары ғалым Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен Марғұлан атындағы археология институты мен Францияның Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары б.з. д. III ғасырға жататын сақ көсемі жерленген Бұқтырма өзенінің алқабынан қорған тапты. Жүргізілген қазба жұмыстардың нәтижесінде 1998-1999 жылдары қолдан жасалған мәңгі мұздықтағы № 11 «ПАТША ҚОРҒАНЫНАН» САҚ КӨСЕМІ МЕН ӘЙЕЛДІҢ ЖӘНЕ ЕР ТОҚЫМЫМЕН БІРГЕ ЖЕРЛЕНГЕН 13 ЖЫЛҚЫНЫҢ МҮРДЕСІ ТАБЫЛДЫ. Оған қоса патшаның салтанат киімі, мініс аттардың ат әбзелдері, ағаштан, былғарыдан, киізден аң стилінде жасалған мыңнан астам қолөнер жәдігерлері табылды. Кейінірек тағы да мәңгі тоң басқан екі қорған зерттеліп, олардан да жерленген жылқылардың мүрделері табылды. Нәтижесінде ежелгі көшпенділер дәуірінің ақпараттық бірегей және көркемөнерлілігі жағынан үздік құндылықтарға ие болдық.
Тоң басқан оба-ескерткіштердің бірегейлігі – көшпелі ақсүйек өкілдерінің мүрделері мен жылқылардың мумияланған қалдықтарының, сол сияқты қайталанбас көне өнер үлгілерінің сақталуында және серілік-батырлық дәуірдің сипаты болып табылатын көшпелі мәдениет кезеңінің қалыптасуы мен ерекше діни-мифологиялық ұғымның дамуына сирек информациялық мүмкіндік тұғызуында. САҚ-СІБІР АҢ СТИЛІНДЕ ЖАСАЛҒАН ЖӘДІГЕРЛІКТЕРДІҢ ТАБЫЛУЫ – ӘЛЕМ ДЕҢГЕЙІНДЕГІ ЖАҢАЛЫҚ БОЛДЫ. Мәңгі тоң басқан обалардағы киім-кешектер, ат әбзелдері, ер-тоқымдар, ағаштан, матадан, киіз бен былғарыдан жасалған заттар түгелімен алғашқы қалпында сақталған. Әдеттегідей қорғандарда тек металдан, сүйек пен қыштан жасалған бұйымдар ғана сақталады. Бүгінгі таңда Берел – Отанымыздың теңдесі жоқ органикалық олжалар сақталған жалғыз ескерткіш!
1999 жылы Берелде қазба жұмыстарын Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев келіп көрді. Сонымен қатар, Берел қорғандарында Қазақстан Республикасының Парламенті, Министрлік, Ведомстволар өкілдері, Франция, Германия, Нидерланды елшілері мен Сенат мүшелері, Ресей, Бельгия, Франция, Италия, Чехия және көптеген басқа мемлекет азаматтары болып, ескерткішпен танысты.
Әр жылдары Берел жәдігерлерінің көрмесі ұйымдастырылып өткізілді. Соның ішінде алыс шетелдерге де шығарылды. Мысалы, 2006 жылы Берел жәдігерлері Сан-Диегода (АҚШ) үлкен табысқа жетті. Халықаралық конференцияларды өткізуге байланысты көптеген экспозициялар Президенттің мәдени орталығында, Бейбітшілік және келісім, сондай-ақ Тәуелсіздік сарайларында ұйымдастырылды.
Берел жәдігерлері 2007 жылы Украинадағы Қазақстан жылының Киев қаласында өткен ашылу салтанатында, Берлин, Гамбург, Мюнхен, Стамбул қалаларында өткен «Алтын гриф» көрмесінде, 2012 жылы Нью-Йорк және Вашингтон, 2013 жылы Бохум қалаларында өткен халықаралық көрмелерде шетелдік көрермен назарына ұсынылды.
Қасиетті деп саналатын, етегінде ерекше энергиясы бар таудың бірі – МҰЗТАУ. Мұзтау тауының қарлы, ақ шыңы 4506 метр биіктікте, Алтай мен Сібірдің ең биік нүктесі Катун жотасының шығыс бөлігінде, Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан. Зерттеуші ғалымдар Мұзтау тауының атауы Геродот заманында-ақ белгілі болғанын айтады. «Тарих атасының» жазбаларында сақтардың шығыстағы мекені ретінде көрсетілген Алтынтағ, Мастағ деген атаулар Алтай, Мұзтау болуы мүмкін. Өйткені Алтайдың баурайында сақтардың оба-зираттары көптеп кездеседі дейді ғалымдар. Әйгілі әдеби ескерткіш «Оғызнама» эпосында да «Мұзтау» атауы кездеседі.
Ел аузындағы аңыздарға қарағанда – Мұзтау киелі тау саналады.
Мұзтауды халық «Жер-ананың кіндігі» дейді. Оған себеп, «жер шарының энергетикалық өрісі осы Мұзтауда тоғысқан» деген сенім болып табылады. Мұзтауға келген адамдарға өздеріне күш-қуат алып, тазарып, денсаулығын түзеп қайтады. Сондықтан да халық бұл жерге келу қанша қиын болса да, көріп кетуге құмар.
Сонымен қатар, ерекше атап өтетін жайт – Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниял Ахметовтың бастамасымен бүгінде жүзеге асып жатқан 2017-2021 жылдарға арналған «ШЫҒЫСТАҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІ ДАМЫТУ» ЖОБАЛАР БАҒДАРЛАМАСЫ. Осы бағдарлама аясында Қазақстандағы көне түркілердің жалғыз қағандық кешенінде археологиялық зерттеу жүргізу арқылы қазақ елінің бастауында тұрған сақ, ғұн, түркі дәуірінің тарихына қатысты мәлімет алуға мүмкіндік туғызып отыр.
«ЕЛЕКЕ САЗЫНДАҒЫ» ескерткіштерді зерттеу арқылы ұзақ жыл бойы шешімін таппай келе жатқан 3 мың жылдық тарихы бар көне дәуірдегі көшпелі мәдениеттің қалыптасуы аймағын анықтау мүмкіндігі туды.
Қазақ жеріндегі көшпелі мәдениеттің қалыптасу орталықтарының бірі – Тарбағатай баурайы болғандығы. Бұл жердің 7 ғ. алып империя құрған Батыс Түрік қағанатының орталығы болғандығын – «Елеке сазының» төрінен орын алған қағандық айшықтап отыр», – дейді ғалымдар.
Еліміздің шығысындағы ірі көлемінде жүргізіліп жатқан барлық археологиялық зерттеу жұмысы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңының аясында жүзеге асырылып отыр. Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық зерттелген нысандар қайта қалпына келтіріліп, топырақтары тазартылады. Қазба барысында табылған барлық археологиялық жәдігерлер оның ішінде остеологиялық материалдарға арнайы реттік нөмірі беріледі.
Бүгінде «ЕЛЕКЕ САЗЫНДА» АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МУЗЕЙ АШУДЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ дайындалып жатқан шақта обаның әрбір конструкциялық бөлшектерінің маңыздылығы арта түсуде.
«Елеке сазы» Қазақ тарихында үлкен орын алатын ескерткіш. Қазақстанды әлемге танытатын Есік, Ботай, Берел сияқты тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қатарында нық орын алған кешен. Оны көзіміздің қарашығындай сақтау және зерттеу абыройлы борышымыз.
Батырхан Жұмабаев
ҚР Ұлттық музейі,
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы