Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

"Атамның аманаты" бірлестігі – Соғыс құрбандарының деректерін іздейді

2777
"Атамның аманаты" бірлестігі – Соғыс құрбандарының деректерін іздейді - e-history.kz

Дүниежүзілік екінші соғыс, Совет кезіндегі қуғындаулар – бәрі де ұлтымыз тағдырында аса үлкен із қалдырды. Соғыста бірі пленге түсіп, бірі майданда құрбан боп, қаншама адам із-түссіз кетті. Артында өлі-тірісін білмей қаншама туысы, баласы, анасы немесе інісі қалды. Совет кезінде шет елдермен хабарласу, ол жақтан соғыс құрбандары мен пленге түскендер туралы дерек іздеу қиын болғаны анық. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қолға алынған бұл жұмыстар әлі де болса өз деңгейінде өрістеп кете алған жоқ. Былтыр ғана құрылған "Атамның аманаты" қоғамдық бірлестігі осындай істерді жүйелі жүзеге асыруды мақсат еткен қоғамдық ұйым. Біз «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің баспасөз хатшысы Риза Ысқақтан ұйымның қызметі туралы шағын сұқбат алған едік.

– «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі қашан құрылды және қандай мақсатта құрылды?

– «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі - Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен қазақстандық сарбаздардың жерленген орындарын анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен жүйелі айналысатын әрі олардың тарихи қаһармандық жолын ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында нәтижелі еңбек етіп жатқан Қазақстан аумағындағы бірден-бір ұйым. Алғаш рет 2019 жылдың күзінде Қорғаныс министрлігінің атсалысуымен ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердің елшілерінің қатысуымен “ATAMNYN AMANATY” қоғамдық бірлестігінің тұсаукесері өткен болатын.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” ұлттық жобасы – өте орынды жоба. Әрине, 20 жыл бұрын қолға алынса, тіпті ғажап еді. Рухани жаңғыру – рухани тірілу. Қазақ Екінші дүниежүзілік соғысына Ұлы Отан соғысы деп қарады, өйткені, атамекенін, қазақ топырағын қорғауды көздеді. Рухы мықты бабаларымыз әлбетте, киеге ие өз топырағыңда жерленгісі келеді. Қазақ топырағында Алла деп небір-небір бабаларымыз өткен, сондықтан, бабалар жолы – нұрлы жол. Ең көп әулие-әмбиелер қазақтардан шыққан. Қазақ дүниетанымы, дәстүрі үшін "ӨЛІ РАЗЫ БОЛМАЙ, ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ " деген халық даналығы – терең тақырып. Неліктен?! Үлкен философиялық сұрақ!

Мен баспасөз хатшысы – ұйымның құлағы, көзі болуы қажет деп түсінемін. Тарих турасында республика деңгейінде үгіт-насихат күшті болуы керек. Мәселен, неге тек Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтарды айналып келіп айта береміз? Әлі де тиісті деңгейде насихатталмаған қазақстандық қаһармандар легі қаншама... PR-менеджердің міндеті – танымал еместі таныту. Яғни, менің қазіргі міндетім де – сол. “Шедрая душа” деген жарнама бар еді ғой. Бірден орыс рекламасы екені аңғарылып тұрады. Француздардың да жарнамасын алсаң да, сол ұлттық мәнер бар. Оларда қоғам біркелкі әрі жарнама саласы да әбден қалыптасқан. Біз тарихымызды ұлттық тұрғыдан жүйелі түрде жан-жақты оригиналды, креативті түрде сапалы насихаттай алмай отырмыз. Әлбетте, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан қызметтері турасында халық білуі тиісті. Бұл – өскелең ұрпаққа үлгі, адами, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, рухымызды көтереді.

Қазір қандай бағытта жұмыс істеп жатырсыздар?

– Қазір бізде халықаралық деңгейде өте үлкен іздеу жұмыстары жан-жақты жүріп жатыр. Әсіресе, Еуропа бойынша іздеу қарқынды жүріп жатыр. Одан бөлек ұлттық құндылықтар, руханият мәселелері бойынша ағартушылық, танымдық үгіт-насихатпен де айналысамыз.

Аталмыш ұйымның көздегені – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалғандарды табу ғана емес, үзіліп қалған ұрпақ аралық сабақтастықты жалғау, қазақылықты, тарихымызды түгендеу. Сондықтан, қазіргі таңда біздің ұйым зейнеткерлер мен ардагерлерден бөлек, қатарымызға жастарды да белсенді түрде тарту ісіне ден қойды. Жастардың қызығушылғын тудыру мақсатында “ӨЛІ РАЗЫ БОЛМАЙ, ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ” тұрақты роликтер топтамасын, “ГЕН - ТЕК” білімдік-танымдық жобасын жарыққа шығару мәселелері алда жоспарда тұр.

“ATAMNYN AMANATY” қоғамдық бірлестігімен өзара серіктестік жөніндегі меморандумдарға қол қойған ұйымдар тізімі қатарында “ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи мұражайы; «Рухани жағыру» Қазақстандық әлеуметтік даму институты »коммерциялық емес акционерлік қоғамы; «Қазақстан Республикасы Генералдар Кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі; «ҰОС ардагерлерінің, жұмысшыларының және соғыс балаларының кеңесі» қоғамдық қоры; «Әскери барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестігі; «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты; «Бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы« Жас Ұлан » республикалық қоғамдық бірлестігі; Еуразия гуманитарлық институты; Отан қорғауда қаза тапқандарды еске алу бойынша Бүкілресейлік қоғамдық қозғалыс «Ресейдің іздеу қозғалысы»; «Жеңіс еріктілері» бүкілресейлік қоғамдық қозғалысы, Мәскеу, Ресей; Воронеж облыстық «Патриот» соғыс ардагерлерінің қоғамдық ұйымы, Воронеж, Ресей; Қазақстан-Ресей достығының қауымдастығы, (Иваново, Ресей) ; «Украинаның іздеу бөлімшелерінің одағы» бүкіл украиналық қоғамдық ұйым; «А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті» КЕАҚ және ҚР Ішкі Істер Министрлігі ” бар. Осы 16 ұйыммен бірлесе отырып, тығыз һәм жүйелі, нәтижелі байланыс жасауды көздейміз. Әсіресе, мен “Рухани жаңғыру” институты мен “Жас Отан” ұйымдарымен де көптеген жобаларды жүзеге асырғымыз келеді. Келешекте жастар қандай болады?! Бұл – үлкен сұрақ!.. Біздің ұйым осылайша ертең-ақ ұлттық идеямызды қалыптастыруға көмектеспек.

WhatsApp Image 2020-11-25 at 14.43.21.jpeg

Бүгінде біздер үшін ең маңызды іс - төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміздің, жалпы адамгершілік рухани дүниетанымымыздың өзін тек ескінің жәдігерлері есебінде ғана емес, керісінше ұдайы тірі құбылыс ретінде сақтап тұратын жас буын тәрбиелеп шығу. Бұл - заман талабы! Оның үстіне қазіргі қарқынды цифрландыру, компьютерлендіру, сан жетпес интернет технологиялар жағдайында өз болмысын жоғалтып алмайтындай орта қалыптастырып үлгеруіміз қажет. Сондықтан да, адамгершілік пен салт-дәстүрді біздің елдің тірегі ретінде түсінетін ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтуымыз қажет. Ол үшін біз ұлттық жүйелердің барлығына баса назар аударуға тиіспіз. Тәрбие компонентін де білім жүйесіне қосуымыз қажет болып тұр.

Егер сауда орталығынан гөрі ұлттық кітапхананың маңызы артық болса, егер әлемдік тәжірибеден тек жағымды һәм пайдалы үлгілерді ғана қабылдайтын болсақ, егер тарихымызда орын алған айрықша жарқын жетістіктер жайлы көбірек толғанса (қиын күндерді ұмытпай отырып), егер өзімшілдік пен сұрамшақтық психологиядан гөрі ұжымшылдық пен жомарттық философиясына көбірек мән берілсе, сонда ғана біз формалді түрде отыз елдің қатарына қосылып қана қоймай, расында да ең дамыған-ең сауатты-салауатты елдердің біріне айналмақпыз.

– Бір жылда жүзеге асырған істеріңізден бір неше нақты мысал айтып берсеңіз.

– “ATAMNYN AMANATY” қоғамдық бірлестігі іздестіру жұмыстары барысында Мәскеудің, Ленинград, Украинаның, Балтық бойы елдері, Молдавия, Финляндия, Новгород іздеу отрьядттарымен күнделікті халықаралық деңгейде қызмет етіп жатыр. Іздеу барысында өзара көмек көрсету ісі бойынша келісімсөздерге отырған. Біздің іздеушілер 1 айда 50 адамнан табады.

«Атамның Аманатында» қызмет етіп жүрген мамандар табиғаттарынан - руханиятқа жақын адамдар. Соғыста із-түссіз жоғалып кеткен ата-бабаларын іздеп жатқан ұрпақтары біздің ұжымға “Сіздер үлкен сауабы мол іс атқарып жатсыздар. Бай-бақуатты болыңыздар!” деп шын көңілмен ұдайы ақ баталарын үздіксіз беріп жатады. Жүрегін елжірейді... Солқылдап жылаған қаншама абыз ақсақалдарды көрдік. Бұйырса, алда әлі елдің талай алғысын алу үшін тек сапалы, мазмұнды, жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жасауды тілек етеміз.

«Атамның Аманаты» қоғамдық бірлестігі 2020 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында «Atamnyn Amanaty» бүкілресейлік «Ыстық жүрек» сыйлығының лауреаты атанғаны белгілі. Ол - «Ыстық жүрек-2020» қоғамдық және мемлекеттік бастамасының марапатын алған һәм «Ыстық жүрек» белгісімен марапатталған Қазақстандағы алғашқы ұйым болды.

Жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін, азаматтық парызын орындауға әркез дайын болуды, соғыс тарихын зерттеуге ұлттық тұрғыдан қызығушылықты қалыптастыру мақсатында біздің бірлестік 2020 жылдың ақпан айында «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы бірлесіп “Өткенге саятшылық” деген республикалық байқау жариялады. Байқау шарты бойынша 1-11 сынып оқушылары Ұлы Отан соғысымен байланысты іс-шараларға қатысқан отбасы мүшелеріне “Өкенге хат” жазды.

Бізге 1500-ден астам хат келді, барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталады. Нәтижесінде 40 лауреат анықталды. Бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленген Қазақстанның барлық облыстарының оқушылары дипломдарға ие болады. Байқауға жіберілген Ұлы Отан соғысының батырлары турасындағы бірде-бір шығарма назардан тыс қалмады.

Тарихи жадыны сақтау және оны болашақ ұрпаққа жеткізу, жастардың азаматтық-патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбиесіне әсер ету мақсатында «Атамның Аманаты» ҚБ, “Рухани Жаңғыру” институты және “Жас Ұлан” бірлесе отырып, әлеуметтік желілерде «Атамның аманаты» атты халықтық челлендж өткізді.

a848d53e-8be2-4593-983a-64f9b90519a0.jpg

Челленджге қатысқысы келген кез келген адам видеоролик түсіріп жіберуі тиіс болды:

- оның ата-бабалары (әкелері, аталары, аталары немесе жақын туыстары) жазған майданнан келген хаттарды оқу;

- соғыс жылдарындағы отбасыларының тарихы туралы әңгімелеу (майдан даласында, тылдағы еңбек және тағы басқа);

- тылда жұмыс істеген, Отанын қорғаған ата-бабаларына бүгінгі ұрпаққа Отан игілігі үшін жұмыс істеуге мүмкіндік берген мәңгі өшпес құнды ерліктері үшін ризашылық пен алғыс білдірді (өлеңдер, әндер, суреттер және т.б.).

2000-ға жуық қазақстандықтар қатысқан бұл шара ел тарихын қайта жандандыруға және ел тарихын Қазақстан Республикасының әрбір азаматының жеке ұлттық құндылығына айналдыруға, жалпы қоғамды бікелкілендіруге, біздің әкелеріміз бен аталарымыздың Жеңісіне деген шынайы мақтаныш сезімдерін, рухтарын оятуға мүмкіндік берді. Өз отбасының, халқының және елінің тарихын зерттеуге қызығушылықтарын тудырдық.

Ал 2020 жылы 9 мамырда «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен, Ресейдің іздеу жүйелері арқылы 1917 жылы туған Қызыл Армия жауынгері Қарағанды облысының тумасы марқұм Медет Аманжоловтың сүйегін қабылдап алу кездесуін ұйымдастырды.

Біздің қоғамдық бірлестік Ресей Федерациясы мен Украинадан және өзге де мемлекеттердегі отандастарымыздың сүйектерін атамакеніне қайтарып, жеткізуге күнделікті атсалысып жатыр.

Сондай-ақ, 2019 жылдың қазан айында «Атамның аманаты» үкіметтік емес ұйымы 1942 жылдың тамыз айынан бастап хабар-ошарсыз кетті деп саналған сарбаз Сүйінбай Мазыбаевтың сүйектерін Ресей Федерациясынан Алматы облысының Сүмбе ауылына жеткізіп, салтанатты түрде жерлеуді ұйымдастырды.

2020 жылы 23 мамырда Медет Аманжоловтың туыстарына Қарағанды облысы, Ағадыр ауылында марқұмның сүйектерін жерлеулері үшін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.

2020 жылдың қыркүйегінде Нұғыманов Азыкеннің сүйектері Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіліп, Ақмола облысында салтанатты түрде жерленуге тапсырылды. Облыстық әкімдікпен бірге Ұлы Отан соғысының қатысушысы Нугуманов Азыкенге әскери құрмет көрсетуге арналған «Ерлікке тағзым» акциясы өткізілді.

Және тағы қыркүйек айында Алматы облысы, Жетіген ауылында жерлеу үшін Қайларов Жағыпардың сүйектері туыстарына тапсырылды.

Қазан айында Тикшикеев Қайыржанның сүйектері Украинаның Киев қаласынан Нұр-Сұлтанға жеткізіліп, Тикшекеев Мараттың немересі Маратқа тапсырылды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесе отырып, туған топырағында салтанатты түрде жерлеу рәсімі ұйымдастырылды.

2020 жылы 25 мамырда Ұлы Отан соғысының аяқталуының 75 жылдығына орай «Естелік бағы - Жеңіс бағы» халықаралық акциясы аясында ағаш отырғызу іс-шарасы өтті.

Жоба жетекшілері ретінде «Жеңістің еріктілері» Бүкілресейлік қоғамдық қозғалысымен бірге «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі көрсетілді. Акцияның серіктестері «Жас Ұлан» және Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани Жаңғыру» ұйымы, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі, Қазақстан Республикасындағы Ресеймен серіктестіктің өкілі болды.

2020 жылдың тамызында «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі «Есімді қайтару» халықаралық жобасының мүшесі атанды. Осы жылдың басында аталмыш халықаралық жобасының командасы жоба жетекшісі Григорий Скворцовтың басшылығымен 20 мың концлагерь тұтқындары туралы мәліметтер жазылған тізімдер табылды.

Әскери тұтқындарға арналған «Славута» концлагері қайғылы тағдырға ие. Дәрігерлер мен жер астындағы басқа жұмысшылар фашистерден жасырын түрде Украинадағы Славута концлагерінің лазаретінде қаза тапқандардың есімдерін бастарын бәйгеге тігіп жасырын жазып отырған. Көп ұзамай тұтқындағы дәрігерді ату жазасына кескен. Бұл жұмысты басқалар тоқтапай әрмен қарай жалғастырды және олар көптеген сарбаздардың тағдырын сақтап қалды. 1944 жылы лагерь азат етілген кезде тізімде 20000 қаза тапқандардың туысқандарының тектері мен қалалары енгізілген.

Абхазиядан келген әскери курсанттар хабарсыз кеткен сарбаздардың тізімдері бойынша көптеген жылдар бойы жұмыс істеуде. Атқарған үлкен жұмыстарының арқасында олар Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан “Славута” концлагерінде қаза тапқан 2000 қазақстандық туралы мәлімет тапты.

«Атамның аманаты» қоғамдық қорына Қазақстаннан 150 сарбаз туралы мәліметтер жазылған тізімдер келіп түсті. Көп ұзамай табылған мұрағаттық құжаттарды ретке келтіргеннен кейін «Оралу» жобасының авторы қалған сарбаздар туралы ақпарат береді. Қазіргі уақытта Қазақстаннан шақырылған «Славута» әскери тұтқындарға арналған концлагерь тұтқындарының туыстарын іздеу жұмыстары әлі де жүргізілуде.

27 қазанда Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп, біздің ұйымға туғандары мен жақындарын іздеп келген Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткендердің ұрпақтары шақырылып, «Елеңдеп еске аламын...» еске алу мен алғыс хаттарды табыстау кеші өтті. Әлбетте, қолға алып жүзеге асырып жатқан істеріміздің бірін қалдырмай тізбектеп айта берсем, уақыт жетпейді... Бастысы, әркім жауапкершілікті сезініп, ортақ Отанымыз үшін жүрекпен ғана емес, мимен де үздіксіз ізденіп, талпынып адал қызмет атқарса болды.

Осындай үлкен көлемдегі шаруаларда қандай кедергілерге кездестіңіздер? Биылғы жыл ешкімге оңай жыл болған жоқ, пандемия жағдайында шетелден адам іздеу қаншалық қиындықтар әкелді?

– Сауалдарыңыз өте орынды, өзекті. Аталмыш сауалыңызға біздің тәжірибелі, белді іздеушіміз Күлян ханымның менімен бөліскен пікірімен жауап берейін: “Біз тек тауып қана қоймай бабаларымыздың аттарын олар қайта жерленген “Бауырлар зиратында ” ұрпақ жадында мәңгіге сақтап қалдыруға септігімізді тигіземіз. Біздердің көрсетуіміз бойынша туысқандары әскери комиссариатқа барғанда, олар анықтаманы көбінесе бере бермейді. Онда Қорғаныс Министрлігіне барыңыздар деймін. Неліктен бермейді? Егер Қорғаныс Министрлігінің Орталық Мұрағаттарында оның майданға осы аудандық әскери комиссиараттан шақырылғаны жөніндегі құжаттар бар бола тұра! Журнал бойынша сіздің бабаңызды таппадық, анықтаманы бере алмаймыз деп бас тарта салады. Сонда қалай, ең бастысы Қорғаныс Министрлігінің негізгі анықтамасы тұр ғой?! Жұмыс барысында көбіне-көп әскери комиссариаттарға жиі баруға тура келеді. Бізге бермейтін болған соң тікелей тек туысқандары ғана барады ғой. Бірақ, сонда да бұлар қол ұшын бере бермейді. Әскери комиссариаттарда архивтер бар. Одан көптеген құнды ақпараттарды алуға болар еді. Сол комиссариаттардағы мұрағаттар да цифрландырылмаған. Біз ол құжаттарды көріп отыруымыз керек қой. 75 жылдан соң іздеп жатыр. Ал 100 жылдан соң кім іздейді? Табуы керек адамдар да тірі болмай қалады. Басты кедергі - осы!

Қазақстан бойынша іздеу отрьядттары, топтары бар, әркім өзінше іздеу жүргізіп жатыр. Әрине, нәтиже көп. Олар тым үлкен үлес қосып жатыр. Дегенмен, бәрімізді біріктіріп, бір арнаға тоғыстыру керек болып тұр. Қайсы жауынгер табылды, қайсысын кім іздеп жатыр, бәлкім тұтқынға түкен болар? Бұл сарбаз туралы ақпарат бар, табылды деген ақпарларды ортақ базаға тіркеп отыру керек. Екі жұмыс болмауы үшін. Барлық нәтижелер ашық әрі айқын көрініп тұруы керек. Сондай орталықтандырылған сайт, форум сияқты бір ортақ база қажет. Мысалы, Ресейде ондай форумдар өте көп. Біз де жұмысымыздың нәтижелерін біздің Қазақстандық ортақ сайтқа жіберіп отырсақ деймін. Әйтпесе, жүйе жоқ. Мұны тек ҚР Қорғаныс Министрлігі ғана ұйымдастыра алады. Ресей бізге қазақстандық сарбаздардың тізімін жіберді. Онда барлық қазақстандардың тізімі тіркелген деп ойламаймын. Өйткені, жазбада Қазақстаннан деп көрсетілгендерін ғана қосқан болар. Әйткенмен, аталмыш тізімдер шикілеу деп есептеймін. Ол тізімдер бойынша айтарлықтай ақпарат көре қоймайсың. Іздеу жұмыстарындағы тағы бір қиындық – жауынгерлердің аты-жөндерінің тек қазақ тілінде емес түркі, парсы, араб тілдерінен енген есімдердің көптеп кездесуі. Кейбіреулерінің тек есімі бойынша іздейміз. Іздеу істерінде детальдерге мән беру - маңызды.”

Майданда соғысқан 1,5 миллион қазақстандықтың 270 мыңы хабар-ошарсыз кеткен. Арада 75-79 жыл өтті. Сол кездегі куәгерлердің көбі бүгінде өмірде жоқ. Яғни, деректердің жойылғанына байланысты із-түзсіз жоғалғандарды табу тым қиын. Мен аталмыш ұйым турасында білмегенімде, жалпы бұл мүмкін деп те ойламаппын. Соған қарамастан «Atamnyn Amanaty» ұйымы зор табандылық танытып, талай сарбазды табуға еңбек сіңіріп жатыр.

Іздеу шараларын жүзеге асыру үшін веб-сайт, Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде арнайы парақшалар ашылған еді:

-https: //www.facebook.com/groups/atamnyn.amanaty/

-https: //www.facebook.com/groups/550248285564769/

-https: //www.instagram.com/ata.amanaty/? hl = ru

Осы арқылы іздеу жұмыстарына бей-жай қараматын барлық адамдар, Қазақстан және өзге елдерден де іздеушілер мен еріктілер шақырылып, Ұлы Отан соғысы кезінде хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге өтініштерді қабылдау жүзеге асырылады. Қазіргі есеп бойынша 3094 өтініш келіп түсті және біздің ұйымның арқасында 692 қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындары анықталды, үш отбасы Венгрия астанасы Будапештке, сондай-ақ Ресейдің Волгоград және Санкт-Петербург қалаларына жерлеу орындарына жол тартты.

Мәселен, не үшін орыстарды ұлы дейді? Олар өз-өздерін қадірлейді, сыйлайды. Қазақтар да өз-өзін сыйлауды үйренсе, ұлылық та келеді. Дмитрий Пучковтың “Я помню. Расскажи мне о войне...” авторлық жобасы бар. Автор онда өз тарихтарын түгендеп жатыр. Олар саяси тұрғыдан қарастырса, біз ұлттық тұрғыдан қарастыруымыз керек. Шетелдің зиянды ықпалын азайту үшін төл мәдени саясатты, ұлттық ТӘРБИЕНІ Үкімет деңгейінде (Білім министрлігі, Мәдениет министрлігі және Ақпарат министрлігі), тіпті Ата заң деңгейінде ресми тұрғыда бекітетін уақыт әрине, келіп жетті. Ең алдымен, ұлттық идея, мемлекеттік идеология негізінде төл мәдени нақты саясат ережелерін жасау қажет-ақ. Біз қандай елміз?! Шынымен, Швецияға келе жатқан ба? Әлде Өзбекстан сықылды төл тамырын сақтап қалған елге бара жатқан ұлтпыз ба? Аталмыш сауалды өз-өзімізге жиірек қойып тұрайық.

– Сұхбатыңызға рахмет, Риза!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?